• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2010

Каспий бекіресі жойылмасын десек балық шаруашылығына түбегейлі өзгеріс қажет

3921 рет
көрсетілді

Кәрі Каспий, Ақжайық десек, ең алдымен көз алдымызға қызыл балық, қара уылдырық елестері сөзсіз. Қызыл балық тұ­қымдарына жататын бекіре (осетр), шоқыр (севрюга), қорытпа (белуга) балықтарының 90 пайызы Каспий мен Азов теңіздерінде шоғырланған. Оның табиғи түрлері тек осы екі теңізде, олардың айналасындағы өзен су қоймаларында ғана мекен етеді.Тарих парақтарынан сыр тартсақ, жергілікті халық XІІІ ғасырдан бастап бекіре балықтарын тағам ретінде пайдалана бастағанын білеміз. Ата-бабаларымыз ерекше құнарлы тағамды түрліше дайындап, сақтау әдістерін тез меңгеріп алған. Ал, Кеңес Одағы тұсында кәсіби балық аулау шаруашылықтары құрылды. Тауарлы балық өнімдерін дайындайтын ірі кәсіпорындар да осы кезеңде өз жұмыстарын бастаған. Балық аулау – Атырау облысы үшін дәстүрлі сала және өңір экономикасының негізін құрайды деуге болады. Жергілікті жерде балық ресурстарының жағдайына үлкен маңыз беріліп отыр. Себебі, еліміздегі балықтың 60% осы жерде ауланып, өңде­леді. Осы саланың кәсіпорындары 70 мың­нан астам халқы бар жағалаудағы ауылдар үшін негізгі жұмыс беруші болып табылады. Алайда, бүгінгі таңда балық шаруашы­лығына қатысты көптеген мәселелер өзінің шешімін күтіп тұр. Әсіресе, бұл бекіре тұ­қымдас балықтар қорын сақтауға және оны көбейтуге қатысты өрбиді. Ащы шындық мынадай: дәмді жеңсік ас, теңдессіз тағам болып табылатын бекіре тұқымдас ба­лықтар қоры соңғы 20 жылда күрт азайды, қазір құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Кезінде облыс халқын асыраған, елімізді әлемге әйгілі еткен балық шаруашы­лы­ғы­ның қазіргі күйі құлдырау деңгейіне жетті. Осыған дейін тонналап аулағаннан басқа, балықты сақтау, көбейту, қорын өсіру туралы мәселе ешкімді толғантқан емес. Судағы маржан сарқылмайтын тай қазандай көрінгендіктен, ысырапшылдыққа жол берілген. Енді сол ысырапшылдықтың зардабын шегудеміз. Дегенмен, балық шаруашылығы сала­­­­сының еңсесін көтеріп, жандандырудың амалы қарастырылып жатыр. Бұл бағытта үлкен жұмыстар бар. Алдымен, былтыр Елбасының Атырау облысына жұмыс са­пары кезінде көтеріліп, тиісті министрлік­терге тапсырмалар жүктелгенін айту ләзім. Сондай-ақ биыл облысқа арнайы жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің тарапынан да үлкен қолдау тауып, салаға біраз қаржы бөлінетін болды. Сол сапардың тағы бір нәтижесі – облыстық әкімдікте ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмидің төра­ғалық етуімен Бас прокуратураның Жайық-Каспий бассейнінде балықтың бағалы түрін сақтауды және өсіруді қамтамасыз ету саласында заңдылықтың сақталу мәселелері бойынша құқық қорғау органдарының кеңейтілген көшпелі мәжілісі өтті. Оған Парламент депутаттары, Ауыл ша­руа­шылығы, Ішкі істер, өзге де министр­лік­тердің, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агент­тігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара әскерлерінің басшылары, республиканың батыс өңірінің жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары қатысты. Аты­раудағы мәжілістің өту барысында Премь­­ер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев тікелей байланыста болды. Мұндай кең көлемде, жоғары өкілдікте, республикалық деңгейдегі маңызды мәжіліс облыста тұңғыш рет өткізілді. Облыс әкімдігінің бастамасымен Жайық-Каспий бассейніндегі заңсыз балық аулауды бол­дырмау жұмыстары пәрменді жүргізілуде. Біздің ұсынысымызбен Үкіметте ведом­ствоаралық комиссия құрылып, осы са­ла­дағы көптеген проблемалық мәселелерді анықтады. Қазіргі кезде осы жоғары дең­гейде балық қорын қорғаудың тиімділігін арттыру жұмыстары жүріп жатыр. Балық қорын қорғау мәселесіне осын­шалықты мән беруіміздің терең сыры бар. Бар-жоғы 25-30 жыл ғана тіршілік ететін балықтардың қоры құрып кетердей болып азаюының ең негізгі себебі – адамдардың тағылық әрекеттері. Қара басының қамын ойлаған браконьерлер құнды балықтарды уылдырық шашу жасына жеткізбей-ақ қынадай қырып жатыр. Шабақтардың тек 10 жылдан кейін ғана өскен ортасына оралып, уылдырық шаша бастайтынын ескерсек, қарақшылардың бұл әрекетін құнды балық­тардың тұқымына балта шабу деп түсінеміз. 1998 жылы Атырауға әйгілі Кусто командасы келді. Сол сапар бары­сын­­­­да Жак Ив мырза “Мен әлемнің біраз теңіздерінде болып едім. Бірақ, дәл Кас­пий­­дегідей браконьерлікті алғаш көруім”, деп таңғалған екен… Жасыратыны жоқ, бүгін кім көрінген күнкөрістің қамы деп алтынға пара-пар бекіре тұқымдас балықтарға жаудай тиіп, қанағатсыз қылғытып жатыр. Нан таба алмай, аштықтан жеп жатқан жоқ, пайдакүнемдіктің құлына айналып, ар-ұятты, табиғатты, қанағатты ұмытқан. Осындайлардың кесірінен аса қымбат қара уылдырық беретін бекіре тұқымдас ба­лықтар құрып барады. Жесе дәмі тіл үйі­ретін, әлсізге қуат беретін қара уылды­рық­ты шеттен келгендер шелектеп әкет­кен­­деріне мәз, іштегілер ішіп, жегендеріне мәз. Шеттен келген браконьерлердің озбыр­лы­ғы – тек бекіреге ғана емес, елдің ұлт­­тық қауіпсіздігіне төнген қатер. Олардың Каспий қазақстандық бөлігінде емін-еркін тай­раңдап, браконьерлікпен айналысуы тәу­елсіз мемлекет деген атымызға сын. Қазіргі күні бұл – қоғамды, жұртшылықты толған­дырып отырған күрделі проблема. Балық қорын қорғау заңнамамен Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің балық инспекциясына жүктелген. Сонымен бірге, браконьерлікпен күресті Қаржы полициясы, Ішкі істер департаменті бөлімі, Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің Шекаралық қызметі, “Ақ Жай­ық” табиғат резерваты жүргізеді. Барлық шараларға Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің, көлік инспекциясының қыз­меткерлері қатысады. Алайда, бір мәсе­ленің басын ұстаған осынша мемлекеттік органдар бір-бірінің қызметін қайталайды. Олардың ісінен түпкі нәтиже болмай тұр. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың қызметін бағалаудың нақты белгіленген өлшемдері жоқ. Соның салдарынан алға қойылған міндеттерді шешуге әрбір органның қосқан үлесін және жұмысының тиімділігін анықтау мүмкін емес. Аталған органдардың қай-қайсысы да құқық бұзған тұлғаларды анықтамай, құқық бұзушылық­ты ашуға ғана мүдделі. Яғни, қылмыс бар, жауап беруші жоқ. Ешбіреуі алдын алу шараларымен айналыспайды. Мұндай жағдайда қылмыскер өзін еркін сезінетіні бесенеден белгілі. Теңізді айтпағанда, жыл бойына Жайық өзені құйылысынан бастап 4 мыңға жуық ау құрылған. Теңіз бекіресін талан-таражға түсірген браконьерлік ұйымдасқан қыл­мысқа айналып отыр. Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы 3 жылда ел аумағынан 40 тонна бекіре тұқымдас балықтар, 10 тонна­ға дейінгі мөлшерде қара уылдырық әке­тіл­ген. Алайда, жедел ақпаратқа сәйкес жыл сайын ел аумағынан шығарылатын бекіре тұқымдас балықтар көлемі әлдеқайда көп: 500-600 тонна. Бұл – бекіре балықтарын заңсыз шетелге шығару ресми статистика көрсеткішінен 37 есеге, ал қара уылдырық­ты шығару 7 есеге артық деген сөз. Бұл әзірге белгілі болған деректер ғана. Ал, ұсталмай өтіп кетіп жатқаны қанша. Міне, ел байлығын талан-таражға салу деген осы. Теңіздің қазақстандық бөлігі шетелдік браконьерлердің заңсыз балық аулау айма­ғына айналған. Қаржы полициясының мәліметінше, қара уылдырықтың көлеңкелі айналысы 92 пайызға жеткен. Каспий-Жайық су бассейніндегі аса бағалы су мар­жаны жылма-жыл осылай көрінгеннің қо­лын­да кететін болса, бекіре тұқымдас ба­лық­­тар қорының мүлдем жойылатыны анық. Елімізде браконьерлікпен күрестің басталғанына бірнеше жыл болғанмен, оларға тосқауыл қоятын мемлекеттік орган­дардың жұмысы мардымды нәтиже бермей тұр. Бұл құқық қорғау, оның ішінде балық қорғау органдары қызметінің тиісті дәре­жеде ұйымдастырылмағанын көрсетеді. Ел Президенті бекіре тұқымдас ба­лық­тар қорын сақтауға, оны талан-таражға салған браконьерлікке қарсы бітімсіз күрес жүргізуді қатаң тапсырған. Ал шынды­ғын­да, ең негізгі міндеттер қағаз жүзінде ғана қа­лып келеді. Бүгінге дейін ашылып, жой­ыл­ған бірде-бір ұйымдасқан қылмыстық топ жоқ. Аймақта экологиялық қылмыс жөніндегі арнайы мамандандырылған жедел-тергеу тобы құрылғанымен, бұл топ тек қағаз жүзінде қызмет ететіні анықталды. Мұндай көзбояу­шылық кімге керек? Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі олардан да асып түсіп, бекіре балықтарын уылдырық шашу кезінде аулауды тоқтату жөнсіз деп есептеген. Заң бойынша тыйым салынға­нын министрлік білмеуі мүм­кін емес. Білсе, неге заңға қарсы шығады? Бізді теңіз шекарасын қорғау мәселесі де ерекше алаңдатады. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, республиканың өзен-көлде­рінде шетелдік браконьерлердің жаппай әре­кет етуі тек балық қорына ғана емес, ел­дің ұлттық қауіпсіздігіне де тікелей қатер ту­дырады. Шекаралық қызмет Каспий те­ңі­зінің 12 мильдік шекара аймағына басқа мем­лекеттік қызметтерді жібермейді. Бұл ерекшелік оларға теңіздің кең аймағын то­­лық­тай бақылауға, заңсыз балық аулауға жағ­­­­дай жасауға мүмкіндік береді. Атырау об­лысында құқық қорғау органдары бра­коньерлікпен күресті жандандыруына бай­ла­нысты Шекаралық қызмет Маңғыстау об­лысының аймағына ауысып, сол өңірде заңсыз балық аулауға қолдаушылық көрсету фактілері анықталды. Ал жергілікті құқық қорғау органдарының Маңғыстау аймағына кіруге ешқандай құқығы жоқ. Демек, бра­конь­ерліктің тамыры тереңге кетіп, жаппай ұйымдасқан қылмыстық сипатқа ие болған. Осы әрекеттердің түпкі себептері жойыл­май, браконьерліктің өзін жою мүмкін емес. Каспий теңізі тек Қазақстанға ғана тиесілі емес. Бұл – Ресей, Иран, Әзірбай­жан, Түркіменстан секілді көршілес мемле­кеттерге де ортақ су қоймасы. Сонымен қатар, жағалаудағы мемлекеттер арасында теңіздің мәртебесін анықтау мәселесі әлі толық шешімін тапқан жоқ. Бұл да браконьерлікпен күрестің тиімділігіне әсер ететін фактор. “Қазақстан Республикасы­ның Мемлекеттік шекарасы туралы” Заңға сәйкес Каспий теңізінде ел аумағындағы жағалаудан 22,2 шақырым қашықтықта (12 миль) мемлекеттік шекара анықталған. Бірақ мемлекеттік шекараның нақты қай жермен өтетінін анықтайтын нормативті құжат болмай тұр. Ең бастысы, су айды­нында мемлекеттік шекараны айқындау туралы Қазақстан мен Каспий жағалау­ын­дағы өзге де мемлекеттер арасында нақты келісім болмағандықтан, бұл біржақты шешім күйінде қалуда. Осыған байланысты теңіз шекарасын бұзған көршілес елдердің азаматтарына Қылмыстық және Әкімшілік кодекстердің тармақтарын қолданудың заңдылығы күмән туғызады. Қазақстандық құқық қорғаушылар Ресей Федерация­сы­ның немесе Әзірбайжанның азаматтарын ұстаса, ол өз елдерінің дипломатиялық өк­­іл­діктері арқылы қазақстандық құқық қор­ғау органдарының заңсыз әрекеттері туралы талап қоюы мүмкін. Бұған қоса, Каспий теңізінің бейтарап бөлігінде браконьер­­лік­пен айналысқан шетелдік азаматтарды жауапкершілікке тартудың құқықтық негіздері болмағандықтан, ұсталғандар жауапкершіліктен сытылып кетіп отыр. Міне, осы себепті, Каспий теңізінің мәр­те­бесін анықтау аса маңызды мәселеге айналып, айрықша назар аударуды қажет етеді. Алдымен, Каспий мәртебесін анық­тауда көршілес мемлекеттермен ортақ мәмі­леге келіп, нақты шешім қабылдануы тиіс, әрбір мемлекеттің заңнамасының қолда­нылу тәртібі айқындалуы керек. Мәселе дәл осы­лай шешімін тапса, мұндағы кең өріс алған браконьерлікке қарсы күресті көр­шілес мем­лекеттермен бірлесіп жүргізуге мол мүм­кін­дік болар еді. Өзге елдердің бра­конь­­ер­леріне заңдылыққа сәйкес қатаң жаза қолдануға жол ашылады. Ең бастысы, өзге ел бра­конь­ерлерінің теңіздің қазақ­стан­дық бөлігінде бекіре тұқымдас балық­тарды заңсыз аулауы­на сенімді тосқауыл қойылады. Браконьерліктің өрістеуі және Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтар қоры­ның азаюы бір-бірімен тікелей байланысты. Бұл – ақиқат. Жалпы, бекірені сақтау, қорғау мәселесіне көзқарасты түбегейлі өз­герту керек. Осыған орай, облыс әкімдігінің мынадай бірнеше ұсыныстары бар: Бірін­­шіден, бекіре тұқымдас балықтарды өткізу­дің заңсыз нарығын жою. Мәселен, Ресей мемлекеті тәркіленген уылдырықты жою жолына көшкен. Біздің елде де дәл осындай тәртіп енгізілсе, қазіргі таңда тәркіленген уылдырықтың екінші мәрте айналымға түсуін түбегейлі жоя алар едік. Қазір мемлекеттік бюджетке бекіре тұқымдас балық түрлерін өткізуден небары 2-3 млн. теңгені молайтуға мүмкіндік болады. Екіншіден, Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған синтетикалық моножіптерден жасалған аулар мен балық аулау құралдарын әкелуге және сатуға тыйым салу. Сондай-ақ, кәсіпшілік балық аулаудың ау материалдары мен құралдарын еркін сату қызметін лицензиялау, мұндай лицензияны кәсіптік балық аулау құқығына ие тұлғаларға ғана беру арқылы шектеу қою қажет. Үшіншіден, балық ресурстарын заңсыз аулауға жауапкершілікті күшейту. Браконьерлікпен күресуде айыппұлдар­ды қолдану бұл қылмыстың алдын алатын­­дай шара бола алмайды. Өйткені, бұл пәр­мені төмен жаза. Бекіре тұқымдас балықпен ұсталған тұлғалар көп жағдайда Қылмыстық кодекстің 183-бабын бұзып, заң бойынша алдын ала қылмыстық жолмен мүлікті ал­ғаны немесе өткізгені үшін жазаға тарты­ла­ды. Сондықтан, бекіре тұқымдас балық­тар­ды немесе оның өнімдерін заңсыз алу, сақ­тау, тасымалдау немесе өткізу үшін қа­таң жаза қарастырып, қылмыстық заңна­ма­ны тиісті баппен толықтыру ұсынылады. Төртіншіден, балық ресурстарын қорғау және браконьерлікпен күрес жөнінде бір­тұтас мемлекеттік органды заң шығару­шы­лық деңгейде белгілеу. Менің ойымша, мұны ішкі істер депар­таментіне немесе балық қорғау инспекция­сына жүктеген дұрыс. Алдын алу шара­ла­рын жүктеуде Каспий теңізінің 12 мильдік аймағында қимыл жасайтын құқығы болуы тиіс. Басқа құқық қорғау органдарына суда кез келген рейдтік шараларды жүргізуге тыйым салу керек. Шекара күзету қызметі шекараны қорғасын. Прокуратура тиісінше қадағалауды жүзеге асырады. Ресейде “Пиранья” атты арнайы балық қорғау тобы құрылған. Айта кету қажет, Атырау бекіре тұқымдас балық зауыты мен жергілікті балық инспекциясы бір органға – Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынады. Мұндай жағдайда бекіре тұқымдас балық зауытының қызметіне тиісті бақылау болмайды. Қызмет көрсетуші де, тапсырыс беруші де – бір жақтан. Уылдырықтың шығарылуы және басқа да технологиялық үдерістер бақылаусыз қалуда. Шыққан тұқымның көлемі қанша екені белгісіз. Бесіншіден, ең бастысы, балық ресурс­та­рын қорғау және браконьерлікпен күрес жөнінде біртұтас мемлекеттік орган құрып, оның облыс әкімдігіне де есеп беруін мін­деттеу керек. Жергілікті жердегі жағдайды әкімдік жақсы біледі. Министрліктің орталықта отырып балық шаруашылығын­дағы барлық жағдайды бақылауда ұстайтын мүмкіндігі жоқ. Балық қорғау органдары өздерінің қуаты аз катерлерімен браконьер­лерді ұстауға дәрменсіз. Бұл үшін аумақтық балық инспекциясының қызметін қаржы­­ландыру мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Мәселен, ішкі істер органдарының тәжірибесін­де­гідей. Сонда жергілікті атқарушы орган бұл органға материалдық-техникалық жабдық­тау бойынша жан-жақты қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне бағынышты балық шаруашы­лы­ғы комитеті арасында реттеу функцияларын бөлу қажет деп есептейміз. Міне, сонда ға­на ортақ жауапкершілік, бірегей тәртіп бо­лады, жұмыстың тиімділігі артады. Браконьерліктен басқа балық қорының азаюына ықпал ететін өзге де факторлар бар. Соңғы жылдары Каспийде қарқынды дамып келе жатқан мұнай өндірісінің теңіз фаунасына тиетін зияны, соның ішінде балық қорының азаюына тигізер әсері – айрықша назар аударуды қажет ететін мәсе­ле. Міне, 16 жылдан бері жыл сайын Кас­пий теңізінде итбалықтардың жаппай қы­­рылу фактісі тіркеледі. Судың ластануы бе­кіре тұқымдас балықтарға да жайлы бол­майтыны түсінікті. Мәселен, 2006-2009 жылдары 2143 бекіре тұқымдас балықтар мен 1293 итбалық қырылғаны жөнінде де­ректер тіркелген. Балықтардың қырылуы­мен келген шығын 206 миллион 678 мың теңгені құраған. Бұл осы кезеңде браконь­ер­­лер келтірген залал көлемінен артық. Жекелеген эколог-мамандардың пікіріне сүйенсек, су жануарларының бұлайша жыл­ма-жыл опат болуы теңіздегі барлау және көмірсутекті өндіру кезінде ауаға шығары­латын күкірт, метан немесе өзге ілеспе газдармен байла­нысты болуы ықтимал. Бұл әзірге болжам ғана. Бірақ теңізде бұрғылау жұмыстары басталғанға дейін су жануарла­­рының бұлай жаппай қырылуы болмағанын білеміз. Атырау және Маңғыстау облыстары аума­ғында Каспий теңізі суының астында қалған 170 мұнай-газ ұңғымасы бар. Әзірге осы ұң­ғымалардың қоршаған ортаға әсері жөніндегі мәселе оңтайлы шешімін тапқан жоқ. Каспийдегі тіршілікті сақтаймыз де­сек, бұл мәселеге де ерекше назар аудару қа­ж­ет. Бұл туралы біз қазір Үкіметке, тиісті ми­нис­тр­ліктер мен ведомстволарға ұсыныс­та­ры­мыз­ды беріп, осы проблеманы көтеріп отырмыз. Бекіре тұқымдастарға қатысты жағдай осындай екен деп қол қусырып отыруға да болмайды. Керісінше, енді оның қорын молайтудың жолын белсенді іздестіруіміз қажет. Сонда қандай жолды таңдаған жөн? Қазақстан үшін қолайлы болатын әлемдік тәжірибе бар ма? Баршаға белгілі, бекіре тұқымдас балықтарды өңдеу мен қара уылдырық шығаруға мамандандырылған республикамыздағы жалғыз кәсіпорын – Атыраудағы зауыт – “Атыраубалық” ак­ционерлік қоғамы. Бұл бұрыннан балық саласындағы жетекші кәсіпорын және әлемдік нарыққа бекіре балықтарының қара уылдырықтары мен жеңсік асын ұсынушы жалғыз қазақстандық компания болатын. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, “Атыраубалық” зауытында 1986 жылы 30 тонна қара уылдырық өндіріліпті. Бұл – ең соңғы тіркелген жоғары көрсеткіш. Бағалы балық пен құнарлы қара уылдырық бұл күнде көзден бұлбұл ұшты. Ол түгілі, қара балықтың да қарасы азайып қалған. Бір кездері жекеменшікке өтіп кеткен еліміздегі маңдайалды кәсіпорын флагманнан балластқа айналды. Бұл онсыз да құрып бара жатқан балық шаруашылығын одан әрі тұралатты десек артық болмас. Әділін айтар болсақ, оған сырттан келгендер де, осы жердің адамдары да “үлес қосып”, кәсіпорынды тақырға отырғызды. Солар­дың қарекетінен соңғы 15 жылда бүкіл республикаға өз өнімімен танымал болған кәсіпорын құрдымға кетті. Кәсіпорынның иелері бірнеше рет ауы­суы оның қаржылық жағдайы­ның мейлін­­ше нашарлауына әке­ліп соқты. Әйгілі кә­сіпорын 1 млрд. теңгеден астам қарыздар бо­лып қалды. Өндіріс көлемі жы­лына 13,5 мың тон­надан 3,8 мың тоннаға дейін төмендеді. Кон­серві шығару өн­­дірісі жабы­лып, 500-дің үстінде адам жұ­мыссыз қалды. Кәсіп­орынның барлық активтерінің тозығы жет­кен, өндірістік қуаты 90%-ға ескірген. Сала қызмет­кер­лерінің жалақысы облыс бой­ынша ең төмен болып сана­лады. Осының салдарынан жо­ға­ры білікті мамандар кетуде. Президент был­тыр бекіре тұқымдас балықтарды аулау, са­тып алу, қайта өңдеп, өткізуге мемлекет­тік монопо­лия енгізу туралы заңға қол қой­ды. Соған орай енді қызыл балыққа қатыс­ты мәсе­лелердің барлығы жергілікті жерде шеші­летін болады және осы бағытта моно­по­лия субъектісі – “Жайық-Балық” ком­му­нал­дық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Облыс әкімдігінің бастамасымен бүгінде “Атырау­балық” АҚ-тың мүлігі мемлекет меншігіне қайтарылып, босап қалған қызметкерлер түгел жұмысқа орналасты­рыл­ды. Жалақы бойынша қарыздар да то­лықтай төленеді. Бұрын әркімнің қолында кетіп, талан-таражға салынған қызыл ба­лық­ты аулау, өңдеу, сату бір қолға шоғыр­ланып, бірыңғай тәртіппен жүзеге асады. Аталмыш мәселені жоғары органдарда қайта-қайта көтеріп, табандылықпен шешіп отырмыз. Бұл – біздің үлкен жетістігіміз. Алдағы уақытта бұл кәсіпорынның жұмысын қалай өркендеткен жөн? Қаражат қайдан табамыз? Міне, енді осындай сауалдарға орай өз ұсыныстарымыз бар. Бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегі тәжірибеге сүйеніп, балық шаруашылығын орталық­тан­ды­руды көздедік. Бұған қатысты барлық мәселелер бір мекеме –“Жайық-Балық” коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны арқылы реттеліп отырады. Бұрынғыдай жеке-жеке өз алдына кооператив дегендер болмайды. Балық шаруашылығымен ай­налысатын кәсіпкерлер осы жобаға үлеске кіріп, акционер болып, қаржыларын салуға ниет білдіріп отыр. Барлығы бірігіп, бір жерде жұмыс жасайды. Бюджеттен бір тиын да қаржы шығармай, жергілікті кәсіп­керлердің күшімен-ақ саланы көтеріп алуға болады. Бұл – кім-кімге де өте тиімді. Жаңа кәсіпорынның алдына үлкен мін­дет қойылып отыр. Ол – бұрынғы балық шаруашылығының флагманына тың серпін беріп, өркендету, қуатты өндіріс орнына айналдыру. Қазіргі уақытта мемлекеттік монополия субъектісінің перспективалық даму бағыттары жасақталуда. Соған орай “Жайық-Балық” коммуналдық мемлекет­тік кәсіпорны алдында келесідей міндет­терді жүктеп отырмыз. Біріншіден, жылына 15 мың тоннаға дейін балықты терең өңдеу және аулау көлемін ұлғайту. Сонымен қатар, балық шикізаты нарық бағасымен балық аулаушы шаруашылықтардан сатып алынады. Бұл олар үшін тиімді және олар осы бастаманы қолдайды. Екіншіден, балық-құты өндірісін жандандыру. Ол үшін қуаттылығы жылына 5 млн. шартты ыдыс болатын балық-құты зауытын салу қажет. Өндіріс әр түрдегі балық-құты өндірісін (40 атауға дейін) 4 желімен іске асыратын болады. ИСО, ХАССП, Еуронөмір және басқа да халық­ара­лық стандарттар нормаларына сай тұз­дай­тын, ыстайтын, қақтайтын және кули­нарлық өнімдер шығаратын цехтар қайта­дан салынады. Сондай-ақ, ескірген то­ңазытқыштардың орнына өнімділігі жоға­­­ры, қазіргі заманғы тез қатырғыш қондыр­ғылар орнатылатын болады. Балық өнімінің ассортименті мен жоғары қосылған құнын арттырып, шикізат өндірісін төмендетіп, ал жұмысшылар санын 700-ден 2500 адамға көбейтеміз. Барлық өнімдер шетелдік және ресейлік сұранысқа ие болып, экспортқа шығарылады. Үшіншіден, теңізде балық аулауды және жаңа кәсіптік аудандарды игеруді ұйым­дастыру. Теңізде қоры мол майшабақ аулау­ды жандандыру керек. Қазақстаннан басқа Каспий маңы мемлекеттерінің барлығы теңіздік аулаумен айналысады. Төртінші бағыт – тауарлы бекіре балы­ғын өсіруді дамыту. Монополия субъектісі ретінде перспективасы мол осы бағытты қарқынды дамытуымыз керек. Шынды­ғын­да, бекіре балығының өсіп-өнетін табиғи аймағын сақтау бойынша жұмыстардың деңгейі мүлде төмен. Жайық өзеніндегі бе­кі­ре тұқымдас балықтардың уылдырық ша­шатын 68 мекенінің қазір 13-і ғана жарам­ды. Жағалаудағы ауылдардың тұрғындары үшін жұмыс орны болып табылатын тауарлық бекіре өндірісі де екпін ала алмай отыр. Осыған байланысты мына жайтты баса айтқым келеді. Мемлекет басшысы қойған міндеттің бірі – Каспий бекіресінің табиғи қорын сақтау. Ал, оның баламалы жолы – тауарлы бекірені өсіру. Мұның тиімділігі неде? Алдымен, бекіре тұқымдас балық­тардың тұқымын жоғалтар болсақ, оның өнімін шығару да тоқтайды. Бұл – мемле­кет бюджеті үшін орны толмас шығын. Ал, қазіргі экологиялық ахуал бекіренің табиғи өсіміне белгілі бір деңгейде шектеу қояды. Демек, тауарлы бекіре өсіру – табысты, тұрақты, экономикалық тұрғыдан, балық шаруашылығын дамытудың ең тиімді бағы­ты. Осы әдіс көптеген шет мемлекеттерде қолданылып, қазіргі уақытта тауарлы бекірені өсіру әсіресе, Қытайда, АҚШ-та, Францияда, Германияда, Италияда, Дания мен Жапонияда ерекше қарқынмен дамуда. Балық шаруашылығын жетік білетін ма­мандардың пайымдауынша, Қазақстанның балық шаруашылығын дамытуға ең қолайлысы – Қытайдың тәжірибесіне жүгіну. Өйткені, бұл елде тауарлы бекіре өсірудің әлемдік тәжірибесі қалыптасқан. Осы мәселеге Қытай мемлекеті ден қойып, арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, саланы дамытуға бет бұрған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп отырады екен. Қытайдың аталған саланы экономика­ның алдыңғы легіне шығарып, аса тиімді етіп отырғаны басқа елдерді де қызық­тырады. Бір ғана мысал, әлем бойынша тауарлы бекіре өсірудің 60 пайызы Қытай­дың үлесіне тиеді екен. Яғни, бұл елде жылына 20 миллион тоннадан аса тауарлы бекіре өсіріледі деген сөз. Қазақстанда тауарлы бекірені өсіру кең көлемде дамымай отыр. Мұның бірнеше себебі бар. Бірін­­ші­ден, бұған несие саясатының жетілмегені кері әсерін тигізеді. Екіншіден, тауарлы бекі­рені өсіруге ұмтылғандар мем­ле­кеттік қол­дауды сезіне бермейді. Үшін­шіден, тауарды өндіру технологиясы мен тәжірибенің жоқтығы осы істі өркен­детуге кедергі жасайды. Төртіншіден, тауарлы бекірені өсіруге ниет еткен фермер, кәсіп­кер, балықшыларды толыққанды ақпарат­тандыру жетіспейді. Тауарлы бекіре деген не? Жеке тауарлы бекіре шаруашы­лығын қалай құру керек? Оның экономикалық тиімділігі қандай? Міне, жұрт осыдан бейхабар. Және бесінші бағыт – ғалымдар бекіре тұқымдас балықтардың табиғи жолмен көбеюіне ықпал ететін бір әдісті ұсынады. Ол – шабақтарды жасанды жолмен өсіру. Бұл – көптеген шет мемлекеттерде кеңінен қолданылатын әдіс. Рас, Қазақстанда, соның ішінде Атырау облысында осындай екі зауыт бар. Оларда жыл сайын 7 милли­он шабақ өсіріліп, Каспий теңізіне жібе­ріледі. Бірақ мұның мөлшері көршілес мемлекеттермен салыстырғанда тіптен аз екенін мойындауымыз керек. Мәселен, жылма-жыл Ресейде 56 миллион, Иранда 22 миллион, Әзірбайжанда 15 миллион шабақ өсіріледі екен. Әзірге бекіре шабақтарын өсіруді ұлғайту мүмкіндігі шектеулі. Себебі, Атыраудағы бекіре ша­бағын өсіретін зауыттардың технологиясы ескірді. Елбасының тапсырмасына сәйкес, бекіре балығының аналық үйірін ұстай отырып, жылдық қуаттылығы 30 млн. дана шабақ шығаратын жаңа зауыт салу қажет. Жоғарыда айтылғанның барлығы басым назарды, үлкен күш-жігерді, ерен еңбекті, мол қаржыны қажет етеді. Әңгіме тек балықты аулап, оны сатуда ғана емес. Мәселенің тамыры тым тереңде жатыр. Біз өмір бойы қазба байлықтардан рента алып отыра алмаймыз. Күндердің күнінде мұнай да, газ да сарқылады. Ал, балық дегеніміз – дұрыс пайдалана білсек, азайған қоры молаятын, сақтай білсек, сарқылмайтын ресурс. Осы саланы өркендетуді ұтымды ұйымдастыра алсақ, оның табысы да мол болады. Балық шаруашылығы балалары­мызды да, немерелерімізді де, одан кейінгі талай ұрпақты асырайтын кәсіп. Осы саланың болашағын осы кезден ойлауымыз керек. Сондықтан салмағы да бар, бермегі де мол осы мәселені шешу баршамыздың міндетіміз деп білемін. Бергей РЫСҚАЛИЕВ, Атырау облысының әкімі.