Әуелгі кезде бұл газет “Социалистік жол” деген атпен жарық көрген. Алғашқы редакторы белгілі журналист Жармақ Ыбыраев, алғашқы жауапты хатшысы ақын Сәду Машақов болған. Газетке “Достық” аты 1962 жылы көктемде берілді.
Бұл газетті әр жылдары Ғ.Әміров, М. Нұрғалиева, Яғали Жәйкенов, Айтмұханбет Орманбетов, Гүлшира Шегірова, Қапан Сапарғалиев, Манап Салықбаев, Орынбасар Тәшенов, Болат Зәкенов, Бекен Жапаров, Әмина Сақажановлар басқарып, газеттің халықтың тірегіне, жаңалықтар жаршысына айналуына үлкен үлес қосты. Әубәкір Нілібаев, Зарықбай Ыбыраев, Тоқтарбек Қызықбаев, Асқар Егеубаев, Марат Қабанбаев, Нұрлан Мәукенұлы, Қайролла Әліпбаев, Ғалым Байбатырұлы, Рахмет Түлкин, Мәкеш Әукебаев, Қинаш Серікбаев, Әбетхан Тоқтағанов, Сәруар Қабдірзақова, Ардақ Бөлдекбаева, Мырзабек Бүйіншаров, Майрагүл Мағзұмова, Мәрия Сақажанова, Сайранбек Азбаев секілді алды елімізге, арты Шығыс өңіріне танымал ақын-жазушылар, журналистер осы газеттен түлеп ұшты.
Бекен Жапаров, Әмина Сақажанова, Жаңылсын Бақбаева, Гүлнәр Иманқұловалар газетте ұзақ жылдар жемісті қызмет етіп, аудан халқының сүйікті журналистеріне айналды. Майшекер Қуанышева, Тұрсынхан Оспанов, Қайрыкен Оқасов, Тұрысбек Еділбаев секілді өмірдің әр саласында жемісті қызмет атқарған қоғамдық тілшілер газетпен тұрақты байланыста болды.
Еліміз өз тәуелсіздігіне ие болғаннан бері аудандық газеттердің арасында тез ес жинап, нарық жағдайына бейімделе білген басылымдардың бірі де осы “Достық” газеті. Өз оқырмандарын көп жоғалтпай, жүйелі жұмыс істеп отырды. Аудандық газеттердің арасында облыста алғашқылардың бірі болып компьютерлендірілді. Газеттің тұрақты шығуына, материалдық-техникалық базасын сақтап қана қоймай оны жаңартуына Зайсан ауданының әкімдігі көмектесіп отырды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.