• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Қазан, 2010

Сөз сойыл (Әзіл-оспақ. Сын-сықақ)

1045 рет
көрсетілді

Күні кеше фәниден озған Мейірбек Ақынбеков – сатирик, аудармашы, журналист еді. Ол Оңтүстік Қазақстан облыстық және аудандық газеттерінде, республикалық “Сұхбат” газеті мен “Денсаулық” журналында жұмыс істеді. Республика баспаларынан лирикалық, сатиралық, балаларға арналған жыр жинақтары мен аударма кітаптары жарық көріп, өз жырлары орыс, өзбек тілдеріне аударылған. “Сөз сойыл” әзіл-сықақ отауының белсенді авторы бола жүріп, “Егемен Қазақстан” газетінің Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлдегері болған Мейірбек Ақынбекұлының дүниеден қайтқанына бір жыл толып отыр. Бүгін біз марқұмның көзі тірісінде редакцияға жолдаған біраз әзіл-оспақтарын жариялауды жөн көрдік. _____________________ Сатира саңлағынан сарқыт ӘПӘНДИРОВКА Әйелі күндегіше қуырып отыр, Күйеуінің күлін көкке суырып отыр, – Бетім-ай, Байдан бай таңдаппын, Сөйтіп жүріп, Сен масылды қайдан таптым, Құрайық деген соң отан Болар деп майшелпегім, Бұйдалы ботам, Көне саппын. Сөйтіп, “жалынды махаббатыңның” Алғашқы отына “өле саппын!” Сөйткен байымның бар байлығы-айлығы, Сырттан табар май, шайлығы! Әкелер қойы, қазысы. Міне, осы бар бітірген мәз ісі. Әйтеуір күн көріп отырмыз. Шынын айтқанда қатарымыздан қалып, Күнде “өліп отырмыз”. Болмаса анау өзіміздей Итемгеннің “волгасы бар”. Жоғарымен әмпей “жорғасы” бар. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болар, Жан-жақтан мықты жолдасы бар. Әйелінің кигенін көрсең, Жалт-жұлт етіп жүргенін көрсең, Асылып өлгің келеді. Сол Итемгенге Күшікгүл болып Бас ұрып, өлгің келеді. Әй, маубас! Бүйтіп еркек болғанша, Шөлде қаңғып, тауды ас! Тасбақа тер, жылан сау, Сөйтіп жүріп өл, Көз жасым болмас көл, Саған вниманием нөл! – деді. Содан кейін де “жаушабар” Талай сөз өрледі. Еркегі жиылды, киінді. Бар айтқаны: – Кеттім! – деді, – Түбіме жеттің! – деді. – Қайда кеттің? – Әпәндировкаға! Яғни, басы ауған жаққа! ...Ал, ағайын бүгінде Түзде нарық қысқан, Үйде әйелі жүрегін жарып қысқан, Еркекте ес қалды ма? Оның алыстағыны арқалап, Жақындағыны дорбалап тасығанын Көр сезім әйелі еске алды ма? Күнде ығыр мыжыңнан Құлақты жер ызыңнан Кім де болса сасыпты. ... Ал бұл жерде жөн болғаны “Пәледен машайық қашыпты!” ӨСЕКНАМА Өсек о баста – Әлімсақтан таралған. Нағашысы – Өтірік Бауырына басып баулыған. Бірде ол: – Жиен, – деген, – Сен үшін отқа түсіп күйем, – деген, – Бір дорба бата берем, Соны өмір бойы іске асырсаң, Әрдайым жаным риза болып, Оң жамбасыммен жата берем! – Айта қойыңыз... Сол батаңыз... – Алдымен шындықты Зеңбірекпен атамыз! Гүлі түгілі күлі қалмасын, Жер бетінде шындықтың түгі қалмасын, Орнына өзіңді себеміз. Қаулап өсесің, Лаулап өсесің, Өнбейтінді өндіріп, Даулап өсесің! Сөз атаның балаларының ішінде, Өзіңше бір түр боласың. Қысқасы, айдай әлемге, Жалғыз өзің пір боласың! Жаныңа желдіртіп желсөз келеді, Жайтаңдап жағымпаз келеді. Елбеңдеп екіжүзді келеді, Салып ұрып сатқын келеді. Тұқымдас туыстарың ғой, Оларды сыртқа теппе, Өйтсең айтады өкпе! Бәрін іске қос, Сөйтіп артын тос, Ал содан қызық басталады. Алдыменен айналаңның бәрі “Пыс-пыс” деп жанады. Онан соң “мыс-мыс”  деп жанады, Тұрған маңың түп-түгел өрт болады, Өлмей құтылмайтындай дерт болады. Міне, осы кезде Менің атым “Өс-е-ек” – деп, “Тұлғам – кесек!” – деп “Гу-у-у-ук, Пыш-ш-ш-ш!” деген пойызға мін де, Жаңа орынға тарт. Иә, өстіп жұмысың алға тарта берсін, Мәртебең арта берсін, Аумин! – Деп бата берді Нағашысы Өтірік, Аузы көпіріп. *  *  * Содан бері Өсек өңмеңдеп жүр, Қадала кетер шөңгең боп жүр. ТҮСІНІКТЕМЕ СӨЗДІКТЕР Екіжүзді – найсап пен нақұрыстың жиені. Өсекші – жел сөздің желкен көтерушісі. Өтірікші – шындықтың қырманына өрт қоюшы. Мақтаншақ – көпіршік сабын. Еріншек – “ертеңі” таусылмас ертегіші. Жалқау – құдайдан дәметкен қайыршы. Маскүнем – ішкіштер қосы­нының байырғы сарбазы. Қарабет – ар-ұяттың әрі бетіне жұқпайтын жан. * * * ӘЙ, ЕСІТТІҢ БЕ? Бір-бірімен жалғас отырған көршілерден ду етіп сөз шығып, ауладан-аулаға түрленіп, лауыл­дап ұзай берді. Ол мынадай еді... – Есіттің бе, Дабыл Әбілмен сөзге келіп қалыпты. – Апырай ә, Дабыл оның жа­ғасын жыртпаса жарар еді. – Әй есіттің бе, Дабыл Әбілмен ерегісіп жаға­сын жыртыпты, мас болуы керек шамасы. Бір нәрсемен ұрып жарақаттамаса игі еді... – Әй есіттің бе, Дабыл Әбілмен жан­жалдасып жағасын жапа­лақтың жүніндей жұлыпты. Удай мас екен, жан қалтасынан бәкі алып, Әбілді бала-шағасымен шулатып, үйді айналдыра қума­са нетті. Оның сондай әдеті бар. – Әй, есіттің бе, Дабыл өлесі мас болып, Әбілмен төбелесіпті. Жағасын дар-дар айырыпты. Қо­нышынан кездік суырып алып, бала-шағасымен дүрліктіріп үйін айналдыра қуыпты. Мінезі тентек еді, апырай, қуып жетіп Әбілге кездік салмаса... – Әй, есіттің бе, Дабыл дупль мас болып, Әбілдің жағасын өрім-өрім етіпті. Бала-шағасымен қосып үйін айналдыра зырқы­ра­тыпты. Қуып жеткенінде бір-бір пышақ сұғып алған да, Әбілге төрт рет қадаған. Ер азамат қыр­шын кетпесе жарар еді... – Әй, есіттің бе, Дабыл мастықтан арыстандай ақырып, көршісі Әбілге жетіп барыпты. Жағасын дал-дұл етіп, мойнынан қыл­қындырыпты. Отбасымен дүрліге қашқан Әбілді үйін айналдыра қуыпты. Төс қалтасынан төрт елідей жүзі бар қанжар шығарып, жеткендерін шала-жансар етіп сойып тастапты, ал Әбілдің басын кесіп алыпты!.. Бір боздақ қыршын кетті-ау... – Не дейді-әй, Әбіл өліп пе... Бауырым-а-а-ай! Бауырым-а-а-ай!.. Арманда кеткен бауыр-р-ем! Қыршын кеткен бауыр-р-ем! Ой-бо-о-о-ой! Үй-бо-о-о-ой! АҺ!.. ҮҺ!.. Бұл сұмдық хабар Дабыл істейтін мекеменің бастығы Пүшәйт Елпілдековке де жетті. Жаратылысынан түсі сұсты, көрінісі гүжбен Дабыл жайлы осы жігіт дөкір-ау деп ойлай­тын. Мына оқиға бастықтың ойын тым шүбәсіз етіп жіберді. Бәрібір жұмыс орнынан сұрай­ды ғой деп полициядан хабар келмей тұрып-ақ мінездеме жазып үлгірді. Мінездеме Дабыров Дабыл этикадан хабары жоқ, дөрекі. Жұртпен тіл табыса алмайды. Қай жұмыста жүрсе де артынан айқай-шу еріп жүреді. Кәмілов Әбілдің үйіне есінен тана мас болып барып ерегіскен. Жағасын шұлғаудай дар-дар айырған... Беліне айбалта қыстырып барып, отбасымен дүрліктіріп, он рет үй айналдыра қуған. Қолына түскен бала-шағаның сирағын кескілеп, Әбілдің басын шорт шауып алған. Сөйтіп, жұрт көрсін деп қақпа басына іліп қойған. Мұндай қанішердің жазасы... Тоқта, тоқта, мынау не қылған жазу. Елпілдеков жұма күні хатшы қыз берген үстел үс­тіндегі бір қағазға үңілді. “Қымбатты Әбіл! Жексенбі күнгі кешкі сағат 7-де менің туған күнімді атап өту кешіне кел! Көршің Дабыл”. Не дейді?.. Бұл шақыру хаттың ас­тында өзіне, мекеме қызмет­кер­лері Әлімге, Сәлімге, Әділге, Сә­ділге... тағы басқаларға жазылған ша­қыру хаттары жатыр екен. Еһ, мен жігіттерді ұйымдастырып бас­тап баруым керек еді... Бұл хаттар қамаулы қалып, ешкімге тара­тылмаған екен ғой! Бүгін дүйсенбі... ...Кейін анықтаса, хабарсыз жұртты Дабыл үйме-үй жүріп өзі айтқан. Бірінші көршісі Әбілдің жабық қақпасын ешкім дыбыс бермеген соң қатты-қатты қақ­қан, атын айқайлап шақырған. Телевизор қызығымен отырып алғаш дыбысты аңғармаған Әбіл кейін бала-шағасымен дүр етіп үйден аулаға шыққан. Екі көрші қатты қауқыл­дасып амандасқан. Бір-бірінің иықтарын қағып қолдарын сілкілескен. Құрдас, әрі етене достар құшақтаса төс түйістірген. Дабыл дастарқан жайып, көптен күтіп отыр­ғандығын айтып шамалы назбен өкпелеген. Міне, осы дауыстарды естіп, қақпаны Дабылдың қайта-қайта соққанын, құшақтасқан­дарын көрген көршілердің одан соңғы әңгімесі “Әй, есіттің бе!..” болды. Мейірбек АҚЫНБЕКОВ. Оңтүстік Қазақстан облысы. * * * Өтпелі кезең хикаялары АЛАШАҚ, БЕРЕШЕК... Құрақбай құрдасымның алғашқы дағдарыс жылда­рын­да тапқан-таянғаны тамаққа, ал­ға­ны ішер асқа, қалғаны тұр­мыс­тың түйінін тарқатуға жетпей қиналған шағы-тұғын. Айна­ла­йын банктер, сол кезде хал­қының қамын қамдап не­сиенің не­ше түрін шы­ғар­ды ғой! Олар да өзара бә­се­ке ме, қалай, дереу “Па­й­ы­зы төмен несие алың!”, “Па­йыз­сыз несие ал­ың!” деп жағы тал­ған­ша жа­ра­пазан айта жарнамалап, тіпті үйме-үй аралап, “ал да ал­дың” астына алып, несие ақ­шаны ала­қанына салып, талайды на­рықтың қыспағынан құт­қар­ғандай болған. Үйіне өзі әкеліп беріп тұрған банк несиесіне мәшине де, үй де, жауһардай жайнаған жиһаз да, не керек, қысқасы, ең қажет дегенін сатып алып, “шала байып” қалғанымен, бұл күнде “несиенің де бе­ре­кесі шамалы екен” деп отыр, құр­да­сым. Қи­налған сәтте үйіне кел­ген банк өкілінің меселін қа­йыр­май, несиенің түрін ала бер­ген құрдасым, енді банкке де өкпелі. Қолында несиеге алған ақшасы бар кезде Асабайға алпыс мың, Жетібайға жетпіс мың беріп, мырза атағына жетіп қалған-тұғын. Сөйтсе, өзінен қарыз алып жүрген әлгілер де қарап жүрмеген екен. Олар да біреуге қарыз беріп, өздері де біреуден қарыз алған екен. Енді арада жылдар жылжыған кезде біріне бірі берешек, бірінен бірі алашақ. Өзінің дәл бүгінге, несие пайызын қайтаруға дәрмені бол­маған соң, көршілері Есеннен елу мың, Адақтан алпыс мың алып, банк­тегі несие қайтарымын жауып отыр. Қазір көршілерінің бәрі де біріне бірі қарыздар. Құдайға шүкір, әзірге жоқ арыздар! Соңғы кезде оның есебі тек қана бір Аллаға аян. Бастапқыда алған қарызы мыңдап саналса, кейіннен дөңгелене, дөңгелене он мыңдап, қазір жүз мыңдап есеп­телетін болды. Оның үстіне күн санап құн­сыз­данатыны тағы бар. Оны құн­дан­дыра қай­та­ра­тын да парыз бар. Құрақбай көршілері Алғиға алпыс мың, Желбиге жетпіс мың қарыз ақшасын қайтарып берсе, есесіне құрдасыма Жүгембай жүз мың, Тоқбай тоқсан мың берешек, алашақ болып Құрақбай да борышкерлер өткелінен өйтіп-бүйтіп өтіп келеді-ау, әйтуір! Несие қайтаратын жылдың мерзімі де жеткізіп болмайтын ұзақ, әлі он жыл бар.Тек құдай сақтасын, біріне бірі қарызданып жүріп, әлгілер о дүниеге... Аталық ӘБДЕШҰЛЫ. Маңғыстау облысы. * * * Ауылдың айтқыштары Белгілі айтыс ақыны Серік Құ­санбаевтың облыстық “Ди­дар” газетінде қызмет істей бастағанына үш-төрт жылдың жүзі болса керек. Серіктің зайыбының есімі де Дидар екенін көпшіліктің біле бермеуі әбден мүмкін. Газетке алғаш орналасқан тұста түрлі қызықты оқиғалардың да кезіккенін ақын күле отырып әңгімелейді. – Бірде үстеліме келіп жайғаса бергенім сол, – дейді Серік Сәдуақасұлы, – телефон шыр ете қалды. Трубканы құ­ла­ғыма тосып, “аллоу” демеймін бе. – Дидар ма? – деп гүж етті ар жағынан біреу. Сасқанымнан үйдегі әдетпен: – Жо-жоқ, Серік! – дегенім бар емес пе. * * * Серіктің сол қолының бір саусағы жоқ екенін жақын жүрген адамдар болмаса, басқа жұрт аңғара бермейді. Біраз жылдар бұрын Көкшетауда өткен Көкен Шәкеевті еске алуға арналған ақындар ай­тысында маңғыстаулық Нұрлан Мұсаевтың бағасын берерде белгілі ақын Баянғали Әлім­жа­нов сан жазылған тақтайшадан жаңылып қалып: – Он ұпай, он, он! – деп екі қолын көтере беріпті. Соңынан әлгі жас ақын былай деп әзілдеген екен: – Әлгінде мені құдай сақ­та­ды. Баянғалидың орнына Құ­сан­баев қол көтергенде мен не­бәрі тоғыз-ақ ұпай алған болар едім... * * * Күршімдегі белгілі кәсіпкер Жолымхан Нұрымовтың қыршаңқы тіркестері мен ұтқыр әзілдерін естіген адамның бұл азаматқа одан әрі тәнті бола түсетініне күмәніміз жоқ. Жолымхан бірде өзімен көрші тұратын архивтің директоры Мейірхан Құсмановтың үйіне бас сұқса керек. Мекең түскі шайдан соң теледидар көріп жатып қалғып кеткен көрінеді. Өмірі шешпейтін галстугі мойнында, көзілдірігі жарқырап ұйықтап жатқан құрдасын оятпастан шығып кеткен Жолымханға біраздан соң Мейірханның өзі телефон шалыпты: – Әй, Жолымхан, сен маған келемін деп едің ғой! – дейді ол даңғырлап. – Баруын бардым, Меке, – деген екен сонда Жолымхан, – бірақ, сен мавзолейдегі Ленин құсап жатыр екенсің, оятуға бата алмадым... Хасен ЗАКАРИЯ. Шығыс Қазақстан облысы. * * * ЖҰМЫСТАҒЫ ЖҰМЫР СӨЗ Бір мекеменің мәжілісқұмар басшысынан біреу: – Бүгін қандай басқосу бар? – деп сұрағанда: – Екі өндірістік жиналыс, төрт салта­натты мәжіліс және бір митинг, – дейді ол. – Апырай, осы қи­сапсыз жиналыс, мәжіліс де­ген­дер сіздерді қалай жалық­тыр­майды? – деп сынай қарағанда: – Бұл сын-ескертпеңізді арнайы жиналыста талқылайық, бауырым, – депті сонда мәжілісқұмар бастық. *  *  * – Ал құттықтаймыз! Дегенің болып, бастықтың оң қолы болып шыға келдің! – Оң қолы болуын болдым-ау, неғып байқамағаным, басекең солақай екен!.. *  *  * Бір жалқау сан түрлі сылтау айтып, күнде жұмыстан ерте кетеді екен. Бір күні ол бастыққа келіп: – Үйге қайтуға рұқсат етіңізші. Біз қоныс аудармақшы едік, әйеліме көмектесуім керек, – деп сұраныпты. – Жібере алмаймын, – дейді бұдан әбден ығыр болған бастық. – Өйткені, жаңа ғана әйелің телефон соғып, “жерден сынық қурай көтермейтін ол көк жалқаудан көк тиын пайда жоқ, босатпай-ақ қойыңыз, жұмысын істей берсін” деді. Сонда жалқау күліп жіберіп: Өтірікші мен ғана ма десем, сіз де қалыс­пай­ды екенсіз-ау, мен бойдақпын ғой! – депті. Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.