Көкшетауда Білім және ғылым министрлігі Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, саяхатшы, этнографы Шоқан Уәлихановтың 175 жылдығына арналған “Шоқан Уәлиханов: ғылыми мұрасы мен қазіргі заман” атты халықаралық ғылыми‑практикалық конференция болып өтті.
Шоқан Уәлихановтың 175 жылдығына арнап ұйымдастырылған көрмені тамашалаудан басталған осынау игілікті іс-шара облыс орталығындағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрында жалғасын тапты. Жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, білім беру мекемелерінің басшылары, тарихшылар, этнографтар, филологтар, өлкетанушылар, мұрағаттардың ғылыми қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен конференцияның ресми ашылу салтанаты және пленарлық мәжілісінде құттықтау сөз сөйлеген Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров: “Қазақтың ұлы ғалымы Ш. Уәлиханов отандық ғылым мен әдебиет тарихында үлкен орын алады. Оның қысқа да жарқын өмірі мен ғылыми қызметі қазақ халқы дамуының, рухани ізденістерінің тамаша қорытындысы, биік жалғасы болды, қоғамдық ой-сана, пікір-тұжырым биіктей өркендеуіне ықпал етті”, – деді.
Конференция жұмысына Қазақстанның шоқантанушы ғалымдарымен қатар, көршілес Ресей, Қырғызстан мемлекеттеріндегі бірлескен ғылыми кешенді іс-шараларды жүзеге асыратын бірқатар гуманитарлық ғылым салаларының өкілдері тікелей атсалысты.
Пленарлық мәжіліс барысында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Саттар Мәжитов, Ресей Ғылым академиясының профессоры Нәйла Бекмаханова, Қырғыз мемлекеттік университетінің профессоры Жээнбек Алымбаев, Герцен атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің доценті Ержан Юсупов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Жаңа тарих бөлімінің меңгерушісі Едіге Уәлиханов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті философия кафедрасының меңгерушісі Раушан Көшенова баяндамалар жасап, шоқтықты ғалымның соны іздерін ашып көрсетті.
Күрделі дәуірде дүние есігін ашқан дарынды жас Ресей патшалығына, ғылымына, орыстың қазақты зерттеп, тануына қызмет етті. Содан бері талай заман өтті. Бүгін оның еңбегі мен өмірі, мақсат-мұраты қайта бағаланып, екі ұдай пікірлер тартысқа түскен заман. Өйткені, кеңес идеологиясы жасаған Шоқан бар, қазіргі тәуелсіз заманда ондай идеологияға берілмей, шындық таразысына түсетін Шоқан бар. Бүгінде ұлы ағартушыға қатысты сол кеңестік мәліметтердің біразы екіұдай сипат алып отырғандығы да ақиқат. Осы ретте, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіктің: “Біз, қазақ халқы Шоқандай перзентіміз барын мақтаныш тұтуымыз керек. Ол бар болғаны 30-ға толар-толмас уақыт ғұмыр кешкен. Бірақ, соның өзінде Шоқан тарихта қалды. Ол қазақ халқын білімге, өркениетке ұмтылдырғысы келді. Қашанда сондай ойда, ниетте жүрді. Шоқан тек этнограф, географ, этнолог қана емес. Оның мұрасы ғылымилығының жан‑жақтылығында. Оның еңбектерінде физикалық география мен саяси процестер де көрініс тапқан. Оның өмірі трагедиядан тұрады. Өмірінің соңында ол Ресейдің отарлық саясатының мәнін түсініп, тұла бойы мен түсінік-танымын патша өкіметінен батыл аулақ сала бастайды. Менің ойымша, сол кезде Шоқан тарихи тығырыққа тіреліп, қазақты сол тығырықтан қалай алып шығамыз деген ойдың құрсауында бұл өмірден өтіп кеткен тәрізді. Ал, біз Шоқанға әлі терең бара алған жоқпыз деп айтуға болады, оның ұлылығына, ғажаптығына алдағы уақытта көз жеткізе береміз деп ойлаймын”, – деген пікірі кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық.
Конференция барысында Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасына қатысты қазіргі тың зерттеулер жөнінде баяндама жасаған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Саттар Мәжитов өз сөзінде былай деді: – Шоқанның басына келген еуропалық білім алудың оңтайлы жақтарынан бөлек, кері жақтары да болған сияқты. Жалпы, өркениет жолына түсу қазаққа оңай тиген жоқ. Солардың ең алғашқы керемет үлгісі – Шоқан. Шоқан Уәлихановтың ішкі ғылыми лабораториясын терең білу үшін бәрі әуелден неден басталды, ғылыми өрістері қалай өсті, немен бітірді дегендей зерттеулер маңызды. Шоқан Уәлихановтың дайындығы өте ауқымды еді. Көне ғасырға да, орта ғасырға да барады. Шоқан Уәлиханов біздің ауыз әдебиетімізді де өте жақсы пайдаланды. Ол кезде жазба деректермен қатар, ауыз әдебиетін, фольклорды Шоқанға дейін ешкім пайдаланған жоқ. Шоқан Уәлиханов Шығыс Түркістаннан қолжазбаларды әкеліп, ғылыми байланысқа енгізді. Одан кейін қазақ халқының қалыптасу процесіне үлкен үлесін қосты. Түркілердің батырлық эпостарын, ол “Манас” болсын, “Едіге” болсын, қайта жаңғыртты”.
Алғаш Шоқан Уәлихановтың шығармалар жинағын жинау 1981 жылы қолға алынған екен. Уәлиханов мұрасын еліне жеткізуге академик Әлкей Марғұлан көп күш жұмсаған. 11 жылдық қажырлы еңбек пен терең ізденістің арқасында осыған дейін ғалымның шығармалар жинағының 5 томы басылып шыққан. Аталмыш еңбек көрнекті ғалымның 150 жылдығына орайластырып, жинақталған екен.
– Араға жиырма бес жыл салып, Шоқан мұрасы қайта жинақталып отыр. Бұл жолы, Шоқан мұрасы қазақшаланды. Біз Шоқанға тереңдеп бардық деп әлі де айта алмаймыз. Олай деуіміздің өзіндік себебі де бар. Өйткені, оның шығармаларының өзі қазақ тіліне енді-енді ғана аударылып жатыр. Шоқанның қолтаңбасын танудың өзі қиын болған сияқты. Оны жалықпай зерттеген ғалым Әлкей Марғұлан ғана. Әзірге бұл Шоқан мұрасы жинақталуының бір кезеңі ғана, – деді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Жаңа тарих бөлімінің меңгерушісі Едіге Уәлиханов. Шоқан мұрасын зерттеушілер “әзірге бұл шаруаның басы ғана” дегенді айтып отыр. Яғни, шоқантану процесі енді ғана шындап басталғандай.
Конференция барысында жиналған жұртшылықтың назарына И.Гонопольскийдің “Последний принц степи” атты Шоқан Уәлиханов туралы деректі фильмі ұсынылды. Сондай-ақ, қазір Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Сырымбеттегі Шоқан мұражайына экскурсия ұйымдастырылды. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде өткен секциялардағы жұмыс барысы тарихнама және этнология, түркі халықтарының филологиясы, Шоқан Уәлиханов пен Қазақстанның тәуелсіздігі атты үш бағытта жүргізілді.
Бақберген АМАЛБЕК,
Әсем ЖҮНІС, журналист.
Көкшетау.