• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
19 Қараша, 2010

Сергей МИРОНОВ: Астана Саммиті – Қазақстанның тағдыршешті бастамасы

407 рет
көрсетілді

ТӨРАҒАЛЫҚТЫҢ ТАМАША ТАБЫСЫ

Өзінің сұхбатында белгілі Ресей саясаткері, Ресей Федера­ция­сы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы және ТМД Парламентаралық ассамблеясының ұзақ жылдар­дан бергі жетекшісі Сергей МИРОНОВ біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы іс-әрекеттеріне жоғары баға беріп, Отанымыздың парламентаралық ынтымақтастыққа сүбелі үлес қосып келе жатқанын атап көрсетті. – Сергей Михайлович, бірінші сұрақты жақында өткен оқиға – қыркүйек айының со­ңында Санкт-Петербургте ұйымдастырыл­ған Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалығына арналған “ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар” атты халықаралық парламенттік конфе­рен­циямен байланыстырып қоюға рұқсат етіңіз. Сұрақ­тың бұлай қойылуы өте орынды деп білеміз, өйткені, Қазақстан төрағалыққа Дос­тастық елдерінен ортақ кандидат ретінде шықса, пар­ламенттік өлшем түбегейлі де көп­қырлы әріп­тестіктің аса маңызды бағыт­тарының бірі болып табылатыны анық. – Сіздің сауалыңызға Қазақстан Пре­зидентінің жоғарыда аталған конференцияға арнаған құттықтауына сілтеме жасай оты­рып жауап берсем, ұтымдырақ шығады ғой деп ойлаймын. Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ кеңістігінде сенім ауаны мен өзара түсініс­тікті қамтамасыз етуде парламенттік дипло­матияның ерекше рөліне екпін түсірді. Оның ішінде, әсіресе, қауіпсіздік саласын­да­ғы көпқырлы өзара іс-қимылға мысал ре­тінде Нұрсұлтан Әбішұлы Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмсалған бірлескен күш-жігерді атады. Және де бұл, меніңше, тұтастай алғанда, ТМД тиімді­лі­гі­нің барынша жаңа, сондай-ақ жария етуге тұрарлық мысалы болса, оның ішінде пар­ла­менттік дипломатияның үлесі де айтарлықтай. Осы арада біздің Президенттің де “ЕҚЫҰ мен ТМД сияқты беделді де ық­пал­ды ұйымдардың күш-жігерін біріктіру халықаралық өзара іс-қимылдың перспек­ти­ва­лы пішінін қалыптастырады” деген сөз­дерін де келтіре кеткенді жөн көріп отыр­мын. Оның әлеуетін ешқандай бөлінбейтін кеңістікте, яғни Атлантикадан Влади­вос­токқа дейінгі барлық біртұтас Еуропа мем­лекеттерінің тең деңгейдегі қауіпсіздігін құру үшін барынша пайдалану өте маңызды, деп атап көрсеткен болатын Дмитрий Медведев. 2011 жылы ТМД құрылуының 20 жыл­дығы мерекеленетінін қаперге сала кетейін. Оның өміршеңдігінің сыры, менің пайы­мымша, қатысушылардың бір-бірін естуі тиістігінде және естіп қана қоймай, дұрыс түсінілетініне сенімді болуында жатқаны күмәнсіз. Біздерді әртүрлілігіне қарамастан, мәдениеттеріміз бен өркениеттеріміздің үйлесімділікке ұмтылысы мен ең күрделі деген проблемалардың өзін достық, өзара түсіністік, бүкіл ТМД тұрғындары мүд­де­ле­рінің тең құқылығы негізінде шешуге деген талпыныс біріктіріп отыр. Тек осындай тәр­тіп қана біздің басқа да әріптестік қарым-қа­ты­настарымызды дамытуға және нығай­туға ал­ғышарт жасайтынына сенімдімін. Ал әріп­тестіктен келетін пайда өлшеусіз және Дос­тас­тық пен ынтымақтастық туралы ой­лайтындар үшін ай­тар­лық­тай аргумент болып табылады. Бүгінде парламент­арий­лер арасындағы үнқатысу­дың маңызы ұлан-ғайыр ғана емес, ол – айдай анық нәр­се. Дәл осы үнқатысу біз­дер­дің мемлекеттеріміз халық­та­рының ара­сындағы өзара тү­сіністікке негіздел­ген ын­ты­мақтастық қалып­тас­тырудың өте бір тиімді те­тігі болып отыр. Ол аса маңызды да күр­делі мін­дет­тер бойынша ұтымды ше­шімдер қабыл­дау­ға ықпал етіп, экономи­ка­лық, саяси және діни кедер­гілерді алас­тауда. – Жақында Қазақстан­ның ЕҚЫҰ-дағы төраға­лы­ғы өкілеттігі аяқталады. Ұйым үшін 2010 жыл қан­шалықты тиімді болады, несімен есте қалады деп ойлайсыз? – ЕҚЫҰ пайда болған 35 жыл ішінде аталған Ұйымды алғаш рет ТМД мемлекеті басқарды. Достастықтың барлық қатысушы­ларының атынан ұжымдық мандат иеленген Қазақстанның төрағалығы, біздің көзқара­сы­мызша, ЕҚЫҰ-ның белсенділігі мен мо­дернизациялануына, Атлантика мен Еуразия арасындағы барлық мемлекеттер үшін тең және бөлінбейтін қауіпсіздікті – Еуропа қауіпсіздігінің архитектурасындағы жаңа ұстанымдарды ілгері жылжытуға оң ықпал ететін болады. Қазақстан Достастық елдерімен тату көр­шілік қарым-қатынасын нығайтып, Еуропалық Одақ мемлекеттерімен және АҚШ-пен өзара тиімді ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Дәл Қазақстанға тек тарихи ғана емес, сондай-ақ геогра­фия­лық жағынан Азия елдерімен және Ислам әле­мімен конструктивті де нәтижелі үнқа­тысуды қамтамасыз ету ыңғайлырақ. Әлемдік қаржы дағдарысының теріс ықпалына қарамастан, республикаға негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша Орталық Азия өңірінде көшбасшы болып қалу мүмкін болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы сіз­дер үшін ғана емес, сонымен қатар, барлық ТМД елдері үшін айтарлықтай оқиға болды деген әріптесім Орал Мұхамеджановтың айт­қандарымен толық келісемін. Қазақстан Ұйым қызметіне түбегейлі өзгерістер әкелуді алдына мақсат етіп қойған жоқ, бірақ оған тек “техникалық” төраға деп айдар тағуға болмайды. Ол Ұйымды қазіргі заманғы қыр көрсетулер мен қауіп-қатер­лерге дер кезінде ойлылықпен назар аудару­ға қабілетті тең құқықты үнқатысу алаңы ретінде пайдалана отырып, ЕҚЫҰ-мен ыр­ғақты іс-қимыл танытты. Және де еуропа­лық қауіпсіздікті нығайтып, трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы тұруға, посткеңестік ке­ңістіктегі созылмалы жанжалдарды рет­теуге, транзиттік-көліктік әлеуетті дамытуға, төзімділік пен толеранттылық қағидаларын ілгері жылжытуға күш салды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы күш-жігері ту­ралы айтқанда, дәл осы жылы нақты пішінге ие болған “Корфу үдерісін” белсенді ілгері жылжытуын, болашақ еуроатлан­ти­ка­лық және еуразиялық қауіпсіздік жөніндегі үнқатысуды еске сала кеткен жөн. Сондай-ақ Алматыда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейрес­ми кездесуін ұйымдастыру мен оның аясында шешуші халықаралық ұйымдар – БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ЕО, Еуропа Кеңесі, ТМД, ҰҚШҰ және АӨСШК өкілдерінің кез­десуін өткізгенін де қаперге сала кеткеннің артықтығы жоқ. Ауғанстандағы жағдайды қалпына кел­тіру жөніндегі қызметті, оның ішінде Қазақстан­ның Ауған­стан­ның 1 мың аза­ма­­тын ел­дің жоғары оқу орын­дарында оқы­ту үшін 50 миллион АҚШ дол­ла­рын бөлгенін атап өтпеуге бол­майды. Со­ны­мен бірге, үс­ті­міздегі жыл­дың жазын­да Венада ЕҚЫҰ-ның есірт­кінің заңсыз айналы­мы­мен кү­рес жөніндегі арнайы кон­фе­рен­циясы ұйымдас­ты­рылса, оның ба­рысын­да ауған есірткі тра­фи­гінің проблемаларына ерекше назар аударылды. Қазақстан төрағалығы­ның маңызды бір қадамы ретінде ұлтаралық және мә­дениет­аралық үнқатысу­лар­ды ілгері жылжытуы бол­ғанын атап айтқан абзал. Осы арада Қазақ­стан­ның Еуразияның кіндігінде, әлем­нің көне өркениеттерінің тоғысында, яғни Шығыс пен Батыс арасындағы көпжақты байланыстар орталығында орналасқан ға­жайып география­лық жағдайын еске түсірген де орынды. Дегенмен, Қазақстан төрағалығының басты нақышы, ең маңызды және мүмкін тағдыршешті бастамаларының бірі деп мен Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанында Астана Саммитін өткізу туралы ұсынысын есептеймін. Бұл Саммит 10 жылдан астам уақыт бас қоспаса, енді ол Хельсинки үдерісін дамытуға жаңа серпін қосады деп сенемін. – Саммиттің күн тәртібіне ЕҚЫҰ жауап­кершілігі аймағындағы, Ауғанстандағы қауіп­сіздікті одан әрі нығайту, экономикалық-эко­ло­гиялық өлшемдердегі ынтымақтастық, Қа­зақстанның ұлтаралық және конфессия­ара­лық келісім саласындағы тәжірибесі, осы орай­да, толеранттылықты ілгері жылжыту мә­се­лелері енеді. Осы жоғары деңгейдегі форум­нан Ресей не күтеді, жеке өз басыңыз не күтеді, өмір шындығын есепке ала отырып, онда қандай шешімдер қабылдануы тиіс? – Жоғарғы деңгейдегі Ыстамбұл кез­де­суі­нен кейін 11 жыл өткен соң алғаш рет Қа­зақстанның елордасына Еуропаның, Азия­ның, Американың 56 мемлекетінің көшбасшылары мен беделді халықаралық ұйымдардың жетекшілері жиналады. Пре­зидент Назарбаевтың өзі атап өткендей, бұл идеяны ілгері жылжытуда ТМД парламент­арийлерінің ықпалы айтарлықтай болғаны көңілге қуаныш ұялатады. Қазақстан бас­шы­сы 28 қазанда Петербургте өткен Қазақ­стан Республикасының ЕҚЫҰ-дағы төраға­лығына арналған халықаралық парламенттік конфе­рен­ция қорытындылары да Ұйымдағы көкей­кесті проблемаларды шешуде жаңа қадамдар із­дес­тіруге ықпал ететініне, сөйтіп, ол пар­ла­ментарийлердің заң шығарма­шы­лық қыз­ме­тінде көрініс табатынына сенім білдірді... Нұрсұлтан Назарбаевтың бағалауынша, бұл біздің ортақ құндылықтарымыз, тең құқылы қағидаларымыз бен өзара құр­метіміз негізіндегі еуроатлантикалық және еуразия­лық қауіпсіздік тұжырымдамасына қозғалы­сымыздың жаңа стратегиялық бағыттары мен “Жол картасын” айқын­даудағы тарихи тамаша мүмкіндігіміз болып табылады. – Сергей Михайлович, Қазақстанның әдебиетшілері мен жұртшылығы сіздің “Ли­тературная газетамен” ұзақ уақыттан бергі және жемісті ынтымақтастығыңызға қызы­ғушылықпен және мақұлдаумен қарайды. Осы орайда, бұл бағыттағы шығармашылық жоспарларыңыз туралы білсек деп едік. – Аталған басылым, менің көзқара­сым­ша, дәуір ауысқан бүгінгі алмағайып заман­да өзінің бет-бейнесін сақтап қала алған аздаған газеттердің бірі. Және бұл бет-бейне өзінің интеллигенттігімен қуантады. Газет – сыпайы, сезімтал, ақылды, объективті әңгі­ме­лесуші, ол жанжалшылдықты жақтырмай­ды, онда өсек-аяңның ізі де жоқ. Сондықтан мен онымен үлкен қанағат сезімімен ын­тымақтасамын – менің сөздерім мен ұста­нымдарым оқырмандарға бұрмалаусыз же­тетінін білгендіктен, сұхбат беріп тұрамын. Ресей қоғамы үшін көкейкесті проблемалар бойынша өзімнің мақалаларымды жария­лай­мын. Мұнда да “Литературная газета” күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелерге, әдеби үдерістермен шектелмейтін кең көлем­ді қызығушылықтарына байланысты өзінің дәстүрлеріне берік деуіміз керек. Мәдениет, адамгершілік, ескерткіштерге көзқарас, жастар тәрбиесі, отбасылық құн­дылықтар – басылым көтеретін тақырып­тардың барлығын санамалап шығу да қиын – осының барлығы еліміздің барлық азаматтарын толғандыратыны анық. “ЛГ” автор­ларының, әсіресе, жастардың шы­ғармашылығын қызығушылықпен бақылап отырамын және де газеттің жаңа есімдер ашатынына қуанамын. – Сіз “Справедливая Россия” партиясы­ның жетекшісісіз және Ресей парламенті палаталарының бірін басқарасыз. Өзіңіз  жетекшілік ететін саяси бірлестік өкілдері заң шығармашылық органда басым болып та­былатын билеуші “Единая Россия” партия­сы­мен өзара іс-қимылын қандай қағидаттарға сүйеніп құрады? – Өзіңіз де білетін шығарсыз, осы жыл­дың 8 ақпанында “Справедливая Россия” мен “Единая Россия” ынтымақтастық туралы келісімге келді. Аталған құжатқа қол қоюдың шарттарының бірі единоросстардың Федерация Кеңесінде фракция құруға әрекеттенуден бас тартулары болды. Біз Ресей парламентінің жоғарғы палатасы пар­тиялық негізде құрылмайтынын, ел өңір­лерінен өкілдік ететінін әлденеше мәрте атап көрсеткен едік. Қол жеткізілген келі­сімде, сондай-ақ біздің партия үшін ма­ңызды пункттер бар. Мәселен, “ЕР” РФ Пре­зидентіне “Справедливая Россиядан” губернаторлық қызметке өкілдер ұсынып, сонымен қатар, басқарушы лауазымдар мен өңірлік сайлаулар өткеннен кейін жергілікті парламенттерге сайлау бойынша пакеттік келісім жасаса алады. Ал өздерінің негізгі қарым-қатынас­тарында біздің партияларымыз өзгерген жоқ. Олардың әрқайсысында өзінің бағ­дарламасы, идеологиясы, ел дамуы тиіс жол­дарды нұсқау сияқты үдерістер бар. Және де электорат үшін күресте де өздерінің әдіс-тәсілдері орныққан. “Единая Россияның” қолында кей жағдайда басты құрал ретінде салмақты тетікке айналатын әкімшілік ре­сурс бар. Бұл қысымға барлық өңірлер бір­дей төтеп беруге қабілетсіз. Оның үстіне, “ЕР” әуелі біздің заңнамалық бастамала­ры­мызды қабылдамайды, ал кейін өздерінің соған ұқсас заңнамаларын ұсынатын кездері де кездесіп тұрады. – Әңгімеңіз үшін рахмет. Әңгімелескен Александр ТАРАКОВ.