Замана запыраны _____________
... Карлагтың орталығы Долинкадан ұзап шыққаны бүгін. Қалың тұман жолдан адастырды. Амалсыз ескі қорғандардың біріне арқасын беріп тыныс алуды жөн деп тапты.
– Шіркін дүние-ай, өтеріңді білмеппін... – Дариғаның дауысы оқыс шығып кетті. – Жарқыраған Алтын Жұлдыз қайда? “Дариғалап” жүгірген ел қайда?..
Дариға ол күнді ұмытпайды. 1947 жылы “Қызыл жұлдыздың” бастығы Мұқаметқали Нұрбаев бастаған жеті адам Социалистік Еңбек Ері атанды. Бұл туралы Мұқаметқали Нұрбаев 1949 жылы “Қазақтың біріккен мемлекет баспасынан” жарық көрген “Еңбек – ер атандырады” деген кітабында мынандай дерек келтіреді: “1947 жылы қант қызылшасынан мол өнім алғаны үшін колхоздың 7 адамы зор абыройға ие болып, Социалистік Еңбек Ері атағын алып, 5 адамы Ленин орденімен, 14 адамы Еңбек Қызыл Ту орденімен, 15 адамы “Еңбектегі ерлігі үшін” және “Еңбекте үздік шыққаны үшін” медальдарымен наградталды” делінген.
Бұл марапаттау соғыстан кейін еңсесі түсіп, әбден қалжыраған қызылжұлдыздықтар үшін өңірдегі үлкен оқиға болды. Өзімен бірге Сындыбала Оңғарбаева жеңешесі де Еңбек Ері атанды. Келесі жылдың басында Жамбылдағы темір жол клубында Қазақстанның сол кездегі басшысы Жұмабай Шаяхметовтің өзі келіп, Алтын Жұлдызды тапсырғанын қалай ұмытады? Бір гектар қант қызылшасының алқабынан 1000 центнерден өнім жинау шын мәнінде үлкен табыс еді. Ал, келесі жылы Дариға 800 центнерден тәтті түбір жинады. Мұндай өнім алу шынында да көп еңбекті талап ететін. Өсіп келе жатқан әрбір тәтті түбірді қолмен бір емес, бірнеше рет аялау еңбектің еңбегі. Жекелегеннен кейін өнбей қалған түбірдің орнына өзгесін қолмен егу, оны күн сайын баптап, суару оңай болмады. Қызылша өсіп, өнгеннен кейін олардың арасында біз сұғар бос орынның болмауы ғажап емес пе? Мұндайда тәтті түбір жанына қарай емес, төмен не жоғары қарай өскенін көргенде Дариға таңдай қаққан. Бірте-бірте тәжірибесі толысып, тәтті түбірдің сырына қаныға түскен. Соның нәтижесінде келесі жылы да мол өнім алып, тағы да омырауына Ленин орденін тақты. Кішкентай ғана ауылда омырауында Алтын Жұлдыздары жарқыраған Сындыбала Оңғарбаеваны, Қанымқыз Тортаеваны, Мәрзия Ибрагимованы, Керімбай Мырзақұловты, Айтжан Бөгенбаевты және өзін көргенде елдің көзі тоймайтын. Мұның бәрі колхоз басшысы Мұқаметқали Нұрбаевтың іскерлігінің нәтижесі екеніне қуанатын. Оларды алыстан іздеп келетін жазушылар мен жорналшылар көбейді. Тіпті 1952 жылы одақтық “Огонек” журналы Дариғаның суретін сыртқы мұқабасына басты.
– Шіркін, дәурен-ай! Дариғаның дауысы тағы да оқыс шығып кетті. Өз дауысынан өзі шошығандай, бойын тіктеп, жан-жағына қарады. – Шіркін, дүние-ай, өтеріңді білмедім бе? Қандай күйге түсірдің? Өзгенің ала жібін аттап па едім? Жазығым – бел жазбай еңбек еткенім бе?
Ол осылай деп бар дауысымен айқай салды да үнсіз қалды. Жүрегі езілді, аузына қара су толды. Жан-жағын тұмшалап тұрған тұманның буалдыры жүзіне жас тамшыларындай қонақтаған. Бетін сүртпеді, қимылсыз отыра беріп, көзін жұмды да, ойға ерік беруге ұмтылды. Бірақ, көз алдына балалық шағы емес, құрып қалғыр абақты елестеді.
...1952 жылдың соңғы күндерінің бірінде колхоздың бастығы Мұқаметқали Нұрбаев қамалды. Ел іші дүр ете қалды. “Не дейсің, колхоздың көрсеткіштерінің бәрі өтірік екен. Бұл басы ғана, әлі талайлар ұсталады”, деген сөздер күннен-күнге өршелене түсті. Осы жамандықты қоздырып жүргендер сол ауылдың азаматтары еді. Олар ешнәрседен аянып қалған жоқ, арызды қарша боратты. Тексеруге келген уәкілдерді қонақ етіп, алдарына арақ, шынтақтарына жастық қойып, иіліп төсек, жайылып жастық болып жатқандарынан ауыл адамдары түгел хабардар еді. “Жақсыға сөз батады” демекші, бұл жағдай қызылшашының жанын жегідей жеді. Көп ұзамай Дариғаны Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Алматыға шақырды. Сол жылдары Жоғарғы Кеңес төралқасының мүшесі болатын. Дариға қандай әңгіме қозғаларын алдын ала сезген. Сондықтан астанаға келерде бұрынғыдай Алтын Жұлдызы мен ордендерін жарқыратып тақпады, орамалына орап, қалтасына сала салды.
Көп әңгіме болған жоқ.
– Сен партияны, Отаныңды, ел-жұртыңды алдапсың. Сенің ағаң Кәдір Жексенбиев фашистердің тұтқынында болған. Ал, сен оны жасырғансың. Сондықтан да Жоғарғы Кеңестің төралқа мүшелігінен шығаруға және атақ-даңқыңның бәрінен айыруға, наградаларыңды алуға шешім қабылдайды, – деп қақшаңдап қалған әйел, Дариғадан куәліктерін және Алтын Жұлдызы мен үш Ленин орденін тапсыруды талап етті.
Дариға Жантоқова Жоғарғы Кеңестен есеңгіреп шықты. Қызыл шырайлы жүзі ақ қағаздай бозарды. Ешкіммен сөйлесіп, пікірлеспей-ақ ауылға тартты. Таңға жуық үйіне келді. Анасы Науатбала еңіреп қарсы алды. Ертеңіне партия комитетінің хатшысы келіп, партбилетін алды. Атақты қызылшашы абыройдың бәрінен бір-ақ күнде жұрдай болып, бүк түсіп жатып алды.
Сол жылдың бірінші шілдесі күні Жамбылда елді елең еткізер үлкен сот болды. Судьялар Алматыдан келді. Ең алғашқы сәтте “Өтірік мәлімет бергенсіңдер” деген кінә тағылған еді, аяғы быж-тыж болды. Бір колхоздың жеті адамы бір күнде сотталып кете барды. Оның екеуі - Социалистік Еңбек Ері болатын. Бірі – колхоз бастығы Нұрбаев - жиырма бес жылға, екіншісі – атақты қызылшашы Дариға Жантоқова он бес жылға кесілді. Тіпті таққан айыбы да қызық. Алғаш таққан кінәсі өзгертіліп, артынша “інісінің фашистердің тұтқынында болғанын жасырғаны үшін” дегенді қосты. Егер осылай болғанның өзінде осынша мерзімге соттауға бола ма? Дариға осыған таң...
Тамыздың тамылжыған күнінде Дариғаға қуанышты хабар да жетті. Он бес жылға жазықсыз сотталған Дариға Карлагта үш жыл қараңғы күндерін өткізіп, бостандыққа шықты. Па, шіркін, Бостандық! Еркіндік! Дүниеде еркіндіктен артық не бар?!
Елге жеткенше асықты. Шу, Луговой стансаларынан бастап жүзі таныс кісілерді жолықтырып, қуанышын бөлісті. “Аман-есен келгенің құтты болсын!” – деген бір ауыз сөз үшін өзегін жұлып беруге дайын тұрды.
Әулиеатаға жақындаған сайын жүрегі пойыздың доңғалақтарының соғысындай дүрсілдеді. Ол күнгідей мамыражай күнді өмірінде көрмеген шығар. Пойыздан түсісімен біраз уақыт айналаға қарап тұрып қалды. Вокзалдың ғимаратына асыққан елдің жетегінде бұл да есікке жақындай берді. Вокзалға кіре берісте Дариға Күләш Байсейітовамен бетпе-бет келіп қалғаны. Күміс көмей әншімен талай рет Жоғарғы Кеңестің сессияларында жолығып, әбден етене таныс болған. Тіпті Сталиннің туғанына 70 жыл толғанда Мәскеуге бірге барған. Әншінің дауысы сыңғыр ете қалды.
– Дариғамысың? Айналайын, аман-есенсің бе? Бір жамандыққа ұшырады деп еді, одан құтылдың ба? Халқыңнан оқшауланба, ол – тіреуің. “Ондай-ондай ханның қызында да болады” демекші, өмірде не болмайды дейсің. Әлі шығар тауың биік болып, көрер жақсылығың бауырларыңа жұғысты болады. Елге өкпелеме. Адалдың аты арып, тоны тозбайды айналайын, – деп, бұлбұл әнші Күләш бастырмалата жөнелгенде Дариғаның өзі қысылып, үлкен кісіге иіліп, жол бере берді. Қысылса да қымтырыла барып, бұлбұл әншінің ақ жүзінен сүйді. Жақсы сөзіне рақметін айтты. Көңілін білдіріп, әділін айтқан әншінің жүзіне өзінің жанарынан ытқып шыққан жастың тамып кеткенін де байқамай қалды. Күләш әнші сіңлісінің маңдайынан сүйіп, мойнындағы ақ орамалын иығына жауып тұрып;
– Айналайын, торығып, қамығып келе жатқанда жолың ақ болсын, деп орамалымды сыйладым, – деген Күләш тағы да Дариғаның маңдайынан сүйді. Осы бір қас-қағымдай болған оқиға оның есінде де, көз алдында да мәңгі қалатындығын да білді. Алабұртқан көңілін баса алмай бір орнында тұрды да қалды.
– О...о, Дариғаш, келіп қалдың ба? – деген “Қызыл жұлдыз” колхозының бастығы Ғалымжан Ақатаев өзін құшақтай алды. – Алдыңнан Күләш апаң шығып қарсы алғанын мен жақсы ырымға балап тұрмын. Мен оған анық сенемін!
Дариғаның көңілі босады. Жүрегі діріл қағады. Алдынан шығып, арсалаңдап құшақтағандардың бірін көрсе, бірін көрмеді, көз жасына ерік берді.
Ауылға келген күнгі қуаныш ерекше болды. Сәмиғасын көтерген Қоңыры мен анасы Науатбала малын сойып, барын дастарқанға төкті. Қуаныш дастарқанын “Құтты болсын!” айта келген ауылдастары шашқан шашу толықтырды. Дариғаның түрмеден босанып келуін бүкіл ауыл тойлап, құттықтады. Келмей үнсіз қалғандары – өзінің үстінен арыз жазғандар ғана еді. Тіпті аудан, облыс басшыларынан да қуанышты сөздер жетіп жатты. Дастарқан басында қапаста қалтыраған Дариға жарық күннің шуағына малынып, жарқырай түсті. Тіпті Садық Кәрімбаевтың “Тракторшы қарындас” әнін сызылтып тұрып айтты. Басылған көңілі ашылып, көргенін де, білгенін де айтпастан, елдің амандығын сұраумен болды. Ең алдымен Мұқаметқали Нұрбаевтың хабарын сұрады. Білетіндер оның абақтыдағы өтеу мерзімінің қысқарғанын, амандық болса жалған жаламен күйгендер елге аман-есен оралатындығын айтып жатты...
Күміс қанат алып ұшақ аспанға көтерілісімен Сібірді бетке алды. Талай ұшақтарға мінген, бірақ тап осы жолғыдай абыржуы болмаған. Бұрын арнаулы ресми жиындарға өзгенің айтуымен, жетегімен жүрсе, бұл жолы өз еркімен, жүрек қалауымен Сібірге, Сібір емес-ау Қиыр Шығысқа – Камчаткаға жол тартып барады.
Жолдың мақсаты өзі бауырына басқан Әлімхан әскери борышын өтеп жатқан Тынық мұхит флотының сарбаздарымен кездесу. Бала көңілдің гүлі, көздің нұры емес пе, алыс деп шалқаймады, ұлдың беделі үшін жолға шыққан. Шақыруды алғанда алғаш таңқалған. Қазақ әйелін қандай мақсатпен кездесуге шақырып отыр. “Апырай-а, бізді де өзгелердің қатарына қосқаны ма? Сол айналадан бір орыстың табылмағаны ма?” – деген де ой келген.
Ұшақ көк аспанды тіліп, самғап келеді. Сол самғаумен бірге Дариға да ой құшағына ене берді...
...Карлагтан келісімен Дариға иығына қайтадан кетпенін салып, қызылша алқабына келді. Сындыбала Оңғарбаева жеңешесі мен Қанымқыз Тортаева, Мәрзия Ибрагимова, тағы басқалар оны қуана қарсы алды. Мұқаметқали абақтыда болғанымен оның әркімге бір гектардан қызылша алқабын бөліп беру тәжірибесі жойылмапты. Алғашқы жылы өзгеге көмекші болғанымен келесі жылы оны звено жетекшісі етіп қайта тағайындады. Құрбылары мен шаруашылық басшылары өзіне көңіл бөлген сайын қуанышы толысып бара жатқандай сезінді. Тілеу болмай, тіреу болмайтындығын сезінген Дариға құрбылары мен ауылдастарының ақ тілегіне іштей дән риза еді. Өзінің ақ, ал жағылған күйе күні ертең-ақ кететінін ол іштей сезді. Әйтсе де өзіне деген аяушылықты ұнатпайтын, әрқашан еңбегімен, көңілдегі сөзін ірікпей айтатын қасиетімен ел құрметіне бөленген Дариға көпке дейін құрбыларының ақ көңілін аяушылық деп ұққаны анық. Бірте-бірте жазылатын жарадай көңілдегі көп кірбің ұмыт бола бастағандай. “Еңбек бәрін ұмыттырады” деген рас екен.
1958 жылы ол әр гектардан 850 центнерден тәтті түбір жинады. Осылайша қырық жетінші, сегізінші, тоғызыншы жылдардағы табыс кездейсоқ әрі жалған емес екенін тағы да дәлелдеді. Бұл табысын келесі жылы да жалғастырды. Сол жылы ойламаған жерден ауылға Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Н.И.Беляев келді. Аудан, облыс басшылары республика басшысына Дариғаның қызылша алқабын көрсетуге шешім қабылдапты. Алқапқа дейін тездетіп жол салынды. Түске жақын басшылар мінген машиналар көздей тізіліп келді.
Аттың басындай болып өскен қызылшаны көргенде Беляев таңданысын жасыра алмады.
– Мұндай қызылшаны өсірген кім? – деген ол омырауларында Алтын Жұлдыздары жарқырап тұрған қызылшашы келіншектерге қарады. Сындыбала Оңғарбаева саңқ ете қалды.
– Дариға Жантоқова! – деп, шеткерек тұрған Дариғаны алға итермеледі. Қараторы жүзді, талдырмаш денелі Сындыбаланың бойында өзі ғана сезген діріл пайда болды. Неге осындай кейіпке түсті, ол түсінбеді. Кім білсін, мүмкін есімі “халық жауларымен” бірге аталатын Дариғаның атын атағаны үшін өзін айыпты санады ма, әлде келінінің бақыты дәл осы сәтте қайта ашылатынын сезді ме екен? Әділдікті сүйетін, тура жолдан таймайтын қасиеті оның бар болмысын билеп алғанын Сындыбала сол сәтте түсіне қойған жоқ.
Республика басшысы “ол кім?” дегендей жан-жағына қарады. Әлден соң өзіне қарай бір адым жақындаған дөңгелек жүзді, аққұбаша, келісті келіншекті көргенде:
– Ой, ой... Молодец! Бұл кісіні биыл міндетті түрде наградаға ұсыныңдар, – деп, облыс басшысы Махмұт Сапарғалиев пен облыстық атқару комитетінің төрағасы Асанбай Асқаровқа қарады. Осы сәтті тиімді пайдаланғысы келген Дариға:
– Менің де Алтын Жұлдызым, үш Ленин орденім болған. Алып қойды, – деді өзін еркін ұстап.
– Кім алып қойған? Неге алып қояды? – деген Беляев қолында ұстап тұрған қызылшаны жерге тастай салып, облыс, аудан басшыларына қарады.
Алдымен жағдайды облыс басшысы, одан кейін аупартком хатшысы айтты. Бұл кезде олар жиналған халықтан сырттап кеткен болатын. Мәселенің мәнісіне түсінгендей болған Н.И. Беляев кері бұрылып, жүзін жиналып тұрғандарға бұрып:
– Тарихта талай ақтаңдақтар болған. Жеке басқа табынушының салдары бұл. Партия онымен аяусыз күресуде, күресе береді де. Қазір жағдай тіпті басқаша. Сіз қамықпаңыз, мен бұл іспен жеке өзім айналысам. Дегенмен де, біз де кішкентай адамбыз. Орталық комитетке шығамыз, жағдайды түсіндіреміз. Ал, еңбектеріңізге сәттілік тілеймін. Жиын-терін біткен соң талайларыңыздың кеуделеріңіз жарқырай түсетін болады, – дейді.
Сол күні Дариғаны құттықтағандар өте көп болды. Кешке Сындыбала Оңғарбаеваның үйінде жайылған дастарқанға келген республика, облыс, аудан басшыларының бір сәт әңгімелерінің арқауы да Дариғаның жағдайы болды. Дариғаның басылған көңілі көтеріліп, жүзі жарқырап, құрбыларымен ашық-жарқын әңгімелесті. Осы оқиға туралы қазақтың біртуар азаматы Асанбай Асқаров “Тағдыр” кітабында былайша еске алады: “Біздің облысқа Қазақстан Компартиясының сол кездегі бірінші хатшысы Н.И.Беляев келді... Дариға Жантоқовамен де дидарласты. Ол ... Социалистік Еңбек Ері екендігі... кейбір түсініспестіктен қосақ арасында кетіп, ажырап қалғандығы тілге тиек болған-ды. Әсіресе М.Сапарғалиев төндіре, құлағына құя жеткізіп еді... Беляев қайрат көрсете көмектесіп, шындық қайта салтанат құрды”.
Көңіл шіркін, көтеріңкі сәтті тез сезеді ғой. Дариға ол күндері ақ ұлпадай қалықтап жүргендей күй кешті. Радиоға құлақ түріп, облыстан, ауданнан келген өкілдерді жағалап, жақсылық хабарды тағатсыздана күтті. Бірақ бір нәрсе ойынан кетпеді. Ол – еңбек қана тауға шығаратынын терең сезінді. Егер Қазақстан басшысына көрсетуге лайық қызылша өсірмесе, ол алқапқа келіп өзімен тілдеспес еді. Сол жылы әр гектардан ол тағы да жоғары өнім алды. Күз болды. Құс қайта бастады. Адам құс қайтқанда да, келгенде де жақсы хабар күтетін болса, Дариға қайтқан құс қанатының суылымен туған жерінде, өскен елінде жақсылық хабар қалдырып кететіндей күй кешті. Сондай күндердің бірінде аудандық соттан хабар жетті: “Алматыға, орталық комитетке Дариға Жантоқованың бүкіл құжаттарын сұратып алды, ақталатын болды”. Артынша партия комитетінің хатшысы келіп: “Партбилетіңізді қайтып алу туралы арызыңызды жазыңыз”, – деді. Көп ұзамай Дариғаны Алматыға орталық комитетке шақырды. Партиялық бақылау комиссиясы көп тергемей, терлетпей-ақ, қайта кешірім сұрап, партбилетін қайтарып берді. Енді Дариға үлкен қуаныштың алыс емес екенін сезді. Соған қарамастан, сол күнді тағы тағатсыздана күтті. Ақыры асыға күткен күн де келіп жетті.
Ақпан айындағы Алматы ақ ұлпа қармен қарсы алды. Бауыры Қоңыр екеуі ұлпа қарды басып, орталық комитетке қарай беттеді. Тәшеновтің көмекшісі Әмреев бұларды жылы қабылдады.
– Қазір мен Тәшенов жолдасқа айтайын. Ол кісі жаңа ғана сізді сұрап еді, – деген көмекші Жоғарғы Кеңестің Төрағасының кеңсесіне кіріп кетті. Артынша Жұмабек Тәшенов шықты.
– Дариға, келіп қалдың ба? Қуанышың қайырлы болсын. Жарлыққа қол қойылды. Жұлдызың да, үш Ленин орденің де қайтарылады. Жүр, бірінші хатшыға барайық, – деді Жұмекең.
Масаты кілем төселген үлкен бөлмеге Дариға имене кірді. Беляев орнынан тұрып, Дариғаның қолын алды.
– Айтып едім ғой, әділдік жеңеді деп. Партия ешкімді де орынсыз жазғырмайды. Қателігін түзеуді де ар санамайды. Міне, Жұлдызың, – деген ол Дариғаға Алтын Жұлдыз бен үш Ленин орденін қолына ұстатты.
– Енді бұл наградаларды Жоғарғы Кеңестің Төрағасының өзі тағып береді, – деп Жұмабек Тәшеновке қарады. Жоғарғы Кеңестің Төрағасы тершіген маңдайын орамалмен сүртіп, жалт-жұлт еткен наградаларды тақты.
Дариғаның жүрегі аттай тулады.
– Мен бұл күнімді бақытты сәттерімнің біріне балаймын. Әділдік үшін күресіп, жеңіске жетуден, өзіңе емес, өзгеге көмегің тигеннен артық қуанышты сәт болмас, – деп Дариға алысты меңзеді.
Ж.Тәшенов Дариғаны қызмет бөлмесіне бастап келді.
– Міне, арманыңа жеттің, айналайын, қарындасым. Сен Алтын Жұлдызды бір емес, екі рет алдың, – деді. Дариға көңіліне келген сөзді іркіп қала алмады.
– Аға, енді Мұқаметқали Нұрбаев ақталса, ол да Алтын Жұлдызын қайта омырауына тақса, біздің ауылдың қуанышы шексіз болар еді, – деп бір сәт үнсіз қалып, сөзін қайта жалғастырды. – Алдымен абақтыдан шықса...
– Сәті түссе, ол күнді де көрерсің, – Тәшенов Дариға да бір жылы шуақпен қарасады.
Өкінішке қарай, оның сәті түспеді. Мұқаметқали түрмеден мерзімінен бұрын шыққанымен партбилетін де, Алтын Жұлдызын да алып үлгермеді. Абақтыда жабысқан аурудан елге келгеннен кейін көп ұзамай ол қайтыс болды. Бір қуаныштысы, елінің алдында адал азаматтың аты да, ісі де өшкен жоқ. Мұқаңның есімін ілтипатпен еске алатын ұрпақ бар. Әрине, алтын жұлдызы қайтып жатса, қазақ үшін абырой болар еді.
Басына түскен ауыр күндері көрген түстей артта қалып, көңілі көтеріліп, елге қуанышты оралған Дариға келе жұмысқа бұрынғыдан да белсене араласты. Облысқа депутат болды. Жиналыстарда төрде отыратын болды. Қоңыры “Қызыл Жұлдыз” ұжымшары бастығының орынбасарылығына көтерілді. Бастықтар да бірінен соң бірі ауысып жатты. Қалиевтен кейін бұрын бастық болған Бұралқиев келді. Қанша қуанышты күндер көп болғанымен бұрынғыдай ертеңгі күнге деген сенім әуелемеді. Алтын Жұлдызды омырауына таққаннан кейін көп ұзамай еңбек демалысына шықты.
Өмір болған соң өкініш болады екен. Сол бір сергелдеңге толы күндердің өткеніне көп уақыт өтсе де, Дариға өз басына түскен ауыртпалықты ұмыта алмайды. Қазір де сондай күйде. Дүниеден Сталин, Хрущев сияқты артында топалаңы көп қайраткерлер өткенімен жүйе сақталып қалды. Қит етсе партияның билетімен қорқытатын күндер туды. Орынсыз мадақтау, әсірелеу көбейді. Бәрі орталықтың күшімен шешіліп жатты.
Енді, міне, сондай көңілдің жабырқау күндерінің бірінде Қоңырдың төртінші баласы үйленіп, той жасалды. Құдай оңынан салып сонау Камчаткада әскери борышын өтеп жүрген Әлмахан тойға келді. Кір басқан көңілдің кірі кете бастағандай әсер самал болып есті. Бұл тойдың тағы бір есте қалғаны – Әлмахан азаматтық парызын өтеп жүрген әскери бөлім Дариғаны арнайы Камчаткаға келуге шақырыпты. Жолбасшы етіп, милицияда еңбек ететін Рысбегін жанына алып “Камчатка қайдасың?” деп көк аспанда самғайтыны сол тұс қой.
Ақ орамал тартқан, қазақтың ақсары жүзді Дариғасы сол жолы жүзі бал-бұл жанып, көңілі шарықтап тұрды. Қол шапалақтау ұзаққа созылды. Жиын соңында Социалистік Еңбек Ері, үш Ленин орденді қазақ әйелін флоттың құрметті матросы етіп қабылдаған.
... Кеңес өкіметінің құлауына көрінді ме, партияның бас хатшылары бірінен соң бірі о дүниеге аттанып жатты. “Енді не болады?” деп тұрған сәтте Горбачевпен бірге “қайта құру” деген дәуір келді. Көп сөйлеудің көкесі енді басталды. “Қайта құру” кеңес өкіметін құртты. Бұрын айтар сөзін айта алмай жүргендердің еркін көсілуіне жол ашылды. Дариға өзі абақтысында үш жыл отырған Карлагтың бет бейнесі әшкере бола бастады. Партия өзінің көсемдерін көсеумен ұрып, бұрышқа тықты. Сөйте тұрып, соңғы күшін жинап, ел ардақтыларына күйе жағып, түрмелерге тыға бастады. Дариға ол күндерді еске алғанда бойы мұздап, тағы да отыз жетінші, елуінші жылдардың кесапаты келіп қалды ма деп қорықты. Сондай күндердің бірінде “Асанбай Асқаров қамауға алыныпты” деген сөз дүңк ете қалсын.
Ойламаған жерден Жылқыбай Аралбаевтан шақыру алған Дариға айтқан уақытында, кел деген жеріне жеткен. Төрде кезінде ел билеген ағалар. Жүздері алабұртып әлденеге таласып жатқандай.
– Міне,сендер жүрексінсеңдер Дариха келді. Ендігі істі Дарихаш бітіреді, – деп Жылқыбай нығырлай сөйледі. – Сен кешегі “Еңбек туын” оқыдың ба? Оқымасаң, оқы, – деп, Дариғаның қолына газетті ұстата салды. – Мәселе былай, біз ел-жұрт екенімізді білдіруіміз керек. Енді халықтың еркін тыныстауын тоқтату мүмкін емес. Асанбайдай арысымыз жазықсыз абақтыда жатқанда біздің үнсіз жатқанымызға жол болсын. Асекеңді құтқару комитетін құрып, Бішкекте болатын сотына қатысып, Қырғызстанның мемлекет басшыларына барып, оны түрмеден шығаруды талап етуіміз керек. Біз сол үшін жиналып отырмыз. Дариха, бізді Сындыбала апа екеуіңіз бастап барасыздар. Айтар мәселе, сөздің түйіні осы.
Жылқыбай әңгімесін шорт үзді. Әлдекімдер сөйлегісі келіп еді, ол оған мән бермеді. Өзі бөлменің ішінде ары-бері жүр.
– Солай Дариха.(Жылқыбай Аралбаев Дариғаны төлқұжатында жазылуы бойынша осылай атағанды ұнататын). Ертең таңертеңмен жолға шығамыз. Соған шақырдық, барамысың? – деді де, атақты қызылшашының жүзіне бағдарлай қарады.
– Жылқыбай-ау, о не дегенің. Мұндайда елдігімізді танытпасақ біздің кім болғанымыз. Жазықсыз жапа шегудің ауырлығын көргенбіз. Карлагтың “төрінде” жүргенде көрде жүргендей болғанбыз. Онда менің ақталуыма облыс басшылары күш салып еді. Бұл жолы әділет жолына ардагерлер шығыпты, дұрыс-ақ, – деді.
Төрде отырғандар: “Жықаң дұрыс айтады!” десті. Сонымен, бұрын Жамбыл және Жезқазған облыстық партия ұйымдарының идеология жөніндегі хатшысы болып жиырма алты жылдан аса еңбек еткен, атпал азамат, өзінің мүддесінен ел намысын жоғары қоя білетін Жылқыбай Аралбаев бастаған жамбылдық ардагерлер өздері өмірбақи мүшелері болып, оның абыройы мен беделін асқақтатуға күш салғандар партияның іс-әрекетіне саналы түрде қарсы шықты. Асанбай Асқаровты құтқару комитетін құрды. Жамбыл жері дүркіреп, ел басқосқан жерде әңгіме арқауы сол комитеттің іс-әрекеті болды. Осының қақ ортасында Дариға Жантоқова жүрді. Ертеректе аталарымыз: “Жігіттің құны жүз жылқы, ары мың жылқы” дейді екен. Ал, Асанбай Асқаров – арын дүниеге баламаған азамат. Ол үшін отқа да түсуге болатындығын Дариға жақсы білді. Сол күндердің оқиғалары туралы Дариға апа былай дейді.
– Пендешілік-ай, Асанбайды абақтыдан шығарып алуға жанын салған Жылқыбайды кейбіреулер кейін Асқаровқа жақындатпады. Талтүсте адасатындарға не деуге болады! Ешқашанда “мен істедім” деп айтпайтын Жықаң сонда да үнсіз қалды. Ешкімге өкпесін айтпады. Оның осы ісі мың кісіге олжа салды емес пе?!
Қойшы, бұл өзекті өртер басқа әңгіме... Сонымен Жықаң—командир, біз солдаттай қимылдадық. “Ертең дайын тұрыңдар! Таңғы алтыда Бішкекке қарай шығып кетеміз” – дейді. Біз – Сындыбала жеңешем, Мәрзия Ибрагимова және мен дайын тұрамыз, – сол бір естен кетпес оқиға туралы әңгімесін бастағанда қайта-қайта күрсіне беретін. Мен ел ардақтаған асыл жанның өзінің де абақтыда азапты күндерді басынан өткізгенін есіне алып тұр ғой деп ойлайтын едім. Оның үстіне өз өміріне оң ықпал еткен Асанбайдай ағасының тағдырына сол кезде ерекше алаңдағанын да түсіндім. – Сонымен не керек, Асекеңді Бішкекке алып кетті деген соң біз де Қырғызстанның астанасына жеттік. Ол күні: “Асқаров әлі келген жоқ, келсе де жолықтыра алмаймыз”, – деген соң ауылға қайттық. Екі-үш күннен кейін қайыра бардық. Бұл күні де Асекеңе жолыға алмадық. Есесіне ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовпен кездесіп, мән-жайды түсіндіріп, көмектесуін өтіндік. Сабырлы кісі екен. Біз тұлғамыз туралы әңгімелеген сайын: “Апырай-а, елін сүйген, елі сүйген азамат екен ғой!” – дей берді. Оның үстіне Жылқыбай азаматтың азаматтығын айтқанда біздің өзіміз көзімізге жас алдық. Шыңғыс: “Қолдан келген барлық көмегімді көрсетемін, тиісті адамдармен бүгін сөйлесемін. Сотталғанның өзінде рақымшылық жасауға ықпал жасаймын. Туғандар, жасымаңыздар!” – деп шығарып салды. Көңіліміз көтеріліп, ауылға қайттық. Сол бір күндері Асанбай Асқаровты құтқару комитетінің ықпалымен жүрген Жылқыбай Аралбаев, Арыстан Өтеулин, Жапар Түйебеков, Нұрғали Торғаев, Сындыбала Оңғарбаева, Мәрзия Ибрагимова, тағы да басқалар халық ұлына деген ыстық ықыластарын көрсетті. Біраз кісілерді ұмытып қалыппын, ол үшін жасы тоқсанға жақындап қалған мені айыпқа бұйырмас. Сонымен бірге, “Біз Асекеңнің бауыры боламыз, досы едік” дегендердің бұғып қалғандары да болды.
Дариға Жексенбіқызы әңгімесін жалғастыра алмай біраз үнсіз отырып қалды. Әлден соң, маған тіктей қарап:
– Бұл қалай-а? Қызғаншақтық, көре алмаушылық, жағымпаздық, өсекшілдік іс басында отырған азаматтар арасында болмауы керек емес пе? Сен бұған не дейсің?
– Өмір ғой, апа. Өмірде не болмайды.
– Иә, өмір. Бірақ, мен жаман қасиет басшылар арасында болмаса деп айтып тұрмын ғой. Басшылардың арасында ондайлар болмаса, Қазақстаным бүгінгіден де асқақтап, ел үшін еміреніп еңбек етіп жүрген Елбасым Назарбаевтың арманы тез орындалар еді. Жүрек құрғыр тербеліп кеткен соң айтып жатқаным ғой. Содан не керек, Аралбаевтан бұйрық келген соң Мәрзия екеуміз Алтын Жұлдызымызды тағып, өзгелермен бірге тағы да Бішкекке жол тарттық. Бұл жолы Сындыбала жеңешем бара алмай қалды. Жанымызда теледидарға түсіретін жігіттер де бар. Бірақ олар жасырын түсірмесе, рұқсат жоқ екенін білетінбіз. Ал мен болсам: “Маған не істейді” деп жасауылдарын итере тура Асекеңе барып, торда отырғандардың бәрінің қолын алып: “Ақталасыңдар, аман болыңдар!” деп дауыстаудан танғаным жоқ. Соттың да биліктің қолшоқпарына айналғанын білсек те, “ел-жұрттан қаймығар, сот- тамас” деген тілегіміз орындалмай, Асқаровты 13 жылға айдады да жіберді. Дел-салмыз. Бір-бірімізге қарай алмай, жер шұқылап, көшеде отырып қалдық.
– Қамықпаңдар, Президент Ақаевқа бару керек. Қазір одан басқа жол қалмады. Сол ғана рақымшылық жасай алады, одан кейінгісін тағы да көріп алармыз, – деген Жылқыбайдың сөзі еңсемізді көтерді. Сол жерде бәріміздің атымыздан өтініш жазылды. Алайда, ол күні Президентке кіре алмадық. Есесіне келесі күні таңертең қабылдайтын болды.
– О... тәйкелерім келді, – деп өзі алдымыздан шығып, төрге оздырды. Алдымен Жықаң, одан кейін қалған ағалар сөйлеп берді. Тіпті, қазақ халқына жасалып отырған орталықтың қысастығын да айтып жіберді. Мен сол кезде әлі де құйрығы кесілген кесірткенің қауқары бар, жан бермеу үшін аласұрып жатқандардың атына сын айтқан азаматтардың батылдығына таңғалдым.
Ақаев мырс етіп күліп жіберді де:
– Жақсы айттыңыздар. Мен бәрін түсініп отырмын. Ол кісімен дәмдес, тұздас болмасам да, асыл екеніне көз жеткіздіңіздер. Көмегімді аямаймын, – деп шығарып салды. Елпектеп қалған жақсы азамат екен, уәдесінде тұрады деген сеніммен ауылға қайттық.
Бұдан кейін артынша Алматыға жол тартуға тура келді. Ақсақалдар: “Алматыға Горбачев келеді екен, ыңғайын тауып жолығу керек, Асекеңнің жағдайын айтасыздар” деген соң тағы жолға шықтық. Асекеңнің туысы Энгельс деген азамат қарсы алды. Алдымен жолымыз Димекеңнің (Қонаев) үйіне түсті. Соның алдында ғана өмірлік жары Зухра жеңгеміз дүниеден өткен. Көңіл айту біздің парызымыз. Сондықтан алдымен Димекеңе барып сәлем беріп, жеңгемізге көңіл айттық.
– Атқарып жатқан істеріңді естіп қуанып жатырмын, – деп Сындыбала жеңешем екеумізді ортаға алып, диванға жайғасты. Біраз әңгімелестік. Жұмысымыз туралы хабардар еттік. Сөйтіп, отырғанда бір ұзын бойлы қара жігіт кіріп келді.
– Бұл жігіт ұзақ жылдар бойы менің көмекшім болған Дүйсетай Бекежанов деген азамат. Мұны да соттады ғой. Халық қартаймайды, ешнәрсе ұмыт болмайды. Бәрін ұрпақ өз орнына қояды, – деп, бұрынғы көмекшісіне бізді таныстырды.
– Қазір “Горбачев сағат он бірде келеді” деп қалың жұртшылық Ленин ескерткішінің маңында тұр, – деді ол. Біз асығыс орнымыздан тұрдық. Әңгімені ұзақ созбай-ақ қояйық, әрең дегенде Сындыбала жеңешем екеуміз Горбачевке жақындадық. Бізді көрген Нұрсұлтан: “Сізге, мына кісілер алыстан келді”, – деді. Біз Горбачевтің қолын алдық. Ол бізге рахмет айтты. Бар әңгіме осымен бітті.Ол жерде біз мән-жайды айта алмадық, оның жөні де жоқ еді. Республика белсенділерінің жиналысы болса, сонда Асанбай Асқаров туралы айтармыз деп бекініп келгенбіз. Бірақ, ондай жиналыс болмай, Бас хатшы Алматыда көп аялдамай кетіп қалды. Қазір ойлап қарасам, оған сөзімізді шығын етіп, жалынбағанымыз да дұрыс болған.
Сонымен не керек, көп ұзамай Асекең еркіндікке шықты. Асыл ағаның ақталуына бізден өзге де ел азаматтары, ардақты ақын-жазушылар аз үлес қосқан жоқ. Ол туралы мен таратып айтпасам да білесің. Оны да зерделеп жазатын шығарсыңдар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үлкен ықпал жасады деген сөз бар. Асылының мұңын елі сүйген азамат жоқтап жатса оған қалайша риза болмайсың!
Ұзақ үнсіздік орнады. Мен де жаңа ғана апамның өзі құйып берген қоңыр шайды сораптап ішіп, диктофонның түймесін басып тоқтаттым.
– Е...Алла, жаратқаныңа шүкір! – деген оқыс шыққан дауысқа селк ете қалдым. Дариға апа төрде ілулі тұрған өзінің 1952 жылы “Огонек” жорналының мұқабасына басылған суретіне қарап тұр екен. Аққұба жүзінде қызылы көбейіп, иегін көтере қарап қалыпты. Жанары суланған. – Е...Алла, көрсеткеніңе, шүкір! –деді тағы да. Бұл жолы дауысы пәс шықты. Жасы сексен сегізден асса да әжімі аз, нұрлы жүзді апаның тебіреністе екенін сездім.
Құзы да, қиясы да, шыңы да аз болмаған Дариға Жантоқованың өмірін еліміздің соңғы сексен жыл тарихынан бөліп алу мүмкін емес. Ол қанша қиындық көрсе де, сонау отты жылдардан оралмаған солдат жесірі болса да өзін бақытты жан санайды. Менің ойыма Дариға апаның бұдан бірнеше жыл бұрын: “Биік таудың басы болмасақ та, баурайындағы туған жердің тасы болуға ұмтылдық” деген сөзі оралды. Алғаш өзі туралы жазатынымды айтқанда: “Кәрінің сөзі – дәрі” десең, айтатын әңгіме көп” дегені де есімде.
Әлден соң орнынан тұрмақ болып ұмтылды да сылқ етіп қайта орнына отыра кеткен. Жүзіне күлкі үйірілген.
– Мына креслоға жабысып отырғанымды ұмытып кетіппін ғой. Кейде осыдан екі жыл бұрын жамбасым сынғандықтан жүре алмай қалғанымды ұмытып кетіп, анда-санда осылайша алға ұмтылатыным бар. Сынған сүйекті орнына келтірмек болғандарға дәрігерлер қарсы болды. “Операцияны жүрегіңіз көтере алмайды” – деді. Қайтейін енді, ермегім – теледидар мен газет. Еліміздің қанат жайып, дамып келе жатқанына қуанамын. Бәрінен де Шәмшінің “Менің Қазақстаным” әнінің гимнге айналғанына ерекше қуандым. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халқының жандүниесін дөп басқанына ризамын. Қазақтың бақытына Құдай бере салған алтын ұл ғой. Талай қолын алып, батамды берген күндерімді еске алғанда, бойымды бақыт кернейді. Сталиннен бастап, барлық компартияның көсемдерімен жүздестім ғой. Бірақ, тәуелсіз Қазақстанның басшысымен жүздесу, қолын қысу мен үшін орны бөлек бақыт!
Тоқсан екі жасар Дариға апаның жүзі де, дала да нұрға малынған.
Нұрлы күндеріңіз көп болсын, кейуана!
Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ, журналист.