Жұлдызы жарық, жұмбағы қалың тұлға
Қазақ халқының рухани тірегінің бірі ғалым Шоқан Уәлихановтың туғанына 175 жыл толуына орай Қостанай облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен “Шоқан Уәлихановтың рухани мұрасы мен қазақстандық және әлемдік ғылымдағы қоғамдық ілгерілеу идеяларының дамуы” атты ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Оған Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, Саттар Мәжитов бастаған тарихшы ғалымдар Шоқанның жамбасы жерге тиген жер – Алтынемелдегі мемориалдық музейінің директоры Сәуле Әбішева, Челябі мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Рифхат Динмухамедов келді. Ғалымдар мен Қостанай қаласының жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері және студенттер бас қосқан бұл алқалы жиында Шоқанның ғылыми мұралары мен өмірі және оның зерттелуі жайында келелі әңгімелер қозғалды.
ХІХ ғасырдың өзінде орыс ғалымдарынан жоғары бағасын алып, “шығысты зерттеу әлемінің аспанынан аққан жұлдыздай өте шыққан” Шоқан ХХІ ғасырда да ғылым үшін маңыздылығын мысқалдай да кеміткен жоқ. Өз халқы үшін оның ағартушылығы мен этнографтығы, ауыз әдебиетін жинаған еңбегі тағы бір төбе. Қамшының сабындай аз ғана ғұмырында халқына мол мұра қалдырған Шоқанды зерттеудің әлі жеткіліксіздігін, тіпті ХХІ ғасырда бұл жұмыстың енді басталуы керектігін айтты ғалымдар.
– Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, зерделеуде қазақ ғылымы мен әдебиетіндегі қос алып Әлкей Марғұлан мен Сәбит Мұқановтың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Әлкей ағамыз Шоқанның ғылыми еңбектерін жинақтаса, ал Сәбең ғажайып тұлғаның әдебиеттегі образын жасауға ғұмырын арнады,–дейді С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтың мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің директоры, ғалым Әділғазы Қайырбеков. Кейінгі жылдары шоқантану ісі кенжелеп қалғанын конференцияға шақырылған тарихшылардың өздері де мойындады.
– Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері шоқантану ғылымына ешқандай жаңалық қосылмады. Ғалым өмірі мен мұраларына қатысты ешқандай тың пікір, дерек ғылыми айналысқа түскен жоқ. Мұның өзі де тарихшыларды ойлантады, – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мәжитов.
– Шоқанның шығармашылығына, ғалымдығына қатысты орынның бірі Санкт-Петербург қаласы еді. Әлі күнге дейін осындағы архивтер түртілген жоқ, сол тың күйінше жатыр. Шоқанның ізін осы ғылыми үлкен орталықтан іздеу біздің алдағы мақсатымыз болуы тиіс, – деді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім бастығы, Шоқанның аталас туысы Едіге Уәлиханов. Конференцияға қатысқан ғалымдар осындай қадау-қадау ой-пікірлер айтты. Дегенмен институт ғалымдары қарап жатпағандығын, өзге елдердің архивтерімен тығыз байланыс орнатып отырғандығын да тілге тиек етті.
Ғалымның кіндік қаны тамған жері, өмірінің кейбір тұстары және қайтыс болу себебі әлі күнге дейін талас тудырып келеді. Қостанайда өткен ғылыми-теориялық конференцияда да осы мәселе көтерілді. Пікірталас та туындады. Қостанай облысының қазіргі Сарыкөл ауданына қарайтын Күнтимес деген елді мекенде ұлы ғалымның әкесі Шыңғыс Уәлиханов қонысының жұрты жатыр. Ал қазіргі Әулиекөл ауданындағы Құсмұрында Шыңғыс сұлтандық құрған. Шоқан қайда туған деген ой да осыған байланысты екіге жарылады. Ғалымның туғанына 160 жыл толған кезде оның қайда туғаны жөнінде облыста даулы пікірталас болғандығы белгілі. Ал ғалымның өлімі туралы да алыпқашпа әңгімелер бар. Осының барлығы да Шоқанды зерттеудің аяқталмағандығын, олқы екендігін көрсетеді деген түйін жасалды жиында.
Асылы, ұлы адамдар туралы ақиқатпен қатарласып халықтың қиялынан туатын аңыздың да еріп жүретін әдеті. Шоқан да мұнан құралақан емес бәлкім. Ғалымның қайда туғанына, өміріне, өліміне қатысты ақиқат ғылымға керек, әрине. Ал қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызды ұлықтау, бағалау, насихаттау бүгінгі ұрпақ үшін одан да маңызды. Өйткені, Шоқан – біздің сананы сілкітетін рухани күшіміз, азығымыз. Осы кезге дейін Шоқан бір облыстағы екі елді мекеннің қайсысында туған деп тамақ жыртатын айтыс орын алғанмен, сол Күнтимес пен Құсмұрынның екеуінде де, тіпті облыс орталығының өзінде де осы өңірдің ұлы перзентіне арналып жасалған мардымды ештеңе жоқ. Қайсы жылы Құсмұрындағы Киров деп аталатын ауылды Шоқан ауылы деп өзгерту жөніндегі әңгіме сиырқұйымшақтанып, ақырында ұмытылып кетті. Бір халықтың бет бейнесіне айналған ұлылардың кіндік қаны тамған немесе ізі қалған жер қасиетті саналады, сырттан келгендердің оны көрсем деген ынтызарын туғызып тұрары бар. Өзге жұрттың әспеттейтін ұлыларының туған жері әлдеқашан туристер іздеп баратын орынға айналған. Орыс ағайындар басқасын айтпағанда, бір Пушкиннің табаны тиді деген жерді құр қалдырған жоқ. Ұлы ақынның туғанына 200 жылдан асып кетсе де әлі зерттеліп келеді, әлі де ғылыми жұмыстар қорғалуда. Пушкин атындағы көшесі жоқ қала қалмады, ескерткіші Ресейді қойып, оның ата-бабасының жері араб елдеріне дейін асты. Айтпақшы, осы күзде Ресей жазушылар одағы сыйға тартқан ақынның бір қола ескерткішін Қостанайға әкеліп орнатып қойды. Ал Шоқанның Қостанай топырағының перзенті болса да, облыс орталығынан оған әлі еңселі бір ескерткіш бұйырған жоқ. Әлемдік тұлғаға көтерілген Шоқанның туған, балалық шағы өткен Күнтимесі де, Құсмұрыны да қазір жұртқа көрсететіндей емес. Табиғаты тамылжыған осы екі мекенде де Шыңғыстың резиденциясының макетін қалпына келтіріп, ғалымның музейін ашып, деген сияқты жұмыстар жүргізілсе, бүгінгі ұрпақ Шоқан туралы көбірек білер еді, ал мұндай жұмыстар арқылы ұлы адам тәуелсіз еліндегі патриотизмнің нығаюына қызмет етпей ме.
Ғалымның туғанына 175 жыл толуына арналған шаралар биыл ас ішіп, ән айтысып тарқайтын дүркіреген тойлармен емес, ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференциялармен, танымдық, тағылымдық әңгімелер айтылған жиындармен өтіп жатыр.Сыр бойынан бастау алған конференциялар Шоқанның ізі қалған Көкшетауда, Қостанайда, Семейде өтті. Көкшетауда ғалым мерейтойына арналған тағы бір конференция өтпек көрінеді, қорытынды кеңесті ғалымдар Алматыда және Алматы облысында құрмақ. Сонымен қатар Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Саттар Мәжитов Санкт-Петербургте де ғылыми-теориялық конференция өткізудің жоспарланғанын айтты. Осы басқосулардың барлығында да елдің Шоқанға деген ынтызар көңілі, ал оның еңбектерінің актуальды екені байқалды. Расында да ХХІ ғасыр – Шоқан ғасыры болар!
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.
* * *
ШОҚАНЫ БАР ЕЛ — ШОҚТЫҒЫ БИІК ЕЛ
“Еуразия мәдени кеңістігіндегі Шоқан Уәлихановтың мұрасы” аталатын халықаралық конгресс Білім және ғылым министрлігі және Ақмола облыстық әкімдігінің қолдауымен, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті және осы білім шаңырағында құрылған халықаралық алтаистика және түркология орталығының ұйымдастыруымен өткізілді. Алқалы жиынға алыс шетелдердің кешенді ғылыми зерттеулермен айналысып жүрген белгілі ғалымдары да қатысты.
Конгресс университет алаңындағы Шоқан Уәлихановтың ескерткіш бюстін ашумен басталды. Салтанатта облыс әкімі Сергей Дьяченко, университет ректоры Шәкір Ыбыраев, белгілі сәулетші Шот-Аман Уәлиханов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рүстем Шериязданов құттықтау сөз сөйлеп, гүл шоқтарын қойды.
Бұдан кейін облыс орталығындағы “Көкшетау” мәдениет сарайында пленарлық мәжіліс басталды. Мінберге көтерілген мәртебелі меймандар Қазақ мәдениетінде Шоқан Уәлихановтың есімі мен өмір жолын, көпсалалы шығармашылығын тұтас бір дәуірлік құбылыс ретінде бағалады. Шоқтығы биік қазақ ғалымының ағартушылық ойлары, ғылыми зерттеулері мен жаңалықтары бүгінгі жаҺандану заманындағы Қазақстанның әлемдік өркениеттік үрдістерді жаңғыртудағы үлесімен жалғас жатыр. Еліміздің Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуімен тұспа-тұс келген Көкшетау конгресінің маңызы да еселеп арта түскендей.
– Биылғы жыл бүкіл жұртымыз үшін ұлы ғалым, этнограф, фольклоршы, саяхатшы және ағартушы Шоқан Уәлихановтың туғанына 175 жыл толуымен ерекше есте қалады, – деді Ақмола облысының әкімі С.А.Дьяченко. Қазақтың біртуар перзентінің бай ғұмыры мен дарқан талантын әрқырынан ашуға мүмкіндік беретін тағлымды шаралардың бүкіл ел аумағында өткізілуіне Президент Н.Ә.Назарбаевтың өзі ерекше мән беріп отыр. Республикалық Шоқан оқулары игі дәстүрімізге айналды. Оның ескерткіші барлық қалаларды еңселендіріп тұр.
Шоқанның туған жері – Көкше өңірінде де оның қымбат мұраларына айрықша ықыласпен қарайды. Жуырда ғана облыс орталығында Шоқан Шыңғысұлының өмірі мен ғылыми, шығармашылық жолына арналған халықаралық конференция табысты өтті. Бүгінгі конгресс дәрежесіндегі басқосу Шоқан жұлдызының әлемдік шуағының әлеуеттілігін айқындайды. Классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов “Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел!” деген болатын. Бұл барша қазақстандықтардың мерейін өсіретін баға ретінде отандық ғылымның әлемге танылуына септік жасайды. Ал, біз үшін мұның жауапкершілігі де жоғары. Астаналық Ақмола облысы осы деңгейден көріне беретіні анық.
Көкшетау мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Әбуов Шоқан Уәлихановтың демократияшылдығы мен рухани сана сезімінің бастауы туған халқының тұрмыс-салты мен мәдени мұрасынан өрбитіндігін атап көрсетсе, Ш.Уәлихановтың патша үкіметінің қызметін пайдаланып, қысқа мерзімнің ішінде Қазақстан және Орталық Азия жерлеріндегі елдерде болып, тарихи археологиялық ескерткіштерге көңіл бөліп, әсіресе өз елінің тарихының көне дәуірлерін танып білуде аянбай қызмет етуі халқымыздың нағыз тұңғыш археологы болғандығын көрсетеді, – деді Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті археология орталығының директоры Сейден Жолдасбаев.
– Шоқан жинаған фольклорлық мұралардың көпшілігінде қарақалпақ фольклоры үшін бағалы материалдар бар, – деді Өзбекстан Республикасы ғылым академиясының Қарақалпақ бөлімшесінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сарыгүл Бахадырова. Мысалы, Соппаслы Сыпыра жырау, Асан қайғы, Жиренше шешен жөніндегі мәліметтер, “Едіге батыр” эпосы, бірнеше нақыл мәтелдері қарақалпақ фольклорында да бар. Бірақ, ғалым жазып алған “Көк шолақ” атты поэманың аты біз үшін жаңалық. Мұнан біз Шоқанның қарақалпақ фольклорын жинауда үлкен қызмет көрсеткенін байқаймыз.
Конгресте, сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Саттар Мәжитов, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Орталық Азия және Кавказ елдері институтының кафедра меңгерушісі Жібек Сыздықова, Астанадағы мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Хангелді Әбжанов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі, Шот-Аман Уәлиханов, Қырғызстанның Шыңғыс Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының директоры Абдылдажан Ахматалиев және басқа ғалымдар баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің қабырғасында өткен секциялардағы жұмыс “Шоқантану: тарихы, қазіргі жағдайы және келешегі”, “Ш.Уәлиханов және шығыстану, тарих пен этнография мәселелері”, “Ш.Уәлиханов және филология мен өнер мәселелері” атты үш бағытты қамтып, жалпы саны елуге таяу баяндама тыңдалды. Сондай-ақ, “Ш.Уәлиханов. Энциклопедия” жинағының және Шәкір Ыбыраевтың халықаралық алтаистика және түркология орталығының сериялы басылымдар топтамасына енетін “Жаназық”, “Фольклористикадан түркологияға дейін” кітаптарының тұсаукесері өткізілді.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.