• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2010

Өндірістік жарақат алған азамат неге ызалы?

580 рет
көрсетілді

“Егеменге” елден келді

Ол тілші қосынына телефон шалды. Көмескі, өмірдің қызығы сезілмейтін күңгірттеу дауыс. Кез­дес­тік. Жайын айтты. “Өмір сүргім келмей жүр” деді әңгімесінің бір иі­нінде. Не үшін екенін сезіп оты­рып, ақыл айтудың қиынын-ай. Қамал алар қырық жасында әйелі мен ата-анасы, балаларының қолы­на қарап қалған жігіт ағасы тереңірек күрсіне береді. Нажмаддинов Зиналаддин Түл­кі­бас ауданы, Тұрар Рысқұлов ауы­лының тумасы. Ауылда лайықты жұмыс шыға қоймаған соң 2007 жылы Алматыға барып 1 қарашада Мұстафа Айдын басқаратын “Ма­нас” ЖШС-іне жүргізуші болып жұмысқа кірген екен. Көп сөзге жоқ, біртоға, жұмы­сын ғана білетін азаматқа жұмыс беруші 35 мың теңге жалақы бел­гі­леген, оған қосымша 35 мың тең­ге қолма-қол беріп отырады. Са­лық­ты айналып өтудің амалы да болар. Өмір өз ағысымен жүріп жата­ды. “Манас” фирмасы Мақатаев көшесінде жалға алған 117-офистен Қонаев көшесіндегі 32-үйге ауысуға шешім қабылдайды. Бұл 2009 жылдың 3 ақпаны еді. Таңертенгі сағат тоғыз жарымда Зиналаддиннің өмі­рін өзгерткен оқиға болды. Лифт алаңында жарық болма­ған­дық­тан жәшік көтеріп келе жатқан Зиналад­дин абайсызда 10 метр биіктіктен лифт шахтасына құлап кетеді. Ес түссіз жатқан оны “Манас” жұмысшылары шахтадан шығарып, жедел жәрдеммен Алматыдағы №7 қалалық клиникаға жеткізеді. Ауыр жарақат алған оны клиникадан шыққан соң “Манас” басшылығы мәшине беріп, Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауылына әкеліп тастайды. Осылайша бір кездегі аяқ-қолы балғадай жігіт аяқ астынан жүріп- тұруы қиын ғаріпке айналады. Жұмысқа жарамайды. Жұбайының тапқанымен қу тамақты асырауға да болар еді, бірақ емдеуге кететін қымбат дәрі-дәрмекті ала беруге аз қамтамасыз етілген отбасының шамасы келе бермейді. “Манас” тарапынан не мате­риал­дық, не моральдық көмек бол­ма­ғ­аннан кейін ол 2009 жылы 9 сәуірде құжаттарын дайындап сақ­тан­дыру компаниясы мен аудандық сотқа шағымданады. Алайда, “Ма­нас” басшысы серіктестікпен ке­лісім-шартта тұрған “НОМАД Ин­шу­ранс” АҚ сақтандыру компания­сының өтінішіне қарамастан құжат дайындау мен еңбекке жарам­сыз­дығына байланысты қаржы төлеу­ден бас тартады. Осылайша атпалдай азамат сергелденге ұшырайды. Әр түрлі инстанцияларға шағым жазады. “Біреу біреудің жоғын түйе үстінде жүріп іздейді” дегендей, арызды бірінен біріне сілтеу орын алады. Ал “Манас” басшысы қаржы тө­леу­ден жалтару үшін түрлі айла-шар­ғыға барады. Нажмаддинов Зи­наладдиннің “Манаста” бұрыннан жасап келе жатқан туысқандары, қа­рындасы Нажмаддинова Нәзи­раны, інілері Сәкен мен Сайфуд­дин­ді жұмыстан шығарады. “Жы­ғыл­ған үстіне жұдырық” деген осы шығар. “Манас” ЖШС-ден қайыр болмағаннан кейін ұлының жағ­дайына күйінген анасы Айбалхан Темірбаева апай да жан-жаққа арыз жазған. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі Алматы қаласы бойын­ша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орын­басары Р.Қарабалаев жауап берген екен. “Тексеру барысында ұлыңызбен болған жағдайда жұмыс беруші та­ра­пынан тексеру жүргізіп, құжат­та­рын ресімдемегені белгілі болды. Тексеру нәтижесі бойынша жұмыс берушіге заң бұзушылықты жою жө­нінде ұйғарым шығарылып, әкім­шілік жазаға тартылды”. Осы­лай дей келіп, “Моральдық шы­ғын­ды өтеу мен сақтандыру ком­паниясының іс-әрекетін қадағалау департаменттің құзырына кірмейді. Сондықтан да бұл екі мәселені сот органдарына шағымдану арқылы шешуіңіз қажет” деп ақыл қо­сыпты. Мұндай ақыл Зиналаддинде жоқ емес. Жоғы – сот орындарына әрі-бері шапқылай беруге денсау­лы­ғы көтермейді. “Егеменнің” қосынын іздеп келгені сол. Жапырағын жел тона­ған күзгі ағаштай көңілсіз азамат “ен­дігі қайраным – сіздердің га­зетіңіз. “Манас” ЖШС мен сот орын­дары мені әрі-бері сенделтпей, талабымды қанағаттандырып берсе, соған көмектессеңіздер” деп өтініш айтады. Жұмыста жүріп жарақат алған азамат денсаулығы қайтып орал­майтынын білсе де, өзін санаттан шығарып, шағымын қанағаттан­дыр­май жүргендерге ызалы... Газет сақтандыру компаниясы да, сот шешімін орындаушы да емес. Бірақ, жүрегі жаралы жан­дар­дың емін табуға себепші екендігі сөзсіз. Жұмыс барысында өн­діріс­тік жарақат алған азаматтың тала­бы­на, тағдырына жұмыс беруші мен сот орындарының сергек қарау­ын тілер едік. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.