• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
25 Қыркүйек, 2010

Отырар: кеше, бүгін және ертең

6362 рет
көрсетілді

Өңір өмірі

Отырар – Әл-Фарабидей дананың, Өзбекәлідей ұлт мақ­танышының, Шәмшідей сазгердің кіндік қаны тамған, ізі қалған жер. Отырар – өзінің көне тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалым­дарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған ұлттың рухани қазығы. Ұлы Отырар – Елбасымыз айтқандай, қазақ өркениетінің алтын діңгегі. Отырар тарихта “Отырар өркениеті” деген атпен қалды. Біріншіден, бұл қала – адамзаттың екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің Отаны. Осының өзі-ақ Отырардың атағын шығаруға же­тер еді. Ал бұл жерден одан бөлек 21-ден астам Әл-Фараби, жүз­ден астам ғалымдар, академиктер, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен өнер адамдары шыққан. Екіншіден, Отырар өз заманындағы руханият астанасы болған. Алек­сандриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхананың осы қалада орналасуы тегін емес. Үшіншіден, Отырар өзінің қаһарман қорғаушы­ларымен өшпес даңққа бөленген, батырлықтың, отансүйгіштіктің теңдесі жоқ үлгісіне айналған қала. Сондай-ақ бұл жерде Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы, бабтардың бабы Арыстанбаб жерленген. Даналар айтады: ұлы ел атану – халық санының көптігімен есептелмейді. Ұлылық – ол өмірге ұлы ұрпақтарын дүниеге келтірген халыққа тән. Сондықтан да Отырар өзінің даңқты перзенттерімен, шежірелі тарихымен мақтанады. Осы Отырарда үлкен мерекелік шаралар өткелі жатыр. 24-25 қыркүйекте өтетін әлемге танымал ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1140 жылдығы, қазақ “вальсінің королі” Шәмші Қалдаяқовтың – 80, Отырар ауданының 75 жылдығы, аудандық газеттің – 75, сатира сардары Көпен Әмір-Бектің 60 жылдығы мерейтойлары өтеді. Той – халықтың қазынасы. Бұл тойлар ас ішіп, аяқ боса­татын емес, елдіктің, жас ұрпаққа тәрбие берер тағылымының мейрамы. МАҚСАТЫ БИІК, КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ Отырардағы мерекелік шаралардың қарсаңында аудан әкімінің орынбасары, мерей­тойларды өткізу комиссиясы төр­ағасының орынбасары Жақсыбек АСЫЛ­БЕК журналистерді біраз мәліметтерден хабардар етті: – 2001 жылы қазан айында Әл-Фара­би бабамыздың туғанына 1130 жыл толуы­на орай ауданда “Әл-Фараби – ғұла­ма ғалым, оқымысты ойшыл” атты ха­лық­аралық ғылыми-теориялық кон­ференция өткізілсе, ол арада бес жыл өт­кен соң 2006 жылы наурызда “Ұлы ұстаз­дың қайта оралуы” атты ғылыми-теория­лық кон­ферен­цияға ұласты. Оған алыс та жақын шетелдерден атақты оқымыс­тылар, ғалымдар қатысты. Ауданның өткен 70 жылдық мерейтойы қарсаңында бұрынғы аудан әкімі, қазіргі сенатор Қуаныш Айтахановтың тікелей басшы­лығымен тұңғыш рет Отырар тарихының қилы-қилы кезеңдерінен сыр шертетін, оның киелі топырағында туған ғұлама баба­ларымыздың рухын жаңғыртатын ашық аспан астындағы мұражай іспетті “Отырар даңқы” тарихи танымдық ке­шені ашыл­ды. Оның құрамында “Даңқты бабалар сая­жолы”, Әбу Насыр Әл-Фараби ескерт­кіші, Әл-Фараби алаңы, “Отырар қор­­ға­нысы” панносы, “Ел тарихын ер аза­мат­тар жасайды” бильборды бар. Бұ­дан басқа ауданымызда зәулім Мәде­ниет сарайы, “Отырар руханияты”, “Оты­рар-Арыстан­баб” мұражай кітап­ханасы жұмыс істейді. Кітапхана қорында Әл-Фараби бабамыз­дың мұралары сақтаулы тұр. Өздеріңізге белгілі, 2006 жылғы нау­рыз айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті Н.Назарбаевтың тіке­лей қол­дауымен құрылған арнайы делегация Қа­зақ­стан Мұ­сыл­мандары діни басқармасы­ның төр­ағасы, бас мүфти, ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің жетекшілік етуімен Сирияда жатқан Әл-Фараби бабамыздың зиратына оның туған жері Оқсыздан, Отырар жерінен бір уыс топырақ апарып, баба рухына құран бағыштауы, ол жақтан бір уыс топырақ әкеліп, оның туған жері Отырарға арулап қоюы және делегация құрамында сол кездегі аудан әкімі Әлім­жан Құртаев, көрнекті ғалым Жарыл­қасын Нұсқабай­ұлы, ауданымыздағы Әл-Фараби музейі­нің директоры Абдулла Жұмашев сияқты отырарлықтардың болуы ел рухын асқақтатып, ауданның руха­ни, мәдени әлемін нұрландыра түсті. Бұлардан басқа “Отырар даңқы” тарихи-танымдық ке­шенінің екінші кезеңі іске қосылып, “Оты­рар энциклопедиясы”, “Ше­жіре­лі Оты­рар”, “Отырар жәдігер­лері”, “Оты­рар­лықтар жауынгерлік сап­та”, “Тәушен” кітаптары шығарылды. Оларда халық үшін ізгілікті іс қылған бірде-бір отырар­лық азаматтың ұмыты­лып кетпеуіне, атаусыз қалмауына айрық­ша назар аударылған. Тарих толқынына көз жіберсек, Отырар халқы, бүкіл еліміз өзінің бүгінгі тәуелсіздігіне небір нәубеттерді басынан өткеріп жеткенін білеміз. Аудан орталы­ғындағы “Отырар мемлекеттік археоло­гиялық қорық мұражайын” көрген адам осындай ойға қалары анық. 1980 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шеші­­мімен Шәуілдір селосынан ұйым­дасты­рыл­ған бұл музей үш қабатты кешеннен тұрады. Бірінші қабатқа экспонаттар сақтайтын қоймалар мен әкімшілік жайлар орналасқан. Екінші қабаттан бастап мұражайдың экспози­циялық залдары басталады. Екінші және үшінші қабаттағы залдарды аралап, адамзат тарихынан көптеген мағлұматтар алуға болады. Мұнда қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуына және көне Отырар қаласының терең тарихына байланысты мол мәліметтер, экспонат­тар жинақ­талған. Мұражайда 12 мыңнан астам экспонат бар. Осы Отырар мұражайының негізін қалаған еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Асантай Әлімов болатын. Бұдан басқа 1991 жылы 6 қарашада осы мұражайдың әдебиет және өнер бө­лімі негізінде Қазақстан Республика­сында тұңғыш рет Отырар руханияты – Отырар-Арыстанбаб мұражай кітап­ханасы ашылды. Мұражайдың бір ғылыми зерттеу бөлімі, қайта жаңғырту шеберханасы, 6 экспозиция, бір тұрақты көрме залы, 4 қор сақтау, кеңсе бөлмелері бар. Аталған мұражай кітапханасының қорында ұлы ғұлама Әл-Фарабидің, сондай-ақ Отырардан шыққан ұлт мақ­таныштарының мұралары, қолжазбалары, кітаптары, өмірдеректері, үнтаспалары, шығармалары, өзі және отбасылары тұтынған археологиялық, этнографиялық мәні зор қолөнер бұйымдары, 10 мыңнан астам қолжазба, кітаптар, мерзімді басылымдар сақталып отыр. Мерекеге орай “Ауданның 75 жыл­дығына 75 игі шара” атты ауқымды бағ­дар­лама қабылданды. Бүгінде оның бәрі дерлік орындалып отыр. Атап айтқанда, жаңа жұмыс орындарын ашу, мектептер мен балабақшалар құрылысы жүргізілуде. Ауыз су мәселесі шешілуде. Облыс әкі­мінің есеп беруінде отырарлықтар барлық салада ілгерілеуде деген баға алды. Сондай-ақ аудан үлкен қаржы құрайтын пилоттық жобаны жеңіп алды. Бір сөзбен айтқанда, аудан респуб­ликадағы 160 аудандар арасында рейтингтік көрсеткіш бойынша 7-ші орынды иеленуі оты­рарлықтар рухын асқақтата түсуде. ШЕШІЛМЕЙТІН МӘСЕЛЕ ҚАЛҒАН ЖОҚ Биыл алты айлық қорытынды бо­йынша аудан әкімдері облыс әкімі Ас­қар Мырзахметовтің алдында есеп бер­ген. Оңай емес. Облыс әкімінің төрт орын­ба­са­ры бар, аппарат басшысы бар. Оның сыр­тында жиырмадан астам бас­қарма­лар­д­ың кемінде онына сөз беріледі. Осынша адам алдында есеп беру оңай болмаса керек. Ауданның кейбір жігіттері былай шы­ға бере айтады дейді. “Әкіміміз аудан­да бет қаратпайтын сұсты еді, Мырзах­метовтің бір сілкілегенінен қалмай су тиген мысықтай болды ғой”, деп. Ол, әрине, жұмысы мандымаған әкімдердің сыбағасы. Есеп беруде шашасына шаң жұқ­пағандар да бар. Соның бірі – Отырар ауданының әкімі Бейбіт Сыздықов. Үнемі көзінің астынан қарап, түк­сиіңкіреп отыратын, кемшіліктерді қадап айтып, шегінерге жол қалдырмайтын Асқар Мырзахметов осы Бейбіт Сыз­дықов есеп бергенде жүзі жылыды. Күлімсіреді. Жұмысын жоғары бағалады. Бейбітті жақсы білеміз ғой. Істің көзін тауып, апай-топай жапырып жұмыс жасағанымен, кейбір кереғар мәселелерге келгенде арыстандай шабынып шыға келетін, артқа шегінуді білмейтін мінезі де бар. Кейде онысынан таяқ жеп те жатады. Ал іскерлік мәселесіне келгенде... Айтайық. Республикада үлкен үмітпен құрыл­ған әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациялар су сіңген шикі кірпіштей был­­жырап, банкрот болып жатқанда “Оң­түс­тік” ӘКК-нің жанын алып қалған жігіт­тері­ңіздің бірі осы Бейбіт. Ол кезде Сыз­дықов Түркістан қаласының әкімі бо­ла­тын. Аудандағы атшаптырым ет ком­бинатын оңтайсыз жекешелендіру кезінде қаржысы бар он жеті оралман ағайын сатып алған. Малдың тері-тер­сегі­нен бас­тап ішек-қарын, жүн-жұрқаға дейін жи­нап, сауда қылады. Сасық иістен жұрт мұр­нын алақанымен жауып жүреді. Әкім болып тағайындалған күні Сыздықов соларды шақырып алады ғой. Мәселені қабырғасынан қояды. “Мен он жеті адамның пайдасын Түр­кі­­стандағы екі жүз мың адамның игі­лігінен жоғары қоя алмаймын. Ойланы­ңыздар. Босатып беріңіздер. Басқа жай тауып беремін”. Орындатыпты. Сол атшаптырым ком­бинат орнына “Оңтүстік” әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясына өзі барып жү­ріп жеміс, көкөніс сақтайтын алып қоймалар салдыруға мұрындық болды. Корпорация сол жерден тамшылатып суару­ға пайдаланатын қондырғылар шы­ғара бастады. Теңдесі жоқ макарон фаб­рикасы іске қосылды. Аз уақытта қай­наған өндіріс орнына айналды да кетті. Қаланы ыңғайына қарай бөліп тастап, батыс жағына кәсіпкерлік нысандарын шоғыр­ландыра бастады. Асфальт салу деген ең қымбат жұмыс. Оның да орайын тапты. Тұрғындарды ұйымдастырып, демеушілер тауып, істен шыққан жол орнына топырақ, тас төк­кізді. Өздеріне жасалып жатқан игілік бол­ған соң ауыл адамдары күректерін алып келіп, қатарға тұра қалды. Осы­лай­ша, жол табаны көтерілді. Ал оған ас­фальт төсету тым қымбатқа түспейтін еді. Мектеп салуға мемлекеттік тапсырыс­ты жеңіп алған мердігерлермен келісіп, білім ошағы жанынан шағын жылыжай салуға талпынды. Мектепте жылу қазан­дығы бар. Жылуға шығын аз. Ал оқу­­шы­лар үшін жылыжай өндірістік практика, мектеп асханасы үшін пайдалы дәрумен жемістер. Оқушыларға тегін тамақ беруді ұйымдастыруға болады. Сыздықовтың бастамасы көп еді. Түр­кістаннан Отырарға ауыстырғанда “қап-ай” деп қалдық. Үлкен қаланың үлкен проблемаларын шеше бергенін тілегенбіз. Арыстанды-Қарабастың желі құтыры­нып, сырнайдай сыңсып тұрған күндердің бірінде Отырарға келдік. Сыздықовыңыз күріштей аппақ тістері жарқырап, ақсия күліп жүр. – Отырар деген көтерілмеген тың ғой. Мұндай жерде жұмыс істеу рахат, – дейді. Сортаң, астының тұзы бетіне шығып кеткен, жантақтан басқа өсімдік өспейтін құла дүзге су шығарыпты. Ал енді пайда­ланыңдар десе, беті қай­тың­қырап қалған жұрт беттей қоймайды. Содан соң қазы­на­шы Ермек Әжиевке қолың ұзын, жұрт­қа өнеге бол деп 60 гектар жер берген. “Максимум” қорынан жеті жылға 23 млн. теңге алуына септескен. Ермек мыр­заның қазір мұртын балта шаппайды. Бау-бақшасы үшін ауыл шаруашылығы басқармасынан жыл сайын субсидия алатынын ескерсек, Үкімет шығынының жартысын өз қалтасынан өтеп берер екен. Жантақ – түйенің сүйікті тағамы. Ал Отырарда маң-маң басқан ойсыл қара түлігі көп. Қымыран – дәруменнің көке­сі. Ана сүтіне ең жақын әрі ағзаға өте пайдалы сусын осы. Жеке кәсіпкер Ордалы Мұстафинді “Максимумға” же­те­легендей болып алып келіп, қымыран өндейтін цехқа қажетті қаржы алдырған. Ауданының бір қиырында “Зареч­ный” деген жерде уран өндіріліп жатыр. Шұбат оларға өте керек. Егер құтыға құяр болса, 500 литрге дейін тапсырыс береміз деп отыр басшылары. Оның сыртында 100-150 литр ауданнан артылмайды. Тәуекелдің қайығына әкімнің демеуі­мен мініп кеткен кәсіпкер Ордалы қазір көңілді. Темір стансасында тозығы жеткен кең қойма бар еді. Кеңес Одағынан қалған көз. Бұзып, тасын тасып әкетуге әркім-ақ мүдделі болған. Әкім сол қойманы 13 млн. теңгеге жөндетіп, екіге бөлгізіп, бір жағына ет-сүт, екінші жағына көкөніс сақ­тайтындай қойма етіп қайта жөн­деткен. Үлгерту деген осы шығар. Егер мем­ле­кеттен қаржы алып, қойма салар бол­са­ңыз 13 млн. теңге емес, 130 млн. теңге жұмса­лар еді. Осы стансада 20 мың тонна жүгері дәнін сақтайтын зауыт іске қосылады. “Тұрсын” өндірістік кооператив базасында мал сою, ет өңдеу цехының құрылысы басталып жатыр екен. Бос әңгімеге уақыты жоқ, әрекет үс­тін­дегі жұмыскер әкімдер болады. Оның жұмыс стилі біреуге ұнайды, біреуге ұна­майды. Бірақ, алған бетінен қайтару қиын. Отырар ауданының әкімі әр ауылда қандай жұмыстар атқарылатынын балықтың желбезегінен сымға тізгендей жіліктеп тастапты. Әрқайсысы бойынша қыруар жұмыстар атқарылған. Облыс басшысынан Отырар ауданы әкі­мінің өте жоғары баға алғанын айт­тық. Мамандығы қаржыгер Бейбіт Сыз­дықов әр теңгенің тиынына дейін шашау шығармайтынын есебінде байқатты. Ол аудандағы өзекті мәселелерді си­патына, түрлеріне және маңызды­лығына қарай үш топқа бөліпті. 1. Бірден шешуге болатын мәселе. 2. Уақыт талап ететін мәселе. 3. Шешілмейтін мәселе. Бүгінгі таңда ауданда “шешілмейтін” мәселе жоқ. Осылай дейді де “бірден” шешуге бо­ла­­тын және “уақыт” қажет ететін 297 ха­­лық­қа қажетті мәселерді іріктеп алға­нын ай­тады. Бұдан соң 297 мәселенің ма­ңыз­дылы­ғы мен қажеттілігіне қарай екі топқа бөлген. І топ – республикалық, облыстық дәрежеде шешуге болатын мәселе – 83 ІІ топ – аудан көлемінде шешуге болатын мәселе – 214 Отырар ауданының әкімі осы мәселе­лердің түбегейлі шешіліп жатқанын атап көрсетті. Жалпы, 297 өзекті мәселенің 2010 жылы шешімін тапқаны 238 екен. Қандай да болмасын өзекті мәселені шешуге қаражат көзін табу керек. Осы мақсатта біршама жұмыс жасалған. Соның қорытындысы бойынша 2010 жылға жоспарлаған мәселелерге әрбір салаға бөле отырып, жалпы 6,5 млрд. теңгеден аса инвестиция тартылды. 2010 жылдың алты айында аудан бойынша өнім 9,2 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 39,6%-ға өсті. Оның ішінде ауылшаруашылық өнімі 4,2 %-ға, өнеркәсіп 50,6%-ға көтерілген. Ауданда қай саланы алсаңыз да ілгерілеушілік бар. Мұны жалқыға телу әділеттік болмас еді. Отырарлықтар Ә.Жылқышиевтен бөлек Ә.Қаныбеков, Р.Әбдірайымов, Ұ.Арғынбеков, М.Шә­кенов, Ш.Мырзахметов, Қ.Айтаханов, сияқты басшылардың аудан экономи­касын, әлеуметтік жағдайын өркендетуде жақсы із қалдырғанын айтады. Келешегі баянды Отырар өз мерей­тойына осындай жақсы дайын­дықтары­мен келіпті. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы. Суреттерде: Елбасы Н.Назарбаев Арыс­танбабта;  жұртшылықпен жүздесу; көне тарих куәгерлері. * * * ОТЫРАРДА ТАҒЫ ДА ТОЙ БОЛАДЫ Отырарда тағы да той болады. Баяғыдай ұлылар ой бағады. Мәңгілігін байқатып ізгіліктің, Жүрек тербеп, Шәмші әні бойды алады. Дүрілдетіп жігіттер бай даланы, Көкпар тартып, қыз қуып айналады. Сейітқасым, Темірбектей батырлары, Күзетіп тыныштықты жайланады. Көзге ыстық көркейтіп нұрлы ұяны, Жиылады түп-түгел қыр, қияны. Әкімдері сол тойда құрақ ұшып, Қонақтардың қолына су құяды. Жесір қалған соғыстан жігерлі ана, Жетімдерді жеткізген кілең дана. Құралайға кезінде өріс болған, Мұражайға айналды түгел дала. Тарихтың тоңмойын мұзы еріп, Таңдай қағар мықтының жүзі келіп. Ғалымдары ғаламның бәрі шәкірт, Әл-Фараби бабамның ізіне еріп. Көз алмаған ұрпағы көне ізінен, Құдай досын бөлмеген ел өзінен. Шәуілдірдің шалқып тұр шарапаты Арыстанбаб әулие әуезімен. Ел үшін еңбек еткен күн-түн қатып, Қуанар ерлер бөркін бір шыңға атып. Күле алмай жүргендерді күлдірем деп, Көпен де күлкі қоспақ сылқылдатып. Біреуі біреуінен күмәнданып, Басынан не кешпеді мынау халық. Отаны ұлылардың бір сілкінбек, Жетпіс бес жыл парағын бір аударып. Тереңдегі тамыры бүлкілдеп қыр, Тойға жеткен армансыз шіркін деп тұр. Ғасырлардан сыр шерткен Отырардың Омартасы сөреде шүмпілдеп тұр. Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, Қазақстанның халық ақыны, “Парасат” орденінің иегері, Отырар ауданының құрметті азаматы.