• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
19 Қараша, 2010

Театр тегеуріні

928 рет
көрсетілді

Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театрына биыл он жыл толып отыр. Соған орай, театрдың бас режиссері, драматург, Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлебайды әңгімеге тартқан едік. –Ерсайын Төлебайұлы, өткен уақытқа көз салсақ, кереғар көрініске тап болған­даймыз. Қазақ драма театрының негізін сал­ып, шаңырағын көтерген үш бәйтерек – Серке, Елубай, Қапан Қостанай топырағы­ның перзенттері еді. Ал солай бола тұра, олардың туған жерінде қазақ театрының ашылғанына небәрі он-ақ жыл болыпты. – Менің білуімде қазақ драма театры 1926 жылы Қызылорда қаласында Смағұл Сәдуақасов деген қазақтың маңдайына біткен бір кемеңгер ұлының басшылығымен ашылды. Оның негізін Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров және тағы басқалар қалады. Ол кезде Қызылорданың орталық болғаны белгілі. Еуропа елдеріндегі сияқты театрдың ашылуы қазақ даласы үшін ол уақытта керемет жаңалық болғаны рас. Бір ғажабы, қазақ театрының тәй-тәй басқан балалық даму кезеңі керек болған жоқ, ол бірден гүлденіп жүре берді. Халықтың рухани азығына, рухани тәрбие ошағына айналды. Сол Серағаң, Елағаңдардың, Қапекеңдердің, Сәбира, Шолпан, Қадиша апаларымыздың өнері басқа ұлттардың ешқайсысынан кем болған жоқ, олар осы өнердің шыңына өрледі. Тіпті Кеңес Одағы кезіндегі ең үлкен, беделді Социалистік Еңбек Ері атағын Серке Қожамқұлов – 1976 жылы Орта Азия республикалары театр әртістері арасында тұңғыш алған адам. Қазақ өнерпаздары да, көрермендері де театрдың ашылуына дайын болды. Өйткені, бұл текті өнердің ұшқыны, дәні қазақтың қанында да, жанында да бар еді! Қазақтың салт-дәстүрі, айтысы, әні мен жыры, тіпті, тұрмысы, қыс қыстауға, жаз жайлауға көшінің өзі театр емес пе еді. Қостанай сондай өнердің көмбесі бар өңірдің бірі. Бұл далада керемет сән-салтанаты тең дәулетті адамдар, сұлтандар, өнерпаздар, білімді адамдар ғұмыр кешті. Басқасын жинап қояйық, бір Балғожа би әулеті, Ыбырай Алтынсариннің өзі неге тұрады. Қазақ даласына да сол уақыт өркениеті жемісін үзбей жылжып келді. Атақты жәрмеңкелерде өнерпаздар өнер көрсетті, соның ішінде жас Серке, Елубайлар жүрді. Серағаң қазақ театры ашылғанға дейін Әліби Жангелдиннің “Қызыл отауында” жүрген ғой. Онда бір өзі бір театрдың жүгін арқалаған. Міне, осындай өлкеде қазақ драма театры күні кеше ғана ашылып отыр. Менің ойлауымша, басқаша болмас та еді. Өйткені, 30-шы жылдары Қостанай-Торғай даласын­дағы қазақтың қаймағын бір қалқып таста­ды. Ұлы Отан соғысында да опындыр­ды.Тың көтеру жылдарынан кейін ат төбеліндей қазақ сырттан келгендердің ішіне шашырап, жоқ болып кете жаздады. Театр түгіл, қазақ мектептерінің барлығы дерлік жабылған жоқ па? Халық тілден айырылып қала жаздады, дінге үрке қарады. Тек Қос­танай ғана емес, жалпы осындай халді бас­тан кешкен Қазақ елінің солтүстік өңірінің рухы басылып, театр сұрайтындай жағдай­дан қалды. Еліміз тәуелсіздік алып, халқы­мыз мойыннан қамытты сыпырған кезде Қостанайда да рухани серпіліс болды. Кө­лең­кенің де күнгейі болмай қоймайды, Тор­ғай облысының жабылуына байланысты То­был бойында қазақтың саны артты. Театр­дың ашылуына мұның да септігі болды. –Театрдың бүгінгі қадамы қандай? –Театр жетістігі жылмен есептелмейді. Бітірген ісімен, кө­рер­менге бергені­мен, танылған та­ланттарымен өлше­неді. Осы оншақты жылдың ішінде бұл өнер ор­дасы қоста­най­лық­тарға 53 спек­такль ұсынып­ты. Сонда жылына 5-6 қойы­лым сахна­ла­ған. Бұл аз еңбек емес. Кө­рер­­­мендер қазақ клас­­сиктерінің бү­гінгі замандас­тар­дың және шет ел жазушыларының еңбектеріне тұшынды. Театрдың алғашқы режиссері марқұм Жамбылбек Есенбеков еді. Сонымен қатар, белгілі режиссер Жанат Хаджиев, тағы басқалар қойылымдар қойды. Жақында он жылдыққа орай облыс аудандары мен қалаларына, көрші Солтүстік Қазақстан облысына гастрольдік сапармен барып келдік. Көрерменге театрдың, текті өнердің керек екенін, олардың сусап отырғанын көріп қуанып, әрі толқып қайттық. Сонымен қатар, театр жыл сайын болып жататын республикалық театр фестивалінен, байқаулардан сырт қалған емес, түрлі деңгейдегі жүлделерден де құралақан қалған емес. – Соңғы уақытта көрерменге қандай қойылым ұсындыңыздар? – Жақында ғана қостанайлықтар “Мір­жақып” спектаклін тамашалады. Биыл Міржақып Дулатовтың туғанына 125 жыл толды. Негізі қойылымды осы датаға арна­дық. Біз өз арыстарымызды, ішкі жан дү­ние­сін, олардың еңбегін театр арқылы да таныстыра беруіміз керек. Ұрпақ өмірі мен өнегесіне қанық болуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда да спектакль жұрт көңілінен шықты ғой деп ойлаймын. Міржақып ролін талант­ты актер Қонысбек Бегайдаров сомдады. Қабділмәжит Иманов ойнаған Ахмет Бай­тұр­с­ынов рөлі де алған асуымыздың бірі деп білемін. Ал Голощекин рөлін Мықтыбай Жылыбаев ойнады. Пьесаның авторы да, қойылым режиссері де өзім болғандықтан, мен сахнада Міржақыптың жан азабын көрсеткім келді. Сөздің ыңғайы келгенде айта кетейін, бұл Міржақып Дулатов туралы бірінші жазылған драмалық шығарма. 1934 жылы Би-аға мен Ғабит Мүсірепов қосылып жазған “Амангелді” пьесасындағы Аман­гелдінің дұшпаны Жақас деген кейіпкердің прототипі Міржақып болатын. Оны ойнаған Қапан Бадыровтың: “Сахнаға шығарда Мір­жақыптың аруағына бағыштап құран оқып аламын” дегенін өз құлағымызбен талай есті­генбіз. Қазақтың әр ұлысынан халқы үшін ұранға айналған бір ауыз сөз қалған. Мір­жақыптың “Оян, қазақ!” деген сөзі бүгінге дейін көкейкестілігін жойған жоқ. Әрине, Ахаң мен Жақаң өмір сүрген заман басқа, бірақ қазаққа дәл бүгін де көп мәселеде Міржақыпша “Оян, қазақ!” деуге тура келеді. – Театрдың басты тұлғасы актер мен режиссер десек, бұл орайда Қостанай театрының жолы болған дей аласыз ба? – Шүкіршілік. Театр ашылғанда Тұң­ғыш­байдың (Жаманқұлов) бір топ шәкірт­тері келген. Бірақ сол жиырма шақты жас­тың барлығы бірдей тұрақтаған жоқ, біразы кетіп қалды. Сол топтан қалған Архат пен Гүлмира Уәлиевтер, Самат Алтай, Айбол мен Әсел Шәкіржановтар, Берікхан Төкенов төселіп, қазір театрдың бір-бір уығына айналған. Театрда әр буын өкілдері болуы керек. Өйткені, өмірдің өзі солай емес пе? Осы театрдың уығын шаншысқандардың бірі белгілі актер Қайыпберген мен Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі Шаһарбану Есен­ғұлов­­тар. Қақаң мен Шәкең екеуі Ілияс Омаров­­тың қолынан жолдама алып, Мәс­кеудегі атақты Щепкин атындағы жо­ғары театр училищесін бітірген. Олар бүгін­де театр жас­тарының ұстазына, ақылшысына айнал­ған. Қадиша Бөкеева мен Нұрмұхан Жан­төрин­нің шәкірті Қабдол-Мәжит Иманов та театры­мыздағы бір бел. Қазақ­станға еңбегі сіңген қайраткер Қонысбек Бегайдаров, Зәмзәгүл Балтабаеваның өнері бір төбе. Сонымен қатар Ақдәмен Досанова, Шара Мүсілова, Әлімхан Мырзахан, Ақ­марал Қа­сымова, Мейрам Жапаров, Ләззат Едресова­лар да қостанайлық көрермен­дердің көзайымы болған. Биыл Орал мен Атыраудан екі актер бізге ауысып келді. Маралбек Нұрмаханов біз сахналаған талай қойылым декларациясының авторы. Актер­леріміздің барлығы да шетінен әнші, биші, күйші. Мен бұл жөнінен ұжымға өте риза­мын. Ал бәрімізді басқарып отырған театр директоры Нұрлан Ерекешевті қалай айт­пайын. Оның сыртында бізде төрт кәсіби режиссер бар. Қазақстанның біраз театрлары нақ осындай режиссерлерге жарымай отыр. Осы тұрғыдан алғанда Қостанай театрының жолы болған деп батыл айта аламын. – Қостанайда қазақ драма театрының жаңа ғимараты құрылысының басталғанынан жұртшылық біздің газет арқылы да хабардар. – Иә, қуанышымызда шек жоқ, тек ішін құтты етсін деп тілеп отырмыз. Болашақ театрдың құрылысына 2 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Ғимарат еуразиялық нышанда салынып жатыр, сәулеті және театрға арналған кәсіби қолайлылығы жөнінен республикада оған тең келер театр ғимараты бола қоймас деп ойлаймыз. Біреуі 300 орындық, екіншісі 120 орындық, екі көрер­мен залы болады. Театр шоу концерт­тер өткізетін мәдениет сарайы емес, бұл өнер ордасының миссиясы бөлек. Қазір техникалық прогресс, өркениет жетістіктері шегіне жеткендей дамып кетті, интернет, компьютер заманы. Театр онымен теңдесе алмайды, таласпайды да. Театр шағын аудиторияға арналған, оны телегей теңіздегі шағын аралға, руханияттың аралына теңесек те болады. Сондықтан осы көрермен залына жиналған 300 адамның кемінде жартысы­ның санасына бір ой салсақ, кеудесіне шырақ жақсақ біздің еңбектің ақталғаны деп білемін. Болашақта сабақ болсын, осы жерде көңілімді орталау еткен жайды айтпай кете алмаймын. Театрдың қазіргі ғимаратының тұрған жері қаланың бір шетінде еді, енді жаңа театрға да Қостанайдың дәл орталығы бұйырмады, сәл шеттеу кетіп қалды. Қала­ның дәл кіндік ортасында прокуратура үй салып жатыр, театрға да сондай бір орын табуға болмас па еді. Қалай дегенмен де облыс әкімі Сергей Кулагинге үлкен ризашылығымды біл­діремін. Театрға жаңа ғимарат салдыру өз алдына, жалпы мәдениет саласында атқары­лып жатқан істер, осы өнер ұжымына жасап отырған қамқорлығы да бір төбе. Жыл сайын облыстағы өнер адамдарына, шығар­машылық топтарға, мәдениет саласының қызметкерлеріне “Меценаттар клубының” қомақты сыйлығы тағайындалады. Ал театрдың әр қойылымы үшін кем дегенде бір миллион теңге қаржы бөлініп отырады. Бұл кісінің “Қостанай өңірінен шыққан әдебиет пен өнер және халықтың өз тұлға­ларын түгендеуге, танытуға, насихаттауға атсалысыңдар” деп театр ұжымының алдына қойып отырған талабы да көңілден шығады. – Енді уақыт тұрғысынан алғанда І.Омаров атындағы қазақ драма театрының алғашқы белесін қалай қарсы аласыздар? – Жалпы, театр атаулының қадірі кеткен өткен ғасырдың 80-ші жылдарының орта тұсынан бастап, осындай мерей­тойларды атап өту материалдық құндылық­тармен өлшенетін болды ғой. Біз де осы шеңберден шығып кете алмаймыз. Ал бұрынғы уақытта мұндай мерейтойлар өнер ұжымының шығармашылық есебі сияқты болатын. Басты сыйлық бізге театрдың салынып жатқан жаңа ғимараты болмақ. Сосын облыс әкімі театрға жаңа автобус береді деген үмітіміз бар, өйткені көлігіміз тозып тұр.Сонымен қатар, актерлер он жыл­дан бері пәтер алмаған, баспана жөні­нен қиналып жүргендер бар. Мұны да облыс басшылығы ескере ме деп отырмыз. Актер­лерге министрліктің, облыс әкімінің мақтау қағаздары мемлекеттік деңгейдегі марапат­тар, арқадан қағу, қанаттандыру жоралғы­лары да ұмытылмайтын шығар. Ал тойға басты тарту шығармашылық жұмыс десек, көрерменге ұсынар қойылым­дар жетерлік. – Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыстар тілейміз. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.