Өр Алтайдың төрінде тұңғыш рет жыршылар байқауы және “Шығыс шынары” халықаралық мүшәйрасы дүркіреп өтті
“Ғасырлар ескен – Есілім, жырлармен жеткен есімің”
Міне, осындай тақырыппен Кенді Алтайдың жүрегі — Өскеменде тұңғыш рет жыршылар байқауы өтеді деген үш-төрт айдан бері қала тұрғындарының беймаза күйге түскені анық. Себебі, халық арасында кең тараған ұлтымыздың жыршылық жадын жаңғырту, қазақтың фольклорлық жырларын, қиссаларды жатқа айтуды өз құлағымызбен есту деген шын бақыт қой. Айта кету керек, облыстық жыр байқауы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, елге жағымды жаңалықтарымен, қарқынды істерімен көзге түсіп, жұртшылықтың құрметіне бөлене бастаған Бейбіт Мамраев пен ҚР Мәдениет қайраткері “Алтын арқау” қоғамдық бірлестігінің директоры Сағынбек Ақановтың бірлескен авторлық жобалары негізінде дүниеге келді. Ал “Алтын арқау” қоғамдық бірлестігі жанындағы ынталы топтың мүшелері, есімі елге сыйлы азаматтар Тиас Түсіпов, Базарбек Омаров, Сайлаухан Аухадиев, Төлеухан Әбілқасымов, Қасым Бұқбаев, Рамазан Түсіпов, Құскен Баймолдин, Шәкерхан Әзмұхамбетов, Құнафия Шайханов мырзалардың алғашқы жыр байқауын өткізу кезінде шығармашылықпен қызмет жасағанын атап өте кеткен жөн. Ол үшін қала тұрғындары азаматтарына алғысын айтты да.
“Ғасырлар ескен – Есілім, жырлармен жеткен – есімің” атты жыршылар байқауы екі күнге созылды. Бірінші күні Халықтар достығы үйінде өткен жыр бәсекесіне 21 жыршы қатысып, күш сынасты. Соның ішінде ерекше қабілетімен, жыр айтудағы қарымы мен әдіс-тәсілін меңгеріп алған он жыршы финалдық жыр додасына жолдама алды. Ертеңінде, яғни 28 тамызда ШҚМУ бас корпусындағы үлкен залда он жыршы өз өнерлерін ортаға салды.
Жыршылар сайысын облыс әкімінің орынбасары, өлкенің мәдениеті мен өнерін дамытуға ерекше үлес қосып жүрген белгілі азамат Түсіпхан Түсіпбеков мырза ашты.
– Ардақты ағайын, құрметті қонақтар! Ерке Ертістің ерінде, қарт Алтайдың төрінде, шырайлы Шығыстағы тұңғыш рет өтіп отырған жыршылар байқауына хош келдіңіздер. Бұл жыр байқауының Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 15 жыл толу мерекесіне, Өскемен қаласының 290 жылдығы және хакім Абайдың туғанына 165 жыл толуы құрметіне арналғанын білесіздер. ҚР Конституциясының 37-ші бабында “Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті” деп жазылған. Ендеше “ештен кеш жақсы” дегендей, бүгінгі жыр байқауына халық, сіздер баға бере жатарсыздар. Бүгін біз үшін ерекше күн: атақты ғалым-жерлесіміз, фольклордың жетік маманы Сейіт аға Қасқабасов өзінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында жеңгемізді ертіп келіп, жыр додасына қатысып отыр. Мерейіңіз үстем болсын, академик аға! Сонымен бірге жыр байқауының жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат департаменті бөлім меңгерушісінің орынбасары, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі қаламгер Әлібек Асқаров, “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов қатысуда. Бүгінгі шара облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен дүниеге келген “Туған ел – алтын бесігім”, “Туған жерге тағзым” акцияларының заңды жалғасы іспеттес. Ендеше жыршылар байқауы халықтың көзайымына айналсын, – деді облыс әкімінің орынбасары Т.Түсіпбеков.
Кешті жүргізуші ҚР Мәдениет қайраткері, әнші, сазгер Арыстанбек Кәкеевтің үні кең залды жаңғыртып жіберді:
“Тереңнен терсе сөз маржан,
Шымырлап денең қозғалған.
Жетпістің келіп шыңына,
Артында сөнбес сөз қалған.
Талайға үлгі тәлімі,
Қаламнан кетпес тәлімі,
70-ке келді қазақтың
Академик ғалымы.
Ардақтаған Алашы,
Аманат еткен бабасы.
70-ке келді жең түріп,
Шығыстың Сейіт ағасы!” деген жыр жолдары әуеде қалықтаған кезде атшаптырым залдың іші жиналғандардың ризашылығына бөленіп, барлығы тұрып, академик жерлестеріне құрмет көрсетті.
Айта кету керек, биыл академик Сейіт Қасқабасов 70-ке толып жатса, қасиетті Абай елі, Семей жері мен Шығыс өңірінде 70,80,60 жылдық мерейтой иелері қазан айында Ұлы Абайдың 165 жылдығымен Семей өңірінде аталып өтілмек. Бұл жайлы облыс әкімінің орынбасары Т.Түсіпбеков ел алдында айтып берген еді. Академик Сейіт Асқарұлы бұл жолы да С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасына әдебиеттану, фольклортану бойынша өзі жазған кітаптары мен шығарған 80 кітабын тарту етті. Университетте ұйымдастырылған “Академик Сейіт Қасқабасов – 70 жаста” деген бұрыш-мұражай алдында академик ағамыз журналистерге сұхбат беріп те үлгерді.
Іріктеу кезеңіне қатысып, ақтық сайысқа шыққандар, ақыры сахна төріне шықты-ау. Бірінші болып зайсандық Мұратхан Домбаев ортаға шықты. Өзі де, әні де көркем Мұратханды бұрыннан танимыз. Бірақ оның тағы бір өнер иесі екенін, яғни жыр айтатынын білмеппіз. Мәдениет саласында 1978 жылдан бері қызмет жасап келе жатқан М. Домбаев бұдан алты жыл бұрын “Әміре әндері” байқауының бас жүлдегері атанған. Қазір ол Зайсан ауданындағы “Айнакөл” халықтық ән-би ансамбліне жетекшілік етеді. Жыр, терме айту, күй шерту және ән шығарумен айналысатын Мұратхан Домбаевтың “Домбыра”, “Қызғыш құс”, “Жәнібекті жоқтау”, “Махамбет” атты өзі шығарған әндері өлкеге тарай бастаған. Бірінші күнгі сайыста М.Домбаев “Арқалық батыр” жырын нақышына келтіріп орындаған. Бүгін “Ақнайманды” шырқамақ.
“Ақнайман” жырын көпшілік біле бермейді. Негізінен Шығыс өңірінде оқта-текте шырқалып қалатын көрінеді. Ақнайман-Абылай хан ордасына жақын жүрген батыр. Қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай батырлардың серігі. Сарысу, Шорға, Алқабек білезік, Шаған, Сарыбелдегі шайқастарға қатысқан. Жоңғар жеріндегі (1750-1755), Цин империясының жауларымен шайқас кезінде ерлік көрсеткен Ақнайман батыр туралы жырды нақышына келтіріп айтып берді. Мұратхан жыр айтқан кезде бабымен, келістіріп отырып шырқайды екен. Бірақ жыр айту кезіндегі эмоцияға берілу, қимыл-әрекеттер жасау арқылы халықты баурап алу жағы жетіспейтін болып көрінді. Несі бар, алдағы уақытта бұл жағы ескеріле жатар.
Жармалық жыршы Нағым Омарғалиева бірінші күні “Қалқаман-Мамырды” жырлаған. Жыр айтуға әбден машықтанып алған Нағым Солтанбекқызы екінші күні “Сабалақ батырды” жырлады. Үшінші болып сахна төріне көтерілген тарбағатайлық Данияр Әкелеевтің “Түсіпхан Сүлейменнің зары” жыры көпшілікті баурап алды. Алтайдың ақтаңгер ақыны Абаш Кәкенов баптаған Даниярдың жыр айтудағы шеберлігі, әншілігі, жыр мазмұнына қарай түрін өзгертіп, басқаша мақамға бірден көшетіні көпшілікке ұнады. Қуатты зор дауысы бар Д.Әкелеевтің болашағы алда. Оның үстіне “Түсіпхан Сүлейменнің зары” соңғы кезде ғана айтыла бастаған. Мұңға, зарға, азаматтың тағдыр тауқыметін мойнымен көтеріп алудағы ерлігі өнеге болса керек.
Көкпекті ауданындағы Самар ауылындағы Болғанбаев атындағы орта мектебінде “Бабалар сөзі” әдеби клубының құрылғанына бір жыл толды. Бастауыш сынып мұғалімі Файруза Мәмбетова “Бабалар сөзі” әдеби клубына 12 оқушы мүше екенін айтады. Аталмыш клубты құрудағы мақсатымыз шешендік өнер тарихын жас жеткіншектердің бойына сіңіріп, халқымыздың ұлтжанды ұрпағын тәрбиелеу, дейді клуб жетекшісі Файруза Жақытқызы. Міне, бір жылдың ішінде жыр айтуға біршама төселіп қалған 8 жасар Санжар Зейнолданов пен Әділбек Ғазезов ақтық сайысқа жолдама алыпты. Ал 16 жастағы Дастан Рахымғалиев финалға өте алмаса да жыр айтуды қатты ұнатады екен. “Келесі жылы есемді бермеспін” дейді ол.
Бойы қолындағы домбырасынан сәл ғана ұзын Санжар “Тарлан мінген Ер Тарғын” жырын орындады. Есте сақтау қабілеті жақсы, қазірдің өзінде екі-үш жырды толық жаттап алған сегіз жасар баланың талабына разы болдық. Әттең бір кемшілігі, домбырада ойнау жағы кемшін түсіп жатыр. Домбыра дегеннен шығады, жырды домбыраға, сырнай немесе қазақтың көне аспаптарына қосылып шырқаса орындаушы ұтады. Тарбағатайлық Беделбек Әбілмәжінов осыдан ширек ғасыр бұрын өзінің төрт жасар ұлымен домбырада қазақтың шертпе күйлерін шеберлікпен орындайтын. Егер баптаушысы келіссе, домбыраға баулу, күй өнерін меңгеру аса қажет дүние. “Бабалар сөзі” клубының жетекшісі Файруза қарындасымыз алдағы уақытта осы жағын ескерер деген ойдамыз. Екінші сынып оқушысы сегіз жасар Әділбек Ғазезовтың тұңғыш өткізілген жыршылар сайысында жүлдеге ілінгені балалардың болашағынан үміт күту деп түсіндік.
Өскемендегі тұңғыш жыршылар байқауына қатысқан ең тәжірибелі Дүйсенғазы Нығметжановқа ерекше тоқталғымыз келеді. 61 жастағы Дүйсекең 1972 жылдан бастап Семей қаласындағы зағиптар қоғамында еңбек етеді. Қазақ тілі бастауыш ұйымының төрағасы. Республикалық, облыстық айтыстарға қатысып, 14 рет жүлдеге ие болған. Оның репертуарында жиырмадан астам жыр-дастандар бар. “Алпамыс батыр”, “Қобыланды батыр”, “Ер Тарғын”, “Қыз Жібек”, “Айман-Шолпан”, “Арқалық батыр”, “Зал батыр”, басқа да халық арасына кең тараған інжу-маржандар Д.Нығметжановтың асыл қазынасы болса керек. Көкірегі ояу, жыр дастандарын тәулік бойы жатқа соғатын арынды жыршы ағамыз осы жолы “Алтын арқау” қоғамдық бірлестігінің директоры Сағынбек Ақановтың сұрауы бойынша бес-алты жырдан үзінділер орындады. Реті келгенде айта кету керек, Д.Нығметжановтың мақамымен айтылған “Қалқаман-Мамыр”, “Ер Қосай”, “Арқалық батыр” жырлары Қазақ радиосының алтын қорына өтті.
Өнер қайраткері, жыршы, әнші, күйші Беделбек Әбілмәжінов бұл жолы “Шағидың зары” атты күйді орындап берді. Беделбек ағамыз Алтайдың шертпе күйлерін шебер орындайтын, өзі де күй шығаратын талантты жан. Белгілі журналист, қазақ радиосы “інжу-маржан” бағдарламасының редакторы, қазылар алқасының мүшесі Қошан Мұстафаұлының көмегімен Шығыстағы жыр-дастандарды, терме-толғауларды айтатын өнер адамдарының дауысы таспаға түсіп, Қазақ радиосының алтын қорына жазылыпты. Соның ішінде Беделбектің бірнеше күйі, “Шағидың зары” да бар. Күйді тыңдаған кезде бойың шымырлайды, көзге еріксіз жас келеді, атамыз қазақтың көне өнерінің құдіретіне еріксіз бас иесіз.
Ұландық Серікхан Олжабаев, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұстазы, жыршы, әнші Ануза Жұмаханова, семейлік Роза Шарифуллинаның жырлары да жұрт көңілінен шықты. Сахна төріне шығып, ақжарма тілегін, жерлестерінің өнері жайлы тебіренген Сейіт аға былай деп толғады:
– Бүгінгі Өскеменнің төріндегі жыр сайысы Шығыс Қазақстанда жыршылық дәстүр үзілген дегенді теріске шығарды. Жыршылық дәстүр қалың қазақтың асыл қазынасы, мұрасы. Тәуелсіздік алғалы қазақ халқының ұлттық өнері жаңарып, қарқын ала бастады. Бүгінгі сегіз жасар екі баланың сахна төрінде өнер көрсетуі көп жайды аңғартады. Жырға деген ыстық ықылас, сағыныш жандана бермек. Кешегі Жанақ, Мұсабай, Шөже, тіпті Шәкір Әбеновтің жыршылық мол тәжірибесі жастарға үлгі-өнеге боларлық қасиет. Менде мынадай бір ұсыныс, пікір бар. Бүгінгі жыршылар байқауының жандануына үлкен үлес қосып келе жатқан университет ректоры, профессор Бейбіт Мамраев жоғары оқу орны жанынан жыршылар мектебін ашса деген ой бар. КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, атақты ұстаз Қанипа Бітібаева оған дәріс берсе. Тіпті мен де келіп қолғабысымды тигізе аламын. Ал бүгінгі байқаудан байқағаным – әлі де проблемалар жоқ емес. Жыршы – әртіс. Жыр айтқан кезде эмоцияға беріліп, қимыл-әрекетін өлең жолдарымен білдіріп отырса, көрерменін жалықтырмайды. Бүгін семейлік Дүйсенғазы інімнің бойынан сондай қасиетті аңғардым. Ал жыр айтысына қатысқан көптеген жастардың бойларынан мұндай қасиетті байқай алмадым. Десек те, Алтайдағы жыршылар байқауы жаман өткен жоқ, алдағы уақытта да сіздерге сәттілік тілеймін!
Бұдан кейін Сейіт аға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атқарып жатқан істеріне жоғары баға берді. “Өскемен – өскелең қала. Бердібек келгелі қаланың екінші тынысы ашылды. Абай мен Пушкин ескерткіштері асқақтап тұр. Қала көшелері әсем, таза, гүлзарлар көздің жауын алғандай. Қала әкімі Ислам Әбішев мырзаға да өскемендіктер қатты риза екен.
Сонымен жыр сайысы мәреге жетті. Әділ қазылар алқасының төрағасы, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы Сіләмбек Оразалин мен Сағымбек Ақанов жеңімпаздарды сахна төріне шақырып, марапаттады. Ынталандыру сыйлықтарына С.Жақиянов, Д.Рахымғали, Қ.Құдайберген, Э.Мамырбаева, А.Жасмұхан, тағы басқалар ие болды. Үшінші орындарды сегіз жасар таланттар Әділбек пен Санжар, Нағым Омарғалиева, Роза Шарифуллина, екінші орынды Беделбек Әбілмәжінов, екі бірінші орындарды зайсандық Мұратбек Домбай мен Данияр Әкелеев иеленіп, қомақты қаржыны алды. Ал бас жүлде 100 мың теңгені семейлік ақтаңгер жыршы Дүйсенғазы Нығметжанов жеңіп алды.
Өскемендегі жыршылардың алғашқы байқауына Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Б.Мамраев, басқа да азаматтар көп көмек көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары Т. Түсіпбеков байқау аяқталған соң демеушілік жасаған жігіттерге алғысын айтты...
“Шығыс шынары” халықаралық мүшәйрасынан кейінгі ой
Еліміз 19 жылдың ішінде талай асу, белестерден өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың сара саясаты нәтижесінде Қазақстан деген елді бүкіл әлем жұртшылығы танып білді. Соңғы бірер жылда қала адам танымастай өзгерді. Ең бастысы, орыстанып кеткен өлкеге ұлттық рең, береке кіре бастады. Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс тізгіні Елбасының сенімді серіктерінің бірі, қазақтың ұлтжанды азаматы Бердібек Мәшбекұлына сеніп тапсырылды. Жаңа әкімді тағайындарда Елбасы Н.Назарбаев өңір басшысының қасиеттеріне ерекше тоқталып, оған үлкен жүк, сенім артқан еді.
Қош, сонымен бір жарым жылда Шығыс шырайлана түсті. Апат айтып келмейді. Жаңа басшыны бір сынап алайын дегендей, Алтайдың қысы алты айға созылды. Өңірде бұрын-соңды болмаған қалың қар жауып, аяз минус 50 градустан асып түсті. Облыстың тас жолдары апталап жабылып қалды. Ал оны тазарту, жолаушылар амандығын сақтау өңір басшысының көп міндеттерінің бірі. Биіктігі алты-жеті метрден асатын қалың қар күрт жылыған кезде Тарбағатай ауданының Көкжыра, Жәнтікей, Қызылкесік, Күршім ауданының Маралды, Қаратоғай, Зайсан ауданының Тасбастау ауылдарын тасқын су басып, бес жүзге жуық тұрғын үй жарамсыз болып қалды. Елу мыңға тарта мал қырылды. Міне, сол күннен бастап екінші “майдан” басталды. Ақыры өңір басшысы Б.Сапарбаевтың басшылығымен өңір халқы оны да жеңіп шықты. Елбасының көмегімен миллиардтаған қаржы келді. Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штабтың бастығы Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев мырза да ұйқысыз түндерді бастан кешті. Қазір жағдай жақсы, апат аймақтарында тұрғын үйлер беріліп жатыр. Күзде мектеп, басқа да әлеуметтік ғимараттар пайдалануға берілмек. Кенді Алтай жұртшылығы Елбасына алғысын айтып тауысар емес.
Ендеше үш бірдей мереке құрметіне халықаралық мүшәйраны өткізгенге не жетсін. Конституцияның – 15, Өскеменнің – 290 және хакім Абайдың 165 жылдығы құрметіне облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен мүшәйраны өткізуге шешім қабылданды. Ел еңсесі көтерілгенге не жетсін! Қала әкімі И.Әбішев Қазақстан Жазушылар одағының басшыларымен бірлесіп, мүшәйраның бағдарламасын жасады. Мүшәйра шарты бойынша әр ақынның төрт өлеңі қала, Конституция және Абайдың мерейтойына арналуы тиіс, ал төртіншісі – еркін тақырып. Өскемендегі мүшәйраға қатысып, бағын сынаймыз деген ақындардың саны 600 адамнан асты. “Жұлдыз” журналының бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет төрағалық еткен әділ қазылар алқасы шашасына шаң жұқтырмай келген 21 ақынның өлеңдерін таңдап алды. Олардың барлығы Өскемендегі халықаралық мүшәйраға келіп, бағын сынады. Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген шайырлар ақтық сайыста бір ғана өлеңнен оқыды.
Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың шақыруы бойынша келген қала қонақтары қатарында Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Қалихан Ысқақ, Төрегелді Шарманов, Сейіт Қасқабасов, Темірхан Медетбек, Исраил Сапарбаев, Көпен Әмірбек, Ғалым Жайлыбай, Рафаэль Ниязбеков, Қасымхан Бегманов, Жәркен Бөдешов, Жанат Әскербекқызы, Тыныштықбек Әбдікәкімов сияқты ел саңлақтары болды.
Айтыс ақыны Аслан Ғафуров жырдан шашу шашты. Бұдан кейін сахна төріне облыс әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков пен Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай шығып, жиналғандар алдында тұңғыш рет өткізіліп отырған мүшәйраның мәні мен мағынасы жайлы айтып берді. “Туған ел – алтын бесігім” акциясының заңды жалғасы жыршылар мен ақындар мүшәйрасы алдағы уақытта да жалғасын таба береді, деді әкімнің орынбасары. Ғалым Жайлыбай әділ қазылар алқасы қатарында Қадыр, Түменбай, Темірхан, жергілікті ақындар Серік Ғабдоллаұлы мен Нұржан Қуантайұлы, Қытайдан келген ақын Жеңісхан Нүсіпұлы, Ұлықбек пен өзінің бар екенін айта кетті.
Тұяқтарымен жер тарпып тұрған “от ауызды, орақ тілді” ақындар мүшәйрада таңдаулы деген бір жырын ғана оқыды. Жыр сайысында арқалы ақындар Қасымхан Бегманов, Жәркен Бөдешов, Талғат Ешенұлы, Қазыбек Иса, Рафаэль Ниязбеков Өскеменде бой көтерген Абай ескерткіші, жаңарып-жасарған Өскемен, ерке де сұлу Ертіс өзені жайлы жазған өлеңдерін кестеледі. Астаналық Жанат Әскербекқызы “Ертіс пен Үлбі хикаясы” жайлы өлеңін оқыр алдында Ертіс деген жігіт Үлбі деген аруға ғашық болыпты. Солардың тағдырын айтамын деп алды да лирикаға толы жырын бір демде аяқтады. Ал семейлік Тыныштықбек Әбдікәкімов қала көшелеріндегі жарнамалардың кейде сауатсыз жазылатыны жайлы айтып, “мына жерде республикалық ақындар мүшәйрасы” деп жазылыпты, шынында халықаралық дәрежеде емес пе деп, бір түйреп алды да “Таң. Өскемен трамвайы” деген жырын оқып берді. Қырғызстанның ақыны, бір кезде көрші елдің Қазақстандағы өкілетті және төтенше елшісі қызметін жемісті атқарған Акбар Рысқұлов “Екі естелік” өлеңін оқи бастады:
“Шығысында қазақтың,
Өскеменде,
Шынар терек бой тіреп өскен елде.
Екі естелік (қазақшасы ескерткіш) ашылды екі ақынға
Елдігіме қуанам естігенде.
Кітапхана Пушкин атындағы,
Пушкиніне бір қадам жақындады.
Абай атам алыстан қол созғаны,
Ақын жұртын алдыға шақырғаны”
деп жыр жолдарын төгілдіргенде, жиналғандар қазақ пен қырғыз халқының достығы мен татулығының мәңгілік екеніне көз жеткізгендей болды.
Қарапайым, көп сөзге үйір емес Акбар ақынды бұрыннан танитынбыз. Бір үзілісте әңгімелесе қалғанымызда, ол өз еліндегі жағдайдың тұрақталып қалғанын, Елбасы Н.Назарбаевтың қысылған шақта көп көмек көрсеткеніне ризашылығын білдірді. Ұлықбек ақынның жан досы Акбар бұрындары Шығыста, Өскеменде, Зайсанда сан мәрте болған, енді сол өлеңдерін жинаққа енгізіпті.
Әбубәкір Қайран, Иранғайып, Рафаэль, жас ақын Ақберен Елгезек, шымкенттік Бақытжан Алдияров, Серік Ақсұңқарұлының жырлары көпшілікті баурап алды. Моңғолиядан келген Серғазы Болат, Қытайдан келген Омар Сұлтан, Ресейден келген ақындар да жыр мүшәйрасында өздерінің жақында ғана жазған жырларын тебірене оқып берді.
Сонымен халықаралық мүшәйраның бас жүлдесін Қарағандыдан келген талантты ақын Серік Ақсұңқарұлы жеңіп алды. Ол 1 миллион теңгеге ие болды. Бірінші орын мен алғыс хатты және 700 мың теңгені семейлік арқалы ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов иеленді. Екі екінші орынды (әрқайсысы 500 мың теңге) Қасымхан Бегманов пен Бақытжан Алдияр, үш үшінші орынды Қазыбек Иса, Зейнолла Тілеужан, Әбубәкір Қайран жеңіп алды. Бұдан кейін ақындар Қадыр, Тұманбай ағалар мен Ұлықбек, Темірхан арнаулы сыйлықтарды тапсырды. Бауыржан Қайырбек қала әкімінің арнаулы сыйлығын алды. Бұл сыйлық та қомақты – бір мың АҚШ доллары мөлшерінде. Төлеужан Ысмайылов атындағы сыйлыққа Жанат Әскербекқызы, ақын Нұрлан Мәукенұлы атындағы сыйлыққа Жарас Сәрсек ие болды. Жыр мүшәйрасының арқасында белгілі жерлестеріміздің аты бір естіліп қалды. Акбар Рысқұлов, басқа да ақындар сый-сыяпаттан құр қалған жоқ.
Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың жүрекжарды лебізі жиналғандарды бір сілкіндіріп тастады. “Бұдан 20 жыл бұрын Өскеменде ақындар мүшәйрасын өткізу туралы ойлау мүмкін бе еді? Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, қала әкімі Ислам Әбішев пен әділ қазылар алқасының төрағасы, өзімнің орынбасарым Түсіпхан Түсіпбековке, Ұлықбек Есдәулетке алғысымды айтқым келеді. Олар аз уақытта осындай шараны жасауға қол жеткізді. Аманшылық болса, бұл шара келесі жылы да жалғасын табады деген ойдамын. 600 өлеңді кітап етіп бастырамыз. Оның кейінгі ұрпаққа берер тәрбиелі жақтары аз емес”, деді өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы. Ұлықбек ақын 17 жасында жазған “Көтеріп туын Шығыстың” деген өлеңін оқып берді. Ғалым Жайлыбай да Өскемендегі жыр мүшәйрасына жоғары баға беріп, өңір басшыларына алғысын айтты, бір өлеңін оқыды...
Ән мен күйге бөленген Өскемен
Үш күн бойы Өскемен ән мен жырға бөленіп тұрды. Қала мерекесі қарсаңында төрт субұрқақ іске қосылды. Қала көшелері жөнделіп, өн бойына жаңа ағаштар, гүлзарлар отырғызылды. Бәйтерек Ертіс өзені бойынан сап түзеді. Стендтік оқ атудан ашық қала біріншілігі өтті. Христиан дініндегілер жаңа шіркеуге ие болды. 30 тамызда қаланың еңбек ұжымдары, оқу орындары өкілдерінің мерекелік шеруі өтті. Спорт жарыстары әр көшеде өтіп жатты. Облыс әкімі Б.Сапарбаев Республика алаңында жиналған мыңдаған адам алдында академик Серік Қасқабасовқа Елбасының Алғыс хатын тапсырды. Қала әкімі И.Әбішев Төтенше жағдайлар министрлігінің медалімен, бір топ өнерпаздар “Мәдениет қайраткері” төсбелгісімен марапатталды. Славский атындағы жағалауда әуе және су феериясы өтіп, кешкілік “Бақытты Қазақстан” мерекелік кешкі бағдарлама шалқыды. Оған Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Юрий Мельниченко, күміс көмей әншілер Медеу Арынбаев пен Жеңіс Сейдолла, жерлес әншілер, Астана мен Алматыдан келген ақын-жазушылар, басқа да қонақтар қатысты. Кубадан келген “Копокабана”, Италияның “Мамбо Италия” топтары бал фестиваліне қатысты. “Халықаралық бал фестивалі – 2010 жыл” бағдарламасы аясында 32 тонна бал саудаланды. “Ең дәмді бал” атағын Күршім ауданының Маралды ауылының омарташылары жеңіп алды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селихановтың айтуынша, алдағы уақытта бізде бес миллиард АҚШ долларының бал өнімдерін шығаруға болады екен. Мерекелік кеш отшашумен аяқталды...
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Суреттерді түсірген автор.