Қасиетті Рамазан айындағы қыркүйектің 5-інен 6-сына, яғни жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Алладан үміті бар, игі мұсылмандардың негізгі бөлігі Қадыр түнін күзетіп шықты.
“Қадыр” араб сөзі, ол “болашақтағы тағдырдың анықталуы” деген мағынаны береді. Яғни, ол осы түнді қалай өткізуіңе байланысты болашақтағы тағдырың анықталады деген ұғымға саяды.
Құран Кәрімнің Қадыр сүресінде (1-4 аяттар) Құранның осы түнде түсірілгені айтылған. Сондықтан Қадыр түніне құрмет көрсетіп, ұйықтамай, Аллаға құлшылық қылып, түрлі ғибадаттар жасаған пенделерге таң алдында Жебірейіл періште көрінбей келіп, қолын қысып амандасады дейді. Құранда Қадыр түнінің игілігі мың айдан артық делінген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ләйләтүл - Қадыр түнін ұйықтамай, білгеніңше Құран оқып, шамаң жеткеніңше намазға жығылып, тілек тілеп өткіз деп өсиет еткен. Тек солай еткенде ғана пенденің біліп және білмей істеген күнәлері кешіріледі екен.
Иншалла, осы түні Астана қаласының барлық мешіттері лық толып, хақ мұсылмандар Қадыр түнін күзетіп шықты. Соның ішінде жастардың көп болғаны, олардың имандылық жолына алаңсыз түсіп, Алланың ақ жолын таза жүректерімен қалағандары көңіл қуантады. Қасиетті дініміздің арқасында діліміз орнына келсе, Иншалла, тіліміз де қайтадан құдіретті қалпын тауып, қуаттанар деген үміт бар.
Кезінде дінімізді аяқ асты етіп, фәни жалғанның жарқылдаған жылтырақтарына біржолата мойын бұрып кеткендіктің кесірінен ұлттық құндылықтарымыздан біршама айрыла бастап едік қой. Соның ішіндегі ең қасиеттісі – ана тілімізді жоғалтып ала жаздаған едік, енді соның бәрі өзінің өзекті арнасын табар деген сенім туып келеді.
Мешітке бара алмаған мұсылмандар “Асыл арна” телеарнасынан берілген уағыздарды тыңдап, Құран Кәрімнің сүрелеріндегі аяттарға ұйып, ғибадат етті. Біз миллиондаған Қазақстан мұсылмандарының сауабын алған осы арнаның басшысы Мұхамеджан Тазабековпен телефон арқылы шағын сұхбат жүргізген едік:
– Иншалла, жоғалған баласына қайта жолыққан анадай жұртымыз ата-бабамыз жүрген жол – Исламмен қайта қауышты. Өрелі жұртымыздың өлгені тіріліп, өшкені қайта жанды. Ақиқи дін адамдар арасына кеңінен тарауда. Жетпіс жылдан астам жүректің түкпірінде жасырынып келген имандылық иірімдеріне қан жүгірді. Халықтың санасы жалған сөздерден тазарып келеді. Әлемдерді жаратқан аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаға жаппай мадақ айтыла бастады. Біздің арна – адамдардың бойының тазара түсуі үшін құлшылықты дұрыс жасауды, ата-ананы сыйлауды, туысқанмен жақсы қарым-қатынас жасауды, үлкенге құрмет, кішіге ізет етуді, адамдарды нәсіліне, тіліне қарамай құрметтеуді, бір сөзбен айтқанда, Алланың ақ жолын насихаттауды өзіне мақсат еткен. Абайдың “адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” деген қағидасын біз ешқашан естен шығармаймыз. “Ислам” деген сөздің өзі “бейбітшілік, тыныштық” деген мағына береді. Осы орайда біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты, соның арқасында елімізде қол жеткізіліп отырған ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім, өзге сенімдегі адамдарға төзімділік таныту да Исламның қағидасына сәйкес екенін атап өткім келеді. Кешегі қазақтың дала демократиясы бүгінгі өркениетті елімізде өз жалғасын тауып келеді.
– Президент туралы айтқаннан кейін Исламның ел басшысына қалай қарым-қатынас жасау керектігі жөнінде талабын еске салып өтсеңіз...
– Әлемдердің әміршісі болған Жаратушы Иеміз Құранда патшаны Алла сайлайтынын, оны білімде әрі тұлғалық қырында басқалардан артығырақ қылатынын анық айтқан. Сонымен қатар Алла Тағала әкімшілік билікті өзі қалаған құлына ғана беретінін де ескерткен. Ел мен Елбасының қарым-қатынасына қаяу түсіру – Құдай құп көрмейтін нәрсе. Бұл – үлкен бүлік. Алланың аятында: “Ей, иман келтіргендер, Аллаға, Пайғамбарға және араларыңдағы басшыға бойсұныңдар...” – делінген. (“Ниса” сүресі, 51-аят). Алла Тағала біздің халқымыздың дархан пейілі мен ізгі ниетіне қарай нар тұлғалы Нұрсұлтан Назарбаевты басшымыз болуға нәсіп етті. Ол Раббымыздың қалауымен тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болуына бар күш-жігерін жұмсап келеді. Ислам ғалымдары патша туралы: “Басшы – Алланың жердегі көлеңкесі” деген тұжырымға келген. Сондықтан Жаратушы Иеміздің бізге бұйырған басшысына адалдық танытуымыз – үлкен сауап. Исламның өркендеуіне үлкен септігін тигізген Имам Науаи: “Мұсылман басшыларына қатысты адалдық дегеніміз – оларға ақиқатта көмектесу, қарсы шықпау және адамдардың жүрегіне басшыға бағыну сезімін ұялату” деген. Ал Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мынадай өсиет қалған: “Кімде-кім аса қамқор, ерекше мейірімді Алла бұл дүниеде өзі қалап патша қылған басшыны құрметтесе, оны Алла қиямет күні құрметке бөлейді...”.
– “Асыл арна” бағдарламасын, ондағы Құран туралы хабарларды халық қалай қабылдауда?
– Дәл осындай сұрақты маған үстіміздегі жылдың 5 маусымында кездескенде Елбасымыз да берген еді. Мен ол кісіге бізге келген бір орыс кемпірінің сөзін айттым. Ол: “Асыл арнаны” қойсам мысығым теледидардың алдына келіп жантайып, тырп етпей жатады, ал басқа арнаға ауыстырсам болды, қашып кетеді деген еді. Сонда Нұрсұлтан аға Құран құдай сөзі ғой, ол дініне, тіліне қарамай, барлық адамдардың жүрегіне жол табады. Әттең, біздің кейбір адамдарымыз әлгі кісінің мысығы құрлы жоқ. Қашан біздің адамдарымыз жаппай Құранды тыңдайтын болар екен, деген еді.
“Асыл арнаның” қажеттілігі, пайдасы жөнінде бізге күніне бірнеше хаттар келеді. Көптеген адамдар ризашылығын білдіріп телефон шалады немесе СМС хабарлама жібереді. Осының өзі біздің өз жұмысымызға деген ынтамызды арттырады. Қадыр түні болған хабарымызға көптеген білікті діндарлар, дінбасылар қатысып, қазақ, орыс тілдерінде уағыздар айтты. Оны халықтың жылы қабылдағанын бүгінгі түсіп жатқан қоңыраулардан біліп отырмыз. Тіпті, бір сәт басқа жұмыстарға кедергі келе беретін болған соң Алладан кешірім сұрап, телефонымызды ағытып тастауға да мәжбүр болдық. Ол үшін ақ ниетті мұсылмандар бізге өкпелемес деп ойлаймыз.
– Алла алдағы уақытта да сауапты істеріңізді жалғастыра беруге нәсіп етсін.
Рахмет.
Жақсыбай САМРАТ.