• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2010

Атыңнан айналайын, Шу өңірі!

3421 рет
көрсетілді

Биыл Жамбыл облысы, Шу ауданының құрылғанына – 80, Шудың қала мәртебесін иеленгеніне – 50 жыл. Алдағы 22-23 қазан күндері осы қос мерейтойды шулықтар ресми түрде атап өтпек. Бұл ауданда 1993 жылдан бергі қазақтың көрнекті ұлы тұлғасы, төбе биі – Төле бидің туғанына 330 жыл толуына байланысты аталып өткен мерейтойдан кейінгі арада өткелі жатқан ең ірі шара болғалы тұр. Шу өңірі шежіреге, қат-қат дерек пен қилы-қилы аңызға толы. Оның әлі түрен тимеген тереңге тартқан желісін зерттеп-зерделеу – бүгінгі тарихшылардың талай жыл­намаларына тың тақырып. Алғаш­­қы Қазақ хандығы құрылған Шу өңірінің ұлттық тұтасты­ғымызға ұйытқы аймақ екендігі де соның бір ғана мысалы. Тоғыз жолдың торабына орна­ласқан өңіріміздің өзіндік тарихы бар. Шу өңірі кеңестік билік ор­­на­ғаннан кейін, яғни 1921-1924 жыл­дар аралығында Жетісу аймағының Алматы және Пішпек уездерінің құ­рамында болды. 1924 жылғы 1 қа­­зандағы әкімшілік-террито­рия­лық өзгерістер бойынша Алматы уе­зінің құрамына енеді. Ал 1925 жыл­ғы 3 маусымдағы өзгерістерге сәй­кес, алғаш рет орталығы Геор­гиев селосы болып Шу ауданы құ­ры­лады да, ол Жетісу губерниялық атқару комитетіне қарайды. Бұл де­ректер өңір құрылымының қалып­тасу кезеңдерін айқындай түседі. 1930 жылғы 17 желтоқсан күні Шу ауданы Алматы облысының құ­рамында құрылды. Өйткені, Бү­кіл­одақтық Орталық Атқару Комитеті Президиумының 1930 жылғы 23 шіл­десінде шыққан қаулысы не­гі­зінде округтер таратылып, оның ор­нына аудандық әкімшілік-ау­мақ­тық бақылау ұйымдастырылды. Осы қаулымен жаңа құрылған 121 ауданның бірі Шу ауданы болып, оның орталығы Шу селосы болып белгіленді. Осы тарихи де­рек­терді Қазақ Автономиялы Ке­ңес­тік Со­циалистік Республикасы Орталық Атқару Комитеті мен Халық Ко­миссарлары кеңесінің 1930 жылғы 17 желтоқсандағы қау­лысы айғақ­тайды. Міне, осы дерек сексен жылдық Шу ауданының тарихын меңзейді. 1939 жылғы 14 қазанда Жамбыл облысы өз алдына шаңырақ көте­ріп, жеке бөлінді. Оның құрамына Алматы облысынан басқа аудан­дар­мен бірге Шу ауданы да ен­гі­зілді. Осы орайда, Жамбыл облы­сы­ның әлеуметтік-экономикалық дамуына шулықтардың қомақты үлес қосып келе жатқанына жетпіс бір жылдан асқанын қуанышты сезіммен жеткізудің сәті бүгін түсті. Бұл – тарих үшін қас-қағым уақыт. Ал біздер үшін әрдайым есте болатын биік белестер. Сондай-ақ, 1960 жылғы 24 жел­тоқсанда ҚазКСР Жоғарғы Кеңе­сі­нің Жарлығына сәйкес, Шу жұмыс­шылар кентінің ауданға қа­расты “Шу қаласы” деп аталуы оның 50 жылдық тарихынан сыр шертеді. 1962 жылы Оңтүстік Қа­зақстан өл­кесінің жаңадан құры­луы­на бай­ла­нысты Шу қаласы өл­келік билікке бағынды. Екі жылдан кейін өлке та­ратылып, Шу қаласы қайтадан Шу ауданының құрамына қосыла­ды. ҚазКСР Жоғарғы Ке­ңе­сінің 1965 жылғы 4 қарашадағы Жарлы­ғымен Шу қаласы Жамбыл облыс­тық бағынысқа қарайды. Ал 1997 жыл­дың 1 сәуірінен бастап, Ел­ба­сы­ның Жарлығымен Шу қа­ла­сы Шу ауда­нының құрамына қайта қосылды. Міне, сан алуан тарихи баспал­дақ­тар аудан мен қала тағдырын бір-бірінен ажырата алған жоқ. Өйт­кені, “Шу” атауымен аталатын аудан мен қаланың өзегі – бір, та­мыры – ортақ. Оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Бүгінде бір өзеннің бойына қатар қанат жайған екеуінің тыныс-тіршілігі ырыс-ынтымағы жігі ажырамастай болып біте қайнасқан. “Шу ауданы мен қала бүтін әрі біртұтас. Бір өзеннің қос қапталына қатар қанат жайғандықтан тыныс-тіршілігі бірге бітіскен. Түтіні түзу шығып, алға қойған міндеттері ор­ындалып, егемен еліміздің еңсесін биіктете беруге қомақты үлес қо­сып келе жатқандығын зор мақта­ныш сезіммен айта аламыз. Сон­дықтан, алдағы жоспарланған қос мерейтой бізге зор жауапкершілік жүктейді”, дейді Шу ауданының әкімі Қожахан Жабағиев. Шу өңірінің тарихи құндылық­тары еліміздің ғана емес, әлем та­рих­шыларының назарын өзіне қа­шаннан-ақ аударған. Дегенмен, әлі де талай тарихты қойнауына бүгіп жатқаны ақиқат. Осы өңірден шық­қан ұлтымыздың белгілі тарих­шы­сы Мәмбет Қойгелді бұған қатысты көптеген тың деректерді алға тартады. “Өңірдің тарихына қатысты бар ең алғашқы дереккөздерін байырғы қытай және араб ғалымдарының, ан­тикалық грек және парсы автор­ларының еңбектерінен және түрлі жазбалар арқылы бүгінге дейін жеткен жергілікті халықтың өзіне тән аңыз-әңгімелерден кездесті­реміз. Міне, сол жергілікті халық­тан тараған аңыздардың бірін Мах­мұт Қашқари өзінің еңбегі “Түрік сөздігінде” келтіреді. “Зұлқарнайын Самарқандтан асып, түрік қалала­рына қарай беттеген кезде, түр­ік­тердің “Шу” есімді бір жас хақаны болған екен. Ол үлкен қосынның иесі болған. Баласағұн жағындағы “Шу” қаласын да өзі салдырған деген дерек келтіріп, одан әрі бұл дерегін “Ол кезде Тараз, Ісбіжап, Ба­ласағұн қалалары салынбаған уа­қыт. Бұлардың бәрі кейін салын­ған. Ол жерлерде киіз үйлерде тұ­ратын көшпенділер өмір сүретін”, деген фактімен толықтыра түседі. Бұл біздің эрамызға дейінгі 329-328 ж.ж. шамасында еді”. Атышулы Шу қағанның ажал уын сепкен Зұлқарнайынды айла­к­ерлігінің арқасында бітімге келуге мәжбүрлегенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Бұл – өңірдің шы­рай­ын келтіріп, жердің құнарлы­лығы мен шұрайлылығын артты­рып, ағып жатқан ерке Шу бойы­ның әлі де болса терең зерттеуді қажет ететі­нінің айғағы. Шу өңірінің еліміздің тарихын­да аса зор маңызға ие болуы – XV ғасырдың орта тұсындағы Қазақ хан­дығының, яғни ұлттық мем­ле­кеттігіміздің іргетасының қалану кезеңі. Ғылымда хиджраның 870 жылы, яғни 1465-1466 жыл Қазақ хан­дығының құрылған мезгілі ре­тін­де қабылданған. Ал оның ша­ңы­рақ көтерген жері Шу өзені бой­ын­дағы “Қозыбасы” аталатын шоқы еді. Ұлы тарихшы Мұхаммед Хай­дар Дулати бұл өңір сол тұста Мо­ғол­стан хандығының батыс шеті бол­­ғандығын айтып, оны Иса Бұға хан­ның Жәнібек пен Керей сұл­тан­дарға (Әбілқайыр хан ұлысынан жа­рыла көшіп келген) үлеске бер­ген­дігін айтады. Енді ғана шаңырақ көтерген Қазақ хандығына бұл ай­мақ өте қолайлы мекен болады. Өзбек ұлысын билеуші Әбілқайыр хан өмірден озған соң оның құ­ра­мындағы қазақ тайпалары енді Жә­нібек пен Керей басқарған хан­дық­қа біржола өте бастайды да, ал­ға­шында жаңа хандық өзбек-қазақ елі аталады. Тарихшы Қадырғали би Қо­сым­ұлы жалайыр Жәнібек пен Керей сұлтандар “атасының ұлысын би­леді” деген ойды береді. Ал бұл екі сұлтанның атасы кім еді? Бұл арада Қадырғали би, әрине, XІV ғасыр­дың 80-жылдары Алтын Орда би­лігінен ығыса келіп, Жетісуда Ақ Ор­да хандығының іргетасын қала­ған Ұрыс ханды меңзеп отыр. Яғ­ни, бұл ретте Қазақ хандығы Ақ Ор­да аталған мемлекеттік құры­лым­­ның жалғасы болғандығын аң­ға­руға болады. Бұл деректер, Шу өңірінің қазақ елі ұлттық мемлекеттігінің бесігі ғана емес, сондай-ақ қазақ бірлестігінің жаңа сапаға, яғни ұлттық тұтастыққа өтуіне ұйытқы болған аймақ екендігін көрсетсе керек. Шу ауданы мен Шу қаласының мерейлі мерекелерін атап өту жергілікті жұрттың қызу қолдауына ие болды. Ауданда 1993 жылы Төле би бабамыздың туғанына 330 жыл толуы кеңінен атап өтілген бола­тын. Содан бері мұндай ірі мәдени шара болмаған. Мерекелік бағдарламаның маз­мұны бай, тәлімі көп. Атап айт­қан­да, мерейтойда біртуар тұлға Балуан Шолақ пен 1958 жылға дейін хабар-ошары болмаған, жар сүйсе де перзент сүймеген, Кеңес Ода­ғы­ның Батыры, Шу өңірінің аяулы перзенті Саттар Естемесовтің ең­се­лі ескерткіші ашылып, теміржол­шы­лардың бірнеше буыны өсіп-өнген Шу қаласында бүгінгі күні айналымнан шығып қалған паровоз биік тұғырға орнатылмақ. Өңірдің тарихында тұңғыш рет жарық көр­ген, оның қалыптасуы мен да­муы­нан сыр шертетін “Шу өңірі эн­ци­клопедиясы” мен “Шу өңірінің та­рихы. ХХ ғасыр-ХХІ ғасырдың бас кезі” кітаптарының тұсауы кесіліп, республикалық ғылыми-тәжі­­ри­белік конференция жұмыс істемек. Шу саңлақтары Бармақ, Сауытбек, Жидебай, Орақбай ақындардың ізін жалғастырып келе жатқан ақындар айтысы болып, ұлттық ат спорты ойындары даланы дүбірге бөлемек. Басқа да естелік шаралары еске­рі­ліп, мерейтой соңы өңірден шық­қан республикаға танымал әнші­лердің гала-концертіне ұласады. Дәрмен СМАЙЫЛ, журналист.