Астанада дүние жүзі бойынша алғаш рет ұйымдастырылған алқалы форум табысты аяқталды
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, елордада өтіп жатқан Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының соңғы пленарлық мәжілісінде алдағы күндері болған әңгімелерге түйін жасалды. Шынында, қазір әлемдегі рухани құлдырауды қалай тоқтатамыз деген мәселе күн тәртібінде тұрғаны анық. Форум аясында бұл туралы кеңінен сөз болды. Экономиканың мәртебесін көтереміз деп, ақшаның соңына түсіп, байлықтың құлына айналып, рухани құндылықты жоғалтып алмау жайы қай елдің де болса көкейкесті екені рас. Осындай халықтық істі алғаш рет Астанада ұйымдастырған Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа пленарлық мәжілісте ерекше ілтипат көрсетілді.
“Вертикаль” көркем киностудиясының жетекшісі Станислав Говорухин (Ресей) рухани болмаса мәдениет бола ма, деп Хрущев заманындағы жылымықтан, Горбачев кезіндегі демократиядан мысалдар келтіріп, рухани мәдениеттің қай заманда да алатын орны ерекше екенін, алайда қазір теңіз жағалауындағы пальманың сыбдыры, шағаланың шуын, гүрсілдеген жағымсыз әнсымақ басып кеткеніне өкініш білдіріп, кейде цензураның да керек екенін, өзінің КСРО заманындағы цензура емес, жаңа заман талабы туралы айтып отырғанын, талап болмаған жерде “батпақ” тірлік адам түгілі ағаштың да өсуіне мүмкіндік бермейтінін айтты. Тағы бір ресейлік философ Лев Семашко жаһандық үйлестіруші ұйымға ұйытқы болуды ниет еткен Қазақстан Президенті ұлы іске ұйытқы болып отыр, еуразиялық үйлесімге ұмтылу, бұл – халықтар арасын жақындастыру болып табылады деді. Еуразиялық үйлесімді ұйымдастыра отырып, әлемдік ұлы іске алтын діңгек болу, мұндай қадам адамзаттың жаңа өркениетке ұмтылуына жол ашады, деген уәжін алға тартты. Ал Жапониядан келген Массами Сайонжи форумға ризалығын білдіріп, тал шыбықтай жас ұрпақты тәрбиелеуде, оларды ертең бәйтеректей биікке көтеру ісінде рухани құндылықтың жөні бөлек екенін, бұл халықтар арасындағы достықты нығайтып, бір-біріне қуаныш сыйлайтынын жеткізді.
Сөйлеушілердің қай-қайсысы да үйлесімді дүние адамгершілікке, бейбіт өмірге, салтанатты күндерге, баянды мәдениетті қалыптастыруға жетелейтініне нақты мысалдар келтірді. Мексиканың атынан сөз алған азамат қуатты Қазақ елі мен оның Президентіне деген ризалығын айтып, Мая өркениетінің алтын ошағы қазақ жерінен бастау алатынына дәйектер келтірді. Жапониялық Хиру Сайонжи мына дүниеге бейбітшіліктен басқа көп нәрсенің керегі жоқ. Ал сол бейбітшіліктің ұйытқысы рухани мәдениет. Рухани жағынан мықты елдер соғысты қаламайды. Арғы-бергі тарихқа қарап отырсақ, соғыссыз күндер аз болмаған секілді. Егер біз қара бастың қамын емес, рухани байлықты ту етіп көтеріп, құлдырап бара жатқан мәдениеттерді аяғынан тік тұрғызсақ, табиғатқа қатыгездік көрсетуді тыйсақ, соғыс өрті болмас еді. Мұндай игілікті істе басшылардың атқарар рөлі ерекше. Ол үшін басшылардың бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтай болу керек. Біз қантөгістер тізбегін бұзып, адамдардың рухани байлыққа деген көзқарасын өзгертіп, адами, азаматтық қасиетін жоғарылату арқылы бейбітшілікке қол жеткізуге тиістіміз, деді.
Бұдан кейін 8 секция бойынша жұмыстың қорытындысы жарияланды. Мәселен, “Рухани мәдениет: өркениетті дамуға ықпал етуші жолдардың заманауи көрінісі” деген бірінші секцияда 31 елден келген 44 өкіл баяндама жасапты. Олардың алға тартқан ұсыныстары: әлемдік интернационалдық форум құру, рухани мәдениетті жеке мүддеден жалпы мүддеге ойыстыру, ХХІ ғасырды рухани мәдениетке қол жеткізу ғасыры деп атау, рухани мәдениет арқылы келісімге келу, тағы басқалар. Екінші секцияда 12 елден келген 64 адам өз ойларын ортаға салған екен. Олардың айтуынша, рухани мәдениетті билікпен бірлесе отырып дамыту, ар-ождан бостандығын сақтау әрбір ұлттың дәстүрлі өнерін дамыту, мұндай жұмыста ұлттық интеллигенцияның рөлін арттыру, өзге де мәселелер қозғалған. Ал үшінші секция туралы жазушы-публицист Генрих Боровик баян етті. Ол форумның тамаша өтіп жатқанын айта келіп, БАҚ-тың рөліне ерекше тоқталды. Мұндай алқалы жиындарда ақпарат құралдары туралы жан-жақты әңгіме болу керек, деген ол қазір теледидар мен интернеттің “жаулап” алғанын, ондағы бейәдеп дүниелердің ұрпақ санасын улап жатқанын, одан құтылудың жолы қиын болып тұрғанын айтып, Толстой мен Чеховты оқыту осы күні қиынға соғып тұрғанын тілге тиек етіп, қазақ жұртының қашанда дарқан екенін, оған өткен ғасырдағы сұрапыл соғыста көптеген этностарды, әсіресе чешендер мен немістерді, өзге де ұлыстарды паналатқанына нақты дәйектер келтірді. Ал атақты педагог, профессор Шалва Амонашвили әркез жоғарыдан жасалып, оң нәтиже бере қоймайтын білім реформаларын сөз етіп, Қазақстанда қазығы қағылған Сара Назарбаеваның “Өзіңді-өзің таны” бағдарламасына ерекше тоқталып, жақсы деген баға берді. Басқа да секцияларға жетекшілік еткендер өз байлам-пайымдарын ортаға салды.
Пленарлық мәжілістің соңында Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы он тармақтан тұратын декларация қабылдап, рухани мәдениетті дамыту жөнінде осылай бас қосып отыру қажет деген тұжырым жасады.
Сүлеймен МӘМЕТ.