Қазақ театрына қамқорлық қажет
Мен көп жыл Ақмола облысында, кейін Парламентте өнердің, мәдениеттің жанашыры, қамқоршысы, осы саланың намысын жыртушы ретінде қал-қадерімше еңбектендім және еңбектеніп келемін деп ойлаймын. Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ашылуында (1991 ж.) менің де үлесім бар. Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, Сенат депутаты. Осы театр орыстанып бара жатқан Ақмолаға жаңа леп, жаңа бетбұрыс, өзгеріс әкеліп еді. Театрдың төңірегінде барлық намысы бар қазақтар жиналып, шоғырланып, бірігетінбіз. Театрдың әрбір премьерасын үлкен оқиға ретінде қабылдап, оны қызықтап, қуанып, талқылап, актерлермен бірге болушы едік. Актерлерді ғана емес, жалпы сахна қызметкерлерінің бәрін біліп, танып, әртүрлі қамқорлық көрсетуші едік. Қазақстанда бірінші рет “дала театры” ұғымы да осы Ақмолада басталып еді. Қазақтың талантты, ақ маңдайлы театр режиссері Жақып Омаров Бөгенбай батырдың 300 жылдық тойында Ерейментаудың баурайында, ашық далада спектакль қойып, ол кейін басқа облыстарда да жалғасып кетіп еді. Ақмола жеріндегі оң өзгерістер, сол қазақ театрының ашылуынан, қалаға Ақмола атын қайтарудан, бұрын болмаған зәулім мешіт салудан басталып еді. Кейін осы өзгерістер Ақмоланың Астана болуына алып келді. Әрине, қазір қалада театр да, талантты өнер ұжымдары да көп. Бірақ қазақ музыкалық-драма театрының осы қалаға, жаңа Астанаға, Тәуелсіз Қазақстанға жасаған еңбегі ерекше еді, менің ойымша, ол әлі лайықты бағаланбай келеді. Келесі жылы Тәуелсіздігімізге — 20 жыл, Астана Қазақ театрына да — 20 жыл. Театр 20 жылда ғимаратын өзгерте алмай, сол баяғы облыстық деңгейдегі қалпында тұр. Осы жылдары Астанада көптеген мәдениет ошақтары салынса да, Қазақ театрына кезек жетпей келеді. Не мәдениетті дамыту, не қазақ тілін дамыту бағдарламаларында да театрдың орны байқалмайды. Театрдың абыройына нұқсан келтіретін тағы бір жағдай: театр басшыларының тым жиі ауысып жатуы. Осы театрда бірінші күннен бастап еңбектеніп, көптеген спектакльдерде бас рөлдерді талантты сомдап, сүйікті актерлерімізге айналған, бірнеше театр фестивальдарының жүлде иегерлері Болат Ыбыраев, Түймехан Атымтаева, Бақыт Исабекова, Гүлбаршын Қылышбаева осы күнге дейін бір де бір атақ ала алған жоқ. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рымкеш Омарханова не 70 жылдығын дұрыс тойлай алмады, мемлекеттік марапатқа қолы жетер емес. Осы мәселелерді қорытындылай келе, Үкіметке мынадай сауалдарды көлденең тартқан жөн ғой деп есептеймін: — Астана қазақ театрының жаңа ғимараты қашан салынады? — Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында 20 жылға келіп отырған Қазақ театрына өз деңгейінде қамқорлық көрсетіле ме? — Осы театрда өнер жолының бірінші күнінен бастап жұмыс істеп, Астанаға үлкен еңбек сіңіріп келе жатқан актерлер елене ме, лайықты атаққа, марапатқа ұсыныла ма? Білім беруге қатысты заңнамалар таныстырылды Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен “Назарбаев Университеті”, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” және “Назарбаев Қоры” мәртебесі туралы, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобаларының таныстырылымы өтті. Заң жобалары бойынша “Назарбаев Университеті” АҚ президенті Аслан Сәрінжіпов баяндама жасады. “Назарбаев Университеті”, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” және “Назарбаев Қоры” мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына 2006 жылғы 1 наурыздағы “Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы” және 2010 жылғы 29 қаңтардағы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауларына сәйкес әзірленді. Жолдауда Мемлекет басшысы Астанада түлектерге ерекше қабылдау шарттары мен айрықша қойылатын талаптары бар беделді инженерлік-ғылыми оқу орнын құру және тиісті заң жобасын Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізу міндетін алға қойған еді. Болашақта өзін заманауи жоғары зерттеу оқу орны және жоғары білімнің халықаралық стандарттарын іс-тәжірибеде қолданатын жоғары білім ордасы ретінде танытуы үшін әлемнің жетекші білім беру мекемелерімен ынтымақтастық құруды мақсат тұтқан. Заң жобалары бойынша депутаттар Р.Сәрпеков, Ш.Өтемісов, Б.Баймағамбетова, Қ.Бисенов, С.Темірболатов сұрақтар қойып, пікірлерін білдірді. Аталған құжат бойынша таныстырылымды жұмыс тобының жетекшісі депутат Гүлмира Исімбаева жүргізіп отырды. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист. Ауыл мәдениетіне баса назар Сенатта Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің басшысы Ақан Бижановтың төрағалық етуімен болған депутаттардың Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедпен кездесуінде ауылдағы мәдениет нысандарын дамытуды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етудің мәселелері талқыланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Кездесуді аша келіп А.Бижанов мәдениет саласын жан-жақты дамытуға арналған ұлттық “Мәдени мұра” стратегиялық жобасын жүзеге асыру мәселелеріне баса назар аударды. Сенатор “қазіргі кезде мәдениетті дамытуға және классикалық және ұлттық өнердің үздік дәстүрлерін дамытуға, сақтауға, оның әлемдік мәдени кеңістікке кірігуіне барлық жағдай жасалған” деп атап өтті. Тек үстіміздегі жылы мәдениет ошақтарын жөндеу жұмыстарына 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазіргі кезде мәдениетті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясат тиісті заңнамамен қамтамасыз етіліп отыр. Атап айтқанда, биылғы жылы “Мәдениет туралы” заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Саланың инфрақұрылымын, материалдық-техникалық базасын нығайту үшін, А.Бижановтың айтуынша, мәдениет саласындағы қызмет көрсетулермен ауыл халқын қамтамасыз етудің жүйесін күшейту қажет. “Бұл жұмыс Мәдениет министрлігінің ауқымды үйлестіру істерімен жүзеге асуы және жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында болуы тиіс”, – деп атап өтті сенатор. Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысының бастамасымен дүниеге келген ұлттық “Мәдени мұра” стратегиялық жобасының жүзеге асқан екі кезеңінің негізгі қорытындылары туралы хабардар етті. Кездесуде мәдениет саласын дамыту туралы егжей-тегжейлі айта келіп, М.Құл-Мұхаммед таяу арада шешілуі тиіс көкейкесті мәселелерді атап өтті. Талқылау барысында сөз алған депутаттар мәдениет саласындағы инфрақұрылымды одан әрі көркейту, ауылдық жерлердегі мәдени-демалыс ошақтарын қалпына келтіру және құрылысын салу жөніндегі жұмыстарды белсенділендіру жайында ойларын ортаға салды. Мақсат – кәсіпкерлік туралы заңнаманы жетілдіру Сенаттағы Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің депутаттары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ғылыми инновациялар және интернационалдық жобалар саласы бойынша ресми консультанты, Кемнитц қаласындағы (ГФР) техникалық университеттің профессоры Вольфрам Шарффпен кездесуінде шағын және орта бизнес жөніндегі заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды. Кездесуді аша келіп, комитет төрағасы Нұрлығайым Жолдасбаева ұлттық экономиканы жаңғырту, индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру міндеттері тұрғысында кездесудің маңыздылығын атап өтті. Сенатор инновациялық даму саласы, экономиканың басым секторын индустрияландырудағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жөніндегі ұлттық заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер туралы В.Шарффты хабардар етті. Кездесуде сөз алған В.Шарфф ГФР-дағы кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тәжірибесі туралы әңгімеледі, шағын және орта бизнес секторын нығайтуға, инфрақұрылымды дамыту және құрамдас инновацияны енгізуге арналған заңнамаларға тоқталды. В.Шарфф Қазақстан экономикасын жаңғырту саласындағы Президент Н.Назарбаевтың саясатын жоғары бағалады және шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін мамандар даярлауда неміс тарапының тәжірибе алмасуға, бизнес орталарына жастарды тартуға әзірлігін айтты. Бұл мақсатты жүзеге асыруға ықпал ететін шаралар қатарында шағын және орта кәсіпорындарды қолдау, ғылыми-зерттеу әлеуетті, кәсіби және техникалық білім беру жүйесін белсендірек іске қосу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу және қабылдау қажеттігі аталып өтті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Халықаралық стандарттарға сәйкеспейді Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты. “...Қостанай қаласында облыстық техникалық реттеу және меторология комитетінің қызметкерлері Қытайда шығарылған балалар денсаулығына қауіпті ойыншықтардың бір партиясын тәркіледі...”, “...Оңтүстік Қазақстан облысының прокурорлары тексерілген 267 ойыншықтың 22-сін балалар денсаулығына қауіпті деп тапты...”. Соңғы кездері осындай елді елең еткізерлік, үрей туғызарлық хабарлар жиілеп кетті. Бірақ журналистердің жанайқайына құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Қайда барсаң да, Қытайдан жеткізілген қауіпті ойыншықтардан аяқ алып жүре алмайсыз. Ал олардың қауіп-қатерге толы, құрамында адам ағзасына зиянды улы химиялық заттардың бар екенін айтып, бүкіл әлем дабыл қағуда. Дабыл қағып қана жатқан жоқ, оған қарсы шаралар қолдануда. Мәселен, бүгінде Аспанасты елінде шығарылған ойыншықтарды Солтүстік Америка мен Австралияның дүкендерінде сатуға тыйым салынған. Сол сияқты, Ресей Қытай ойыншықтарын зерттеу нәтижесінде оның құрамында улы химиялық заттардың көптігін анықтаған соң, дайын өнімдерді кері қайтарып, тіпті осыған байланысты арнайы заң қабылдаған. Өкінішке қарай, басқаларға керексіз болып қалған осы ойыншықтар біздің елімізге еш кедергісіз, тексерусіз ағылып жатыр. Қолда бар деректерге сүйенсек, сауда нүктелеріне шығатын ойыншықтардың 80-90 пайызы Қытайдікі көрінеді. Мамандардың айтуынша, Қытайдан келген ойыншықтар халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді, олардың құрамында сәбилердің денсаулығына, өмірі мен келешегіне қатер төндіретін улы заттар, мәселен, формальдегид әдеттегіден 10-15 есеге дейін көп екен. Және бояудың құрамында фенол, қорғасын элементтерімен қатар, химиялық ингредиенттер де кездесетін көрінеді. Өйткені, ойыншықтар негізінен химиялық өндірістің қалдықтарынан жасалады. Ал бұл баланың миын зақымдап, көру қабілетін төмендетіп, кемтарлыққа ұшыратуы мүмкін. Бүлдіршіндердің қолына тиген кез келген затты аузына салып, иіскей бастайтыны белгілі. Осылай зиянды, улы заттар бала ағзасына түсіп, түрлі ауруға ұшыратады. Қытайлық ойыншықтар шығаратын дыбыстардың да нормадан асып түсетіні анықталып отыр. Бұл баланың есту қабілетінің төмендеуіне, тіпті саңырау болып қалуына әкеліп соқтырады. Осыдан оншақты жыл бұрын Еуроодақ елдерінде тісі шығайын деп жүрген сәбилерге арналған әртүрлі дыбыс шығаратын ойыншықтарды поливинилхлоридтен жасауға тыйым салынған болатын. Алайда, Қытайдан әкелінген ойыншықтардың барлығы осы материалдан жасалған. Жұмсақ резеңке ойыншықтарын бояйтын заттар құрамындағы кадмий мен қорғасын мөлшерінің қалыпты деңгейден әлдеқайда жоғары болуы да алаңдаушылық туғызады. Мұндай улы ойыншықтарды пайдаланған балалардың иммунитеті әлсіреп, аллергиялық ауруға сондай-ақ, асқазан, ішек дерттеріне жиі ұшырайды. Талдаулар көрсетіп отырғанындай, азық-түлік, сусын, бояғыш заттарға қарағанда, бала ойыншықтарының қауіпсіздігі 7-8 пайыз жоғары. Өйткені, ойыншықтар көбіне-көп аз мөлшерде, кішігірім сөмкелермен әкелінетіндіктен, оларды ешкім де ұстап, тексермейді. Еліміздің “Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы” Заңының 7-бабында ойыншықтардың сыртында өнімді дайындаушы, тауар белгісі, ойыншық атауы, дайындалған күні мен өндірген мемлекеттің аты, тауар белгісі, қолданылу шарттары, пайдалану жөніндегі нұсқаулықтары көрсетілуі тиіс екені айтылған. Ал базардағы ойыншықтарда мұндай мәліметтер мүлдем кездеспейді. Ойыншық мәселесіне жеңіл-желпі қарауға болмайды.Оның аяғы үлкен өкініштерге әкеліп соқтыруы мүмкін. Өйткені, ойыншық – баланың ермегі ғана емес, қолынан түспейтін, ұйықтаса құшақтап жататын серігі де. Ойыншық арқылы баланың ойлау қабілеті артады, сол арқылы өмірге бейімделеді. Сондықтан ұлт боламын деген, ұрпағын ойлаған ел балалар ойыншығына, әсіресе, сырттан әкелінетін ойыншықтың сапасына, қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлуге, қатердің алдын алуға тиіс. Алакөлдің жағалауы алаңдатады Ерболат ӘПСӘЛЯМОВ, Мәжіліс депутаты. Шығыс Қазақстанның тұмса табиғаты талай адамды тамсандыратыны жасырын емес. Еліміздің сұлу өңірлерінің бірі – Алакөл. Алайда, кейінгі жылдары Алакөл жағалауының үлкен қарқынмен бұзылуы көл маңайында орналасқан елді мекен тұрғындары мен жыл сайын көл жағалауына келіп дем алушы адамдар үшін үлкен қауіп төндіруде. Су толқындары мен қысқы уақыттағы мұз құрсауынан бұзылып жатқан жағалау осы күні көл маңайында орналасқан елді мекендерге мейлінше жақындай түсті. Жағалаудың су екпініне шыдамаған шығыс беткейі 300 метрге дейін жылжыған. Жыл сайын жағалаудың 20-30 метрі бұзылады. Соның салдарынан көл маңында орналасқан Қабанбай ауылы арқылы өтетін ұзындығы 1800 метрлік тас жолды су шайып кеткен. Бүгінде көл суы “Дорожник” демалыс үйі мен басқа да демалыс орталықтарына жақындап қалды. Ал жыл сайын көл жағасына келіп демалып, ем қабылдаушылардың саны жылына 60 мың адамнан асады. Жағалау алдағы уақытта да мұндай қарқынмен бұзылатын болса, таяу орналасқан елді мекендерді су басу қаупі туындап тұр. Көл жағалауының қарқынды бұзылуын тоқтату мақсатында 2007 жылы жағалауды нығайту жобасы қолға алынған болатын. Жоба бойынша көл жағалауына су толқындарына қарсы арнайы тосқауылдар тұрғызылуы керек. Аталған құрылыстың бірінші кезегінің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалып, ол мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Бірінші кезекте көл жағасына ұзындығы 175 метрді құрайтын айлақ және 162 метрлік тосқауыл тұрғызу жоспарланған. Жоба бойынша бұл жұмыстардың құны 594 млн. 987 мың теңгені құрады. Бас мердігер – “Семмелиорация” заңды тұлғалар бірлестігі. Мердігер жоба аясында бірінші кезекті тұрғызу жұмыстарын жүзеге асырды. Алайда, Төтенше жағдайлар министрлігі аталған бірінші кезек құрылысының толық аяқталуына қажетті қаражатты бөлмей отыр. Сол себепті құрылыс жұмыстары 2010 жылы уақытша тоқтатылған. Бүгінде қарыз қалдығы 57 млн. 737 мың теңгені құрайды. Қаржыландыру жалғастырылмайтын болса, бірінші кезектің құрылысына жұмсалған қаражат зая кетуі мүмкін, ал екінші кезектің құрылысы мүлде басталмауы ықтимал. Өйткені, көл жағасына салынған айлақ су ішінде қалып қою қаупі бар. Сөйтіп, аталған жоба мүлде аяқсыз қалуы мүмкін. Бұл мәселе қазір аудан, облыс басшылығын да толғандырып тұр. Аталған өңірдің тұрғындары Мәжіліс депутаттарына қиын жағдайдың оң шешілуіне ықпал етуін өтінді. Осы орайда Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдап, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы Қабанбай ауылының жанында Алакөл көлінің жағалауын нығайту жұмыстарының бірінші кезегінің құрылысын аяқтау үшін 57 млн. 737 мың теңге қаражат бөлу жөніндегі мәселеге назар аударуын сұрадым. Алакөл мәселесінің оң шешілуіне Үкімет басшысы да, тиісті министрліктер де оң көзқарас танытады деген сенімдемін. Байланыстарды өрістету жолында Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Лале Үлкер ханым мен еліміз Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, Қазақстан-Түркия парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі Уәлихан Қоңырбаевтың кездесуі болып өтті. Кездесуде Қазақстанның тәуелсіздігін Түркияның әлем елдері ішінде алғаш болып танып, қолдау білдіргені, екі мемлекет арасындағы саяси-экономикалық, рухани-мәдени, білім мен ғылым салаларындағы ынтымақтастық қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқаны туралы әңгіме қозғалды. Тараптар парламентаралық байланысты өрістете түсудің келешегі жайлы да пікір алмасты. “Егемен-ақпарат”.
•
02 Қазан, 2010
ПАРЛАМЕНТ "Егемен Қазақстанның" арнаулы беті
800 рет
көрсетілді