• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Тамыз, 2010

Шәмшіғұмырдың мәңгілік сапары

809 рет
көрсетілді

Қазақ өнеріне шашасына шаң жұқпаған талай дүлділдерді берген Оңтүстікте Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдық мерейтойы үш күнге созылды. Ас ішіп, табақ босатқан аста-төк той емес, тағылымды той. Той 15 тамыз күні таңертең об­лыстық тарихи-өлкетану мұражай­ында “Шәмші әлемі” көрме экс­по­зициясының ашылуымен басталды. Өмірі мен шығармашылығы кеңі­нен көрсетілді. Жеке заттары, порт­реттер, музыкалық аспаптар, туын­дылары, ән жинақтары, Шәмші фестивальдерінен фотосуреттер көр­сетілді. Шәмшінің әкесі, темір­ден түйін түйетін ұста, мұсылман­дық сауаты үлкен зиялы қария, ақын Қалдаяқ Домбыұлына көр­ме­нің бір бөлігі арналған. Кешегі Қа­рақоңыр, бүгінгі Шәмші ауылының ересек тұрғындары Қалдаяқ ұста қайтыс болған күні темірді бал­шықтай илеген қайқы төсі түні бойы шыңылдап жатты деседі. Көрмеден соң Шәмші Қалдая­қов атындағы облыстық филармо­нияда фестивальге байланысты бас­па­с­өз мәслихаты өтті. Ұйым­дас­тыру алқасы төрағасының орын­басары, облыстық мәдениет бас­қармасына бастық болып тағайын­далғанына оншалықты көп бол­маған, түбін қаузасаң қалам ұста­ған журна­лис­тер ауылының түлегі Күлия Айдар­бе­кова фестивальдың биылғы ерек­ше­ліктерін тартымды баяндап берді. Сол күні кешке “Шәмші әлемі” кешенінде Шәмшінің ескерткіші мен еліміздің мәдениетінің, өне­рінің өркендеуіне үлес қосқан саз­гер­лер мен әншілердің аттары жа­зылған “Жұлдыздар” аллеясының ашылу салтанаты өтті. Жұлдыздар аллеясының ашылу сал­танатында облыс әкімі Асқар Мыр­захметов, Шәмшінің ұлы, ди­ри­жер Мұхтар Қалдаяқов сөз сөйледі. Облыс әкімі А.Мырзахметов “Жұлдыздар” аллеясына аттары жа­зылған композиторлар мен ән­ші­лерге рет-ретімен куәліктер беріп, “Шәмші әлемі” кешенінің құрылы­сына үлес қосқан мекемелер мен жеке азамат­тарға облыс әкімінің сер­тификаттары мен алғыс хатта­рын тапсырды. Үш күнге созылған фестиваль күнделігін сыдыртып жаза беруден гөрі біз басқа қырларын қамтуға ты­рыстық. Қадыр Мырза Әлі айт­қан­дай, Шәмші әндерінен гео­гра­фиялық жағынан Қазақстанның кар­тасын жасауға болатындай кең­дігін фестиваль тағы да көрсетті. Ата­ғы қазаққа ғана емес, алашқа та­раған, әндерін сан ұлт өкілдері ай­тып жүрген Шәмші осындай ұлан­ғайыр құрметтің бал шыры­нына тояттап өтті ме? Әрине, жоқ. Ретро-фестивальға сол күні Шым­кенттің жартысы көшіп кел­ген шығар. “Шәмші кешені” сон­шалықты адамды қабылдай алмай­тындықтан, ұйымдастырушылар жағы кешеннің жан-жағын темір шарбақтармен қоршап, арнайы шақыру билетімен кіргізген. Біз де өттік билетпен. Артымыздағы таныс кісілерді көз шалған. Егде адамдар. Шәмші әндерімен өскен ұрпақ ора­засын ашпаған күйі осында келген. Әнмен ашуға. Еріксіз аялдадық. Жүз қаралы адам полиция қор­ға­нын бұзып өтті. Алда тағы да қор­шаулар. Әрі қарай қалай өтемізді ойлап, артқа қарай алмаймыз. Не керек, фестиваль қызғанда екі жақ бүйірде тұрған жұрт қоршауды бұзып, соңғы темір шарбаққа жетті. Мыңдаған адам, кәрі-жасы бар, тік тұрып тыңдады Шәмші әндерін. Халық махаббатына бөленді де­геніңіз осы шығар. “Арыс жағасындағы” ретро фестивальді Азамат Сұрапбаев, Жанатбек Бәйтеков, Мәдина Садуақасова және Ләйлә Сұлтанова жақсы жүргізді. Әр ән табиғатына сай қонымды композициялар таңдай біліпті. Шәмшіні сомдаған әртістің де шеберлігіне дау жоқ. ...Бесіктен түйген иманың берік,  бекем-ай, Жүректі жаулар амалың көркем екен-ай. Миллиондарды махаббатымен маздатқан, Қараторғайдай қағілез ғана көкем-ай... Шәмші Қалдаяқовтың қарын­да­сы, қазақтың айтулы ақындарының бірі Әселхан Қалыбекова “Дүние бүгін ән салып жатыр Шәмші деп...” жазған жырына осындай түйін байлапты. Сам жамыраған ашық аспан ас­тында, “Шәмші әлемі” шағын ба­ғын­да Шәмшінің 80 жылдық ме­рей­тойына арналған “Арыс жа­ға­сын­да” ретро-фестивалінде жан жадыратар жауһар әндерді тыңдап отырып, қасымыздағы азаматтан өңменіңнен өтер сөз естідік. – Мен Шәмшімен алты жыл арақ іштім. Мені өзі іздеп тауып алатын, – дейді естімей қалма дегендей ауызын құлағыма тақап. Әулие қылып бастарыңа көтеріп отырғандарың менен артық емес еді дегендей естіледі екен. Шымкенттің ең бір шұрайлы же­ріне Шәмшінің ескерткішін ор­натып, осы шағын бақта “Жұл­дыз­дар” аллеясы ашылып жатқандығы, оған көзі тірі кезінде бағасын ала ал­май, өзі кеткен соң туынды­ларына көз алартып, пышақ үстінен бөліп алуға тартынбайтындарға “әй, қарағым, алжаспа” деп айта ал­май­тын шертпе күйдің атасы Сүгірден бастап Оңтүстіктің өнер қонған жам­поздарының есімдері жазыл­ғандығы есеп емес сияқты. “Шәмшімен бірге арақ іштім...” Көзі тірісінде Шәмшімен бір рет қол алысып амандасқанына бір том кітап жазып жатқандар табы­лып тұрғанда, Шәмші өмірінің соңғы жи­­ырмаға жуық жылында бір там­шы арақ ішпесе де, со­ңынан қо­сарға қос ат байлап қуған сор сөз-ай. Рас, Шәмші ішті. Ішкенде өкір­тіп ішті. Қас таланттарын баға­ла­май, дарынсыздар кеудесінен итеріп тұрғанда Мұқағали екеуі арақ емес, у ішуге дайын еді-ау. Оның мың себебі бар. Ретро-фестивальдің алдында Шәм­ші Қалдаяқов атындағы об­лыстық филармонияда баспасөз мәслихаты өтті. Қадыр Мырза Әлі естелік айт­ты. Мұхтар Шаханов сөйледі. Кө­пен Әмірбек Шәмші өмірінен сыр шер­т­ті. Шәмші мұраларын жинақ­тап жүрген, әнімен сазгерге өлмей­тін ескерткіш орнатқан Қалдыбек Құр­манәлі батыл ойларын айтты. Көпен қара әңгімеге жорға ғой. Шаха­нов­тың кітабынан Мұхтар айта ал­майтын естеліктің майын тамызды. Бүгінде барлық қазақтың аузын­да жүрген “Арыс жағасындағының” жаңа жазылған тұсы екен. Қазақ­стан Композиторлар одағы Қазақ­стан Жазушылар одағымен бірігіп, жаңа әндерге республикалық байқау жариялайды. Өрекпіп Шәмші аға келеді Мұхтарға. Қатысайық дейді. – Шәке-ау, қайтесіз. Қазылар алқасының құрамында сіздің туындыларыңызға қарсы, өзіңізді жек көретін композитор отыр. Мені жек көретін ақын да бар сонда. Абыройымызды төгіп қайтеміз. – Мұхтар, қатысып көрейікші. Ешкім тонымызды шешіп алмайды ғой. Қатысыпты “Арыс жағасында” бірінші орын алмапты. Екінші орын алмапты, үшінші орын да алмапты. Осы жүлделерден бөлек, алты ынталандыру сыйлығы бар екен. Соның ең соңғысы бұйырған. Жаны күйген Мұхаң “айтсам сенбейсіз” деп бұлқан-талқан болып жүрсе, Шәкең күледі дейді. – Мұхтар-ау, несіне ашула­на­сың. Артынан санағанда бәрібір бі­­­рінші орында тұрмыз ғой,  – деп. “Ән де адам секілді. О баста өз қайғысымен, қуанышымен туады” депті ұлы сазгер бірде. 1957 жылы демократиялық жас­тар­дың дүниежүзілік фестивалін өт­кізуге байланысты үздік әндерге бай­қау жариялағанда атақты “Қай­ықта” әні жүлдеден атшаптырым жерде сүрінеді. Шыққан мезетте-ақ халық жат­тап алып, қуанышы мен мұңын бө­лісетін сырласына айналатын ән­де­рі өзгелердің түкке тұрғысыз шы­ғар­маларының қасында күресінге сыпырылып қала бергеннен кейін сазгердің жүрегі неге біз тыққандай ауырып шаншымасын. Арақ емес, уды күнде ішуге бо­ла­тын заманның кәріне шыдаған Шәм­ші, Шәкеңдер нағыз ер екен-ау. Ал, парықсыздар үшін Шәмші арақ ішкіш. “Былжырама” деп айтатын көзі жоқ болғаннан кейін қазір де бірге бас жазып жүргендей сөйлейтіндер табылып жатады. Халық үшін өкінішті, әрине. Шәмшінің талай фестиваліне қатыстық. Мақалалар жаздық. Шет­елден келген қандастарымыздың сөздерін тыңдадық. “Біздің Моңғолиядағы қазақ мектептерінде сабақ алдында Моң­ғолия әнұраны, сосын Шәмшінің “Ана туралы жыры” орындалады дейді моңғол даласынан келген бауырымыз. – Біз Қазақстанға, Отанға деген сағынышымызды Шәмші әндері арқылы басамыз” дейді қытайдан келген ағайындар. Отарлық езгіге, бодандық қа­мытына қарсы шыққан жастар 1986 жылы буыршын мұзға тайып жы­ғылған желтоқсанда алаңға “Менің Қазақстанымды” айтып шығып, қазақтың қайсар рухын танытты. “Менің Қазақстаным” әнұранға айналмай тұрып, талай халық­ара­лық жарыстарда әнұран міндетін атқарды. Қазақтың қайсар рухы, қысыл­ғанда жауға атылар жебесінің ұшы, жайшылықта өмірінің сәні болған Шәмші әндері халқымен бірге мәңгі жасай береді. Көлденең көк аттылардың күң­кіл сөздері оның биігін ешқашан ала­сарта алмайды. Биыл оның ме­рейтойын туған жері айрықша ұлықтады. Фестивальде облысымыздан шық­­қан өнер жұлдыздары Қазақ­стан­ның халық әртістері Лаки Ке­со­глу, Нұржамал Үсенбаева, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Гүлнәр Сихымбаева, Ақжол Мейірбеков, халықаралық, республикалық бай­қаулардың лауреаттары Жұбаныш Жексенұлы, “Жігіттер” квартеті және тағы басқалар өнер көрсетті. Сол күні Шәмші әндерін бағалайтын жұлдыздар шоғыры Шымкенттің тұла бойын бақыт құшағында балбыратты. Осындайда ойға оралады. Қала орталықтарынан табан сиярлықтай бос жер табылмай жатқанда шымкенттіктер Шәмшіге кешен тұрғызарлықтай жерді қайдан тапты деген ой әркімде туар. Осыдан бес-алты жыл бұрын бұл аймақ мәшине түгіл, адам кептеліп жататын қара базарлар еді. Базарларды қала сыртына көшіру идеясын сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көтерді. Одан кейін облыс тізгінін ұстаған Болат Жылқышиевқа мерзім белгілеу мен құжаттарды дайындау үлесі тиді. Көшіру қиындығын облыс әкімі болған Өмірзақ Шөкеев командасы мойнымен көтерді. Базар жабылса аштан қатардай күйінген жұрттың ештеңесі кеткен жоқ, қала сыртындағы базарларда саудасын жүргізіп жатыр. Ал Нұрғали Әшімов бұрынғы “Көл” базарының орнында Шәмші фестивалін өткізген. Көл орта­сындағы аралда. “Қайықта” әніне қайық жүздіріп. Асқар Исабекұлы осы игі істер­дің нүктесін қойды. “Шәмші әле­мі” кешені енді шымкенттіктер ғана емес, қала қонақтарының да саялы бағына айналды. Ретро-фестиваль “Менің Қа­зақ­станым” әнімен аяқталып, от­ша­шулар аспанда мың өрнек салды. “Менің Қазақстаным” облыс­тық ән байқауында тартылған же­ребеде бірінші болып сахнаға шығу кезегін кентаулық әнші Сәйда Бе­гімбетова иеленген еді. Бірінші бо­лып сахнаға көтерілу бірінші болып мәреден келеді дегендік емес. Та­қымын қысып тұрған жүйріктер көп. Байқауда Шәмшінің бұрын орындалмай жүрген үш-төрт әні жарыққа шықты. Бұл да қуаныш. Нұрғали Нүсіпжанов бастаған қазылар алқасы сол күні жүзден жүйрік шыққандардың есімін анықтады. Түркістандық Нұржан Жүсіпбеков Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Шымкент қаласынан қатысқан Мадина Исламова І орын, Рысдәулетовтер отбасылық “Өркен” ансамблі мен Айжан Жолшыбекова ІІ орынға ие болды. Жүлделі ІІІ орынды сай­рамдық Жанғали Әбішев пен шымкенттік Назерке Маябасова және қазығұрттық Нұрбек Қанатов еншіледі. “Менің Қазақстаным” арнайы жүлдесін шымкенттік Данияр Қай­ратұлы, “Арыс жағасында” номина­циясын бәйдібектік Дәулет Таев, “Бәрінен де сен сұлу” номи­нация­сын “Консерватория” тобы (ака­пелло) иеленді. Ұлы сазгердің туған жерінен басталған тойы осы жылдың қазан айында Астанада халықаралық деңгейде өтеді. Шәмшінің әндері – қазақ хал­қының биік рухы, өмірлік мұраты. Сондықтан да ол алашымен бірге жасай береді. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы. Суреттерді түсірген  Хусан Азизов.