Орақ-2010
Сыр аймағына берекелі құт қаратқан алтын күз келіп жетті. Ағымдағы жылдың сары күзі Сыр елінің диқандарына сарқылмас ырыздық-несібесін ала келді. Жер-Анамыздың сырбойлықтарға берген сыйы жылдағыдан әлдеқайда мол болды. Жаз бойы атыз жағалап тер төккен егінжай ерлері еңбегінің өтеуі қайтып, ақ күріштен тау тұрғызылды.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі артып келеді. Сыр аймағының ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдауға бөлінген қаржы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге ұлғайтылған. Ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялауға 2318,5 млн. теңге қаржы бөлінсе, оның 167 млн. теңгесі жергілікті бюджет қаржысы болды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдары арқылы 1411,55 млн. теңге несие қаражаты тартылған. Ағымдағы жылы бірінші рет астық қолхаты арқылы несиелендіру механизмі ендіріліп, нәтижесінде, “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы” АҚ арқылы 396 млн. теңге несие қаражаты игерілген.
Сыр аймағындағы ауыл шаруашылығы өндірісінің басты саласы – егіншілік. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін екі есеге арттыру бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта биылғы жылы Сыр елінде егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,9 мың гектарға ұлғайтылса, басты дақыл – күріш егісінің көлемі 6 мың гектарға артқан. Күрішті күтіп-баптау жұмыстары агротехникалық талаптарға сай жүргізіліп, уақытылы шашпай-төкпей жинап алынды. Соның нәтижесінде күріш дақылынан сонау 1985 жылдан бері ең жоғары өнімділікке қол жеткізіліп, қамбаға 376,2 мың тонна Сыр маржаны құйылды. Күріш өнімділігі гектарына 48,6 центнерден айналып, өткен жылмен салыстырғанда 72,5 мың тонна артық Сыр салысы жинады. Күріш өнімділігін арттыруда Сырдария, Қармақшы, Жалағаш аудандары ерекше үлес қосты. Биылғы жылы бұл аудандардың шаруашылықтары Сыр салысының әр гектарынан 52 центнерден өнім жинады. Сырдария ауданы 18135 гектар жерге егілген күріш дақылынан 53 центнерден өнім алып, егін жинау науқанын облыста бірінші болып аяқтады. Ал, Қармақшы ауданы 11765 гектарға егілген күріштің әр гектарынан 54,4 центнерден өнім алып, 64 мың тоннадан астам Сыр маржанын жинаса , Жалағаш ауданы егілген 30115 гектар егістік жердің әр гектарынан 54,0 центнерден өнім алып, ақ күрішті қамбаға құйып алды. Облыста көш басында Қылышбек Әбішев басқаратын Қармақшы ауданындағы “Жаңажол” ЖШС келеді. Содан соң Сырдария ауданына қарасты “Мағжан және К” (директоры Дархан Ералиев) Сырдария ауданына қарасты “Мәди Қажы” ЖШС (директоры Аббас Камаладин), Қармақшы ауданына қарасты “Тұрмағанбет” ЖШС (директоры Нұржан Пірмантаев), Жалағаш ауданына қарасты “Сәрке батыр” ЖШС (директоры Сәбит Қалтаев) озаттар қатарынан орын алды. Бұл шаруашылықтар биылғы еңбек өнімділігін арттыруда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендері үшін 2011 жылы ауыл шаруашылығы техникаларын алуға басы 5 млн. теңгенің, соңы 2 млн. теңгенің сертификаттарын иеленген.
Сыр аймағындағы егінші-механизаторлар арасында толағай табысқа кенелген жеке тұлғалар жетіп артылады. Сырдария ауданының күрішшісі Пазылбек Ахметов 152 гектар жердің әр гектарынан 96,3 центнерден өнім алып, барлығы 1464 тонна Сыр салысын қамбаға құйса, Қармақшы ауданының комбайншысы Абай Жаниязов 2155 тонна астық бастырған. Сондай-ақ Шиелі ауданының жатка машинисі Бауыржан Сандыбаев күріш ору науқанында межелеген 175 гектардың орнына 581 гектар күрішті жалға салып, маусымдық тапсырмасын 332 пайызға асыра орындаған.
Қамбалары дәнге толып, ақ күріштен жарыса таулар тұрғызған Сыр елі молшылық мерекесінің шуағына бөленіп, қуаныш құшағына кенелді. Республика Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қызылордалықтарға жолдаған кұттықтау хаты Сыр диқандарына деген ерекше құрмет пен ыстық ықыласты аңғартады. “Биылғы жылы Сыр диқандары өңірде көп жылдардан бері болмаған көрсеткіштерге қол жеткізіп, 374 мың тоннадан астам Сыр салысын жинады. Бұл биылғыдай қуаңшылық жылы елімізде азық-түліктің жеткілікті қорын қамтамасыз етуге айтарлықтай қосылған үлес деп есептеймін. Туған отанымыздың абыройын асқақтатуда, байлығын арттыруда, берекелі бірлік пен жарастықтың, ынтымақтастықтың ерен үлгілерін көрсеттіңіздер”, делінген құттықтауда.
– Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың агроөнеркәсіп кешенін қолдау жөніндегі ерекше талаптарына сәйкес биыл сырбойлық егінжай ерлері соңғы он жыл көлемінде болмаған табысқа кенелді. Облыстағы үш шаруашылықтың әрқайсысы бір миллион пұттан астам Сыр салысын жинауы осы еңбектің жемісі.
Сыр маржанының еліміздің ішкі рыногында күріш бағасының тұрақтануына әсер етіп, өзге аймақ кәсіпкерлерімен, іскерлік байланыс орнату жолындағы алтын көпірге айналып отырғаны біз үшін үлкен мақтаныш, – деді облыс әкімі Болатбек Қуандықов жүрекжарды лебізін жеткізіп.
Ерлік дастаны болған дала академигі Ыбырай Жақаев атамыздың сара жолын жалғап, Сыр ананың барлық ұрпақтарына тағы да береке дарыған молшылық айында “Алтын дән” мерекесі дүркірей өтті. Мерекеге жиналған қауым ақкүріштің атасы атанған даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов егін шаруашылығы саласы майталмандарын тамаша табыстарымен шын жүректен құттықтап, өндіріс озаттарын марапаттады.
Орталық алаңда “Жібек жолы” тауар өндірушілер форумына қатысушылардың көрмесі қойылып, “Күріш жәрмеңкесі” көпшілік назарына ұсынылды. Күріштен жасалған тағамдардың “Сыр күріші” деп аталатын конкурсы ұйымдастырылып, жер-жаһандағы бірнеше ұлттық асхананың басты мәзірін айшықтады. Ал, аудандар жарыса шаңырақ көтерген этноауылда еңбек пен қазақ өнер мерекесі де қарлығаштай қанаттарын қақты. Барлық үйлерден ән шалқып, би мен күй қалықтап жатты. Ақындар қолдарына домбыра алып, ән-жырдан диқандарға шашу шашса, қыз-жігіттер “Қара жорға” әуенімен ырғала би билеп, мереке көрігін қыздыра түсті.
Сыр елінің молшылық мерекесіне қатысушылар Ресей, Беларусь елдері мен отандық тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы техникалары мен механизмдерінің көрмесін де тамашалады. Айта кету керек, ауылшаруашылық техникаларын Сыр аймағында шығару ісі де қолға алынбақ. Мәселен, финляндиялық “Сампо” комбайны алдағы жылы облыста жиналмақ.
Торқалы той күні ауылшаруашылық өнімдерін жақсарту, облыс халқының ырыс-несібесін арттыру мақсатында бірнеше ірі компаниялармен келісімдерге қол қойылды. “Казагро” холдингі арқылы 2 млрд. теңгеге күріш сатып алу жолдары да қарастырылуда. Бұл, біріншіден, өнім өткізу кепілдігін, екіншіден, баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлесін қосары сөзсіз. “Казагроқаржы” АҚ арқылы инженерлік жүйеге келтірілген жерлер кепілдікке алынып, ауылшаруашылық құрылымдарын тұңғыш рет 0,6 коэффициентпен несиелендіру мәселесі де өз шешімін тапқан.
Ынтымағы жарасқан ел ғана еңбектен береке таба алады. Қамбалары – дәнге, қоралары малға толған сырбойлықтардың құт-байлығы молая түсуде. Содан да Сыр өңіріндегі молшылық мерекесі көтеріңкі күймен өтті. Барлық аудандар “Алтын дән-2010” мерекеге орай ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізіп, әкелген азық-түлік өнімдерін тұтынушыларға нарықтық бағадан 10-15 пайыз төмен бағада ұсынды.
Ғ.Мұратбаев атындағы стадионда қазақ күресінен “Алтын белбеу” атауымен облыс біріншілігінің ақтық кезеңі мәресіне жетті. Айдан астам уақытқа созылған айтулы бәсеке мәресі “Алтын дән” мерекесімен тұспа-тұс келді. Ұлттық спортты ұлық еткен сайыстың ашылуы сан түрлі мәдени шаралармен өрнектелді. Жастар ұлттық “Қара жорға” биін мың бұрала билеп, дәстүрлі өнерді тағы да бір мәрте жаңғырта түсті.
Аса тартысты бәсеке түйе палуанды анықтау сайысында болды. Салмақ дәрежесіне қарамайтын сайысқа 16 палуан қатысып, олардың арасында жалағаштық Руслан Әбдіразақовтың мерейі үстем болды. Ол “Алтын белбеу” мен шетелдік автокөлікке ие болды.
Еркін ӘБІЛ,
Қызылорда.