• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Қыркүйек, 2010

Жапон парламентшілері – мәжілісте

439 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті  Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Жапония Парламенті Өкілдер палатасының Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Мунеэ Судзуки бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Достық кездесуде Қазақстан мен Жапония арасындағы парламенттік ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Мәжіліс Төрағасы жапондық әріптестеріне 1991 жылы Қазақ­стан тәуелсіздігін алғанда Жапо­ния алғашқылардың бірі болып  құттықтағанын мәлімдеді. Содан бері екі арадағы экономикалық, саяси және гуманитарлық бай­ла­ныстар кең қанат жайып келе жатыр. Екі жақ та әлемдегі бей­біт­шілік пен қауіпсіздік, тұрақты­лыққа бірлесе ұмтылып, экстре­мизм мен лаңкестікке, жаппай қырып-жою қаруларына бірлесе қарсы  тұруда. Осыған орай биылдан бастап, Қазақстан Президентінің ұсыны­сымен 29 тамыз БҰҰ-ның қара­ры­мен Ядролық қаруға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп белгіленді. Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­ларының съезін өткізуге бастама көтеріп, оны Астанада үшінші рет өткізіп, 2011 жылы Ислам Кон­ференциясы Ұйымына төрағалық жасайтын болады. 2010 жылы Қазақстан Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына төрағалық етіп,  аталған халықаралық ұйым беделінің одан әрі арта түсуіне бар күшін салуда. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшы­ла­ры­ның Саммиті алдағы желтоқ­санда араға түскен 11 жыл үзі­ліс­тен кейін Астанада өткізілгелі отырғаны хабарланды. Жапондық мейман елінің Қазақстанмен әріптестік байла­ны­сының келешегі зор бола­ты­нына сенім білдірді.  Оның ма­ңызды бір саласы екі ел ара­сын­дағы парламенттік байланыста жатыр деп есептейді жапондық лауазым иесі. Қорытындысында әріптестерімен делегация алма­сып, тәжірибе жалғастыруды екі жақ жөн көретіндіктерін білдірді. *  *  * Бұл кездесуге Жапония Парламентімен ынтымақтастық тобының мүшелері Әмзебек Жолшыбеков, Сәт Тоқпақбаев, Людмила Хочиева және Нұртай Сабильянов қатысты.