• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Шілде, 2010

Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы

5601 рет
көрсетілді

Тіл бағдарламасының жобасын талқылаймыз Тіл бағдарламасының жобасы Үкіметте, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен талқыла­нып жатқан күні-ақ редакцияға газет оқырмандары көптеп хабарласып, талқылау үшін жобаның қашан жарияланатынын сұраумен болып еді. Ал кешелі бері жобаны қолдаған, оған пікір білдірген хат-хабарлар редакция поштасына түсіп жатыр. Солардың бір тобын және алқалы жиынға қатысқан тіл жанашыры Асылы Османмен сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. “АҚИҚАТТЫ АЙТҚАН ЕМЕС, ОНЫ КӨРІП ТҰРЫП, КӨЗІН ЖҰМЫП, АЙНАЛЫП ӨТКЕН АДАМ АЙЫПТЫ” “Тілді сақтауды – ұлтты сақтау деп білу керек. Кешегі Кеңес өкіметінің шекпенінен шыққан тәуелсіз елдер, шет мемлекеттердің баршасында мемлекет аты берілген ұлттың тілі салтанат құрып тұр. Қазақ тілін дамытамыз дейміз, алайда, менің лексиконымда “қазақ тілін дамы­та­мыз” деген сөз жоқ. Қазақ тілі дамыған, өркендеген, өскен, сонау атам заманнан қолданылып, құдіреті көтерілген, шұрайлы тіл” деп әңгіме бастаған “Мемлекеттік тілге – құрмет” бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы ОСМАН апамызбен Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы Астанада алқалы жиында талқыланғаннан кейін іле-шала жолыққан едік. – Асылы апа, мемлекеттік тілдің жайын тіліңіз жеткен жердің бәрінде шырылдап айтып та, жазып та жүрген адамның бірі өзіңізсіз. Алайда, тілді тұғырына қондыруда түйткіл қай жерден туындап тұр? – Жетістігімізді жоққа шығар­май­мын, алайда біздің басты қателі­гіміз – қазақ тілін мемлекеттік тіл ре­тінде ресми мойындатқанмен, қағаз жүзінде жазғанмен, Қазақстанда тұ­ра­тын басқа этностардың тілімен қатар қоямыз. Жаңылысып жүрген жеріміз де осы. “Үш тұғырлы тіл” деп айтылады. Ағаштың да бір діңі болады емес пе? Бір тамырдан нәр алған бұталары жапырақ жая берсін... Бірақ, тұғыр деген сөзді әу баста тек қазақтың тілі­не тән ету керек еді. Қазақтың тілін ғана тұғырына қондыруымыз қа­жет. Басқа этностардың тілі өз ата­жұрттарында тағында отыр. Неге өзге тілді мемлекеттік тілге қосарлаймыз? Бізді кері кетіріп тұрған осы. Орыс тілінің қызметін сақтаймыз дейміз, мен осыған қосылсам да, оны әрі қарай дамытамыз дегенге қосылмай­мын. Біздің тағы бір жаңылысып жүрген жеріміз осы. Елбасы Қазақ­стан халқы Ассамблеясының сес­сия­сында тіл үш бағытты болу керек, қа­зақ тілін білу керек, орыс тілін сақтау керек, ағылшын тілі – экономи­ка­лық тіл, оны меңгеруіміз қажет деген болатын. Осыған мен қуанып, мем­ле­кеттік тіл басымдыққа ие болсын, баршамыз оны білуіміз керек деп айтқанмын. Қазір ағылшын тілін ешкім мәжбүрлемей-ақ, қаражат бөлінбей-ақ, қазағым үйреніп жатыр. – Өздеріңіз талқылаған жобада 2011-2020 жылдардағы тіл саясатын жүргізудің ой-қисыны елдегі қоғам­дық-саяси тұрақтылыққа да елеулі қауіп-қатер төндіруі мүмкін деген сәуегей сөздер айтылып жатыр... – Қазақстан – ортақ шаңырақ деп айтамыз, тілге келгенде ортақ­таспай қаламыз. Тіл ортақтаспай – біз ортақтаспаймыз немесе бірігу неғайбыл болады. Өйткені, Отан – біреу, бәріміз жазамыз десек жазып, сөйлейміз десек сөйлеп, қызмет істейміз десек, істеп жатырмыз. Ал енді қызметке келгенде мемлекеттің тілі ортақ болмайды. Осы айналып келгенде қауіптілік туғызады. Қазақ­станда орыс тілінің дәуірі жүріп тұр­ған­да, мен әзірбайжанмын, менің де тілімді көтер деп айтпасыма кім кепіл? Неге дауласпасқа? – Әзірбайжан қызы болсаңыз да, қа­зақ топырағын қадірлеп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару керектігін ай­тып-ақ жүрсіз-ау. Өзге отандас­тары­­мыз... – Өзгені қоя тұршы, қазағымды айтсайшы... Елбасы “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін” дегенде ренжіген­мін. Неге бізді бөледі? Неге әзір­бай­жан қазақша сөйлемеуі керек, деген ой болған. Кейін ой таразыма салып қарасам, егер қазақтың өзі саған қа­зақ­ша сөйлеп тұрса мен қайда кете­мін? Басқалар қайда кетеді? Орысша сөйлейтін сіз қайда кетесіз? Сондық­тан әлемді өзіне табындырған, жа­ман­дықты жақсылықпен жаңылдыр­ған Елбасының кеңдігін әлі де дұрыс бағаламай келеміз. Қазақ сияқты ешкімді бөлмейтін, жармайтын, жат­сынбайтын халық жоқ! Сол қазақ сенің көңіліңе қарағаннан кейін, сен неге сол қазақтың пейілін бағала­май­сың? Сол кеңдігімен де қазақ бүгін әлемді табындырып отыр. Сол рухта тәрбиеленген Елбасы да елдің ты­ныш­тығын сақтауда. Сондықтан да әлем бізден үлгі алады. Бірақ, сол әлемнен біз де үлгі алуымыз керек. Кез келген мемлекет өз ұлтының тілін бірінші орынға қойып отыр ғой. Бүгінгі таңда ешкім осыған қарсы болмайды. Шын мәнінде, өмірде бір ғана нәрсе мәңгілік, ол рух! Біздің бойымызда, Отансүйгіш қазақтың қанында көк түріктің рухы болғаннан кейін соны сақтап келеміз. Бірақ, ана тілін білмеген адамда ондай қасиет қайдан болсын?! Осындайда ашынып былай деймін: – Жұқса маған асыл қасиет, Тіл арқылы қазағымнан дарыған. Бойға біткен қабілет Тұрған елден алынған. Құдіретіне бас иіп, Қазағыма табынам, Қазақ тілі тұғырына қонып, Мәртебесіне ие болуын сағынам!.. – Асылы апа, Қазақтан халқы Ассамблеясының отырыстарында бәрі бірдей сізді қолдап жүр десек, өтірікші болар едік. Тіпті, кейде Ассамблеяның кейбір жиындарына қатыспай да қалып жүрсіз? – Қатыспай жүргенім жоқ, мені осы үшін шеттетіп отыр. Жазығым елім жақсы, аузы бір болсын дегенім. Елбасымыз бәрімізге бірдей теңдік беріп отырғанда, қайта осы мәселені Ас­самблея көтеретін жөні бар. Әйтпе­се, Ассамблея бір кездерде мемлекеттік тілді стратегиялық өзек етеміз деген емес пе еді? Елде жетіспей жатқанды Ассамблея неге айтпайды? Біздің ортақ мүддеміз болуы керек қой, осы мүдде – мемлекеттік тілдің мәртебесі болуы керек еді. Егер осы елдің шын азаматы, осы елдің тұрғыны екеніміз ақиқат болса, неге мүддеміз бір болмайды? Егер қазақ деген халықты сыйласақ, соның қайтарымы ретінде тілін сыйласақ, кім оларға қой дейді? Осы тұрғыдан келгенде, Ассамблеяға қарным ашады, көңілім толмайды. Қазақ: “Өмір қымбат, өмір қымбат, бірақ, бәрінен де көңіл қымбат” дей­ді. Неге біз мемлекет құрушы ұлттың көңіліне қарап, көңілін таппаймыз? Ал Ассамблея шын болысамын десе – үлкен күш. Кезінде Ассамблея арқылы өзімізді танытқанымызды, енді оның не екенін қоғамға қызмет еткізу арқылы таныту керектігін айттым да. “15 жыл бойы Ассамблея өзімізге қызмет етті, енді келіңіздер елге болысайық” дегенмін. – Жаңа бағдарламаның жобасын­да да Қазақстандағы әрбір этностың тілін өркендету, дамыту мәселесі ұмыт қалмаған ғой? – Жаным-ау, қалай дамытады? Елі бар ғой, жұрты бар ғой. Бұл жер­де өзге ұлттың өкілдерін, тілін, мәде­ниетін, әдебиетін жаңғырта отырып сақтау керек. Ал мемлекеттің тілі, әдеті мен әдеп-ғұрпын өркендет­пей­міз бе? Тіпті дамытпай-ақ қойсын, қазақ тілі дамыған тіл, сол шұрайлы тілді барлық салада қолдануымыз керек. Мемлекеттік тілді жобада ұлт бірлігінің басты факторы деген, ол Жолдауда да айтылған, Ата Заңда да көрсетілген. – Алайда, ешбір елдің Консти­ту­ция­сында өзге ұлттардың да тілін дамытайық деген сөз жоқ... – Менің айта алмай отырғаным осы ғой. Сағат Әшімбаевтың керемет сөзі бар: “Ақиқатты айтқан айыпты емес, оны көріп тұрып, көзін жұмып, айналып өткен адам айыпты”. Ал бүгін осы шындықты айтқаным үшін мені айыптайды. Сондықтан Ассамблея туралы қойған сұрағыңа рахмет! Бүгінгі таңда шын мәнінде бәрі­міз демесек те, жетіспей жатқан нәр­сені көре тұрып, осы уақытқа дейін бірде-бір басшы тәйт демей отыр. – “Басқа түссе баспақшыл” деген қазақтың мақалын өзіңізден артық білетін адам жоқ. Тәйт дегеннен шы­ғады, тіл білуге деген талап көзі ашық, көкірегі ояу отандастарымыздың шамына тимеуі керек шығар? – Оны сипап сұрамай, қатаңдау етіп қоюымыз керек қой. Ауылдағы қа­рапайым елден не сұрайсыз? Бас­шылардан сұрау керек. Мына біздің оңтүстіктегі Түлкібас ауданында өзбегі, орысы, татары, түрігі де қазақша сайрап тұр. Құрып жатқанда қалаларымыз бен басшыларымыз құрып тұр. – Іскер орта сөйлемейтінін айтты­ңыз. Қаражат қайда, іскер топтың қолында, сондықтан да ықпал да соларда емес пе? – Тілді дамытуға бөлініп жатқан қаражатты орнымен пайдалана алмай жатқанымызды жасырмау қажет. Орнымен, жүйесімен, тиімді, нәти­же­лі жұмсалмайды. Елбасы соңғы Жол­дауда: “Түпкі мақсатымыз еліміздің тәуелсіздігін баянды ету. Қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу. Тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу” деді. Ал енді осыны неге орындамаймыз? – Айтқандай, мемлекеттік бағдар­ла­маның жобасы аясында келер жылы 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігі қолға тиетіні туралы жағымды жаңалық жария етілді. Ал аудармамен өсіп келе жатқан, тілі қасаң буын бар. Осыдан арылудың жолы қандай? – Кеңес өкіметі тұсында қазақ­тың 10 томдық түсіндірме сөздігі шық­қан, ондай ешбір түркі халық­тарында жоқ. Бүгінгі таңда 15 том­дықты шығарғалы жатқаны айтылды. Құптарлық іс. Бірақ, осыны пай­да­ланып, кәдесіне жарататын ұрпақ өсіру ғой айтып отырғанымыз. Маған сенсеңіздер, Тіл басқар­ма­сында да, Тіл институтында да, Тіл комитетінде де іс­тедім, қызмет етіп келемін. Сонда салалық сөздіктерді көбейту мәселесін көтер­генбіз. Сөздіктер мәнді, маңызды, құнарлы, қысқа, нұсқа болуы керек. Сонда пайдалануға болады. – Көшедегі қазақша жар­намаларда қате өріп жү­ре­тіні, мағынасы майысып тұ­ратыны журналистер, на­мысты ел тарапынан әнебір жылдары ауық-ауық көтеріліп тұра­тын еді. Бұл мәселе толық шешілген жоқ. Сол жарнамалардың орысша­сын­да қате болса, қандай оғаш, қандай өрескел сауатсыздық деп шулап жатар едік... – Әрине, күлетін еді. Айтуымыз да, жазуымыз да көп. Соны іске асыруға келгенде жоқпыз. Осыны өзгелер біліп алған, сосын желкемізге мініп алған. Осы талап етілмегеннен кейін, жұрт жайбарақат жүре береді. Кейбірі әдейі жасайды деп айтамын. Көріп жүрген соң айтамын. – Аталмыш бағдарлама неге тағы 10 жылға жасалынады, ең болмаса неге бес жылдың аясына бағындыр­масқа деп айтып қалдыңыз. – “Тағы он жыл бар ғой” деп жүріп аламыз ба дегенім ғой. Бағдарлама жақсы, ол адамға бағдаршам сияқты. – Соны әркімнің қолына қалай ұстат­сақ екен? – Егер оны орындамайтын бол­сақ, түптің түбінде өзімізді құрдымға кетіреді. Орындаған адамға рахмет айтып, орындамаған адамнан сұрауы болуы керек. Бұрынғы бағдарламаға келсек, қазақ тілді мектептердің, балабақшалардың көбейгенін айта­мыз. Жоқ, ол онсыз да солай болуы керек қой. – 1998 жылы “Мемлекеттік тілге – құрмет” деген бірлестік құрып едіңіз? – Талай өзге ұлттың өкілін осы іске үйіргендей болып едік. – Сол ұйымыңыз қазір бар ма? – Ұйым бар. Оны бүкіл рес­пуб­лика бойынша ашпақ та болғанмын. Кейбір азаматтар көмектескендей болып, Терещенко 20 мың берген... – 20 мың доллар ма? – Ойба-а-й, 20 мың теңге. 1998 жылы ғой. Ол ешнәрсеге жарамайды екен. – Журналист болған соң талай елдіктің ісіне куә болып келеміз. Ке­лелі оқиғаларда Елбасы Ана тілін қа­зақтың бір перзентіндей қастерлей­тінін, алайда, Мемлекет басшысы ретінде өзгелермен де есептесуге мәж­бүрлілігін астарлап та, ашып та айтып келеді. Алайда, Мемлекет басшы­сының осы саясатын өзіне ұстаным етіп алған топ бар... – Қазақ “Қора толған қой бер, бесік толы бала бар, ол балаға сана бер, сана бермесең – ала бер” деген. Егер сол адамдардың барлығы саналы болса, Елбасы да қиналмаған болар еді. Мен еш уақытта ұмытпаймын, 1995 жылы Мәскеуде Елбасымызға журналистер орыс тілінің неге “кен­желеп” жатқанын сұраған. Сонда Пре­зидентіміз: “Біз сендерге ренжуі­міз керек. Сендер осы уақытқа дейін қазақша сәлемдесуді де, қоштасуды да білмейсіздер. Біздің ауылдың қазағы да осыны біледі, ымдаса да сізге ишара жасайды” деген. Осы уақытқа дейін сен қазақ тілін білмейсің деп біреу жұмыстан шығарылды ма, біреуге қастандық жасалды ма? Ондай нәрсе болған жоқ. Қазақтың кішіпейілділігін өзгелер кішілік деп танымасын. Әрбір қызметіміз бен құрметіміз ел үшін болуы керек! – Әңгімеңізге рахмет, Асылы Әлиқызы. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ. АЛМАТЫ. * * * ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНЫ МЕН АРЫ Тіліміздің мәртебесін арттыру жолындағы келелі істер ширек ғасырдай уақыттан бері жалғасып келеді. Кеше еліміздің бас газетінде оқырманға ұсынылған “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” жобасы мемлекеттік тілдің келешегін жаңа бір қырынан айқындапты. Мұқият оқып шықтым. Бағдарламада алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудегі мемлекеттік тілді меңгеру жүйесіне қатысты алда атқарылар шаралар көңіл қуантады. Мәселен, стандарттар әзірлеу, қазақ тілінде оқытатын білім беру мекемелерінің желісін кеңейту, мамандар даярлауды одан әрі жүргізу, тағы басқа келелі мақсат-міндетке назар аударылыпты. Сондай-ақ, Қазақстанның барлық азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесінің бір бөлігі ретінде қазақ тілін оқыту орталықтарының аккредиттелген желісін құру мәселесі де көтерілген. Бұл тіліміздің ертеңі үшін қажетті шаралар ауқымы. Мемлекеттік органдарда іс жүргізуді толық мемлекеттік тілге көшірудің үлкен стратегиялық маңызы бар. Өйткені, қоғамдық өмірдің қай саласы болмасын мемлекеттік органдар арқылы басқарылады. Сондықтан басқару тетігіндегі тілдік ахуал әр салаға тура ықпал етеді десек, асыра айтқандық емес. Сол себепті жергілікті атқару құрылымдарындағы мемлекеттік тілді орнықтыру жұмысын түпкілікті әрі нәтижелі етіп жүргізуге баса көңіл бөлінсе, онда нәтижеге қол жеткізілетіні анық. Соның ең бастысы – қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыру, мемлекеттік тілде іс жүргізудің материалдық-техникалық базасын жасау сияқты маңызды іс-шаралардың тиісінше қамтылғаны. Жетісу жерінде қазақ тілін оқып-үйренуге, мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізуге қажетті жағдай мүмкіндігінше жасалған. Бұл жағынан облыс бүкіл республикада алдыңғы қатарда деп мақтанышпен айтуға болады. Облыс әкімі Серік Үмбетов туған тіліміздің мәртебесін көтеруге жете көңіл бөлгендіктен, Талдықорған қаласында республикада тұңғыш “Тіл сарайы” салынып, бүгінде барлық іс-шара осы жерден бастау алып отыр. Соңғы үлгіде жабдықталған осындай оқыту ғимаратының пайдалануға берілуі, сөз жоқ, мемлекеттік және басқа да тілдерді оқытудың материалдық-техникалық базасын нығайта түсті. Нәтижесінде қазір 96 сағаттық бағдарлама бойынша Тіл сарайында 240 адам 6 ай бойы, ал бір жылда 480 тыңдаушы өздерінің тілдік білімдерін жетілдірді. Елбасымыз халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізуді тапсырды. Осы міндеттер де алдағы он жылдағы мемлекеттік бағдарламада нақты көрсетілгені қуантады. Облыста мемлекеттік тілді, сондай-ақ орыс және ағылшын тілдерін тиімді меңгеруде ең үздік, инновациялық әдістемеліктерді, тәжірибелік оқу-құралдарын, аудио-бейне материалдарын қолданудың жаңа бағыт-бағдары пайдаланылуда. Өңірдегі өзге ұлт өкілдері тығыз қоныстанған 8 аудан мен 3 қалада бүгінгі күн талабына сай жабдықталған 14 мемлекеттік тілді оқыту орталықтарында ұйымдастырылған курстарда бүгінгі күнге дейін 5 мыңға жуық адам оқып шықты. Мемлекеттік тілге көшу барысында туындаған мәселе оқулықтар, сөздіктер мен әдістемелік нұсқаулар болатын. Қазір бұл жағынан қиыншылық жоқ. Тілдік ахуалды үнемі назарда ұстау мақсатында зерделеу, тексеру, сауалдама жүргізу жоспарлы атқарылып келеді. Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы” Заңының сақталуын қадағалау мақсатында жыл басынан бері басқарма қызметкерлері 16 аудан мен 3 қалада, облыстық мекемелерде болып, күнделікті жұмыста мемлекеттік тілдің қолданылуына сараптама жасап, әдістемелік көмек көрсетті. Тілдік ахуалды жақсартудың маңызды буыны – балабақша, мектеп. Тәрбие, білім ошақтары қазақша сөйлемей, қоғам, бүкіл халық қазақша сөйлемейді. Ертеңгі күні қоғам тұтқасы – қазіргі бүлдіршіндер тәрбиесі, олардың туған тілі мен еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға ерекше мән берген жөн. Бағдарламада мемлекеттік органдардың ақпараттық инфрақұрылымын дамыту мақсатында екі тілді интерфейсті қолдайтын “электрондық құжат айналымы” ақпараттық жүйесі жайлы да айтылған. Біздің ұсынысымыз: маңызды жобадағы үш кезеңді тиімді пайдаланып, оған өмірдің барлық саласындағы ана тілімізге деген сұранысты арттырудағы жұмысқа күш салу. Жаңа әдіс-тәсілді пайдалану міндеті тұр. Өткен он жылда тіл мерейін көтеру жолында көптеген игі істер тындырылды. Сонымен қатар “әттеген-ай” дейтін де жерлеріміз аз емес. Алқалы жиындарда да, баспасөз бетінде де ол жайлы аз айтылып жатқан жоқ. Алдағы кезде көк байрағымыз қалай желбіресе, туған тіліміз де халқымыздың бірлігі мен елдігін солай паш етсе, нұр үстіне нұр. Демек, туған тіліміздің биік мәртебесі үшін тер төгу – азаматтық парызымыз. Өйткені, тіл – халықтың жаны, ары мен абыройы. Олай болса, алдағы он жыл осы асыл құндылықтарды берік орнықтыратын кезең. Тәңірберген ҚАСЫМБЕРКЕБАЕВ, Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығы. * * * ҰРПАҚТАР ҮШІН ҰЛАҒАТТЫ ІС Қолыма қалам алысымен ойыма Ахмет Байтұрсыновтың: “Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады” деген аталы сөзі орала кетті. Айтса айтқандай, ана тілімізді сақтау, сақтау ғана емес ардақтау – азаматтық парыз. Тілің жоғалса, ұлттық рухың да жоғалады, яғни Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біз өзіміздің ұлттық ойлау жүйемізді, тарихи танымымызды, рухани мәдениетімізді барынша терең дамыта отырып, барлық салада рухани тәуелсіздікке жетуіміз керек. Қазақстанда тұратын барлық этностар тілін сақтау жағдайында ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің ауқымды қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” жобасының талқыға түсуі көпшілік көкейіндегісін дөп басты ғой деп ойлаймын. Бағдарламада мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің негізгі факторы екендігі тайға таңба басқандай аталып, мемлекеттік тілді кеңінен қолдануға бетбұрыс жасалуын қалайша атап өтпеске. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді меңгерген мектеп түлектерінің үлесін 100 пайызға дейін ұлғайту – мемлекеттік тілдің өзекті мәселелерін шешудің бірден-бір сара жолы болмақ. Сөз орайы келгенде айта кетейін, Қазақстанның барша азаматтары мемлекеттік тілді меңгеруі керек. Сол үшін де қазақ тілінде оқытатын мектептер желісін кеңейту қажет. Тіл дегеніміз ұлттық болмыс пен психология аясындағы ең сезімтал, ең нәзік сала. Сондықтан да ана тілімізді қорғау керек. Айтайын дегенім, мемлекеттік қызметке келе­тіндер мемлекеттік тілден, яғни қазақ тілінен емтихан тапсырса дұрыс болар еді. Мұндай ұсынысты бір мен емес, жүректері “Елім” деп соққан зиялы қауым айтып та келеді. Өз ана тілін білмейтін менменшіл мемлекеттік қызметкерлерден арылуымыз қажет. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, тарих сахнасына “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” шығуы – осы уақытқа дейін алып-қашпа әңгіме болып келген ана тілімізді ардақтаудың алтын қазығы. Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы Қорқыттану ғылыми-зерттеу институтының директоры. * * * ЖАҢА БАҒДАРЛАМАНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында берген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында әзірленген Тіл бағдарламасының жобасы көкейі­ме қонады. Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы, сондықтан ол Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мем­ле­кет­тік бағдарламасының басты бағы­ты болып есептеледі. Осыған орай жаңа бағдарламаның жобасында үздіксіз білім беру үлгісі арқылы қазақ тілін оқыту жүйесін қолға алу жоспарланғандығы өте қажетті шара. Біздің басқарма тарапынан жылда ұйымдастырылатын социологиялық зерттеулер нәтижесінде тіл оқыту ор­та­лықтарында қашықтықтан оқыту әдісін тәжірибеге енгізу қажет деген ұсыныстар түсті. Сондықтан, жаңа бағ­дарламада қашықтықтан оқыту жүйе­сін қолдану жолдары қарасты­рыл­ғандығы заман талабы деп есептейміз. Бағдарламада мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге басымды­лық берілгендігі тілді кеңінен насихаттауға, қолданылу мәртебесін жоғарылатуға зор септігін тигізеді. Сонымен қатар тілдер туралы заңнаманың сақталуына бақылауды кү­шейту маңызды болып табылады, ол үшін республика бойынша барлық мем­лекеттік органдардағы құжат айна­лы­мын прокуратура арнайы бақылауы­на алып, тіл заңнамасын орындауға міндеттеу керек. Себебі, Қазақстан Республикасының барлық заңдары секілді тіл заңнамасын бұзушылар тиісті жазасын алуы қажет. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мем­лекеттік бағдарламасы жобасының тартымдылығы оның жүйелі түрде жаса­лып, арнайы индикаторлар ар­қы­лы жылға немесе әр үш жылға бө­лінген ішкі құрылымы бойынша орын­далуына бақылау жасау мүмкін­дігі болып табылады. Бұл жаңа бағ­дарлама жобасының тиімді жағы. Аталған мемлекеттік бағдарла­ма­ны іске асыру елімізде тұратын бар­лық этностардың тілдерін сақтау және Қазақстан халқының шетел тіл­дерін меңгеруімен қатар, мемлекеттік тілдің ұлттық бірлікті нығайтудың басты факторы ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді. Тіл саясатында зор табысқа жет­кен 30-дан астам елдің тәжірибесін пайдалана отырып, әзірленген бағ­дар­лама бүгінгі күнге дейін қолбайлау болып келе жатқан мәселелерді ше­шуге өзінің септігін тигізеріне кәміл сенемін. Ана тіліміздің абыройы асқақтап, беделі арта түссін демекпін. Талғат ӘБІЛҚАСЫМОВ, Павлодар облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы. * * * ӨНДІРІСТІК СӨЗДІК ҚАЖЕТ Менің пайымдауымша, еліміздің күш-қуаты өскен, беделі биіктеген сайын мемлекеттік тіл мәртебесі де нығайып келе жатқаны байқалады. Бұған мысалды алыстан іздемей-ақ, өзім еңбек ететін кәсіпорынды келтіруге болады. Осыдан біраз уақыт, дәлірек айтқанда он жыл бұрын ұжымымызда ана тіліміз өзара арамызда болмаса, былайша мүлдем қолданылмаушы еді. Жасыратыны жоқ, неге бұлай деген ой көңілімізге бататын. Бірақ ішкі жағдайға зер салынғанда белден басып, әміршілдік әдіспен күштеп енгізудің жөнсіз екенін түсінетінбіз. Еңбеккерлердің тең жартысынан астамын құрайтын өзге әріптестеріміз соны қалайтын. Тіл мәселесі жөніндегі салмақты саясатқа разылықтарын білдіретін. Мінеки, енді бұл бағыттағы өзгеріс айқын аңғарыла түсуде деуіме болады. Рас, қазір бәріміз жаппай қазақша сөйлеп кетпесек те мемлекеттік тілге деген құрмет биіктеп келеді. Ол зауытқа кіре берістегі таныстырмалық тақтадағы шежіреден байқалса, сонымен қатар қай цехқа барсаңыз да алдан шығар қазақща түсініктемелерден, ереже-қағидалардан көзге жылы ұшырайды. Тілімізді меңгеруге деген құлшыныс­ты қоян-қолтықтаса істейтін азамат­тардың оны оқып-үйренуге ынтасы сездіреді. Ал білген үстіне біле түсу үшін бізбен тілдесуге тіленушілерге ықыласымыз тіпті бөлек. Шамамыз келгенше түсіндіріп, үйретіп жатамыз. Әттең, өндірістік сөздік кітапша аз. Сөз орайында әріптестерімнің оның көптеп шығарылуын тілейтінін айта кеткен жөн. Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың жаңа бағдарламасы белгіленіп отыр. Осы өзекті мақсатқа қол жеткізудің негізгі бағыттарын, жолдары және шараларын толық қолдаймыз. Тек бұған дейінгі бағдарламалардай орта жолдан аспай, аяқсыз қалмауын қалаймыз. Жұмағали АЙМЫШЕВ, Қарағанды құю-мәшине зауытының технологы. * * * МЕН ҚАУІП ЕТКЕННЕН АЙТАМЫН Сонымен, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға ар­нал­ған мемлекеттік бағдарламасы қабыл­да­найын деп жатыр. Бұл, әрине, тіл жанашырлары үшін қуанышты оқиға. Бірақ, ақын Мұрат Мөңкеұлы мен қауіп еткендіктен айтамын демекші, осы­дан кейін де көңілде күдік жоқ емес. Өйткені, білесің, білген соң ай­та­сың дегендей, бұған дейін де тіл ту­ралы тамаша бағдарламалар қабылдан­ғанымен, сондағы көптеген мәселелер жеріне жеткізілмеген-ді. Сол себептен де мәңгілігіміздің мәңгілігі туралы мәселеде жүрегіміздің шайлығып қалғаны да рас. Сөзіміз жалаң болмауы үшін мысал келтіре кетейін. Айталық, Семей қа­ла­сын­да іс-қағаздар мемлекеттік тілге ресми түрде осыдан үш жыл бұрын кө­шірілді. Бүгінде соған орай мұнда іс-қа­ғаздарын жүргізу 95 пайыз мемлекеттік тілге көшірілді дегенді естиміз. Ал өз басым соған күмәндімін. Бұл енді аудар­машылардың “арқасында” қол жет­кен жетістік. Ал сол аударма­шы­лардың көбі сауатсыз екендігін көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Сондықтан алдағы уақытта оларға қатаң талап қоятын уақыт жетті деп білемін. Аудар­машылар, судың да сұрауы бар демек­ші, мекеме, ұйымдағы мемлекеттік тілдің қолданысына жауап беруі тиіс. Бұған дейін де айтылып жүрсе де қайталайын, қазақ тіліндегі мектептер мен балалар бақшасының сапасын арт­тыр­майынша, тілдің жағдайы түзеледі де­генге өз басым сенбеймін. Одан кейін жергілікті тіл комитеттерін бұрын­ғы­сынша қайтадан өз алдына жеке отау етіп шығару керек деп білемін. Қоғам­дық негіздегі “Қазақ тілі” ұйым­дарын да күшейту керек-ақ. Болмаса қалалық “Қазақ тілі” қоғамындағы бір ғана мен жалғыз не тындыра алған­даймын. Жар­тас­қа бардым, күнде айғай салдымның керін көріп жүргеніміз сондықтан. Ал енді бұған қоса тіл туралы заңдары­мыз­дың солқылдақ екендігі де бұрыннан айтылып жүрген әңгіме. Заң солқылдақ болған соң құқық қорғаушылар да тіл мәр­тебесін қорғауда солқылдақтық та­нытып жүр емес пе? Оның ар жағында жергілікті билік те тіл мәселесін бірінші кезектегі міндетім деп білуі керек. Ашынғаннан шығады ащы даусың демекші, мұның бәрін көріп, біліп жүрген соң айтып жатырмыз. Солай дей тұрғанмен, көрмес түйені де көр­местің кебін кимей, жаңа бағдарламаға бүкіл халық болып қолдау білдіруіміз қажет. Туған тіл көсегесі сонда ғана көгереді. Ерғали КӘКІМҰЛЫ, Семей қалалық “Қазақ тілі” қоғамының атқарушы директоры. * * * МЕМЛЕКЕТТІК ПӘРМЕНДІЛІК КҮШЕЙТІЛСІН Мемлекеттік тілді білмеген адам хал­қының өткені мен бүгінін білмейді. Өкі­нішке қарай, бұл Қазақстандағы орыс тілінде білім алған қазақ жас­тарына айрықша қатысты. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда қазақ халқының үлесі аз болды да, тіл­дік мәселелерді көтеруге ертерек бол­ған­дығы белгілі. Шовинистік пиғыл­дар­дың басқа мақсатқа пайдаланып ке­те­тіндігі сөзсіз еді. Осы ретте Қазақстанда тұратын барша этностардың татулығын сақтай білген Елбасымыздың сарабдал саясатын бағалауымыз керек. Қазір, құдайға шүкір, мемлекетке атын беріп отырған ұлтымыз өз жерінде көп­шілікке айналды. Енді алаңдамай, тіл­дік саясатта батыл ұстаным ұстауға болады. Бұған Қазақстандағы басқа этностар да түсіністікпен қарайды деген ойдамыз. Бағдарламада мемлекеттік тілді мең­геру үдерісін ынталандыру және мониторинг жүйесінің жоқтығына алаңдаушылық білдіріліпті. Егер қазақ жастарының өзі қазақ тіліне қажеттілікті сезінбей жатса, не деуге болады?! Шымкентте өткен бір ж­иын­да көп­теген министрліктердің вице-ми­нистрлері бас қосып, өнеркәсіп сала­сы­на байланысты мәселелерді талқы­ла­ды. Өрім­дей жастар. Бәрі қазақ. Білімді. Бірақ, қазақ тілінде сөйлейін деген ешқайсысы жоқ. Болашақ министрлер, ел тұтқалары өз тілінде сөйлеуді қиынсынып жатса, мемлекеттік бағдарламаны кім үшін қабылдамақпыз?! Осы мәселеде мемлекеттік саясат мықты болсын. Мемлекеттік тілді білмейтін, ой-пікірін айта алмайтындар, қанша жерден сауатты болса да, жау­апты қызметтерге тартылмауы керек. Бұл әсіресе, қазақ жастарына қатысты. Мем­лекеттік тілді білмеген адам Қазақстан­дағы өзге этностардың да қамын жейтін мемлекетшіл болады дегенге сенбеймін. Бағдарламада қазақ тіліндегі ба­сы­лымдардың көбейіп келе жатқандығын пайызбен шағыпты. Бұл да алдамшы көрініс. Зерттеп қарасаңыз, жеке қол­да­ғы баспасөздің дені біреуді біреуге ұра­тын күлдібадам дүниелерге әуес. Бұған да мониторинг керек. Елге пай­далысын іріктеп, ел ішіне іріткі сала­тын­дарына тоқтау салатындай пәр­мен­ділік керек. Қазақ тілінің қуаты – мектеп оқу­лық­тарында. Оқулықтар әлі де сын көтермейді, тарихи дәлдік, әдістемелік сапа нашар. Калька-аударма. Өзіміздің дүниемізге өзіміз ие болып, тіліміздің қолданылу аясын кеңейте алсақ, өзге этностар да үлкен құрметпен қарар еді. Қазақтар еш халыққа ешуақытта азар берген емес. Амангелді СОПБЕКОВ, Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.