Сыр аймағында 1226 зағиптар, яғни көз мүгедектері есепте тұрады екен. Осылардың тең жартысынан астамы кітапхана қызметін пайдаланады. Демек, қоғамда болып жатқан барлық жаңалықтардан құлағдар болып, ақпаратпен зағиптарды сусындандыру үшін кітапхана аса қажет.
Қызылорда қаласындағы “Қазақ соқырлар қоғамы” өндірісінің меншігіндегі кітапхана ғимараты осыдан қырық жылдай бұрын салынған. Содан да оның зағиптарға көрсетер қызметі талапқа сай да емес. Сондықтан облыстық бюджеттен ағымдағы жылы 34,0 млн.теңге бөлініп, бүгінгі заманауи талапқа сай жабдықталған екі қабатты кітапхана ғимараты салынып, зағиптардың руханият ордасы пайдалануға берілді.
Кітапханадағы озық үлгідегі жаңа тифлотехникалық жабдықтар, “Сара” оқу-машинасы, брайлша дисплей, “Оникс” электронды үлкейткіш құралы, тифломагнитолла, компьютер зағип жандардың жан-жақты білім алуларына мол мүмкіндік бермек десек, руханият ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Б.Қуандықов қатысып, өзінің ыстық лебізін жеткізді.
– Көптен күтіп жүрген жаңа ғимараттарыңыздың игілігін көріп отырсыздар. Мұндай кітапхана еліміз бойынша ашылып отырған екінші ғимарат. Бұл сіздер үшін рухани дем беретін құтты мекен болсын, –деді ол.
Еркін ӘБІЛ.
Қызылорда.