“Апат айтып келмейді” дейді атам қазақ. Жуырда Жамбыл облысы аумағындағы 20 адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы осы сөзді еріксіз қиналыспен тағы бір еске түсірді. Осыған орай өткен сенбіде Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі БАҚ өкілдері үшін арнайы шұғыл брифинг ұйымдастырды.
– 31 шілдеде шамамен таңғы сағат бес жарымда Мерке қаласынан 10 шақырым жердегі Алматы – Ташкент тас жолының 339-ыншы шақырымында Шымкент қаласынан Алматыға бет алған “Мерседес-бенц” қалааралық автобусы “Норт-бенц” маркалы жүк көлігімен соқтығысқан. Көліктер соқтығысқан кезде өрт туындап, нәтижесінде көліктер толығымен жанып кеткен. Оқиға орнында 20 адам, оның ішінде автобустың 18 жолаушысы, автобус жүргізушісі және жүк көлігінің жүргізушісі қайтыс болды. Алдын-ала деректер бойынша автобуста 49 жолаушы болған.
Мерке аудандық орталық ауруханасына 23 жолаушы жеткізіліп, оларға медициналық көмек көрсетілді. Олардың алтауы, оның ішінде төрт Өзбекстан азаматы әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.
Көлік құралдарының иелері және қайтыс болған жүргізушілердің жеке бастары анықталды. Сонымен қатар қайтыс болған жолаушыларды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Министрлік басшылығының тапсырмасы бойынша ІІМ Жол полициясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы полиция полковнигі Николай Калашников осы өңірге аттанып кетті. Қазіргі уақытта оқиға орнында Жамбыл облысы ІІД-нің тәжірибелі қызметкерлерінен құралған арнайы тергеу тобы жұмыс істеуде. Жол-көлік оқиғасының себептері анықталуда. Алдын-ала деректер бойынша жүк көлігінің жүргізушісі рөлде қалғып кетіп, қарсы келе жатқан автобуспен соқтығысқан.
Жүргізілген талдауда көрсетілгендей, техникалық қауіпсіздікті және жүргізушілердің жұмыс уақыты мен демалыс режімінің сақталуы үшін автокөлік кәсіпорындары мен жүк және жолаушыларды тасымалдау көліктері иелерінің жауапкершілігін заңнамалық деңгейде күшейту қажет делінген ІІМ-нің баспасөз қызметінің берген мәліметтерінде.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.