1995 жылдың 30 тамызы еліміздің жаңа Конституциясының қабылданған күні ғана емес. Осы күні бүкіл халықтық дауыс беру арқылы қабылданған Конституция елімізде саяси, әкімшілік, экономикалық-әлеуметтік және құқықтық реформаларды одан әрі жүргізудің аса қуатты серпінін бастап берді. Жаңа Конституция нормаларының арқасында ғана қысқа мерзімде жас мемлекеттің экономикасы мен саясатында, ұлтаралық келісім мен тұрақтылықта аса нәтижелі табыстарға қол жеткізілді.
1995 жылғы Конституция елдегі жүргізілген реформаларға тың серпін қоса отырып, нарық экономикасының талаптарына жауап бере алатын Парламент пен атқарушы биліктің заңнамалық шеңберде жұмыс істеулері үшін тиімді нормативті құқық базасын қамтамасыз етті. Экономиканың түпқазығы болып табылатын меншік қатынастарына, мемлекеттік меншікпен қатар жеке меншікті де қорғауда тең жағдайда кепілдік берді.
1995 жылғы Конституцияның негізінде құқықтық реформалар жүргізіліп жаңа заңнама – жаңартылған конституциялық құқық жасалды. Азаматтық қоғамдағы жеке меншік қатынастарды, еркін кәсіпкерлікті реттейтін азаматтық құқық одан әрі дамытылды. Әлемдік тәжірибеде қалыптасқан принциптерге сәйкес азаматтық іс жүргізушілік заңдарға елеулі өзгерістер енгізіліп, Азаматтық, Қылмыстық, Әкімшілік құқық кодекстері қабылданды.
Қазақстан халқы Конституцияға дауыс беру арқылы сол уақытта объективті тұрғыда орныққан президенттік басқару нысанын бекемдеп берді. Қазақстан халқының бұл таңдауы кездейсоқ емес еді. Ол алдыңғы тарихымыз бен бүгінгі болмысымыздан, қандайда бір әлеуметтік, экономикалық дағдарыстарға немесе биліктің әртүрлі тармақтары арасындағы алауыздыққа байланысты ауытқушылықтарға жол бермейтін қуатты топтасқан билік жүйесінің қажеттілігінен туындады.
Конституцияда маңызды көрініс тапқан жағдай – Қазақстанның президенттік республика болып жариялануы болды. Өйткені, президенттік республика түріндегі мемлекеттік құрылыс барынша икемді нысан болып табылады. Бұл нысан Президенттің, Парламент пен Үкіметтің өкілеттіліктерін нақты үйлестіруді көздейді, іс жүзінде билікті заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлетін классикалық қағиданы жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда бүкіл халық сайлаған Президент Конституцияны сақтаудың кепілі бола отырып, биліктің барлық тармақтарының және олардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді, ұйымдастырушысы және төрешісі бола алады. Мемлекет басшысы ел саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, билік пен оның рөлін және Конституцияны адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығын сақтаудың кепілді рөлін атқаруына, биліктің барлық тармақтарының және бүкіл мемлекеттік организмнің үйлесімді және жемісті міндет атқаруын қамтамасыз етуге көмектесетін органдар құрады.
Сонымен бірге, Қазақстан Президентінің өкілеттілігі шексіз емес. Сол сияқты, өкімет билігін асыра пайдалануға мүмкіндік бермейтін шектеулер мен кедергілер жүйесі оған да қолданылатын еді. Конституцияның 3-ші бабында көрсетілген мемлекеттік биліктің біртұтастығы және оның тармақтарға бөлінуі туралы принцип те ұзаққа созылған пікірталастың нысанына айналды. Бұрынғы Конституцияда, кейбір батыс елдерінің тәжірибесіне орай, сол биліктің өзін бөлу туралы әңгіме көтерілген-ді. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, Қазақстан жағдайында бұл шешім әртүрлі мемлекеттік институттар арасындағы қақтығыстардың тууына, әрбір “билік” өздерін бір-бірінен тәуелсізбіз деп есептейтін қателерге ұрындыратын еді.
Жаңа Конституцияда біртұтас мемлекеттік биліктің үш тармаққа бөлінуінің тетіктері қарастырылған. Ал мұның өзі, бір жағынан, олардың тығыз ынтымақтасып қызмет жасау мүмкіндіктеріне, ал екінші жағынан, өзара бірін-бірі шектеп отыруына, Конституцияда және заңдарда көрсетілген құзыреттеріне араласпауына бағдарланды.
Сонымен қатар, Конституцияның 4-ші бабында “қолданылатын құқық” деген ұғым берілді, ол бұрынғы Конституцияда болмаған еді. Мұнда ратификацияланған халықаралық шарттардың республика заңдарынан (бірақ Конституциядан емес) басымдығы болады деп көрсетілді. Бұл ереженің болуына халықаралық құқықтың басымдығын жақтайтын кейбіреулер риза болмады. Дегенмен, түптеп келгенде, баптың осындай редакциясы қабылданды. Бұл ереже кейіннен Конституция ережелерінің жоғары тұруына негізделген бірыңғай қолданбалы құқықтың тәжірибесін қалыптастыруға едәуір көмектесті.
Конституцияның 5-ші бабында демократияның басты белгісі – идеологиялық және саяси әралуандылық бірінші рет жарияланды. Бұл ереже, басқаларын былай қойғанда, саяси партиялар мен түрлі қоғамдық бірлестіктердің еркін қызмет жасауын да қарастырған. Мұның өзі осы кезеңде идеологиялық мәселеде осыншама еркіндіктрдің болуы қажет пе, бұл оның тұрақтылығына зиянын тигізбей ме деген сұрақтар туғызды. Соған қарамай, жаңа Конституцияда демократияның пайдасына қарай осындай шешім қабылданды.
Бұл жағдайда саяси саналуандықтың болуын бетімен кетушілікке айналдырмау керектігі де атап көрсетілді. Осыған байланысты конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге, республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекеттік қауіпсіздікті бүлдіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік және рулық алауыздықтарды өршітуге бағытталған қоғамдық ұйымдардың құрылуына да, олардың мұндай іс-әрекетіне де тыйым салынды. Бұл, әсіресе, Орталық Азияда халықаралық лаңкестіктің таралуына және экстремистік топтардың құрылуына байланысты өзін-өзі ақтаған шешім болып шықты. Бұл норма Қазақстандағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектесті.
Мемлекеттің сыртқы саясатының принциптерін тұжырымдау барысында Конституцияның 8-ші бабында әртүрлі ұсыныстар, соның ішінде бейтараптықты жариялау туралы да қарастырылды. Түптеп келгенде, өтпелі кезеңнің қиындықтарын жеңу үшін басқа мемлекеттермен белсенді интеграция саясатын жүргізудің орынды екендігі мойындалды.
Бүгінгі күні ел Конституциясы адам игілігіне жұмыс істеумен қатар, оның шығармашылық, жасампаздық қуатына серпін беріп және мүмкіндік жасап, кәсіпкерлік бастамашылығын ынталандыратын деңгейге жетті. Еліміздің Ата Заңында азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары айқын тұжырымдалып, оларға нақтылы кепілдік берілген. Негізгі Заңда адамның қадір-қасиеті, оның құқықтары мен бостандығы туралы қағидалардың баянды етілуі мемлекеттің әрбір азаматты қорғауға деген ұмтылысын да білдіреді.
Ата Заңда осы заманғы нарықтық экономиканың адамның өз еңбегінің нәтижесіндегі нақты үлесіне, оның нәтижесіне қарай оның сан түрлі мүддесін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін алға тартатын принциптеріне сәйкес азаматтардың конституциялық құқықтарының, бостандығы мен міндеттерінің мәнісі мен мазмұны да пайымдалған. Бұл ретте мемлекет тегін әлеуметтік қамтудың ең қажетті төменгі деңгейіне кепілдік береді.
Елімізде қазіргі қолданылып жүрген Негізгі Заңның қабылдануымен бірге азаматтардың өз мүмкіндіктерін іске асыруы үшін сапалық жаңа құқықтық кеңістік қалыптасып, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін кең өріс ашылды. Экономикалық бостандық, идеологиялық және саяси саналуандық, баршаның заң алдындағы теңдігі – Қазақстанның құқықтық дамуының негізгі басымдықтары бола алды. Осыған орай Қазақстан Нью-Йоркте 1966 жылы 16 желтоқсанда жасалған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактіге және Нью-Йоркте осы жылы және осы күні жасалған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қосылды. Бұның өзі де Қазақстан азаматтарының өздерінің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтарын халықаралық деңгейде қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Конституция демократиялық институттарды асыра пайдалануға жол берілмейтінін де ескертеді. Атап айтқанда, мақсаты немесе іс-әрекеті Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады. Республикада басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының, діни негіздегі партиялардың қызметіне, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейді. Бұл еліміздің Ата Заңының қоғамда конституциялық заңдылықты, тұрақтылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған қорғаушылық құзыретінің бар екендігін де көрсетеді.
Мемлекет құру ісі – үздіксіз үдеріс, ол мемлекет қанша өмір сүрсе, сонша уақыт жүргізіле береді. Оның елдің Негізгі Заңына да қатысы бар. Елдің даму бағытын айқындауда өмірдің өзі оған өзгерістер енгізуді, соның ішінде конституциялық өзгерістер енгізуді талап етуі де әбден ықтимал. Бірақ бір мәселені ашық айта аламыз. Ол қазіргі Ата Заңымыздың мемлекеттілігімізді қалыптастырудағы тарихи рөл атқарғанын мойындауымыз.
Бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституциямыздың өмір сүргеніне 15 жыл толды. Аталған мерзім ішінде Ата Заңымыздың өміршеңдігі, орнықтылығы, нарықтық және демократиялық қасиеті барынша көрінді. Біздің еліміздің болмыс-бітімін бейнелейтін саяси тұрақтылық, ұлтаралық және азаматтық келісім Конституция рухының шындыққа айналғанын көрсете алды.
Шынайы заң үстемдігіне жету – бүгінгі дамуымыздың басты шарты. Бұл шарт Ата Заңымыздың қадір-қасиетін түсінуден, оны құрметтеуден, оқып-үйренуден және саналы түрде орындаудан басталады. Әрқайсымыздың өз Конституциямызға, ол басты мұрат тұтқан қоғамдық жарасым мен әлеуметтік әділетке адалдығымыз алға қойған биік мақсаттарымыздың жүзеге асуын жақындата түседі. Еліміздің Ата Заңы біз үшін алдағы уақытта да өзіміздің биік мақсатымыз – мемлекеттердің әлемдік қоғамдастығына енген, азаматтарының дәулетті лайықты өмір сүруіне барлық жағдай жасалған, тәуелсіз экономикалық өркенді мемлекет құру жолындағы ілгері дамуымызды реттейтін негіз қалаушы басты құжат болып қала береді.
Мұрат МҰХАМЕДОВ, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, саяси ғылымдар докторы, профессор.
ҚЫЗЫЛОРДА.