• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2010

Бекем сөзді Бектеміс немесе атама жабылған жалалар

1146 рет
көрсетілді

Атамыз Бектемісті кім білмейді,

От ауыз, орақ тілді дүлдүл дейді.

Сөзімен тыңдағанды мәз-мейрам қып,

Ал өзі езу тартып бір күлмейді.

Қонысбай ӘБІЛ,  Қазақстанның халық ақыны.

Қостанай-Торғай өңірінде есімі ерекше ілтипатпен аталатын адамдар бар. Солардың бірі менің Бектеміс атам. Ол кісі қара сөз бен өлең­ді қатар өріп айтатын айтқыштығымен таныл­ған, от ауызды, орақ тілді шешен адам болған. Жасымнан сөзді құрметтеп, оған тәнті болып өскеніммен, әкем­нің қосқан ақылымен құрылысшы маман­дығын таңдаған маған, атам мен әкемнің көзін көргендер: “Әкеңе ақындық атаңнан дарып, елге танымал ақын болды. Қасқа айғырдың құлыны қасқа болып тумағанымен, төбел болып туады, деген бұ­рынғылар. Сен болсаң осы күнге дейін төбелдігіңді таныта алмай келесің. Қолыңдағы құ­рылысшының қалағына мәз болып, атакәсібіңнен ауытқып жүрсің”, дейтін болды. Маған осы сөздер­ден кейін нешетүрлі ойлар келді. Өзімді ертеден сөз өнері қонған әулетіміздің қасиетті қара шаңырағына, атадан – әкеге, әкеден – балаға жалғасып келе жатқан киелі өнерге, атакәсібіме, әкемнің өсиет-аманатына енжарлық танытып жүргендей сезіндім. Ата жолын, әке жолын жалғастыру қандай да болмасын есті ұрпақтың парызы. Осы орайда әкем­нің “Балама” атты өлеңіндегі шумақтар, ма­ған оның: “Менің бастаған ісімді алға апар” деп қал­дырған аманаты сияқты көрінеді де тұрады. Сондықтан да қара сөздің қайнар бұлағы Бектеміс атам жайлы көзімменен көріп, құлағыммен естіген­дерімді оқырман қауымға жеткізуді үлкен боры­шым деп санадым. Бектеміс атам айтар ащы мысқылына қара сөзін шығын қылмай тақпақтап айтып, сүйектен өтер өткір сөзімен ел ау­зында қалған жан еді. Ел арасында шындықты шымырлатқан тілімен талай­ды тамсандырып, таңғалдырған атам жайлы “Өлеңші атаның айтқандары”, “Бектеміс айтқан екен” немесе “Берекелі Бектемістің бекем сөзі” деген қанатты сөздер көптеп кездеседі. Айтқан­да­ры ны­сана­сына алған жандарға дөп тиіп, дөң­гелетіп түсіретін, дуалы ауыз жан болға­сын, ел ішіндегі ағаш белсенділер, шен-шекпен кигендер ол кісінің қырына ілігіп сүйектеріне таңба салдырып алмаулары үшін, одан ығысып жүріпті. Көпшілік: “Бектемістің батасы ұрпағымызды тіл-көзден сақтап жүрсін”, деп, көп төңірек­те­гесін “батагөй Бектеміс” деген аты да қалған. “Тілінің өткірлігі тұрғысынан Бектеміс қартты қазақтың Крыловы десе жара­са­тындай еді”, – деп жазды өзінің “Әу­бә­кірдің інісі” атты эссесінде белгілі филолог ғалым Сейітбек Нұрханов ағамыз. Әубәкір деп отырғаны менің әкем Назарбектің туған ағасы, Сейітбек ағамызбен бір мек­тепте, бір сыныпта бірге оқыған көрінеді. Астана қаласында тұратын сол Сейітбек ағамыз, ағайындар бас қосқан бір жиында, Бектеміс атамның: “Сейітбек, қарағым, ауылымызға сен келмегенде, Әубәкірімнің алдына түсетін бала жоқ еді”, дегенін есіне алғаны бар. Атамекеніміз “Көкалат” ауылының тек­тілігінен болар, түгін тартсаң майы шы­ғатын шұрайлы жерде есімдері елімізге кеңінен мәлім небір біртуар тұлғалар өмір сүріпті. Дала­мыз­дың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин атамыздың көшпелі халқымызды отырықшылыққа уағыздау мақсатында жазған “Қыпшақ Сейітқұл” әңгімесін, мектеп қабырғасын көрген барша қазақ оқыды деп ойлаймын. Сол Сейітқұл бабамыздың ХІХ ғасырдың басында Түркістаннан жақын-жуықтарымен Торғай өңіріндегі Қабырға өзенінің бойына көшіп келіп, суармалы егін салып, аз уақыт ішінде Торғай өңірін, көшпенді халықты ырысқа бөлегені жайлы тарихта аз жазылған жоқ. “Көкалат” ауылының шығыс жағында 5-6 шақырым жерде “Сейітқұл қорғаны” деп аталатын оба, ұлы ағартушы атамыздың жерлесі Қоғабай Сәрсекеев және басқа да ғалым-қаламгер ағаларымыздың қаламдарынан туған тарихи шығармаларға арқау болған Сейітқұл бабамыздың осы өңірде өмір сүргеніне куә болып жатыр. Осы “Көкалат” ауылынан шағып, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісінде айрықша батырлығымен көзге түскен Шәкір батыр бабамызды, өткен ғасырдың 20-жылдарының ортасында ерекше еңбегімен ел құрметіне бөленіп, зұлмат заманның құрбаны болған Айса Нұрманов аталарымызды Бектеміс атам аузынан тастамай айтып отыратын. Торғай өңірінде өткен ғасырдың 20-жылдарының ортасында басталып, аяғында аяқталған, ұзындығы 18 шақырым “Албарбөгет” (жергілікті тұрғындар, сол бөгетті салғызған дала инженері Айса Нұрманов атамыздың құрметіне “Айса бөгеті” деп те атайды) бөгеті бар. Осы бөгет еш техникасыз, өгіз-арбаның, адамдардың білектерінің күшімен салынған. “Албарбөгетті” салысуға Бектеміс атам да қатысыпты, бөгет салушыларға күніне бес текше метр жер қазу жүктеліп, оның орындалуы қатаң қадағаланып отырыпты. Бірде сол норманы атам орындай алмай, бөгет басында қонып қалыпты. Бозала таңнан оянып, жер қазып жатқан атамды көрген есепші: “Беке, мұныңыз не, үйіңізге бармағансыз ба? деп сұраса, атам: Қара жерің қатты ғой, Қабырғама батты ғой. Кешегі бітпей бес кубың, Бектеміс түнеп жатты ғой, – деп жауап беріпті. Торғай табанынан шығып, атақтары алысқа жайылған таланттарды түгендеп жатпай-ақ, ат тө­беліндей ғана “Көкалат” ауылынан шоқ жұлдыз­дай болып, биіктерден көрінген аға-інілерімді санайтын болсам, саусағым жетпейтіндей көрінеді. Қазіргі қазақтың ақберен жазушылары – Мем­лекеттік сыйлықтың иегерлері, бірі Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, ғалым-тарихшы, бірі қоғам қайраткері, бірнеше халықаралық сыйлық­тардың иегері Қойшығара Салғараұлы мен Төлен Әбдікұлы ағаларымның осы “Көкалат” ауылында дүниеге келгендері көкірегіме ерекше бір мақ­та­ныш сезімін ұялатады. Әңгімемнің басында тіліме тиек еткен филолог-ғалым Сейітбек Нұрханов, халықаралық “Алаш” сыйлығының иегері, жазу­шы Қоғабай Сәрсекеев және Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл де осы ауылдың түлектері. Бұл тізімге тарихшы-ғалым Сейітқасым Боран­құ­лов, бүгінде құрметті демалыстағы байырғы радиожурналист Тұрғынбек Шопанов және өмір­ден озған журналист Әбдібек Нұрмағанбетов, киноға түспей кеткен әртіс (Т.Әбдіктің сөзі), ақын-термеші Әбдіхалық Нұрпейісов, тума талант иесі, әртіс Өзбек Мұқашов ағаларымды, кейінгі толқын інілерімді қосар болсам, тізімнің түбіне сірә да жете алмаспын. Осы кісілер Бектеміс атамды көздерімен көріп, батасын алғандарын, әкем Назарбектің өнерде рухани ұстаз болғандығы жайлы естерінен шығармай жазып та, жүрген жерлерінде айтып та жүреді. Бүкіл Қазақстанға танымал болған ауылдас аға-інілерімнің өнер жолында жолдары болуына Бектеміс атам мен Назарбек әкемнің үлгі-өнегелерінің септігі тигенін өз ауыздарынан есту мен үшін үлкен бақыт, мақтаныш. “Ұстаның да ұстазы бар, ұстаздың да ұстасы бар”, деген екен бұрынғылар. Сол сияқты бүкіл елімізге танымал болған өнер иелерінің, өмірде өз жолдарын табуларына Бектеміс атам мен Назарбек әкемнің ықпалдары болғаны менің мерейімді өсіреді. Бектеміс атам 1880 жылы өмірге келіп, 1963 жылы 83 жасында дүниеден өткен. Оның кеудесі шежіреге толы болатын, өткеннен әңгіме бастаса, қырғыздардың Манасты жырлаған жомығындай мүдірмей, таңды-таңды ұластыруға бар-тын. Өзін қарақыпшақ Қобыланды бабамыздың ұрпағы екенін айтып, әулетіміздің шежіресін құлағымызға құйып отыратын. Атамның біреуге орынсыз тиісіп, кеудесін көтерген кездерін көрмедім де, естіген де жоқпын. Ал егер өзіне біреу орынсыз тиіссе, бетің бар, жүзің бар демей, өткір сөздерімен түйреп тастайтын. Бірде Торғаймен іргелес Ырғыз өңіріндегі ағайындарының амандығын біліп келмек болып барса, сол елдің өзі қатарлас бір шалы ат үстінен қылжақтап атамның руын сұрапты. Сонда әлгі шалдың жөнсіз қылығын жақтырмаған Бектеміс атам, оған былай деп жауап беріпті: Біз Жетіммен бірге туған Ыстыбаймыз, Шамалы айтқан сөзді қыстырмаймыз. Жәй тұрған адамға кеп сүйкенбай-ақ, Құлағын жаратындай ысқырмаймыз. Кешегі кеңес өкіметі кезінде, дүниеге келген ұр­пағы – біздерге атам сол заманның келеңсіз істерін айтып отыратын. Жолы болмаған Алаш үкіметін аузы­на жиі алып, елі үшін өмірден еңіреп өткен Ахмет ағасын аңсайтын. Ол кезде ойын баласы бол­ғандықтан оның айтқандарын жүре тыңдаушы едім. Басқа пәле тілден дегендей, атамды: “Совет өкіметіне тілі тиді”, деген желеумен, соғыс жүріп жатқан 1942 жылы, жасы алпыстан асқан шағында 5 жылға соттап, елден жырақтатқанын естігенім бар. Әкем партия қатарына өтейін десе осы жәйт­ті алдына тартып, аудандық партия коми­тетін­дегілер ол кісінің жазған арызын кері қайыра беріпті. Содан әкем Сталин өмірден өткесін Хрущевтің атына арыз жазып, ешқашан “бөлшектенбейтін Одақтың” белсенді мүшесі болуға бел буғанын айтып, атамның “өтелмеген айыбы” болса мойныменен көтеруге дайын екенін білдіріпті. Сол жылдары Хрущев “жеке басқа табыну” әрекетін әшкерелеп, Одақта пайда болған аздаған “жылымықтың” арқасында, әкемнің партия қатарына қабылда­нуына жеңілдік жасалыпты. Кеңес Одағы кезінде Алексей Стаханов деген екпінді шахтер шығып, бүкіл Одаққа “межеге ал­ған жоспарды мерзімінен бұрын орындайық” деп үндеу тастағаны белгілі. Стахановтың сол үндеуі­нен кейін, Одақ бойынша “Бес жылдық жоспарды үш жылда орындаймыз”, “Бір күндік норманы 2-3 есе асыра орындайық!” деп көтеріңкі міндеттеме алған зауыт, фабрика, кәсіпорындар баспасөз беттерін бермегені де шындық. Жоғарыдан бастау алған “салиқалы саясаттың” салқыны ауылға да жетіп, ауыл еңбеккерлерінің “қызу қолдауын” тауып, “жүз қойдан екі жүз қозы аламыз”, “жүз сиырдан жүз бұзау өсіреміз” деген көтерің­кі міндеттемелер қабыл­да­ған екпінді стахановшылар табылыпты. Сол кезде колхозда шопан болып іс­тейтін менің атам да стахановшы атаныпты. Қасірет қай кезде жалғыз жүрген, 40-жылдардың басында Ұлы Отан соғысының өрті лап ете қалған кезде атамның алдындағы бір отар қойын ұялы қасқырлар қырып кетіпті. Тағды­ры­на налып, таяғын ұстап қалған атамнан, елге келгендер оны сөй­лету үшін қайғысының қотырын қасып, жағдайын сұраса, атам: Менің атым Бектеміс, Қойды қырдым теп-тегіс. Бұрын едім стақан, Енді болдым тостақан, – деп жауап беретін көрінеді. Атамның осы сөзінен саяси астар іздеген, “қалғы­майтын” қы­рағы мекеменің (НКВД) өкілдері оны жиі айналдырып, түрмеге отырғызуға құлшына кірісіпті. Тор­ғайдың сол кездегі НКВД бас­тығы Әйімбетов де­ген кісі ол жайында атама: “Ақсақал, жасампаз кеңес өкіме­тіне тіліңізді тигізгеніңіз үшін, сізді міндеті түрде түрмеге отырғызамын”, деп дауысын көтеріп, қо­қан-лоқы көрсетіпті. Біреудің көрер көзге жасай­тын зорлық-зомбылығына, зәбіріне көнбейтін атам өзінен жасы кіші НКВД бастығының “құлақ кесті құлындай” өктем сөйлегенін ұнатпай: “Қалқам, біреудің басын жарып, көзін шығарып, бұзақылық жасаған жоқпын. Алдымдағы қойымды қырсам, мен емес қасқырлар қырды, астымда атым да жоқ, өгізді қойшы – өлген қой­­шы дегендей, өгізбен қай қасқырды қуайын. Ісім­нің ақ-қарасын Құдай өзі шешіп берер”, деумен шек­теліпті. Тергеу амалдары жүріп жатқан кезде, әрнені сылтаулатып атамды аудандағы түрменің “төріне” шақыра беріпті. Құқық қорғау мекемелерінің өкілдері қашанда заңсыз істерін заңмен сабақ­тас­тырып істеуге, қармақтарына іліккен “заң бұзушы­ларды” ашса ала­қанында, жұмса жұдырықтарында ұстауға тырысқан. Атамның “істі болып” жүргенін пайдаланғысы келген бір көзінің ағы бар Темірғали деген учаскелік ми­лиционер, қарияның астындағы арық жалғыз қарагер байталын міне тұруға қайта-қайта сұрай беріпті. Бірде ашуға булығып отырған атам­нан сол Темірғали ауыл арасына бір жетіге міне тұруға қарагер байталын тағы сұрап келеді. Сонда атам: Даланың өзі қар, Үйдің іші тар. Сойғаным – бұқа, Дәулетім жұқа. Қара байтал қотыр, Ағаң үйде отыр. Соңымнан қалмадың-ау, Қуарған қу соқыр! – деп тақпақтай жөнеліпті. Мұндай жауап күтпеген милиционер: “Тоқта бәлем, көзіңе көк шыбынды үймелетемін”, деп үйден шығып кетіпті. Келесі күні айтқанындай аудан­ға “үкімет адамына – соқыр деп тілін тигіз­ді” деп шағым жасап, атамды түрмеге қаматыпты. Кейін: “Ауыл­дан алты қадам алысқа ұзамаймын” деген қағаз алып, ауылына жібереді. Ауру қалса да, әдет қалған ба, бір күні ертемен атам қорада мал жайлап жүріп, біреулердің өлең айтып бара жатқанын құлағы шалады. “Япырмай, таң атпай өлеңдері тасып жүрген бұлар кімдер екен?” деп албардың саңылауынан сығаласа Қамбатша әжемнің рулас сіңілілерін көреді. Олар: “Жасасын Совет жасасын”, деп жаңа өлеңнің қайыр­масын қайталап келеді екен, екеуінің де тіл­дерінің шолжыңы болса керек. Атам балдыздарын бір қатырмақ болып, албармен жанаса өте бер­генде: Жасасын Сәбет жасасын, Неменеңе тасасың?! “Совет” деп ерте қақсаған, Қос сақау “қиын” асасын, – депті. Осы айтылған сөз ел ішіне тарап кетіп, ауыл­дың ағаш белсенділері оның өңін айналдырып: “Бектеміс Совет қиын асасын деді”, деп ауданға жеткізеді. Бұл жолы атамның балдыздарына айтқан зілсіз сөзінен “бұлтартпайтын” саяси астар тауып, қырағы мекеменің өкілдері: “Советке тіл тигізіпсің”, деп дүрсе қоя береді. Ол кезде ел ішінде бірін-бірі сырттай көрсету белең алып тұрған кез болса керек, атамның үстінен: “Кеңес өкіметінің жасампаз саясатына теріс көзқарас білдіріп, солақай пікір айтып жүр”, деген домалақ арыздар ұйымдастырылыпты. Озбырлық көрсететін күштің жұдырығы әрдайым жоғары болған, өшпенділігі өршіген өркөкірек Әйімбетов жалған жаланы өрнектеудің маманы екенін көрсетіп, атамның істемеген істерін “істедім” деп айт деп, етігімен тепкілеп тістерін сындырады, сақалын күзейді. “Үкіметке қарсы үгіт жүр­гізгеніңді мойында”, деп Бектеміс атама “бұлтартпас дәлел” тағылып, кешірілмес кінәсін” мойындатады. Атамның Әйімбетовтің қара ниет, қаныпезерлігіне көзі жетіп, жазықсыз жалған жалаға күйінген ол, өзін зәбірлеген тергеушіге тергеу кезінде былай деген екен: Қарағым, әлің жетті тепкіледің, Қашаннан адал жанға кекті ме едің? Ойыңда оңалмайтын арамдық бар, Шындықтың инесімен ектіретін. Күзедің иектегі сақалымды, Шығарып қаныпезер атағыңды. Қылымен қияметте қылғындырып, Алармын тірліктегі ата-құнды. Ол заманда да бүгінгідей “айран ішкен құты­лып, шелек жалаған тұтылған” кез екен, көз алда­рын­да соғыстан қашқандарды ұстамай, соның жап­қан жалған жаласымен атам 5 жылға бас бос­тандығынан айырылады. Сол жолы жалғыз атам­ды соттамай, оның тұстастары, қой аузынан шөп алмайтын Шірен Қарабалаұлы, Ысқақ Смайыл­ұлы аталарымды да “Кеңес өкіметіне қарсы жүр­гіз­ген қылмыстары” үшін айыптап, соттап Қос­та­най облысының Ұзынкөл ауданына жер аударыпты. Бектеміс атам кесілген мерзімін өтеп, елге ораларда жолай бұрынғы Батпаққара ауылында (қазіргі Амангелді селосы) тұратын жалғыз қарын­дасына соғып, 4-5 күн қонақ болып аялдапты. Ағасының аман-есен оралғанына қатты қуанған қарындасы көрші-көлемін шақырып, кішігірім той жасайды. Бектеміс атамның Торғайда қадірлі, елге беделді, сыйлы екенін білетін амангелділіктер оған зор құрмет көрсетіп, кезек-кезек қонаққа шақыра­ды. Отырған жерде атам бір сөздің ретінде жазық­сыз сотталғанын, Әйімбетов деген Торғайдағы НКВД бастығының әлімжеттік жасап, істің ақ-қарасына көз жеткізбей, біреулердің айтағымен түрмеге жапқанын айтады. Сол отырыстың ішінде Әйімбетовтің шешесі де болған көрінеді, баласының аты аталған кезде қарт ананың құлағы елең ете қалады. Атамның қарындасымен көрші тұратын ол кісі Бектеміс ата келгеннен бері бірге жүріп, әр сөзін қалт жібермей тыңдай отырып, бұл кісінің сотталуына баласының кінәлі екеніне көзі жетіп, үйіне келіп ұлына: – Балам, мына көршінің үйінде бір кездерде сен түрмеге жауып соттатқан торғайлық Бектеміс деген қасиетті кісіні көрдім. Әңгімесінде сен жайлы айтып отырды. Құдай Торғайда денеңді үсітіп, бір ажалдан сақтап еді, халықтың қарғысына қалма. Барып сол шалдан кешірім сұра, – дейді. Кезінде басынан сөз асырып көрмеген “сталиндік чекист” кішіреюге қайдан көнсін, қайдан кешірім сұрасын, біразға дейін шешесінің айтқанына көнбепті. Шешесі де: “Балам, қарғысқа қалма, келешегіңді ойла”, деп болмапты. Анасының қолқалауынан аса алмаған Әйімбетов көрші үйдегі Бектеміс атама келіп, істеген зәбіріне кешірім сұрапты. Есіктен кірген Әйімбетовті атам бірден таниды. “Жазасын” өтеп жүргенде оның аяқ-қолын, екі танауын үсік шалғанын естіген. Әйімбетовтің сәлемін алғаннан кейін Бектеміс атам оған қарап: ГПУ-дің бастығы едің Әйімбетов, Бұл күнде жүр екенсің жайың кетіп. Өзіңді көп ұзамай аламын деп, Құдай да қойған екен дайын етіп, – деп өлеңдете жөнеліпті. Мұны естіген Әйімбетов атамның аяғына жығы­лып, ақсақал, олай демеңіз, сөзіңізді қайтып алы­ңыз­шы, бізді солай істеткен сол заманның талабы болды, біз соның құлы болдық, айтқандарын істемесек өзімізді соғыс заңымен итжеккенге айдайтын болды, деп ақталыпты. Бұл оқиғаны, қазір Астана қаласында тұратын, жасы сексеннің сеңгірінен асқан Қорған Әмір­хамзин деген ақсақалдан талай естіп едім. Ол кісі­нің кезінде “Бектеміс айтқан екен” деген айдар­мен “Торғай таңы” газетіне атам жайлы жазғаны да бар болатын. Енді Әйімбетов жайлы әңгімемді аяқ­тайын. Істеген зәбіріне атамнан кешірім сұ­раған ол үйіне кіріп дәм татып шығуын сұрайды. – Қалқам, үлкендер айтқан екен, “Алдыңа келсе атаң­ның құнын кеш” деп, істеген істеріңе қарап ата-құ­нымды қайырармын деп жүруші едім, ол айтқа­нымды өзің де естігенсің, алдыма келгесін ол райымнан қайттым. Білмегендік, көрмегендік жасамайын. Жарайды, жасымыз үлкен болғанымен, дәмнен үлкен емеспіз. Және шешеңді жібі түзу жан ба деп қалдым. Одан туған сен қалай табан жолынан тайғанақтап жүр екен деп қалғанымды жасармаймын, ертең елге сіздің үйден дәм татып аттанармыз деп келісімін беріпті. 1993 жылдың 14 сәуірінде қабылданған “Жап­пай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарды ақтау” туралы Қазақстан Республикасының Заңы шықпай тұрып-ақ, ұлтымыздың ұстазы, еліміздің мақтанышына айналған Алаш асылдары, жерлес­теріміз Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов аталарымыздың ақталуы кеңес өкіметі кезінде жазықсыз жапа шеккен құрбандардың ұрпақтарының жүректерін жылытты. Қамкөңіл болып жүрген жандардың күдіктерін сейілтіп, болашаққа деген ойларына қа­нат бітірді. Сол кезден бастап, менің де кеу­демде жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жалған жаламен қамауға алынып, 5 жылға бас бостан­ды­ғынан айырылған “Бектеміс атамның адал есімі ел-жұртының алдын­да аталса екен” деген ой лап ете қалған өрттей лаулады. Көп жылғы ізденісі­міздің арқасында Бектеміс атамның істеген “істерінің” ақ-қарасына 2008 жылдың басында көзімізді жеткіздік. Қостанай облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне жазған өтініш-арызымызға, мәтіні төмендегідей мұрағаттық анықтама алдық. “По материалам архивного уголовно­го дела, хранящегося в Департаменте КНБ по Костанайс­кой области проходит Себепов Бектемис, 1883 года рождения (дұрысы 1880 жылы — А.Б.) казах, уро­женец колхоза им. Амангелды Албар­бу­гетского аулсовета Тургайского района Кустанайской области. До ареста жил по месту своего рождения. Арестован 8 ноя­бря 1942 года УНКВД по Кустанайской области за участие в антисоветской националистической организации. Заседанием Особого Совещания НКВД СССР от 3 декабря 1943 года по ст.58 п.п.2,10 и 11 УК РСФСР осужден к 5 годам высылки в один из районов Кустанайской области. (Оқырмандар назар аударып қараса, атамның тұтқындалған күнінен кейін, айрықша отырыстың шешімі 1 жыл 1 айдан кейін шыққанын көреді — А.Б. Заключением прокуратуры Костанайской области от 17 апреля 2000 года на основании ст.5 п. “Г” Закона Республики Казахстан “О реаби­литации жертв массовых политических репрес­сий” от 14 апреля 1993 года Себепов Бектемис реабилитирован. Личных документов в деле не имеется Приложение: фотография 2 шт. Зам.начальника СГА ДКНБ РК по Костанайской области М.ТАРАХТИЕВ”. Сөйтіп жазықсыз жапа шеккендерді ақтау жө­нінде заң шыққаннан 7 жылдан кейін, Қостанай облыстық прокуратурасы қаулы қабылдап, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті осынша жыл ой­ла­нып, біздерге жауап жазған еді. ҰҚК-нің ой еле­­гі­нен бірнеше рет өткізіп, сығымдап берген жауа­­бына қанағаттанбай, сол мекемеден атамыз­дың “бүл­дірген ісін” көрсетулерін өтіндік. Бұл өтіні­ші­мізге “көрсете алмаймыз, “қылмысты” іске кө­мек­­тескен жандардың ұрпақтарына кек алмақ ниет­пен қысым жасауларың мүмкін” деген жауап естідік. Таспен атқанды аспен атқан халықтың ұрпағы болғандықтан, өткенді еске алмай, Отанына, менің атама сатқындық жасаған жанның ұрпақ­тарына көмек қолымды созған кездерім де болды. Бала күнімде маған ауылдастарым: “Сенің атаңды соттатқан ана кісі”, деп сыртынан басын төмен са­лып бара жататын адамды көрсететін. Марқұм әкем, ауылда өткен ғасырдың 60-жылдарының орта шенінде, партком хатшысы болып жұмыс іс­те­генде, соғыстан оралмағандарға ескерткіш-бел­гі орнатты. Сол кезде аудандық әскери комиссариаттан алған тізімінің ішінен әлгі адамның аты-жөні сопаң етіп шыға келіпті. Тірі жүрген адамды өл­ген­дердің қатарына қосуды қиянат көрген әкем әлгі кісінің алдына барып: “Ақсақал, қалай іс­тей­ін?” деп ақылдасыпты. Сонда әлгі кісі: “Қалқам, На­зарбек, менің тірі жүргенім болмаса өлгендер­дің қатарындамын, ештеңе өзгертпей-ақ қой”, депті. Әкем жарық дүниемен қоштасарда, біздерге: “Қалқаларым, тіршілігімде аталарыңның адал есімін ақтап алуға қауқарым жетпеді, оған жала жапқан жанды Құдай өзі жазалады, оның ұрпағынан кек аламыз деп ойламаңдар”, деген болатын. Әкенің сөзі біздерге өсиет, одан асуға бола ма?! ҰҚК-нің жауабының бізді ойландырып, толғандырғаны – жалған жаланы арқалап, жазықсыз зәбір көрген атамыз үшін, ұрпағы біздерден өтірік болса да кешірім сұрамағандары, жабырқау жаныңды жылытатын бір ауыз болса да жылы сөз айтпағандары болды. Атама айып тағушы НКВД — бұл күнде аты өзгеріп, заты қалған мекеменің бізге берген жауабында атамыздың Ресей Федерациясының (РСФСР) Қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 10 және 11-тармақтарымен айыпталғанын көрсетті де, ол қандай тармақтар екенін ашып жазбай, қалғанын өздерің анықтап алыңдар дегендей сиырқұйымшақтатып жіберіпті. Не болса да атамызға тағылған айыптарды анықтау мақсатында “шешінген судан тайынбас” дегендей, індете іздеп, Астанадағы заңгерлерге жүгінуге мәжбүр болдық. Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 58-бабының 2-тармағы “Подготовка вооруженного восстания” деп аталады екен. Кезінде аталмыш баппен талай Алаш асылдары айыпталып, атылып кеткендерін кейін біліп жатырмыз. Осы баппен Бектеміс атамды “халық жауының” ағайыны ретінде көрсеткен. Тумысынан мал соңында жүріп, сотталғанға дейін қолына қисық мылтық ұстап көрмеген атама “қарулы көтеріліс дайындады” дегендері шындыққа жанаспайтын, қисынсыз жала ғой. Жоғарыда көрсетілген баптың 10-тармағы “Антисоветская агитация” деп аталады екен. Қазақшаласақ “Кеңестерге қарсы үгіт” жүргізген болады. Айтатын сөзін астарлап айтып, жұрт көзінше жұмбақтап сөйлеп, ойын бүкпелі әжуа ретінде тұспалдап жеткізетін атамның айтқандарын сол заманның қолшоқпарлары өңін айналдырып, иіп әкеліп “Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізеді” деп көрсеткен. Жұрт тарихты – таразы, уақытты – төреші деп жатады, оларға әділ төрелік айтатын уақыт 58 жылдан кейін келді. Жазықсыз жапа шеккен жандарға жабылған жаланың ақ-қарасын ажыратып, таразылап беретін тарихты, төрешілік айтатын уақытты асыға күткен қазақтың бірімін. 1993 жылы “Жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарды ақтау” заңы қабылданғаны белгілі. Содан бері 17 жыл уақыт өтіпті, осыншама жылдар ішінде Жангелдин ауданында жаппай репрессияға ұшыраған жандарға ескерткіш белгі орнатылмауы еріксіз басыңды шайқатады. Мұндай ойлар жалғыз мені ғана емес, жүздеп, мыңдап саналатын Кеңес өкіметі кезінде жазықсыз жапа шегіп, қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың туған-туысқандарын да мазалайды деген ойдамын. Асқарбек БЕКТЕМІСОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Астана.