Қазақстан жаңа экономикалық саясатқа көшті. Мемлекет басшысы теңгенің еркін айналымдағы бағамын енгізу және инфляциялық таргеттеуге өту ең дұрыс қадам екенін айтты. Расында, Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың бір бөлшегі, сондықтан бірыңғай экономикалық кеңістіктен бөлініп, өз алдына томаға-тұйық тірлік ете алмайды. Мысалға, Қытай өз валютасына девальвация жасады. Ресей рубльді өткен жылы еркін айналымға жіберді. Бізде жағдай тұрақты болып келді. Ресейде өткен тоқсанда инфляция деңгейі 17 пайыз болса, біздің елімізде 4 пайыз болды. Инфляция дәлізі 6,8 пайыз болып белгіленсе, бүгінде соған жақындадық. Ол көрсеткіш жыл аяғына дейін сақталады деп отырмыз.
Теңге бағамының еркін айналымға жіберілуінен шошудың жөні жоқ. Алдымен теңге бағамының еркін айналымға жіберілуін ақшаның құнсыздануымен шатастырмау керек. Теңге құнсызданған жоқ, тек еркін айналымға шығарылды. Иә, теңгенің бағамы әлі тұрақталған жоқ. Өйткені, бұдан былай валютаның бағамын Ұлттық банк емес, нарықтың өзі реттейді. Бұл тек біздің Қазақстанға ғана тән үрдіс емес, дамыған елдердің барлығы осы жолдан өткен. Теңгенің бағамын сұраныс пен ұсыныс қана өзгертіп отырмақ. Мысалға, кейбір клиенттерге теңгені айырбастау қажет, екіншілеріне керісінше дегендей, сонда теңгеге сұраныс көп болса, оның бағамы өседі. Сұраныс болмай, ұсыныс көбірек болса, онда теңгенің бағамы түсе береді. Бүгін қазақстандық биржада теңгенің долларға шаққандағы бағамы 253, өңірдегі екінші деңгейдегі банктер оны 240-тан сатып жатыр. Ал кеше биржадағы теңгенің бағамы 255 болды. Теңгеге сұраныстың азаюына байланысты бағамы төмендеуде, ол әрі кеткенде бір жұманың ішінде тұрақталады. Анада Ресейдің рублі түскенде облыстағы банктер қаңтар-шілде айларының ішінде 10 млрд. 731 млн.-нан астам рубльді сатып жіберді. Сонда 30 млрд. теңгеміз тікелей Ресейге кетті. Көршілес елдің кәсіпкерлерінің тауарлары мен азық-түлігінің өтімділігі артты. Бұлай жалғаса берсе отандық экономика, өндіріс тығырыққа тірелуі ғажап емес. Сондықтан, жаңа экономикалық саясатқа көшу отандық өндірісшілерге мықты қолдау болады деп білемін. Тұрғындарға күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы өседі-ау деп қорқудың реті жоқ. Ішіп-жеп отырған тамақ түрлерінің барлығы сырттан әкелінбейді ғой. Ет, нан өзіміздікі, баға бақылауда. Ресейден әкелінетін тамақ түрлерінің бағасы өсіп жатса, оны алмай, жергілікті өнімді алуға болады емес пе? Табысымыз доллармен емес, теңгемен беріледі дегендей. Енді депозиттегі жинақтарға келсек, Мемлекет басшысы Ұлттық банкке жеке тұлғалардың мерзімді депозиттеріне төлем тетігін енгізуді тапсырды. Яғни айырбас бағамының өзгеруіне байланысты халық салымдарының шығындарын төмендету мақсатында биылғы жылдың 18 тамызына дейінгі теңгемен ашылған жеке тұлғалардың мерзімді депозиттеріне (есепшоттағы 1 миллион теңгеге дейін қаржыға) төлем тетігі енгізілмек. Сондықтан, депозиттерге салынған теңгеңізді долларға, рубльге айырбастаймын деп асығыс шешім қабылдамаңыз. Ғалия САТЫБАЛДИНА, Ұлттық банктің Батыс Қазақстан филиалының директоры. ОРАЛ.Салымшылар салмақтылық танытты
Аманғос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ, журналист. Теңгенің еркін айналымға жіберілуі өңірде анабір дүрбелең туғызған жоқ деуге болады. Облыс аумағындағы кәсіпкерлер мен банктердің салымшылары Үкімет пен Ұлттық банктің бұл қадамына бірінші күннен-ақ түсіністікпен қарады. Еліміздің ірі банктерінің аймақтағы филиалдарының басшылары «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында болған кезекті брифингте осылай деп мәлімдеді. Мемлекет басшысы теңгенің еркін айналымдағы бағамын енгізу және инфляциялық таргеттеуге өту Қазақстанның жаңа экономикалық саясатындағы бірден-бір дұрыс және маңызды қадам екенін айрықша атап көрсетті. Тәуелсіздік жылдарында әлемдік өркениетті елдердің қатарында дамыған біздің еліміз – әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі. Сондықтан, бірыңғай экономикалық кеңістіктен бөлініп, өз алдына томаға-тұйық тірлік ете алмайды. Бұл жерде көрші елдер Қытайдың өз валютасына девальвация жасағанын, Ресей ақшасының өткен жылы еркін айналымға жіберілгенін ескермеуге болмайды. Ендігі жерде валютаның бағамын Ұлттық банк емес, нарықтың өзі реттейді. Бұл дамыған елдердің барлығына тән үрдіс. Бұдан былай теңгенің бағамы сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгеріп отырмақ. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі облыстық филиалы экономикалық талдау бөлімінің басшысы Маркон Қуатбаева осыларды атап көрсете келіп, теңге бағамы тұрақтанғанға дейін қандай да бір болжамдарға емес, ресми ақпараттарға сүйену қажеттігін айтты. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің Ұлттық банктің қазіргі сәттегі валюта айырбасына ықпалы туралы сауалдарына ол төмендегідей жауап берді. – Ұлттық банк ірі дағдарыс болған жағдайда ғана валюталарды сату және сатып алу жұмыстарын жүргізу арқылы араласа алады. Қалған уақытта екінші деңгейдегі банкттер биржадағы валюталық бағам бойынша қызмет көрсетеді. Теңгені еркін айналымға жіберудің мағынасы сол – ендігі жерде мәселе әлемдік экономикаға, ішкі нарықтық экономиканың факторларына байланысты шешіледі. Бұл жерде бір айта кететін жайт, банктер сату, сатып алу бағамын биржаға байланысты орналастырғанда, бұрынғы белгіленген доллар бойынша 2 теңге, еуро бойынша 3 теңге, осыны сақтап тұрулары керек. «Қазком» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Дания Есбаева ендігі жерде бағамның ауытқуынан пайда табудың бос әурешілік болатынын атап айтты. Мәселен, айырбас пункттері бірінші күні долларды 252 теңгеден сатты. Ал екінші күні ол түсіп кетті. Яғни, доллар сатып алған ұтылды. Сондықтан, банк салымшылары депозиттегі жинақтарын қозғамауы керек. Оның үстіне, Елбасы Ұлттық банкке жеке тұлғалардың мерзімді депозиттеріне төлем тетігін енгізуді тапсырды. Айырбас бағамының өзгеруіне байланысты халық салымдарының шығындарын төмендету мақсатында биылғы жылдың 18 тамызына дейінгі теңгемен ашылған жеке тұлғалардың мерзімді депозиттеріне (есепшоттағы 1 миллион теңгеге дейінгі қаржыға) төлем тетігі енгізілмек. Сондықтан, депозиттерге салынған теңгені долларға, рубльге айырбастаймын деп асығыс шешім қабылдамаған жөн. Осы пікірді «Халық банкі» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Апуажан Төлегенова да білдірді. Ал «Қазақстанның қызмет көрсету саласы мен сауда кәсіпорындары, базарлар қауымдастағы» облыстық филиалының директоры Дмитрий Довматенко, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының директоры Жеделбек Мұрзағалиев жаңа экономикалық саясатқа көшу отандық өндірісшілерге мықты қолдау болғанына назар аударды. Мұның түптің-түбінде халыққа пайдалы болатынын айтты. Бір жақсы жері, мұнда азық-түлік бағасы өседі деп қауіптенудің реті жоқ. Негізінен тамақ түрлері сырттан әкелінбейді және бақылауда ұсталады. Елбасы бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды жергілікті билікке тапсырды. Сырттан келетін тамақ түрін, егер қымбат болып жатса, алмай қоюға қазір толық мүмкіндік бар. Ақтөбе облысы. Шындық қашанда шыңға бастайды Адам баласы алға басу үшін жан-жағына қарап отыруы керек. Қоғам да солай. Өмір шындығынан аттап кету мүмкін емес, қаласаң да, қаламасаң да қадамыңа өзгеріс ендіретін сәттер болады. Түбегейлі есептелген жақсы бағдарламалардың өзі кедергілерге тап келіп жатады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жөнінде үнемі ескертумен келеді. Мемлекет басшысы экономикалық саясаттың алдағы шаралары жөніндегі кеңесте: «Соңғы жылы әлемдік экономикадағы ахуал едәуір төмендеді. Экономиканың бүкіл дүниеде нашарлағаны бәрімізге көрініп тұр... Қанша бағдарламалар жасасақ та, өмір мен жағдай алдымыздан қиыншылықтарды алып келеді. Қазір де осындай қиыншылыққа тақап тұрмыз», – деп атап көрсетуі баршамызды жігерлендіріп, қарым-қабілетімізді ширата түсуді талап етеді. Өйткені, бұл сөздер біздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен құрылған біздің кәсіпорынға тікелей қатысты айтылып тұр. Керамикалық кірпіштің бірнеше түрін шығаратын зауыт өнімдеріне сұраныс жоғары. Сапа стандарттары да талапқа сай. Кәсіпорын өз өнімдерін ел аумағынан басқа, Ресейдің Омбы, Түмен, Қорған қалаларына да жеткізеді. Әйткенмен, біз соңғы уақытта баға жөнінде біршама ұтылып отырдық. Өткізу құнындағы үйлесімсіздік салдарынан өнімімізді 30 пайызға қысқартуға мәжбүр болдық. Қазір қоймамызда 7 миллион теңгенің кірпіші жинақталып қалды. Соған қарамастан, өндірісті сауықтырудың барлық амалдарын қарастырып жатырмыз. Бұл орайда мемлекетіміздің жаңа экономикалық саясаты тығырықтан шығуға жол бастайтыны анық. Теңгенің жаңа бағамы сату көлемін арттыратыны, ісімізге жаңа екпін қосатыны даусыз. Нұритдин САМПИЕВ, Көкшетаудағы «ENKI» ЖШС директоры. Ақмола облысы.