• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2010

Ауылдан алыстамаған ақын

841 рет
көрсетілді

Оралдық ақын Айтқали Нәрі­­ковтің өлеңдерімен мектепте оқып жүрген кезімнен таныс болатынмын. Кейініректе облыстық газеттің редак­­циясында бірге қызмет істедік. Оның көп оқып-тоқығаны, әлі де білімін жетілдіре түсу үстінде екені байқалып тұратын. Ақын ағаны қызметтес жур­налистер “аяғымен жү­ретін анық­тамалық” деп әзілдей­тін. Қандай тақырып қозғалса да, еркін көсіліп, желмаядай жүйтки жө­нелетін еді ол. Әсіресе, әрідегі-бері­дегі ақындардың туындыларын жат­қа оқып, “жіліктеп, мүшелеп, бұтар­лап” талдап беретін. “Ақындар терең болады екен-ау” деп ой түйіп қалған болатынмын сол тұста. Әлі де сол пікірдемін. Соңынан естіп-білгенімдей Айт­қали ақын еңбек жолын кітапхана­шы­лықтан бастаған екен. Бұл тура­лы ол қазіргі жастар ертегі тәріз­ді­дей, күмәнмен қарайтын тұрғыда әң­гімелейді. Ұжымшардың ферма орта­лығында жиырма шақты отбасы тұрған екен. Жастар жағы өте аз. Малшылардың негізгі бөлігі бір-екі үйлі қыстауларды мекен етеді. Кі­тап­ханаға күніне бір-екі адам бас сұқса сұғады, сұқпаса, том-том кітаптар­мен жас жігіт оңаша қалып, арман­сыз “сырласады”. Күні бойы кітап оқиды. Ара-арасында торы атына мініп, қоржынының екі басын кітап пен газет-жорналдарға сықай толтырып алып, ферма орталығынан тай шаптырым жерлердегі малшы қыстауларын бетке алады екен. Кері оралғанша түн болады. Кітап оқу қиындай түседі. Электр жарығы атымен жоқ ол кезде. Керосин шам біршама уақыттан соң “бұзыла” бастайды. Үй ішіндегі оттегі азай­ған­да, шамның тұрбасы күйеленіп, иісі көзден жас парлатып, басты ауыр­тады. Жас жігіт бір амалын тапса ке­рек. Түнде қой күзететін шал-кем­­пір­лермен “достасып” олардың ор­нына, күзетке сұранып, таңға дейін фонардың жарығымен кітап оқиды. Осылардың зардабынан кейінірек көзі зақымданған еді оның. Бозбала институтқа түскенге дейін қазақ қаламгерлерінің негізгі шығармаларын толықтай оқып, әрқайсы туралы толымды пікір айтатын жағдайда жетіпті. Оқыған кітаптардың әсері болмай тұра ма? Өз-өзінен қиялға беріліп, кітап кейіпкерлерін көз алдына елестетіп, солармен бірге жүргендей күй кешіп, алған әсерлерін қағазға түртпектеп жаза бастаса керек. Тырнақалды өл­ең­дері аудандық газеттің беттерінде көрініс табады. Жиырма жасында об­лыстық газетте топтамасы жария­ла­нып, ауылы ақын ретінде мой­ын­даған сыңайлы. Тіпті, әскер қата­рын­да ормандай орыстың ортасында жү­ріп те, жыр жазып, елдегі бас­пасөз органдарына жолдап тұрыпты. Ақын Айтқали Нәріковтің 2009 жылы шыққан “Жылдар жаңғы­ры­ғы” атты бір томдығын қолыма ұс­тап отырмын. Кітаптың алғы сөзін көр­­некті ақын Қадыр Мырза-Әлі жазыпты. Жинақтағы жырлар төрт бөлімге топтастырылған. Олар “Көңіл күн­де­ліктері”, “Өмір өткелдері”, “Дү­бірлі дала”, “Қауырсын қалам” деп аталады. Мұқият құрастырылған кі­таптың әрбір бөлімі ақын шығар­машылығының кезеңдік келбетінен хабардар еткендей. Ой эволюциясын байқауға болады. “Қауырсын қалам” бөліміндегі өлеңдер, сөз жоқ, ақын­ның балауса кезінде жазылған. Егіз шумақ, сегіз тармақтан тұратын “Жа­сам­паз” өлеңіне тоқталайық: “Бір-бірінен ұзай қалса үш қадам, сағыныш кеп жүректерін қыстаған. Жалғыз қалып жабығудың жөні жоқ, Ынтымақпен күші Адам. Жат қой оған қиын істен қашақтау, Қала егер селді бөгер, қашап тау... Байқап тұрсақ, Жер, Аспаннан басқасын, Адам өзі жасапты-ау!” Көрдіңіз бе, бұдан қырық-елу жыл бұрын жас талапкер адам ру­хының биіктігін, еңбегінің жасам­паз­­дығын өз ой деңгейі жеткен тұр­ғыда пайымдап, өзеңіне өзек еткен. Өлеңнің динамикасы мен “архи­тектурасы” көңіл аударарлықтай. Тармақтар бір-біріне “сәуле түсіріп”, ойды дамытып тұр. Және де тар­мақтар он бір және сегіз буындардан құралып, оқырманды жалықтырмай, жетелеп отырады. Жылдар өткен сайын ақын өлең­дерінің тақырыбы кеңейіп, айтар ойы өрістеніп, адамзатты мазасыз­дан­дырып, терең толғандыратын жайларға қарай ойысады. Бұл заңды құбылыс болса керек. Айтқали ақынның “Өзгеру керек” атты өлеңінің екі шумағын мысалға келтірейік: “... ынжық қып кеткен алғырды, Зулады жылдар сан қырлы... Келеңсіз сол бір кезеңдер, Біздерде ізін қалдырды. Елесті нағыз бақ көріп, Барлығын бойға шақ дедік. Өтірік өрге басты ғой, Тастайтын кезде қақ бөліп”. Замана шындығы ғой бұл. Ақын “анадан болды, мынадан болды” демей, ойын шымыр шумақтармен шегелей жеткізіп тұр. Бұл – шеберлік. Айтқали – лирик ақын. Жыр­ла­рында сезімді бірінші кезекке қояды. Өлең жолдары алдымен сезімді шарпуы керек. Сонда ғана санаға сәуле түсіріп, жүрегіңді “жаулап”, көңіліңді баурап алады. Аз сөзді ақынның қысқа өлеңдері ауыр сал­мақты көтеріп тұрады. Ұлылардың бірі “мыңдаған сөздерді ойлап таба тұра, солардың ішінен біреуін екшеп қолдану қаншалықты қиын” деген екен. Сол айтқандай, Айтқали аға­мыз керекті сөзді дәл тауып, діттеген ойына орайластырып пайдаланады. “Қалса да дала қараң, қала қараң, Адалы, арамына қарамаған. “Жау шапса әкең ауылын, бірге шап” деп, Мақсаты тойымсыздық “алам”, “алам”. Келісесіз, мойындайсыз, бұл айтылғандарды. Жеті белесті артқа тастап отыр­ған арқалы ақынның он екі кітабы шығыпты. Әдеби ортадан қашық тұратын қаламгерге мұны аз деуге де болмайды, көп деуге де болмайды. Мәселе санда емес, сапада ғой! Осы тұрғыдан алып қарағанда, Айтекең­нің “Көк майса”, “Самал”, “Сағы­ныш”, “Жылдар жаңғырығы”, “Қы­рық жыр-қырық жыл”, тағы басқа кітаптарын кезінде әдебиетшілер қауымы мен қарапайым оқырмандар өте жылы қабылдағанын айта кету орынды сияқты. Өткен 2009 жылдың 9 мамы­рын­да “Егемен Қазақстанда” ақын Айт­қали Нәріковтің “Мен – майдангер ұлымын” деген жалпы тақырыппен топтама өлеңдері жарияланған болатын. Оралдағы тілші қосынына ақынның осы топтамасы төңірегінде ізгі тілек, жылы лебіздер білдірген қоңыраулар шалынды. Газет редак­циясына алғыс айтқандар да болды. Бұл – сәтті жарияланымдарды оқырманның ескерусіз қалдырмай­тынын көрсетсе керек. Ақынның өлеңдері республикалық басқа да басылымдарда жиі жарияланып келеді. Арманда кеткен алыптардан бастап, қазақ қалам қайраткер­ле­рінің қай-қайсы да ауылдан, қаймағы бұзылмаған тілдік ортадан шыққаны белгілі. Демек, әдебиет кадрлары ұстаханасы – ауыл. Ауылдан алыстамаған ақын оқ­ыр­­мандарымен жиі жүздесіп, сы­ба­ғаға қолдары жетпей жүрген жер­гілікті қаламгерлер тауынды­ла­рының баспасөз беттерінде жария­ла­нып, кітап жүзін көрулеріне мұрындық болып жүр. “Сол баяғы қағазбенен, қалам­мен. Сырласамын, арасында алам дем... Қаладағы тіршілігің қалай деп, Сынай қарап жатыр, әне, далам кең!” деп ақын өзі жырлағандай, ол үнемі еңбек үстінде, ойы оралымды, сезімі сергек қалпында. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал. Суретте: ақын Айтқали НӘРІКОВ.