Мұнайлы ел — шырайлы ел
Серпінділік стратегиясының қарлығашы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылдың мамырында қазыналы өлкедегі жұмыс сапарының екінші күнінде Атырау мұнай өңдеу зауытына (АтМӨЗ) барғаны есте. Бұл зауыт еліміздің осы саласында іске қосылған тұңғыш кәсіпорын екендігімен ерекшеленеді. Зауыттың құрылысы 1943 жылы басталып, төрт жылдан соң толыққанды өнім өңдей бастаған. Технологиясы өте күрделі, гудри катализдік крекинг және газ фракциялау қондырғыларымен жабдықталған. Электрмен тұзсыздандыратын “Петрико” қондырғысы зауытта шикі мұнайды терең өңдеуге жол ашты. Осы техникалық жобаны кезінде америкалық “Баджер және оның балалары” фирмасы жасапты. Бастапқыда зауыттың жылдық қуаты 800 мың тонна мұнай өңдеуге шақталғанымен, кейіннен елімізде “қара алтын” өндіру көлемі артуына байланысты 5 миллион тоннаға дейін жеткізілген. Әрине, бұл үшін зауыттың технологиялық қондырғыларын техникалық жағынан қайта жарақтандыру іске асырылған. Сөйтіп, ел тәуелсіздік алған тұста мұнда 16 түрлі мұнай өнімдерін шығаруға қол жетті. Зауыт мамандары 90-шы жылдардың басында Мұнай химиясы және табиғи тұздар институтының ғалымдарымен бірлесіп, ТМД-да алғаш рет тауарлық және өндірістік мұнайды сусыздандыру мен тұзсыздандыруға арналған “Атырау” деэмульгаторын ойлап тапты. Өндіріс орны мен ғылыми орталықтың іскерлік байланыс орнатқан ізденістерінің нәтижесінде 1996 жылы деэмульгатордың “Атырау-7020Б” деп аталатын және бір түрін өндіріске енгізу мүмкін болды. Осының бәрі Теңіз кенішінен өндірілетін құрамында күкіртті сутегі мол мұнайды өңдеуге де ықпал жасады. Маңғыстау мұнайы да әлі күнге осы зауытта өңделеді. Әр жылдарда зауытта жаңа қондырғылар іске қосылғанымен, негізгі технологиясының ескіре бастағаны, сол себептен шикі мұнайды өңдеу үдерістерінің қиындай түсетіні өткен ғасырдағы 80-ші жылдардың аяғына таман байқалды. Алайда, бертінге дейін бұл мәселе толыққанды шешімін таппады. Бірақ түптің түбінде зауыт технологиясын қайта жарақтамай, өнім өңдеу көлемін арттырудың мүмкін еместігі аңғарылды. Бұған дәлел ретінде бұрын зауытта жылына 5 миллион тоннаға дейін мұнай өңделетін болса, қазіргі көрсеткіштің осы деңгейден әлдеқайда төмендігін алға тарта аламыз. Мәселен, 2005 жылы 3 миллион 514 мың тонна мұнай өңделсе, ал 2009 жылы зауытта 4004,012 мың тонна мұнай өңдеуден өткізілді. Бұл зауытта дәл осынша көлемде 12 жылдан, яғни 1997 жылдан бері мұнай өңделмеген. АтМӨЗ-дің отандық рынокты осындай жанар-жағармай түрлерімен үздіксіз қамтитындай екінші тынысы 2006 жылғы мамыр айынан бері қайта ашылды деуге болады. – Бүгін біз зауыттың қайтадан түлеу оқиғасының куәгері болып отырмыз. Қазақстан индустриясының қарлығашы – Атырау мұнай өңдеу зауытына 1994 жылы Жапонияға барған сапарымда ұзақ мерзімді мемлекеттік несие есебінде 300 миллион доллар қаржы алуға келісім жасаған болатынмын,– деді Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылғы мамырда аталған зауыттың қайтадан ашылу салтанатында. —Бұрыннан да ел экономикасына қызмет жасап тұрған зауыттың жаңа өмірі басталды. Ең қиын кезеңнің өзінде де бұл зауыт тоқтаусыз жұмыс істеп, өз өнімдерін беріп тұрды. Бұдан былай зауытты қайта жаңалаудан кейін енді автокөлік жанар-жағармайы өндірісі 2,5 есе артады. Жоғары октанды жанармай өндіру 9 есе өседі. Ең бастысы, атмосфераны ластау 3 есеге төмендейді. Ал суды ластау деңгейі 130 есе азаяды. Осыдан кейін Мемлекет басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытының қайта жарақтандырылған бөлігін іске қосу үшін басқару тетігін өз қолымен басты. Зауытты жарақтандырудан өткізуге қаржы бөлген Жапонияның Қазақстандағы елшісі Тэцуо Ито Қазақстан экономикасының қарқынды даму жолындағы болашағы зор ел екенін, таяудағы жылдарда әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясының маңыздылығын атап өтті. Шындығында, АтМӨЗ-ді қайта жарақтандыру мәселесі Елбасының тікелей араласуымен оң шешімін тапты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға сапары барысында Қазақстан Үкіметі мен Жапонияның “Марубени” компаниясы арасында аталған зауытты қайта жарақтандыруға келісім-шарт жасалған еді. Іле-шала осындай келісім-шартқа “Қазақойл” (қазіргі “ҚазМұнайГаз”) ҰМК мен аталған жапондық компания қол қойды. Бұл келісім-шартты жүзеге асыру үшін Жапонияның халықаралық ынтымақтастық банкі (JBІC) мен “Марубени” компаниясы ауқымды көлемде инвестиция салуға міндеттенді. Содан бері зауытта қарбалас қимыл әсте тоқтаған жоқ. Сан түрлі әзірлік жұмыстары қолға алынды. Жобаны іске асырушы мердігерлер таңдалды. Әрине, бас мердігердің бірі – несие беруші Жапонияның JGC компаниясы. Онымен бірге түріктің “ГАТЕ Иншаат Таахют Санаи Тиджарет” компаниясы да жобаның мерзімінен кешікпей іске асуына тікелей жауапты болды. Бұлармен қоян-қолтық жұмыс атқаруға отандық бірнеше кәсіпорын да тартылған. Зауытқа әлемде үлкен сұранысқа ие болып жүрген ең сапалы қондырғылар орнатылды. Зауытты қайта жарақтандыруға Ұлыбритания, Үндістан, Ресей елдерінен де озық технологиялар алынған. Қажетті жабдықтарды дайындауға арналған тапсырыстар әлемнің әр түкпіріне таратылды, өйткені бізге ең сапалы жабдық қажет болды. Және оны мерзімінде жеткізуді талап еттік, деп өз ойымен бөліскен зауыт директоры Талғат Байтазиевтің айтуына қарағанда, зауытты қайта жарақтандыру кезінде жаңа қондырғылар орнатумен бірге, бұрыннан жұмыс істеп тұрған қондырғыларды жетілдіруге де көңіл бөлінген. Жаңа технологияны енгізу мұнай өңдеу мүмкіндігін 92 пайызға жеткізіп, Еуро-3 стандарты бойынша жанармай түрлері және осындай Еуро-4 сапасымен дизель отынын шығаруға жол ашты. Бір ерекшелігі, күзгі, қысқы кезеңдердің 35 градустық салқынында мүлдем қатпайтын дизель отыны шығарылады. Ең бастысы, зауыттан аймақтың экологиясына таралатын зиянды қалдықтарды барынша болдырмауға баса назар аударылып отыр. Бұл су мен ауаны ластамауға негіз қалайды, дейді мамандар. АтМӨЗ-ді қайта жарақтандырудан кейінгі күтілген үміт ақталып келеді. Алдымен, еліміздің мұнай өңдеу саласындағы тұңғыш кәсіпорын қайта түлеп, екінші тынысы ашылды. Бұл осында жұмыс істейтін 2314 адамның қатарын тағы жүздеген жұмысшы-маманға көбейтті. Екіншіден, өңделетін өнімнің сапасы да, көлемі де артты. Бұл еліміздің ішкі тұтыну рыногын жанар-жағармаймен қамтудағы қиыншылықты болдырмауға ықпал етеді. Үшіншіден, ел бюджетіне түсетін салық және басқа түсімдер молаяды. Ең бастысы, тәуелсіз еліміздің отандық мұнай өңдеу рыногында ұлттық саясатты жүргізудегі, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әлеуеті арта түсетіні айдан анық ақиқат. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, қайта түлеген зауыт өнімі әлемдік стандартқа толық жауап береді. Енді еуропалық стандарт деңгейінде сапалы мұнай өнімдерін шығаратын зауытта Қытайдың “Синопек инжиниринг” компаниясы хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысын қолға алмақ. Осыған орай былтырғы жыл аяғына таман АтМӨЗ және “Синопек инжиниринг” компаниясы арасында өзара шартқа қол қойылды. Жоба бойынша қадасы қағылатын кешенге салынатын инвестициялық қаржының көлемі 1 миллиард 40 миллион АҚШ долларын құрайды. “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының мұнай өңдеу және маркетинг жөніндегі басқарушы директоры Данияр Тиесов мәлім еткендей, бұл Елбасының 2015 жылға дейінгі мерзімде мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасына орай қолға алынған алғашқы жоба болғалы отыр. Жобаны іске асыру еліміздегі мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға тың серпін береді. Нақтылай айтқанда, алдымен, жылына 133 мың тонна бензол және бір жылда 496 мың тонна параксилол шығаруға қол жеткізеді. Сонымен бірге, осы жоба арқылы АтМӨЗ-де шығарылатын тауарлы бензиндердің сапасын Еуро-4 стандарты деңгейіне жеткізуге болады. Ал экологиялық тұрғыдан айтқанда, жанармай түрлеріндегі бензолдың мөлшері 1 пайыздан, хош иісті көмірсутегілер 35 пайыздан аспайды деп түсіндіреді мамандар. Мотор майларының сапасы мұнай өнімдерінің түр-түрін көбейту есебінен жақсартылмақ. Соның ішінде Еуро-2 стандартына сәйкестендірілген Регуляр-92, Премиум-95, Супер-98 маркілі бензиндерінде бензол мен күкірттің мөлшерлі көрсеткіштері бойынша сапа қоры сақталады. Еуро-2,3,4 стандарттарымен шығарылатын қысқы және жазғы дизель отындарында қоспа қолданылмаса да 35 градустық салқында қатпайтындығымен ерекшеленеді. “ҚазМұнайГаз” өкілі Д. Тиесовтің айтуынша, жоба құрылысына шамамен 2500-ге дейін жұмысшылар тартылмақ. Сонымен бірге, жобада қазақстандық үлесті арттыру мәселесіне баса назар аударылмақ. АтМӨЗ-дің бас инженері Қ. Оразбаев түсіндіргендей, жоба құрылысын жүргізу барысында зауытта өнім өңдеу үдерісіне еш кедергі болмайды. Өнім түрлері тұрақты өндіріле береді. Жаңа жоба іске қосылғанда оған шамамен 300-ден аса маман қажет болады екен. Мұның 200-ден астамын зауыттың қазіргі мамандары есебінен толықтыруға болатындығы айқындалған. Ал 100-ден аса маманды мүмкіндігінше шетелде оқыту жоспары жасалыпты. Міне, еліміздің мұнай өңдеу саласындағы тұңғыш зауытты қайта жаңғырту бәсекеге барынша қабілетті мемлекеттер қатарынан табылу мақсатындағы нақты қадамдардың бірі екені даусыз. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы. Алтын іргем кеңейсін Қашанда бітер істің бастауы көп, Жері бай, бейбіт елдің аспаны көк. Қазтрансгаз дәулетті шашыратпай, Халқымның қазынасына қосқаны көп. Қоғамда Қазтрансгаз атың дара, Ғаламда алғы шепте тұрған сала. Әр үйдің берекесін келтіретін, Бәйгеден күнде келер сен бір қара. Уақытқа бой ұсынған өмір тылсым, Тарихтың белесінде бұл да бір шың. Еңбекпен еселеген ел ырысын Мерекеңе жырыммен қосайын үн. Сен арқылы әр үйде мәңгілік жаз. Берекеге бөленген халқым да мәз. Егеменді ел туын шырқат биік, Құтты болсын мерекең, Қазтрансгаз! Қадірін “қара алтынның” халқы білген, Озады өскен елдің салты бірден. Аспаның ашық болсын, Қазақстан, Шаттық толып, кеңейсін алтын іргең! Дәулет ҚАРТҰЛЫ, Алматы газ жүйелері кәсіпорнының слесарі. Өз ісінің үздіктері анықталды Еліміздегі мұнай алыптарының бірі – “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні қарсаңында “Өз ісінің үздігі” байқауын өткізді. Араға төрт-бес жыл өткізіп өмірге қайта келген байқауға өз ісінің шеберлері атанып жүрген әрбір ұжымнан жүзден астам жүйріктер қатысты. Олар “қара алтын” бұлағын тасқындатып жүрген ең таңдаулы мұнайшы операторлар, жөндеушілер, дәнекерлеушілер болды. Байқау қорытындысында өз мамандықтары бойынша М.Жақыпов, Р.Тиынов, С.Ғұбайдуллин, Н.Рахмедов, С.Денов “Өз ісінің үздіктері” атағына ие болып, екінші, үшінші орын алған озаттар да қомақты қаржылай сыйлықпен марапатталды. Еңбек адамдарының шеберлігін шыңдап, мәртебесін биіктете түсетін бұндай игі шара алдағы уақытта да жалғаса береді дейді қоғам басшылары. Жоламан БОШАЛАҚ, Ақтау қаласы. Мақсат — жағдайды жақсарта түсу Қазақстанның мұнайлы держава атануы бұдан 11 жыл бұрын Қарашүңгіл жерінде бұрғыланған ұңғыдан атқылаған алғашқы “қара алтыннан” бастау алды. Бүгінгі таңда еліміздің саяси және экономикалық мән-мазмұнын мұнай-газ кешенінсіз көзге елестету мүмкін емес. Бұл сала республикамыздың дамуының локомотиві, ырғақты және тұғырлы экономикамыздың іргетасы болып табылып отыр. Міне, осы себепті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев аталмыш саланың дамуына ерекше көңіл бөліп, үнемі назарында ұстап келеді. Әлемдік қаржы дағдарысы уақытында Елбасы сенімін ақтап, “қара алтын” өндірісін қарқынды іске асырып отырғанымызға біз де өте қуаныштымыз. Биылғы жылы 6 млн. тоннадан аса мұнай өндіріп отырған “Өзенмұнайгаз” өндірістік филиалының да бұл жетістікке қосып отырған өзіндік үлесі бары анық. Әрине, бұл жеңістің барлығы бізге өзінен өзі келген жоқ. Бұл – барлық буын мұнайшылардың тынымсыз төккен тері мен ерен еңбегінің нәтижесі. Әсіресе, Өзен кен орнын алғаш игерген ардагерлердің ерлікке пара-пар еңбегінің арқасы. Біз Қазақ жеріндегі мұнай саласының іргетасын өз қолдарымен қалап, күллі ғұмырын қиындығы көп өндіріске арнаған арда ұлдарымызды әрқашан мақтан тұтамыз және дәйім есімізге алып жүреміз. Бүгінгі таңда Қазақстанда 230-ға жуық мұнай және газ кен орны анықталған. Мұнай қоры дәлелденген Қазақстан мұнайы әлемнің 16 еліне шығарылып отыр. Міне, Өзен кен орны осылардың ішіндегі ең ірісінің бірі. 1959 жылы Жетібай құрылымында ауқымды зерттеу, бұрғылау жұмыстары жүргізілді және 1961 жылы №6 ұңғыдан алғашқы мұнай бұрқағы атқылады. Сондай-ақ, осы жылы Өзен кен орны ашылды. Көз ілеспес қысқа уақыт ішінде бұл кен орнын зерттеу, мұнай өндіру жұмыстарын ыңғайластыру мен өзге де дайындық шараларын жүргізу қолға алынып, 1964 жылы мұнай өндіру ісі басталып кетті. 1975 жылы Қазақстан өндірген “қара алтынның” 80 пайызын (17 млн. тоннаға жуық) Өзен мұнайы құрады. Маңғыстауда жоғары қарқынмен шығарылған мұнайдың арқасында республика бойынша өндірілген “қара алтын” 10 жылдың ішінде 2,4 есеге өсті. Мұнай өндірісінің арқасында маңғыстаулық аумақтық-өндірістік кешен жіті әрі жылдам қалыптасып үлгерді. 1970-1980 жылдар аралығында республика бойынша барлық өнеркәсіп өнімі 1,7 есеге, мұнай өнеркәсібі бойынша Маңғыстаудағы аумақтық-өндірістік кешенінің көлемі 18 есеге өсті. Әрине, Тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі басты перспективасы, кемел келешегі Каспий қайраңындағы кен орнын игерумен тығыз байланысты. Десек те, мұнай өндірісіндегі шикізат базасының ұдайы өндірісін қамту мақсатында активті қорды үдету компаниямыздың негізгі тапсырмасының бірі болып табылады. Бүгінде “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ-тың 44 кен орын бойынша 270 млн. тоннаға жуық өндірілетін мұнай қоры бар. Компаниямыздың өндіріп отырған “қара алтынының” 7,3 млн. тоннасы Маңғыстау облысынан, 5,1 млн. тоннасы Атырау және Қазақстанның өзге де аймақтарынан өндіріліп отыр. Өз тарапынан компаниямыз өзінің әлеуметтік міндеттемелерін, жерасты кенін игеру жөніндегі келісім-шарттарын толық көлемде орындап отыр. “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ-тың осындай игілікті ісінің арқасында Жаңаөзен қаласының тұрғындары спорттық тамаша нысандарға қолы жетіп, компания есебінен Дене шынықтыру-сауықтыру кешені және орталық стадион салынып берілді. Енді жергілікті жастардың өз уақытын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылданып, биік белестер мен жаңа жеңістерді бағындыруға мүмкіндіктері туып отыр. “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” акционерлік қоғамының құрылған сәтінен бастап қол қойылған әріптестік меморандумының аясында Маңғыстау облыстық әкімдігімен әлеуметтік серіктестік бағдарламасы жүзеге асып келеді. Ағымдағы жылдың 7 айына 170 млн. теңге қаржы бөліп, қаладағы 32 кәсіпорынға жұмыспен қамту бөлімінде тіркеуде тұрған Жаңаөзендегі 1000 жұмыссыз азаматты жұмысқа орналастырдық. Сонымен қатар, “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ-тың қаржыландыруымен 200 пәтерлі коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы басталды, “Төңірекшің” қосалқы шаруашылығын 500 гектарға дейін ұлғайтып, 1500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік туғыздық. Мұнайшылардың кәсіби мерекесіне орай қаламыздағы төрт мектептің спорттық алаңшалары жасанды жабындылармен қайта салынып, жыл соңына дейін барлығы он мектепке 100 млн. теңге қаржыны құрайтын осындай спорттық алаңшалар салынып берілмек. Бәріңізге белгілі, компаниямыздың жұмыскерлерінің орташа жалақысы түбектегі және жалпы еліміздегі біз секілді өзге кәсіпорындардағы жұмыскерлердің еңбекақысынан әлдеқайда жоғары. Шілде айында “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ-тың өндірістік филиалдарына еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді. Жаңа жүйенің нәтижесінде 1,8 салалық коэффициентін және 1,7 аудандық коэффициентін қоса есептегенде еңбекақы орташа есеппен 26,5 пайызға өсіп отыр. “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ-тың барлық жұмыскерлері және олардың отбасы мүшелері тегін ерікті медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Мұнайшылардың балалары жыл сайын компания есебінен сауықтыру лагерьлерінде демалып келеді. Балаларға берілген жолдама құнының 70 пайызын компания өз есебінен өтеп, сондай-ақ, бүлдіршіндерді чартерлік рейстермен тиісті жеріне апарып-әкелуді өз мойнына алып отыр. “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” акционерлік қоғамы “Өзенмұнайгаз” жұмыскерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарын осы жылы одан әрі жалғастырып отыр. 2009 жылы осы мақсатқа компания 1,3 млрд. теңгеден аса қаржы жұмсады. 2010 жылы жұмыскерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған бағдарлама аясында 1,6 млрд.теңге бөлініп отыр. Әрине, біздің әлеуметтік саладағы жұмыстарымыз әлі де кемшіліксіз емес. Десек те, “Өзенмұнайгаз” мұнайшыларына жайлы жағдай жасау үшін адымды қадамдар мен нақты істер жүзеге асып жатыр. Ең бастысы – мұнайшылардың жағдайын одан әрі жақсартуға ізгі ниетімізбен қолымыздан келген істі алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз. Киікбай ЕШМАНОВ, “Өзенмұнайгаз” өндірістік филиалының директоры. Жаңаөзен қаласы. Таланттар тартуы “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы еліміздің мәдениетіне қандайлық қамқорлық көрсетіп келе жатқанын жұртшылық жақсы біледі. Кеше, 3 қыркүйек күні еліміздің мұнай және газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында мәдениет майталмандары сол қамқорлықтың қайтарымын жасауға тырысты. Астанадағы “Қазақстан” орталық концерт залында Қазақстан Республикасының мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күніне арналған мерекелік концерт шын мәнінде тамаша таланттардың тойға лайықты тартуы болып шықты. Ән мен бидің нөмірлері сала қызметкерлерінің ерен еңбегін көрсететін шымыр да жұмыр бейнесюжеттермен қатар өріліп, әдемі көмкерілген бұл концерттің өзіндік бір тамаша ерекшелігі ретінде “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының әртүрлі құрылымдарында жұмыс істейтін қызметкерлердің жүргізуші ретінде де, әнші ретінде де өнер көрсетуін атау жөн. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдин, Үкімет мүшелері Владимир Божко, Гүлшара Әбдіқалықова, Мәжіліс депутаты Кенжеғали Сағадиев, мұнай саласының ардагері Равиль Шырдабаев, тағы басқа да айтулы азаматтар қатысқан бұл концерттің телевизиялық нұсқасы кәсіби мереке күні, яғни 5 қыркүйектің кешінде “Хабар” арнасы арқылы көрсетіледі. “Егемен-ақпарат”. Ілгерілеудің алғышарттары Өңір экономикасының дамуында “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” акционерлік қоғамының орны ерекше. Акционерлік қоғам биыл 6 млн. 50 мың тонна мұнай өндіруді межелеп отыр. Мұнайға ілеспе газды өңдеудің жаңа технологиясына баса көңіл бөлінуде. Биылғы жылы біздің компания мұнай дайындаудың төртінші зауыты мен Жаңажол кен орындарындағы тазартылмаған газды жер қабаттарына айдайтын компрессорлық стансаның құрылысына қаржы бөліп отыр. Бұл нысандар пайдалануға берілгенде алауға жағылған газ халықтың игілігіне айналады деп отырмыз. Облыс экономикасының дамуына мол үлес қосып отырған осы компанияның игі істері жұртшылыққа кеңінен мәлім деп ойлаймыз. Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап үш нысанда күрделі құрылыс жұмыстары басталды. Бұл нысандар аймақтың үдемелі индустриялық-иновациялық даму бағдарламасына кіреді. Оларға жұмсалатын қаржы көлемі 500 млн. АҚШ долларын құрайды. Ақтөбе жерінде жұмыс істеген жылдарында “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” акционерлік қоғамы аймақтағы әлеуметтік маңызды жобаларға көңіл бөлді және осы жұмыстарды одан әрі жалғастыруда. Компания әрқашанда қолұшын созуға әзір. 1997 жылдан күні бүгінге дейін демеушілік қайырымдылық мақсаттарға 8 млрд. теңгенің үстінде қаржы бағытталды. 2010 жылы 650 млн. теңге жұмсалды. Оның ішінде 100 млн. теңге ақтөбелік фермерлерге берілетін жанар-жағармайдың құнын өтеуге берілді. Коммуналдық-инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға үлкен көлемде демеушілік жәрдем көрсетілуде. Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларына, бұқаралық және кәсіптік спортқа біраз қаржы беріліп келеді. Мәдениетке, өнер мен ғылымға да көмек көрсетілуде. Мерекелерді ұйымдастыруға, аз қамтылған отбасыларды қолдауға қайырымдылық жасалуда. Компания, сондай-ақ коммуналдық жұмыстарды, байланыс жүйелерін де қаржыландырып, елді мекендерді газ құбырларына қосуға тікелей жәрдем беруде. Мәселен, 2001 жылы компания Ұлы Отан соғысы ардагерлері үшін сексен пәтерлі үйді пайдалануға берді. Бес жылдың ішінде немесе 2002-2007 жылдары облыс мектептері 500 компьютер жабдықтарын алды. Ал медицина мекемелері 57 жедел жәрдем автөкөлігін алды. “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” компаниясы республикалық көлемдегі қайырымдылық шараларына да тұрақты қатысады. Олардың да бағыты сан-салалы. Табиғат апатынан зардап шеккен елді мекендерге көмек көрсету, ғылыми еңбектердің баспалардан шығуына жәрдем жасау, тағы басқа жағдайлар үнемі ескеріледі. Аймақтың әлеуметтік тұрмысын жеңілдетуде компания көп жұмыс істеп келеді. Өз күшімен өндіріп, облыстың елді мекендеріне төмен бағамен тауарлы газ беруді компания мойнына алып отыр. Такталифум ЕСЕНҒҰЛОВ, “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ бас директорының орынбасары. Ақтөбе облысы.
•
04 Қыркүйек, 2010
Ертең — Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні
1984 рет
көрсетілді