• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
20 Қараша, 2010

Мал базарынан шыққан дау

690 рет
көрсетілді

Мәселенің мәнісі Арыс қаласында екі-үш жыл бедерінде басталған бұл дауға нүк­те қояр ешкім табылмай тұр. Ірі қа­­ла­ларда басқа сауда-саттық орын­­дары­мен бірге, мал базары­ның бола­тындығы белг­ілі. Арыс­та­ғы дау өзегі осы мал базарына қатысты. Әу баста “бүгіндері сыртқа көшірілсін” деп жүрген мал базары 1970-жылдары салынғанда қаланың шетінде-ақ болған. Алайда, қала халқы көбейгеннен кейін базарды орағытып, тұрғын үйлер салынып кетті де, ол бүгінде тұтқында қал­ған­дай күй кешіп отыр. Аптасына бір рет мал сатылады десе де, қала ішінде бол­ғаннан кейін, сани­тар­лық-эпидемиологиялық талап­тар­дың бұзылатындығы заңды. Құдай бетін аулақ қылсын, конго-қырым қанды без­гегі сияқты кенеден жұ­ғатын сырқаттар орын алса, бүгінгі дау әшейін гәп болып қалады. Осының бәрін ескерген қа­ланың бұрынғы әкімі С.Тәукебаев бас жоспарға сәйкес, мал базарын қаланың сыртына шығаруға шешім қабылдайды. Қала сыртынан жер бөліп, аук­цион өткізеді. Аукционда кәсіпкер Ә.Ерімбетов деген азамат жеңімпаз атанып, 2008 жылы 3 маусымда №358 қаулы арқылы мемлекеттік акт алып, мал базары үшін құрылыс нысандарын сала­ды. Мемлекеттік қабылдау комис­сиясына құ­жаттарын өткізіп, әділет басқармасына тіркетеді. Енді не әңгіме? Барлығы шешіліпті. Мал базары жұмыс істей бермей ме дерсіз. Даудың оты тұтанған жері нақ осы. Қазақ “мал ашуы —жан ашуы” дейді. Қаншама дүниесін, қаржы­сын шығындағаннан кейін кәсіпкер Әбіш Ерімбетов қаладағы мал базарының жабылып, өзінің базары жұмыс жасап кеткенін қалайды. Сотқа арызданады. Алайда, жан бермек оңай ма, “Базар” ЖШС директоры Ұ.Сатыбалдиева сот­та өз құқығын қорғап шығады. Арыс қаласы әкі­мінің 1997 жылғы 13 тамыздағы №347 шеші­мімен мал базары құрылысы үшін 0,9 га жер те­лімін жеке меншік құқымен берілгенін айта­ды. Бас жоспарда “сауда қатары” деп көрсе­тілгендіктен, ол жерде қандай тауарлар сатса да кәсіпкерлік құқы бар екенін айтып, талапты қанағаттандырмауды сұрайды. Қазақстан Республикасы Азаматтық ко­дексі­нің 188-бабы 1-бөліміне сәйкес меншік құқығы дегеніміз субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы болып танылады. Сондықтан Ұ.Сатыбалдиеваға құқық қорғау органдары талап қоя алмаса керек. Алайда, бас жоспарға сәйкес мал базарын сыртқа шығару туралы мәселе көтергенімен Арыс қаласының сол кездегі әкімі С.Тәукебаев “Базар” ЖШС-нің мал базарын Арыс қаласының қай жағына шығару керектігі туралы мәселені анықта­ма­ған­ға ұқсайды. Бас жоспар бойынша мал база­ры №524 санды нысан Арыс-Шардара тас жолының солтүстік бағытында орналасқан деп көр­сетілгенімен, бұл учаскені аукционда кәсіп­кер Ә.Ерімбетов сатып алған. Қала әкімі қала ішіндегі мал базарын сыртқа шығару мәселесін қолға алғанда “Базар” ЖШС-іне де аукционға қатысу туралы хабарламағаны түсініксіздеу, 2010 жылы мал базарын сыртқа көшіру туралы шешім қабылдағанымен нақты жер учаскесін ұсынбағандығы екі жақты да ыңғайсыз жағ­дайда қалдырып отыр. “Егемен” бір жақты, біреудің ыңғайымен ке­тетін саржағал басылым емес. Біз үш жақты да тыңдап, уәждерін мақалада келтіруді көздедік. Үшінші жақ – Арыс қаласы әкімдігі. Себе­бі, кәсіпкер Әбіш Ерімбетов “Базар” ЖШС-ін қала сыртына көшіруге қала әкімі Қанат Сыдықов мүдделі емес, құлықсыздық танытуда деп есептейді. Біз өз тарапымыздан кәсіпкер Ә.Ерімбетовпен бірге қала әкімі және әкім­діктің заңгер маманымен жолығып, біраз сауал­да­рымызға жауап алғанбыз. Біздің осы мәсе­ле­нің ақ-қарасын айыруға байланысты өтіні­шімізге қала әкімі төмендегідей жауап берді. ОҚО мәслихатының 2007 жылғы 13 жел­тоқ­сандағы №3/35-ІV шешімімен Арыс қа­ласы­ның бас жоспары бекітілген, дейді қала әкімі. Бектілген бас жоспарға сәйкес Арыс қаласы­ның сәулет және қала құрылысы бөлімінің 2008 жылғы 3 қаңтардағы №1, 2008 жылғы 21 сәуір­дегі №57 және 2008 жылғы 2 маусымдағы №84 шығыс нөмірлерімен “Базар” ЖШС директоры Ұ.Сатыбалдиеваға Арыс қаласы Б.Онтаев кө­шесі бойында орналасқан мал базары орнында “базар кешені” орны қарастырылған. Мал ба­зар орны қаладан шығаберіс Арыс-Шардара тас жолы бағытының оң жақ бетінде жоспар­лан­ғанын хабарлай келе, Арыс қаласы Б.Онтаев көшесі бойында орналасқан мал базарын қала сыртына көшіру жөнінде хабарламалар берілген. Осы хабарламалардың негізінде кәсіпкер Ә.Ерімбетов Б.Онтаев көшесінде мал сатылып келген орынды “базар кешені” деп өзгертіп, мал сатылатын жерді қала сыртындағы жаңадан салынған мал базарына көшіруге шешім шы­ға­рып беруді сұрап Оңтүстік Қазақстан маман­дан­дырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Т.Баратбековке талап арыз жазған. Алайда 2008 жылы 17 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Л.Орынбаева ұсынылып отырған жаңа мал базарының құ­ры­лыс жұмыстары толығымен біткенімен, нақ­ты осы кезеңде ол базардың жұмыс атқарып жатқаны туралы дәлелдемелер ұсынбаған. Арыс қаласының сәулет және қала құрылысы бө­лі­мінің ережесінде сотқа қойып отырған, яғни мал базарының Арыс қаласының орталығын­да­ғы мал сатылып келген орынды жауып, жұ­мыс жасау мақсатында “базар кешені” өзгер­ті­ліп, мал сатылатын жерді қала сыртындағы жаңадан салынған мал базарына көшіру туралы мәселенің құзырына жатпайтындығы және іс бойынша талапкер ретінде жер қатынастарын реттеу саласында аудандық атқару органы не­ме­се қалалық әкімдіктің өкілеттігіне жата­тындығын айта келе талапкердің талап арызын қанағаттандырусыз қалдырған. Сонымен қатар, Арыс қаласы әкімдігі тарапынан 2009 жылдың 9 қарашасында “Арыс қаласы Б.Онтаев көшесі бойындағы “Базар” ЖШС-не қарасты мал сатылып келген орынды қала сыртына көшіру туралы” талап арыз бе­ріліп, 2009 жылдың 9 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.Дербісова­ның төрағалығымен сот мәжілісі өтеді. Судья онда Арыс қаласы Б.Онтаев көшесі бойында ор­наласқан “Базар” ЖШС-ге тиесілі мал ба­зары ешкімнің құқығын бұзбағанын, санитар­лық-эпидемиологиялық ұйғарымдармен мал базары санитарлық-гигиеналық, ветеринария­лық ережелер мен нормативтерге сай екені анықталғандығын айтады. Нысанның жер үсті және жер асты суларына, жануарлар әлеміне зиянды әсері жоқ екені ОҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаменті­нің қорытындысында көрсетілуіне байланысты талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған. Бүгінгі таңда қалалық санитарлық-эпи­де­мио­логиялық қадағалау басқармасы Арыс қаласы Б.Онтаев көшесі бойында орналасқан “Базар” ЖШС-іне тиесілі мал базарының сани­тарлық-гигиеналық талаптар бойынша тұрғын үйден 50 метр қашықтықта орналасқандығын және қалалық аумақтық инспекция тарапынан қала орталығындағы мал базарының ветери­нарлық-санитарлық жағдайы “Ветеринария туралы” заңның талаптарына сәйкес келетін­дігін хабарлап отыр. “Базар” ЖШС-ге тиесілі мал базары шын­дығында бүгінгі таңда қаланың ортасында қа­лып отыр. Базардың санитарлық қорғау аймағы тұрғын үйлерден 50 метрден кем емес қа­шықтықта орналасуы қажет болса бұл норма сақ­талған. Ол санитарлық-эпидемио­логиялық ереже мен нормаларға сәйкес 5-класс нысанды мал ұстайтын шаруашылық деп көрсетілген. Қала аумағындағы мал базары аптасына 1 күн әр жексенбі сайын 5-6 сағат жұмыс істейді. Әр жексенбі күні қалалық ветеринарлық зерт­хана мамандары, сол мал базарына бекітілген ветеринарлық инспектор базар аузында тұрып мал түрлерінің қозғалысын бақылайды. Ауру мал анықталған жағдайда оқшаулайтын орынға жайғастырады. Ветеринарлық зертхана маман­дары осы қызметі үшін алым жинайды. Мал базары аумағы қалалық санитарлық-эпидемио­логиялық орталығымен арадағы дезинсекция, дезинфекциялау келісім-шарты негізінде апта сайын залалсыздандырылып отырады. Мал база­рында кедергілік белдеуімен дезомат жүмыс істейді. Жалпы, апта сайын бір күн жұмыс істейтін мал базары ветеринарлық бақылауда тұр. Мал базарына келетін мал түрлеріне жергілікті әкім аппа­раттарының ветеринар мамандарының анықтамасы мен жергілікті ветеринар маман­ның малдың кенеге қарсы тоғытылғаны жөнін­дегі анықтамасының болуы қадағалануда. Сонымен қатар, тағы бір айта кететін жәйт, 2007 жылдың 24 қыркүйегінде Арыс қаласының жер қатынастары бөлімінің ұйымдастыруымен жер учаскелерін жеке меншік құқығына сату бойынша аукцион өткізілген. Осы өткізілген аук­цион нәтижесінде жеке кәсіпкер Ә.Ерім­бетов “Отырар” тұрғын ауданында орналасқан аумағы 5000 ш.м жер учаскесін мал базары үшін 3163000 (үш миллион бір жүз алпыс үш мың) теңгеге сатып алған. Ол бойынша хаттама түзіліп келісім-шарт жасалған. Алайда, 2008 жылдың 4 сәуірінде ОҚОМАЭ сотына ОҚО прокуратурасы тарапынан “Жерді меншік құқығымен сатқан аукцион нәтижесі туралы 2007 жылғы 24 қыркүйектегі №12 хаттаманы және жер учаскесін сатып алу-сату туралы 2007 жылғы 25 қыркүйектегі шартын жарамсыз деп тану туралы және мал базары құрылысының аяқталуына байланысты мем­ле­кеттік қабылдау актісін бекіту туралы өкімін заң­сыз деп тауып күшін жою туралы” талап арыз кел­тіріліп, ОҚО прокуратурасының талап арызы 2008 жылғы 3 маусымда қаралып қанағаттан­ды­рылды. Алайда, Арыс қаласы әкімі тарапы­нан апелляциялық шағым келтіріліп, ол қана­ғаттандырылусыз қалдырылды. Және қадағалау алқасына берілген қадағалау шағымы бойынша қадағалау өңдірісін қозғаудан бас тартылған. Нәтижесінде аукцион қорытындысы заңсыз деп табылып, келісім-шарт мемлекеттік акт және оның Арыс қаласының әділет басқарма­сын­да тіркелуі жарамсыз деп танылды. Арыс қаласы әкімінің 14.04.2008 жылғы “Мал базар” құрылысының аяқталуына байланысты мем­лекеттік қабылдау актісін бекіту туралы №186е өкімі заңсыз деп танылып, күші жойылды. Жоғарыда аталған мән-жайларға байланыс­ты жеке кәсіпкер Ә.Ерімбетовке шығындарды заң талаптарына сәйкес сот шешімі арқылы қай­таруға болатындығы жөнінде түсіндірілді. Қортындысында жеке кәсіпкер Ә.Ерімбетов Арыс қаласы әкімдігі және Арыс қаласының жер қатынастары бөлімінің үстінен 3619300 теңгені өндіру туралы ОҚОМАЭ сотына талап арыз беріп, жеке кәсіпкер Ә.Ерімбетовтің пай­дасына негізгі қарызы 3163000 (үш миллион бір жүз алпыс үш мың) теңге және тұрақсыз­дық айыпақы ретіңде 365958 (үш жүз алпыс бес мың тоғыз жүз елу сегіз) теңге бюджет есебінен өндіріліп, аударылып берілген. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Ә.Ерімбетов­ке өз өтініштері негізінде Арыс қаласы әкім­дігінің 2008 жылғы 20 ақпандағы №185 қаулысы негізінде мал базары үшін қосымша аумағы – 3000 ш.м жер учаскесі жеке меншікке сатылып берілген. Мал базарына қосалқы шаруашылық қызмет көрсету нысаны үшін аумағы 3000 ш.м. жер учаскесі және мал түсіретін орын үшін аумағы – 1500 ш.м. жер учаскесі 49 жылға жалға беріліп отыр. Оған қосымша аукционда са­тылып, бірақ сот шешімімен жарамсыз бо­лып табылған аумағы – 5000 ш.м жер учас­кесін қала әкімдігінің 2010 жылғы 19 сәуірдегі №187 қаулысымен мал қора құрылысы үшін жеке меншікке сатылып беріліп, яғни өтініш­тері қанағаттандырылып, жалпы көлемі 12500 ш.м жер учаскесі жеке кәсіпкер Ә.Ерімбетовке пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкер Ә.Ерімбетовтің иелігіндегі мал базары және оған қосалқы қызмет көрсету нысандары жұмыс істеуде. Жергілікті “Арыс толқындары” телеарнасынан жарнамалар берілуде. Сондықтан да Арыс қа­ласының әкімдігі Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңдарын басшылыққа ала отырып кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысына кедергі келтірмеу, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және кәсіпкерлік қыз­метті жүзеге асыруда барлық жеке кәсіп­керлік субъектілерінің теңдігі мен әділ бәсеке­лес­тігінің қолдаушысы болып табылатындығын хабарлады. Арыс қаласының әкімі Қ.Садықов осылай деп тұжырғанымен бұл жауап кәсіпкер Ә.Ерім­бетовті қанағаттандырмайды. Жаңа базарды тәулік бойы жұмыс істетуге бекініп, жанынан мал бордақылау цехы, сұранысқа ие малдарды иесіне жеткізіп беруді, өтпей қалған малдарды келесі базарға дейін ақылы бағып беру сияқты жұмыстарды атқару­ды мойнына алған кәсіпкердің ойлағаны көп. Алайда, ішкі қажеттіліктерін қала ішіндегі ба­зар­дан түгендеп отырған қала жұртының, мал иелерінің өз еріктерімен сыртқы базарға баруға құлқы жоқ. Мұндайда “Базар” ЖШС-ін сыртқа мәжбүр­леп көшір деп қала әкімдігін кінәлай алмайсың. Онда кәсіпкердің құқығына заңсыз қол салған болып, тәртіптік жазаға тартылуы әбден мүмкін. Базарды көшіру туралы екі рет талап-арыз беріп, сот тарапынан қанағаттан­дырусыз қалғаны қала әкімін өз бетінше шешім қабылдауға жібермей отырғандығы түсінікті. Бірақ, бас жоспар бойынша “Базар” ЖШС жыл аяғына дейін сыртқа шығуы, не қызмет ая­сын өзгертуі керек. Өйткені, ДСМ мемлекет­тік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің ОҚО бойынша департаментінің директоры А.Әбдіразақов мал базары қаланың шеткі үйінен кем дегенде 50 метр қашықтықта орналасуы керектігін айтады. Ал, қала ішіндегі “Мал базары” ЖШС жан-жағын күзеп, ішін қатты тартқанымен, бұл талапқа жауап бере алмайды. Арыс қаласы үлкен. Мал базарына көршілес ауданның ауыл тұрғындары да мал айдап келе­ді. Бәлкім, өнбес дауды қумас үшін “Базар” ЖШС-іне де қала сыртынан оңтайлы жер тауып бе­руге болар. Оның өзі дауға нүкте қоюмен бір­ге, бәсекелестіктің өрістеуіне де жол ашар еді. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласы.