Білімі мен ғылымы дамыған елдің мәртебесі мен абыройы асқақтай беретіні белгілі. Биыл өр Алтайдың өрінде білім ошақтары бірінен кейін бірі ашылып жатыр. Шырайлы Шығыста қазіргі күні 20 мектептің құрылысы қызу жүріп жатыр, оның оны күзге дейін пайдалануға берілмек.
Бірінші қыркүйек – Білім күні Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев “Нұрорда” халықаралық мектебін салтанатты жағдайда ашты.
Бұдан 19 жыл бұрын “KATEV” халықаралық қоғамдық қоры Қазақстанда алғашқы білім ордасын ашқан болатын. Еліміздің тәуелсіздігін бірінші болып таныған түрік қандастар осымен 30-шы білім ордасын іске қосып отыр. Оның құрылысына 694,5 миллион теңге қаржы салды. Мұнда оқушылар төрт тілде білім алады, барлық жағдай жасалынған. Біз мектеп директоры Шабан Жошкүн мырзаға алғыс айтамыз, шәкірттердің терең білім алуына сәттілік тілейміз, деді өңір басшысы.
Үш қабатты мектеп іші айнадай жарқырайды, кабинеттер мен дәріс алатын орындар жиһаздармен жабдықталған. Ата-аналар облыс басшысымен бірге мектепті аралады.
Сол күні облыс әкімі Б.Сапарбаев қаладағы №1 қазақ орта мектебі мен Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің алғашқы қоңырауына қатысты, ұстаз, шәкірттермен әңгімелесті.
Оңдасын Елубай.