• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
13 Қараша, 2010

Дүбірге толы дүние

1092 рет
көрсетілді

Елдердің жақындасуы жақсылыққа жетелейді Жақында Вьетнамның астанасы Ханойда Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері Ассоциациясына (АСЕАН) мүше елдер және осы ұйымның серіктес мемлекеттері басшыларының саммиттері өтті. Басты әңгіме 2015 жылға қарай АСЕАН қауымдастығын құруды аяқтау жайында болды. Бұл ұйымның (АСЕАН – ағыл­­­шынша атауы, сол қалыптасқан атауды қолда­ну­ды жөн көрдік) құ­ры­лымы да, он­ың жұмыс іс­теу­інде де ай­тар­лық­тай ерекше­лік бар. Ең алды­­мен, АСЕАН-ға он ел кіреді, олар – Таиланд, Малайзия, Индо­не­зия, Филиппин, Бруней, Син­гапур, Мьянма, Лаос, Вьетнам және Кам­боджа. Сөйтсе де олар­­­ды се­рік­тес мемлекеттерден бөліп қа­рауға болмайтындай. Ұйымның саммитіне олар жүйелі түрде қа­тысып отырады, түрлі мәселелерді талқылауға, шешім қабылдауға белсенді араласады. Бұл елдер: АҚШ, Қытай, Жапония, Ресей, Оңтүстік Корея, Үндістан, Австра­лия және Жаңа Зеландия. Ұйымның жарғысы бойынша оған мүше елдер кезектесіп төра­ғалық етеді. Қазіргі төраға – Вье­тнам, келесі жылы ол Индоне­зия­ға ауысады. Ұйымның барлық ша­­­­­ралары сол төрағалық ететін елде өтеді. Атап айтарлық бір жәйт – бұл елдердің арасындағы инте­гра­ция барған сайын дамып келеді және ол алдағы уақытта күшейе түспек. Қазіргі белсенді жүргізіліп жатқан шараларға орай енді бес жылдан кейін сол елдердің бір­тұтас саяси, экономикалық және мәдени қауымдастығы құрылмақ. Осы қауымдастықты құруды жүзеге асыру мақсатындағы кешенді жоспарда 700-дей жоба мен шара қарастырылған. Оларды жүзеге асыруға ұйым мүшелері ғана емес, серіктес мемлекеттер де белсене қатысады. Әдетте үш күнге созылатын сам­миттің жұмысында да ерек­шелік көп. Ең алдымен АСЕАН-ға мүше елдердің өз саммиті өтіп, онда ұйымның өзекті мәселелер талқыланса, одан кейін оған қа­тарласа өткізілетін кеңестерде қа­былданатын шешімдердің де ма­ңызы зор. Сол кеңестерге АСЕАН мүшелері толық қатысып, бір по­зицияны ұстанады. “10+3” пішін­мен АСЕАН және Қытай, Жа­по­ния және Оңтүстік Корея сам­ми­ті, “10+6” пішінмен АСЕАН және Шығыс Азия ел­дері (Қытай, Жа­­­­пония, Оң­түстік Корея, Үндістан, Австралия және Жаңа Зеландия) саммиті, сондай-ақ “10+1” пі­шін­­мен АСЕАН-ға мүше елдер се­рік­тес мемле­кет­тердің әрқай­сы­мен жеке-же­­ке кез­десу өткізіп, ортақ мүдде тауып жатады. Айталық, Қытай делегация­сымен болған кездесуде АСЕАН елдері өздерінің экономикалық дамуына жаңа арна ашылғанын аңғарды. ҚХР үкіметінің басшысы Вэнь Цзябао алдағы бес жылда АСЕАН-ға мүше елдердің әрқай­сымен сауда-экономикалық аймақ ашуды көздейтінін айтқанда, келіссөзге қатысушылар оны қызу қолдады. Соның арқасында Ассо­циация мен Қытай арасындағы тауар айналысы 500 миллиард дол­ларға жетеді екен. Бұл қазір­­гіден екі еседей көп. АСЕАН-ға мүше елдер негізі­­нен сыртқа бағытталған тұтыну тауарларын өндіреді және оларға оны өткізетін кеңістік керек. Осы ретте Ресей мықты серіктестікке айнала алады. АСЕАН және Ресей саммитінде бұл шаруаның бүге-шігесі нақтыланды. Оңтүстік-Шығыс Азия елде­рі­нің бірқатарында екі ғасыр түйі­­сінде үлкен экономикалық өрлеу болғаны да белгілі. “Азия жолба­рыстары” жұртты таңқалдырған. Сөйт­се де, аймақта әлі де биікке көтеріле алмай жатқандар бар. Осынау ала-құлалықты жоюға ай­мақтағы елдердің ынтымақтас­ты­ғы, экономикалық кірігуі көмек­те­седі деген пікір басым. Оған мы­салдар да бар. АСЕАН-ға кейі­ні­рек кірген Вьетнам, Лаос, Кам­боджа және Мьянма экономика­сында айтар­лықтай оң өзгеріс аңғарылады. Жалпы, АСЕАН елдері бір-бі­рімен шиеленісті қаламайды. Ұйымның жарғысында бір-бірінің ішкі ісіне араласпау көзделген. Бұл да жөн шығар. Әйтпесе Таи­ланд пен Мьянмадағы оқиғаларға көрші елдер араласқан жағдайда ондағы саяси шиеленіс тіпті ушы­ғып кетуі әбден мүмкін-ау дейсің. Үндістанның әлемдегі орны бөлек АҚШ президенті Барак Обама жақында Үндістанға ресми сапары кезінде осынау алып елдің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болуы жөніндегі ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді. Онда тұрған не бар екен? Мұн­­­дай ұсыныс бұрын да талай айтылған, ұсыныс оның жү­зе­­ге асқаны емес қой деуге де бо­­лар. Ең бастысы – ұсы­ныс­­­ты АҚШ пре­зи­д­енті жасап от­ыр, ал бұған дейін бұл ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұ­рақты мүшелерінің са­нын көбейту жөніндегі реформаға қарсы болып келген. Неге АҚШ-тың айтқаны болады, басқа көпшілік ұйғарса, жетпей ме, деген де сұрақ бірден туындайды. Жұрттың АҚШ-қа құлақ асатын жайы бар. Бұл ел осынау халықаралық бас ұйымның бас қаржылық демеушісі, барлық жарнаның үштен біріне жуығын АҚШ береді. Әрине, ол БҰҰ-ны мен асырап отырмын, сондықтан менің айтқанымды істеңдер деп талап қоймайды, сөйтсе де жұрт оның пікірін жерге тастамайды. Бұрын Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің санын көбейтуге қарсы болып келсе, енді ондай ұсынысты АҚШ-тың өзі айтып отырған соң, Үндістандай елдің оған өтуі шешімін таба­тын­дай мәселе көрінеді. Басқалар та­ра­пынан қарсылық болмай ма де­генде, Үндістандай ұлы елдің әлем­­дегі орны ерекшелігін алға то­суға болады. Басқалар да оны жоқ­­­қа шығармасы белгілі. Енді жұрт ерекше асық бола­тын Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелігіне келсек, ол Ұлттар Ли­гасы (қазіргі БҰҰ) құрылған кезде белгіленген және өзгермей келеді. Тұрақты мүшелер қатарына сонда АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбрита­ния және Франция кірді. Мұндай құрылым екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесін аңғартады. Бұл елдердің барлығы да сол со­ғысқа белсенді қатысқан, кейбірі одан қатты теперіш көрген. Бұл елдерге ай­­рықша жа­уап­кер­ші­лік жүктеліп, құ­қық та берілді. Олар­дың бірі қар­­сы болса (вето құ­қығы), бүкіл әлем елдеріне (БҰҰ-ға мүше) заң санала­тын қарар қабыл­данбай қалады. Бұл жауапкершілік пен құқыққа қоса, сол елді әлемдегі айрықша бе­делге ие етеді. Вето құқын пай­да­лана отырып, бір елдер БҰҰ-ның жұрт күткен шешімдерді қа­былдатпай тастаған кезі де болған. Айталық, 2003 жылы Ресейдің ве­тосына бай­ланысты Иракқа қарсы қатал қарар қабылданбай қалып, оның соңы ұзаққа созылған соғысқа айналды. Қарап тұрсаң, сол тұрақты мү­шелер құрамында Еуропадан үш ел бар екен де, әлемнің кейбір өңірінен өкіл жоқ. Сондықтан да БҰҰ-ның бұған дейін тұрақты өкілі болып, талай тарихи шешім қабылдауға қатысып, еңбегі сіңген дегендей ел­дердің бірін шығарып тастап, ор­нына басқаны алып жату ыңғайсыз көрінетіндіктен де, ре­форма дегенде тұрақты мүше­лерді жаңа елдермен толықтыру жолы қалады. Сонда ойға алды­мен ора­латын ел – Үндістан. Хал­қы миллиардтан асады. Бай дәс­түрі бар, қуатты ел. Обаманың пі­кі­­рін­ше, ол дамушы емес, да­мы­ған ел­дер қатарына қосылады. Әл­ем­­дегі халықтың алтыдан бірі тұ­ратын елдің халықаралық ұйым­ның басында тұруында хақы бар. Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше болуға Германия мен Жапо­ния сияқты қуатты елдермен қа­тар, Оңтүстік Америкадағы алып ел Бра­зилия да үміткер. Тұрақты мүшелер саны көбейіп жатса, көп болып, ойласып істеген шаруада ағат кету азаяды. Кейбіреулердің бір шешімге келу қиындайды деген қаупі негізсіз. Парасатқа жү­гін­­ген жерде дауға орын жоқ. Мамадияр ЖАҚЫП.