• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
18 Қараша, 2010

Мұнай-газ өнеркәсібі – экономиканың қозғаушы күші

3950 рет
көрсетілді

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Әзірбайжанның астанасы — Баку қаласында өтетін Каспий жағалауы елдері мемлекет басшыларының басқосуына барар жолда жұмыс сапарымен Атырау облысына аялдады. Президент Нұрсұлтан Назар­баев Атыраудағы сапары бары­сын­да ал­ды­мен “Каспиан техникал ре­сорсиз” оқу орталығына (бас­қа­ру­шы дирек­то­ры – Брайан Ол­сон) барып, мұ­най-газ секторы үшін кадрларды қай­та даярлаумен айналысатын ор­та­лықтың жұмы­сы­мен танысты. Атал­мыш оқу ор­ны – Қазақстанда әлем­дік дең­гейдегі маманданды­рыл­ған жалғыз оқу орталығы. “Каспиан тех­никал ре­сорсиз” оқу орталығы 2005 жылы ашылған уақыттан бері мұнда 5000-нан астам адам, соның ішін­де “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 570 маман оқу курсынан өтті. Бұдан соң Елбасы мәшине жасау өнеркәсібін дамыту мақ­са­тында салынған газтурбина қон­дыр­ғылары мен жабдықтарын жөн­деу және сер­вистік қызмет көр­сету зауытының жұмысымен та­нысты. Бұл жоба “Каз­Турбо­Ре­монт” сервис орталы­ғы” ЖШС-нің тапсырысы бойынша са­лынған (бас директоры – Асхат Усеров). Зауыттың құны – 6 млрд. теңге. Оның құрылысы тапсырыс бе­­ру­шінің 660 млн. теңге көлеміндегі өз қаражатына және 5 млрд. 340 млн. теңге несиелік қаражат есе­бі­нен са­лынған. Мемлекет бас­шы­сына нысанның газтурбина қон­дырғы­ларын жылына 18 күрделі жөндеуден және 12 ағымдағы жөн­деуден өткі­зетін жо­ба­лық қуаты таныстырылды. Қазіргі уа­қытта зауыт мұнай-газ жабдықтары­ның ар­тық бөлшектерін шығарумен айналысады. Сонымен бірге бір реттік тапсырыстарды орындайды. Қызмет­кер­лер­дің жалпы саны – 157 адам. Нұрсұлтан Әбішұлы осы зау­ыт­та ел экономикасының жетекші саласы – мұнай-газ өнеркәсібін, сон­­дай-ақ, мұнай химиясы кеше­нін өркендетуге қатысты кеңес өт­кізді. Мұнай-газ саласы Қазақстан эконо­микасын дамытудың таяу жылдарға арналған перспектива­сын­да негізгі ло­комотив болып қала береді. Осы салаға салынған инвестиция көлемі мен табиғи ресурстық әлеуетті, жал­пы мұнай-газ өнеркәсібінің мүмкін­дігін өзге салаларды қоса дамыту ба­рысында тиімді пайдалана білу қа­жет. Бұл сала индустрияландырудың негізгі қозғалтқышы болуы тиіс, деді Елбасы кеңесте. Алайда, әзірге дәл бұлай болып отырған жоқ. Ин­дус­трияландыру картасында агроө­нер­кәсіп кешені, металлургия са­ла­лары кеңінен қамтылғанмен, мұ­най-газ секторына қатысты жо­ба­лар қалыс қалған. Елімізге мұ­най-газ секторына, соның ішінде, химиялық реагенттерді, мұнай-газ жабдық­тарын шығаратын шағын және орта кәсіпкерлік жобалар қажет. Елбасының айтуынша, елімізде мұнай-газ өнеркәсібін өркендетуге негіз қалайтын мол әлеует бар. Мә­селен, “Теңізшевройл” бірлес­кен кәсіпорны мұнай өндіруді 22,5 миллион тонна деңгейіне жеткізді. Ал биыл өнім өндіру деңгейі бұдан да жоғары болатыны айқындалып отыр. Биылғы 10 айда аталған кә­сіп­орын 21,3 миллион тонна мұнай өндіріп, жылдық жоспар­лан­ған өнім өндірудің 97 пайы­зы­на қол жеткізді. Атырау мұнай өң­деу зауытында еуростандарттарға сәйкес ашық түсті мұнай өнім­де­рін шығаруды ұлғайту­ға, сонымен бірге шығарылатын өнімдер түрін көбейтуге кең жол ашатын модер­ни­зациялау жобасы жүргізіліп жа­тыр. “Ұлттық мұнай-химия тех­но­паркі” арнайы экономи­калық ай­ма­ғы құрылды. Бұл шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жа­ңаша серпін береді. Кеңесте Мұнай және газ ми­нис­трі­нің орынбасары Әсет Ма­ғауов Қа­зақстандағы мұнай-газ өнеркәсі­бі­нің перспективалық жо­баларының маңызы туралы ха­барлама жасады. Оның айтуынша, Елбасының тап­сырмасына орай Индустрияландыру картасына енгізілген мұнай-газ саласындағы ин­вестициялық жобалар­ды іске асы­ру барысында 5 триллион тең­геден аса қаржы игерілмек. Бұрын тек құрлықтан ғана мұнай-газ өн­діріп келген Қазақстан мұнайшы­ла­ры үшін таяудағы жылдарда ерекше жоба іске асырылмақ. Бұл – Каспий теңізінен мұнай-газ өндіру. Қазақстанда мұнай өңдеу зау­ыт­тарын модернизациялау жобала­рын іске асыру қолға алынды. Қа­зір Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектер шығара­тын қон­дырғы құрылысы бастал­ды. Осыған орай Атырауда мұнай химиясы кешенінің де құрылысы бастау алды. Бұл әрине, еліміздегі мұнай химиясы саласын өркен­де­туге тың серпін бе­ріп қана қой­май, өзге де салалардың қоса да­муына ықпал еткелі отыр. – Мұнай-газ саласының дамуы, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңесті қорытындылай келе, – өзі­мен бірге өзге де сала­лардың өсуіне жол ашуы қажет. Ол үшін жұмысты дұ­рыс ұйым­дас­тыру керек, тиісті бақылау да бо­луы шарт. Біздің кен байлығы­мыз­ды экологиялық талапқа сай игер­ген жөн. Бұл мәселе үнемі бірінші кезекте тұруы керек. Олай болма­ған жағдайда кен орындарын иге­ру экологиялық апаттарға ұрын­ды­руы мүмкін. Мексика бұғазын­да­ғы апатты ұмытуға болмайды. Мұн­дай апат Каспийде қайталанар бол­са, оның үлкен зардабы бола­рын үне­мі есте ұстаған жөн. Мұн­дай апатты жағдайда әрекет етуге қажетті күш пен құралдар әлі де жеткіліксіз. Бұған Аджиптің база­сында Төтенше жағдайлар жөнін­дегі министрліктің оқу-жаттығу қорытындылары дәлел болады. Қазір құрылғылар мен техникалар, олардың сенімділігі мен мүмкіндігі Каспий теңізіндегі мұнай опера­цияларын жүргізудегі қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету үшін іс жүзінде тексерілген жоқ. Осыған байланысты Елбасы Аджип КҚО және ТШО (“Те­ңіз­шев­ройл”) компанияларының мұ­най төгілген жағдайда шұғыл әрекет ете­тін Батыс Қазақстан қауымдастығын құрудың маңыз­ды­лығына тоқталды. Өйткені, әзірге жоба ретінде қа­рас­тырылған қауымдастықтың мақ­са­ты құр­лықта да, суда да төгілген мұнай­ды шұғыл жинап алуды, зардабын жою үшін күш біріктіруді көздейді. Елбасы бұдан өзге және бір мә­се­леге айрықша тоқталды. Мысалы, деді Нұрсұлтан Назарбаев, апат­тық тө­гіл­ген мұнайды жою жөнін­дегі мекеме кен пайдаланушы бір кәсіпорынмен келісімге келгеннен кейін, өзге телімдегі төгілген мұ­най­ды жоюға құ­қығы жоқ. Бұл – ақылға сыйым­сыз. Бұл тығырық­тан шығатын бір жол – Каспий теңізінде болуы мүм­кін төтенше жағдайларда шұғыл әрі тиімді әрекет ететін мамандан­ды­рыл­ған экологиялық база құру. Әри­не, бұл үшін тиісті заңнамаларға өз­ге­ріс­тер енгізу қажеттігі де туындайды. – Мұнай-газ секторы мен мұ­най химиясы өнеркәсібін дамыту, – деді Елбасы одан әрі, – ірі жо­ба­лар­сыз мүмкін емес. Сол се­беп­тен со­лар­ға байланысты айтқалы отыр­мын. “Теңізшевройлға” бай­ла­нысты. Биылғы жылы бұл ком­пания ре­корд­тық көрсеткіштерге жетті. Бұл – заңды табыс. Бірақ алда мұнай өндірудің тұрақты жо­ғары деңгейіне шығу үшін орын­далатын қиын тап­сырмалар бар. Бұл жерде техноло­гия­лық шешім­дерді атқаруда, Қа­зақ­станның мүд­десін сақтауда өте оң­тай­лы қадам­дар жасалуы тиіс. Алау­ларда жана­тын газ көлемін азайту және күкіртке байланысты мәселе­лер әлі де маңыздылығын жойған жоқ. Бұдан басқа ТШО Мұнай және газ министрлігімен бірге ішкі ры­нок­­ты газбен қамту мәселесін ойлас­тыруы керек. Бұдан әрі Елбасы Қа­шаған жобасына байланысты барлық мерзімдер бекітілгеніне, ол мерзімін­де орындалуы тиіс еке­ніне, жоба опе­раторы жұмыстарды мерзімінде атқаруы қажеттігіне тоқталды. Ал мұнай химиясы ке­шені­нің құрылы­сын бастауға бір жарым жылдай уа­қыт кеткенін баса айтты. Өзім қар­жы тартқан жобаны іске асыруды дәл осылай кешеуілдетуге болмайды. Үкіметке осындай кешеуілдетудің се­беп­те­рін сараптауды, нақты мерзі­мін белгілеп, баяндауды тап­сырамын, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы облыстық әкімдіктің тапсырысы бойынша “Теңізшевр­ойл” ЖШС қаражатына салынған №3 жаңа су тазарту стансасына да барды. Оның құрылысына шетел­дік­термен бірлескен кәсіпорын 1 млрд. 670 млн. теңге көлемінде қаражат бөлді. Қазір құрылысы аяқталған су та­зарту стансасы “Атырау Су Арна­сы” КМК-нің (директоры – Серік Жұмашбаев) меншігіне берілді. Жо­балық қуаты тәулігіне 30 мың текше метр құрайтын №3 сүзу стансасы жоғар­ғы қабаттағы су көзін өңдеуге арналған. Араластыру камерасы, флотаторлар, жедел сүзгілер станса кешеніне кіреді. №3 фильтрлеу стансасында су үш реагент арқылы бірнеше деңгейден өтіп өңделетін­діктен, одан шығатын судың сапа­сы барлық санитарлық нормалар мен стандарттарға сай болады. Экономика­сы қарқынды дамыған, соған орай тұтынушыларының қата­ры өсе түскен аймаққа мұндай су тазарту кешені аса қажет бола­тын. Енді қалалық билік үшін об­лыс орталығындағы тұрғын­дарды ауыз сумен толық қамтамасыз етуге жаңа мүмкіндік туды. Бұдан кейін Елбасы Атырау қала­сының іргесіне орналасқан жылыжай мен көкөніс қойма­сын­да болды. Жаңа жоба 2010 жыл­дың күзінде пайдалануға берілді. Нысан тапсырыс беруші “Жайык Агро” КМК-іне 766 млн. теңгеге шық­ты. Нысанның меншікті қа­зан­дығы, су сақтайтын резервуа­ры, кәріздік сор­ғы стансасы, қал­дықтарға арналған қоймасы, өл­шеу орны және әкім­ші­лік ғима­раты бар. Көкөніс қойма­сы­ның қызметін кез келген кәсіпорын пайдалана алады. Облыс әкімі Бер­гей Рысқалиев Елбасына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын нақты көрсеткіш­тер­мен баяндап берді. Ал Елбасы ауыл шаруашылығы қызметкер­лері­мен пікірлесіп, сапалы ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндіру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтама­сыз ету маңызына тоқталды. Жақсыбай САМРАТ, Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.