Облыс жұртшылығы орны толмас қайғыға душар болды. Үстіміздегі жылғы 12 қарашада Социалистік Еңбек Ері, Алматы облысының құрметті азаматы Зылиха Жанболатқызы Тамшыбаева 75-ке қараған шағында өмірден өтті.
Зылиха Тамшыбаева 1936 жылы 5 қазанда Талдықорған облысы, Гвардия, қазіргі Кербұлақ ауданы, Шанханай ауылында дүниеге келген. 1954 жылы Қоғалы орта мектебін, 1965 жылы Алматы малдәрігерлік институтын зоотехник мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын Қоғалы ауылында кітапхана меңгерушісі болып бастады. 1955-1963 жылдары осы өңірдегі Шоқан Уәлиханов атындағы колхоздың сауыншысы, бригадир, тауарлы сүт фермасының меңгерушісі болды. Жас кезінен-ақ еңбек сүйгіштігімен, жоғары жауапкершілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті.
1963-1969 жылдары Гвардия ауданындағы Шанханай ауылдық кеңесінің төрайымы. 1969-1970 жылдары Киров аудандық халық депутаттары кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Ал 1970 жылы “Еңбекші” кеңшары партия комитетінің хатшылығына сайланып, 1971 жылдан өмірінің соңына дейін осы ұжымды біліктілікпен басқарды.
Зылиха Тамшыбаева жетекшілік еткен қырық жылға жуық жылдың ішінде “Еңбекші” шаруашылығының келбеті адам танымастай өзгерді. Елді мекеннің инфрақұрылымы, өндіріс саласы жан-жақты дамып, оның даңқы облыстан тыс өңірлерге де танылды. Ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқаты көтеріліп, халықтың ынтымағы артты. Зылиха Жанболатқызының ауыл шаруашылығындағы осындай ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. 1981 жылы еліміздің ең жоғары наградасы – Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сондай-ақ екі мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, “Октябрь революциясы”, “Парасат”, “Құрмет” ордендерімен марапатталып, “Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері” құрметті атағына ие болды.
Кеңес Одағы және Қазақстан Компартиясының бірнеше съездеріне делегат, республика Жоғарғы Кеңесінің төрт мәрте депутаты болып сайланды.
Халқына қызмет етуді басты ұстанымы еткен, өз ісіне шынайы берілген, бір үйдің емес, өңірдің анасына айналған Зылиха Жанболатқызының қазасы жетісулықтар үшін ауыр қайғы болып отыр. Аяулы тұлғаның ардақты бейнесі әрдайым жадымызда сақталады.
С.Үмбетов, А.Баталов, Б.Тәкенов, Т.Досымбеков, С.Мұқанов, А.Мұсаханов, Е.Нұрбеков,
А.Сыдық, А.Сейітов, С.Жылқайдаров, Н.Жантілеуов, М.Өсербаев, К.Айтжанова,
Т.Ақшанов, Е.Далбағаев, Б.Егінбаев, Н.Қылышбаев, Б.Сақауова, Ж.Молдасанов.
Ауылдың панасы, өңірдің анасы
Тамшы ғұмыр үзіліп түсті. Күрең күзде күңірене жеткен қаралы хабар күллі Жетісу жұртшылығының жүрегіне мұң ұялатты. Жазмышқа не шара. Біз күні кеше ғана арамызда жүріп, айналасына көп ғибрат үйреткен Зылиха апамыздан көз жазып қала бердік.
Ол қаршадай қыз кезінен қайнаған еңбекке білек сыбана араласып, қатардағы сауыншыдан іргелі кеңшардың басшысы дәрежесіне дейін көтерілген ауыл шаруашылығының ересен білгірі, “дала академигі” атанған Нұрмолда Алдабергеновтің өнегелі шәкірттерінің бірі еді. Анасынан жастай жетім қалған Зылиха Жанболатқызы өмірдің барлық өткелектерінен сүрінбей өтті. Бұрынғы Гвардия ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы ұжымшарда 1954 жылы оқу үйінің меңгерушісі, 1955-1963 жылдары тауарлы сүт фермасының меңгерушісі, 1970-1971 жылдары “Еңбекші” кеңшары партия ұйымының хатшысы, одан кейін осы шаруашылықтың директоры қызметін абыроймен атқарды. Ол өзі қалыптастырып, жан-жақты дамытқан шаруашылығында өмірінің соңына дейін, қырық жылға таяу уақыт жемісті жұмыс істеп, қазақ қызына тән алғырлығы мен алымдылығын таныта білді. Көптеген кадрлардың өсіп қанаттануына елеулі ықпал етті. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық, мәдени тұрғыдан алға басуына айтарлықтай қомақты үлесін қосты. Адамдармен қоян-қолтық араласа, тіл табыса жұмыс істеудегі үлгісін ауылдастары әрдайым мақтанышпен айтып жүретін еді.
Жасының ұлғайғанын айтып, шаруашылықты өткізіп берейін деп келгенінде: “Сіз бізге әлі де керексіз, Зылиха апай, жұмысыңызды жалғастыра беріңіз. Сіздің өнегеңіз бен тәжірибеңізден өтіп, үйренген кейінгі лек еш ұтылмақ емес”, деп арқаландырып шығарып салғанымыз күні кеше ғана сияқты еді. Енді, міне... Зылиха апамыз да сағыныштың сағымына шым батып, қайтқан құспен бірге қош-қош айтып кете барды. Алланың жазуына кім қарсы тұрған.
Ел дәулетін еселей түсу мақсатымен ауыл шаруашылығы саласының сан салалы қым-қуыт тіршілігін түлеткен алыптардың қатарында өзіндік өнегесімен өрнекті өмір сүрген Зылиха Тамшыбаева апамыздың тәлімі бүгінгі ұрпаққа әрдайым өнеге. Ол іскер ұйымдастырушы, қамқор басшы, асыл жар, ардақты ана бола білді. Айналасына нұр шуағын төкті. Қазақ қызының қайсарлығын, қазақ әйелінің зиялылығы мен бекзаттығын Аяулы ана ретінде төрт перзент өсіріп, немерелерінің қызығын көрді. Ана-әженің тамаша үлгісі еді, апамыз.
“Тас түскен жеріне ауыр”, дейді халқымыз. Өзінің кіндік қаны тамған Кербұлақ ауданы Шанханай ауылының, Көксу ауданының, бүкіл Алматы облысының жұртшылығы қазақтың Зылихасы атанған жұлдызды апамыздың артын азалауда. Арамыздан ақтық сапарына 75 жасқа қараған шағында аттанған ардағымыздың енді алды жарық болсын дейміз. Мағыналы да мәнді ғұмыр кешкен осындай қыздарымыздың есімі кейінгілерге үлгі. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, жан апа! Бақұл болыңыз...
Серік ҮМБЕТОВ, Алматы облысының әкімі.
РУХ
(Жеңгемді жоқтау)
Қазақ деген елімнің
Асыл туған ардағы,
Жұлдызымдай таңдағы,
Жүруші еді жарқырап
Әйел затының заңғары.
Көркейтем деп ауылды
Жастыққа тимей жарғағы
Еңбектен бір сәт қалмады.
Халқына ұл-қыз сыйлаған
Жанында жүрген жолдасын
Жамандыққа қимаған.
Бәйбіше ед Ұмай анадай
Көңілі байтақ даладай,
Жеңге орнына жеңге еді,
Аға орнына ағадай.
“Келмеске ол да кетті-ау!” – деп
Жасымды төгіп қиналам
Өзіңді жоқтау – бұл әнім
Жолдас болып иманың,
Жұмақ болғай тұрағың.
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Астана.
Қош бол, апа!..
Зылиха Тамшыбаева өмірден өтті дегенде қабырғам қайысты. Уақыт-ай... Қаталсың ғой. Әйтпесе қазақтың Зылиха апамдай біртуар қызын ажалға қиямыз ба? Бұрын еңбек етіп жүрген, қылшылдаған жас кезімізде ол кісімен Алматыдағы ауыл шаруашылығына қатысты ірі басқосуларда, мерекелік жиындарда кездесетінбіз. Мінберге шығып, қадау-қадау мәселелерді айтқанда, зал іші сілтідей тынатын. Оның мәнді сөзіне, ауыл шаруашылығы мәселелерін терең білетіндігіне сүйсінбейтін жан қалмайтын. Отты көздері апаның ішкі қуатын, жігерін, тіпті ер-азаматтардың өзінде сирек кездесетін тік, өткір мінезін айтып тұратын. Ал жақын сөйлесе қалғанда өзімнің туған апамдай, арқамнан қағып, айналып-толғанып, үй ішімнің, балаларымның амандығын сұрап жататын. Атағы алысқа дүркіреп кетсе де, ол ылғи да биік адамгершілік тұғырынан төмендеген емес, кісілігі мол, бекзат жан еді.
Зылиха апамның өмірі де бір дастан ғой. Ол ешқандай сүйеусіз, сүйемелсіз, өзінің таза еңбегімен биік тұғырға көтерілді. Қазақ қызының қолынан қандай іс келетіндігін айдай әлемге дәлелдеп берді. Қазақстанда ауыл шаруашылығын көтеруге, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзеуге атсалысқандардың қатарында Зылиха Тамшыбаеваның орны ерекше. Қырық жылға жуық бір шаруашылықты басқару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өзім де ғұмыр бойы осы салада жұмыс істегеннен кейін оның қиындығын жақсы білемін. Ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешу оңай тірлік емес және ол ешқашан таусылмайды. Зылиха Жанболатқызы осының барлығын жік-жігімен шеше білді, Жетісу өңіріндегі ең артта қалған шаруашылықты алға шығарып, ауыл адамдарының тұрмысын көтерді. Бір ауылдың анасындай болды. Оған мен осыдан бес-алты жыл бұрын ол кісінің жетпіс жылдық мерейтойына барғанымда да көзім жетті. Қазақ қызының қалыптасқан осындай дара тұлғасына мерейім өсіп қайтқан едім.
Соңғы реткі жүздесуіміз де есімде. Өткен жылы ғой ол. Сонда Зылиха апаммен Астанада ауруханада кездестік. Екі сөзінің бірінде еліміздің тыныштығын, балалардың, жастардың амандығын тілеп отырды. Жарықтық ауырып отырса да, ауыл шаруашылығының, ауылдың кейбір мәселелерін де айтумен болды. Оның бойына соның барлығы да жарасып тұрды.
Халық өзінің біртуарларын ұмытпақ емес. Еңбегің елдің есінде жүреді, ал есімің ұрпағыңның болашағына қызмет ете береріне сенемін. Бақыл бол, топырағың торқа болсын, аяулы апа!
Кәмшат ДӨНЕНБАЕВА, Социалистік Еңбек Ері. Қостанай.