• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2010

Өр Алтай, Асқар Алтай, Асқан Алтай

1500 рет
көрсетілді

(Эссе-элегия) Соғыстың сұрапыл күндері елді ти­­тық­­татып жатқан кез. 1943 жыл. Жаз айы. Бүкіл Алтай төңірегін гастрольдік са­­пармен аралап қайтқан Жамал Ома­рова­ның­ көңілінде жан дүниесін толқыт­қан, ой, бір шуақты әсерлер бар… Ол со­ған мәз. Алтайда нені көрді, неге сүйінді, оның бәрі-бәрін өзінің көңіл жетерлері мен әріптестеріне аңқылдаған ашық мі­незімен жарқылдата ақтарып салған-ды. Ол сапарды жай ғана сөзбен бейнелеп жеткізу еш мүмкін емес еді. Өзін көкке кө­тере қарсы алған облыс, аудан басшы­ларына, дуылдаса құшақ жайған ел-жұрт­қа, көшелі азаматтарға дән риза. Әр кез­десуі, әр концерті… көз алдынан ке­тер емес. Ғұмырында жан жүрегін Ал­тай­­дай тербеген сұлу жерді көрмеген сияқты. Оның алтын шұғылалы таңы, жалқынданып батар қоңыр кеші, салқын самалды айлы түндері… хош иісті лала гүлдері, сылдыр қаққан бұлақ үні, көз жауын алған алуан түсті лағыл тастары… осының бәрін мақтаныш ете сөйлеген жандардың: “Алтайдай жер қайда-ай!” деп желпіне әндеткенін қалай ұмытсын. Мұнда өзі білмейтін, өмірі естімеген ха­лық әндеріне кезікті. Ескілікті әншілерді көп тыңдады. Алтай – тұнып жатқан ән қазынасы. Ертегі дүниесіндей көркем жерде мөлдір де мұңды да сағынышты әндердің болмауы да еш мүмкін емес. Сондай әндердің бірі – “Жәмила” дей­тін ән Жамалдың жүрегін жібек самал­дай желпіді. (Осы жолдардың ав­торы Жамалды таң-тамаша қалдырған сол “Жәмила” әнін 1978 жылдың қара­ша айында Қазақ радиосының фоль­клор­лық экспедициясы сапарымен жү­ріп, Күршім ауданы “Қалғұтты” сов­хозында орта жастан асқан бір есепші кісіден магни­тофонға жазып алған-ды. Ол өнерпаздар концерті бүгінде Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы тұр). Құмарлық оты маздаған бір шырын әуез. Есіңді алған іңкәрлік. Тыңдай бергің келеді… тыңдай бергің. Отыз бірге енді толып, толықсыған Жамал бұл әнді сол Күр­шімде алғаш тыңдаған сәтте-ақ бірден қағып алды. О, бұл таулы өлкенің жұм­бақ сыры көп қойнау-қойнауында ықы­лым заманнан бері қаншама ән туын­да­ды дейсіз. Талай әндер өз орын­дау­шы­ларымен бірге із-түзсіз кетті. Бір­ден бірге жалғасқаны ғана өше қой­ма­ған. Жа­мал өзін қолпаштаған қонақжай жұрт­тың ортасында ол әндердің бәріне зерделі көңілмен зейін салды. Тарихтың аумалы-төкпелі, тайғақ кешулі бір ала­сапыран қиын кезеңдерінде сергелдеңге түскен ел ауық-ауық Алтайдан асып, Шы­ғыс Түркістан өлкесіне ауғанда, не болмаса Шыңғыстай шатқалын өрлеп, жан баспаған жолдармен жан сауғалап, Баян Өлгей аймағына жылыстағанда бір-бірінен ажырап қалған көгенкөз жұрт Алтайға өксікті көңілмен жаутаң-жаутаң қа­рап: “Енді сені көрем бе, алтын Ал­тай!” деп күрсіне егілгенде етектері жас­қа толады екен. Жамал ондай аңсаулы, шерлі әндерге талай рет жанарынан жас домалатты. Мұнда көркем табиғат аясында туған ойнақы, жайсаң әндер де жетіп артылады.Сол әндермен көңілін көтерді. Бұл ел отызыншы жылдардың орта кезінде Иса ақынның: “Ей, Алтайдың кен шығардым  саласынан, Биік құз, терең жартас арасынан” – деп Әсет әуезіне жазған жаңа сөзін Ма­нарбек әншінің орындауында радиодан естіп, үйреніп алыпты. Сол шырайлы ән жұрт­тың аузында жүр. Жергілікті ән­ші­лер оны әуелетіп, сондай биік шыр­қай­ды. Жамал соған таңғалумен болды. Сол кербез Алтай… Жамал оны ойша елес­те­тіп, жаны жай таппай, толқыды да жүрді.

Иә, Жамал Алтайды бір ай бойы ара­лады. Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Мар­қа­көл… Асан Қайғы еміренген жәннат өңір. Қараңыз енді, Жамал дәл осы жер­лерде туып, осы жерлерде өсіп, осы жер­лерсіз өмір сүре алмайтын жандай оны тәтті сезіммен елестете берді. Жамалдың жүрегі: “Алтай… Алтай!” деп соқты. “Алтай деп ән шырқаңыз”. “Кеуде­ңіз паң керілген кең дала ғой. Сол се­бепті әндеріңіз де дарқан. Үніңіз де біз­дің Алтайдай тым асқақ. Соны төмен­дете көрмеңізші! Тек өрлете беріңіз… Ал­тайдың асыл тастарындай жарқылдата беріңіз!” “Алтын Алтайға жолыңыз талай түседі әлі, сол сапарыңызда “Алтай” деп ән шырқай келіңіз! Бұл сізге – ама­н­ат! Төсіңізге жарқыратып, Алтайдың алтын алқасын тағамыз!” О, мұндай мадақ сөзді ол көп естіді. Үлкеннен де, кішіден де. Осы сөздер жадынан шы­ғар емес. Жамалдың қиялы шартарап­қа самғады. “Аманат арқалап қайтып­пын. Ән керек, алтын Алтайды ар­дақ­тайтын… Ән!” Жамалдың жүрегінде осындай бір тілек… үміт оты жыл­тыл­дады. Жамал толғанысқа түсті. Мұндай беймаза қобалжуды ол талай рет бас­тан кешкен-ді. Осыдан үш жыл бұрын кеңестік Қазақстанның жиырма жыл­дық тойы қарсаңында Латиф Хами­дидің “Қазақстан”, “Отан” деген екі әні байтақ даланы хор үнімен жаңғыр­тып, зор қуатпен айтыла бастағанда Жамал осы екі әнге қатты қызықты. Әнші қыз-келіншектердің бірде-бірі бұл әндерге батпады. Тек Жамал ғана: “Бұл әндер – менің әнім!” деді. Жа­мал осы екі әннің клавирін Хамидидің өзінен сұрады. Ол неге екені белгісіз, сырғытпалап, бұл тілегін аяқсыз қал­дыр­ды. Осыған қорынған өр мінез Жамал: “Латеке, менің Брусилов­ский­ім бар!” деп қыр көрсетті. Осы кезде ол Евгений Григорьевичке “Хами­дидің екі әнінен кем соқпайтын, тіпті одан асып түсетін ән керек маған”, деп тұлданды. Олай ететін жөні де бар еді, ана бір жылдары Брусиловский екеуі біраз концерт берді. Брусиловский он сау­сағы ойнаған керемет пианист. Жамалдың кез келген әнін жайнатады да жібереді. Ансамбльдің де, оркестрдің де қажеті жоқ. Ахмет Жұбанов екеуінің бұл одағын “Жа­мал­дың филармониясы” дейді. Әншінің әншісін таңдайтын Брусиловский Жа­мал­­дың қуатты үніне ынтық. Ешбір әнші Жамалдай ритмге мықты емес. Бру­си­лов­ский оның осы артықшылығына тән­ті. Тіпті, бір жолы “Ер Тарғын” опера­сын­да Ақжүніс партиясын Күләшпен репе­тиция жасап отырып, шаршаған бір сәтінде: “Күлеке, ритмге енді ғана түстіңіз. Міне, енді Жамалочканың ритміндей бол­ды”, деп екі алақанын шапақтай қуанған-ды. Сол Жамалочкасы… Жамал орын­дай­тын халық әндерінің көбін фортепианоға өңдеген осы Брусиловский еді. “Бипыл”, Үкі­лі Ыбы­райдың “Қараторғайы”, “Қама­жай” әнде­рін екеуі қалай құйқылжытты дейсіз. Жа­мал Брусиловскийге тым етене, еркін. Оған күмәнсіз сенеді. Ретті жерінде өкпесі де, назы да өтеді. Өзімсініп, өктемдік те жасайды. Брусиловский оның “мужико­ва­тый” мінезіне күледі де, көнеді. Жамал рухы зор бір керемет әнді елес­тетіп, іштей ұмсына зарықты. Сондай бір ән өзге әншілерден жұлдызын ерекше би­іктетіп, жарқыратса, шіркін! Жамал Бру­си­ловскийге бір отырыста осы ойын же­ріне жеткізе ақтарып салды. Ол оны ыж­да­ғатпен тыңдады да. “Көрейік, Жама­лоч­ка”, деді жай ғана. Жамал тағатсыз адам. Ауық-ауық телефон соғады. Брусиловский “Бірдеңелерді түрте бастадым, Жамалочка” деп дәмелі сөз айтады. Жамал амалсыз күтеді. Брусиловский көп бөгелді. Көп ойланды. Жамалдың шыдамы таусылды. “Жаза алмаса неге жаза алмадым деп айтпайды. Түлкібұлаңға салуын!” Жамал күйіп-пісті. Брусиловский уақытқа зар. Тым жұмысбасты адам. Ол опера театры­ның бас көркемдік жетекшісі. Жаңа ұйым­дасқан Композиторлар одағының бастығы. Шығармашылық жұмысы тағы бар. “Бір сөткеде жиырма төрт сағат болса, Бруси­ловский соның төрт-ақ сағатын ұйқыға бөледі”. Бұл гулеген жұрттың сөзі. Онысы рас та. Брусиловскийдің өзі болса: “Екі мың жылдай отансыз сандалған ев­­рейдің бірімін. Өзге түгіл, өзіме өзім сенбеймін. Менің білетінім ­– тынымсыз тырбана бер… тырбана бер. Сорлы еврей, сонда ғана өлмейсің!” деп ашық айтатыны бар. Ахмет Жұбанов оның осы сөзін дәйім үлгі ғып сөйлейді. Жамал Брусиловскийдің жай-күйін, күнделікті тірлік режімін біл­мей­ді емес, біледі. Бәрін түсінеді. Жамал­дың көксеп жүргені ән. Брусиловскийге маза бермеді. Жоқ жерде телефон соғып, не қапияда кездесе қалып, дегбірін қа­шыр­ды. Әбден ығыр болған Брусиловский: “Мен басқа ұлт өкілімін, менен қазақ әні шыға ма, Жа­малочка?” деп сөзін қылжақ­­қа айна­л­дырып та көрді. Жамал да оның ар жа­ғынан орағытып, “Қазақтың “Қыз Жібек”, “Ер Тарғын” сияқты операсын жаз­ған композиторға қазақтың бір ән­ін жазу сөз бе екен, тәйірі! Одан да сіз дәл қа­зір біздің үйге келіңіз. Өзіңіз сүйетін шаш­па палау буы бұрқырап дайын тұр, Евгений Григорьевич. Күтемін”, деп үйіне шақырды бір күні. Брусиловскийдің осал жерін дөп басты. Ол тамақсау адам. Па­лауды, қуырылған тауықты жақсы көреді. “Палау”, деп еді, айтқан сәтінде Жамал­­дың үйіне елпілдеп жетіп келді. Порт­фе­лінде армян коньягі. Жамал екеуі рюмке со­ғыс­тырып, өткен-кеткенді айтты. Есте­ріне Москвада өткен бірінші онкүндіктегі бір жәйт оралған. Иә, теміржолшылар клу­бында болған бір концертте “Бипылды” ойнай бастағанда Брусиловскийдің иығына лампа үзіліп түскен-ді. Енді бірде екеуі қоғадай ырғалып, әнге де басты. Бру­си­ловский пианинода сол “Бипыл” әнін лыпылдатып қайта-қайта ойнады. Оған қолма-қол вариация жасап, ойда жоқта, ой, шалқыды-ай бір. Кенет ол кілт тоқтап, әлдене есіне түскендей “Бипылға” ұқсас бір ойнақы ырғақтарды желдіртіп ала жөнелді. Клавиш бойында он саусағы сумаң қаққан сәтте Жамалға жалт ете ым қағып, “Стоп, Брусиловский!” деді. Жамалдың да жүрегі лүп ете түсті. Жа­ңа әннің келгенін анық сезді. Тілі бай­ланып, “Әрі… әрі қарай!” деп ымдап, тұ­тық­ты да қалды. Брусиловский кекештене күліп, “О… Ома-а-р Жамаловна, мен кет­тім!” деп асығыс-үсігіс тайып отырды. Жа­­­мал да сасқалақтап, не дерін білмеді, аң-таң. Арада бір-екі сағат өткенде Бруси­ловский Жамалға телефон соғып: “Жама­лоч­ка, ән дайын”, деді. Жамал “Тыңда­ты­ңыз!” деді үні дірілдеп. Содан бір апта бойы Брусиловский хабарсыз кетті. Жамал жер-көкке сыймады. Тыпыршып жүріп, Брусиловскийді тапты ақыры. Бру­силов­­ский “Жамалочка, қазір жетем!” деді. Сол ән… Брусиловский шай үстінде әнді пиа­нинода екінші рет ойнағанда Жамал оған емін-еркін қосыла берді. Дауысы қандай саңқылдады және. Арада екі-үш күн өткенде ән сөзін өздерінің досы, ақын Нығмет Баймұхамедовке жаздырды. Жа­мал сәлден кейін бұл әнді: Туып өскен Отаным Қазақстан, Күлімдеп гүл жайнаған күншығыстан, – деп радиода шалқыта шырқады. Содан бері Жамал үшін сол “Гүлденген Қазақстан” бір төбе, басқа әндері бір төбе. Осы әннен кейін ол Хамидиге шекесінен қарайтын болды. Жамалдың көзіне Бруси­ловскийден басқа еш композитор көрін­беді. Тек Брусиловский ғана. Және жаңағы әннің сөзін жазған Нығмет Баймұха­ме­довтен басқа ақынды ойламады да. Жамал еш толқымай Брусиловский мен Баймұхамедовке тоқтады. Осы оймен ол Баймұхамедовке телефон соқты: – Нықа, Алтай өңіріне жасаған гастрольдік сапа­рым­ды білесіз. Жүрген жерімде әнге қа­рыздар болып қайтатын әдетім. Көкейімде – “Алтай” атты ән… Сөзін он бір буын­мен жазып көріңізші. Қайырмасы жол-жө­некей шыға жатар. Ол жақтағы жұрт дәйім “Өр Алтай” дейді. “Алтын Алтай” дейді. “Біз­дің Алтай, Отанның алтын алқасы” дейді. Осы сөздерді ұмытпаңыз­шы. Жар­қы­л­­датып, жайнатып, асқақтата жазыңыз. Нығмет Жамалдың ақынша төгілген көңіл дітін бірден түсінді. Сөзін жазуға ке­лісті. Сол бір кездерде композиторлардың кө­бі Нығметтің өлеңдеріне ән, романс, элегия, ариялар жазатын. Жамал он­ың өлеңдерін ұнататын-ды. Қара­пай­ым болса да жүрек қылын шер­тетін сыршылдығы бар еді.Нығмет те өз жүрегінен туған сөздерді Жа­малдың әсем үні құлпыртқанда оны өзгеше бір жан ләззатындай көріп, бар жанымен беріле тыңдайтын-ды. Тыңдай жүріп өлеңіндегі кейбір ол­пы-солпы жерлерін өзгертіп, өңдеп, әрлеп беретін. Оған ол көнбіс еді. Сол қасиетімен музыка дүниесіне ер­кіндеп енген еді (Қарапайым ғазиз жан ғұмыр бойы өзін ақынмын деп айтпай өтті дүниеден). Баймұхамедов Жамалдың дегбір­сіз­дігін жақсы біледі. Сөйлескен күн­нің ертеңінде ол Жамалдың үйі­не келді. Жамал қуана қарсы алды. Шай ішіп отырғанда Баймұхамедов төс қалтасынан екі бүктелген қа­ғаз­ды алып, оны жымия күлімсіреп Жа­малға ұсынды. Жамал оны оқы­ды да қабағы шытылып, ләм-мим демеді. Баймұхамедов іштей маза­сызданды. Бірдеме деп тіл қатуы мұң. Жамал көзі ойға тұнып, селқос тұнжырады. Баймұхамедов ішінен “ұнамады” деді. Сұлуша келген ақ­құба жүзінің қаны қашып, әп-сәтте солғын тартты. Жамал қолындағы қағазды оның алдына көңілсіз ғана сырғыта қойды. Әлден соң жеңіл күрсініп: – Нығмет, айтшы сен, сол Алтайды бұ­рын көріп пе едің? Көрген де шы­ғар­сың. Мен үшін жер жа­һан­да Ал­тай­­дан асқан жаннат дүниесі жоқ. Алтайды елес­тет­­­ші… көз жі­берші, қандай өр, ол! Шың­да­ры­на қара, құс қанаты жетпейді, неткен асқақ! – деп өрепки сөйледі. Жамалдың бұл сөзі Баймұхамедовті тез түзеді. Ол күлімсіреп, Жамалға ын­тыға қарады. Жамал да шабыт қысқан жанша қозғалақтап, тіл ұшына бір көр­кем сөздер іліккендей боп, сезім отына күйді. Көзінен сәуле ұшқыны шашы­рады: – Әттең, ақын емеспін, көкейімде бәрі… бәрі сайрап тұр. Бәрі-бәрі көз алдымда! – Тағы, тағы, Жамал… бірдеңе деші… Оһо, өр Алтай, асқар Алтай… енді оны асқан Алтай деп үстемелеп жіберсем қайтеді, – деп Баймұхамедов Жамалға үздіге сүзілді. – Әп, бәрекелді! Өр Алтай, асқар Ал­тай, асқан Алтай! Ке-ре-мет, Нықа! Екін­ші жолын даурықтыра көрме. Жып-жылы сезіммен баура. Баймұхамедов алдында жатқан қағаздың екінші бетіне: Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай! – деп тез-тез жазды да салды. “Анамдай әлпештеген жастан Алтай” деп бір тоқтады. Жамал мына екінші жолды оқыды да көзі шарасынан шыға күлімдеп, бас бармағын көрсетті. Одан әрі Баймұхамедов біраз шүңиіп отырды да, Жамалға тағы да көзін қадап, “Суы бал, көдесі май, жері майса”, дей беріп еді, Жамал алақанын шапақтады. Баймұхамедов қағаздан бас көтермеген күйі күбір-күбір етіп: “Ағызған сары алтынды тастан Алтай!” деп мөлдіретіп тұрып бипаздап жазды. Жамалдың екі көзі қағазды тесіп жібере жаздап: Өр Алтай, Асқар Алтай, асқан Алтай, Анамдай әлпештеген жастан Алтай. Суы бал, көдесі май, жері майса, Ағызған сары алтынды тастан Алтай, – деген сөздерді оқыды. Жүрегі лүпілдеп кетті. Әсіресе, “Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай!” деген жол сондай лепті. Жа­­малдың көксеген сөзі! Жамал маса­т­танды. Орнынан жайлап тұрды да еркелі назбен билей басып келіп Бай­мұ­хамедовтың ту сыртынан құшақтады: – Енді кешегі түсімді айтайын, Ны­қа. Ілияс Омаровты жақсы білесің. Шы­ғыс Қазақстанда обком хатшысы. Қа­ныш аға сияқты бір кемеңгер жан. Бір атаның ғана баласы емес, халықтың ұлы. Көкірегі күмбірлеген сырлы сарай. Әде­биетті тереңнен қозғайды. Жоғарыда от­ыр­ғандардың түсінігі, өресі осы Іле­кең­дей болса, қане? Мені Алтай жаққа сол кісі шақырды ғой. Иә, мені Алтайда шалқытқан сол Ілекең! Кеше… құдай-ау, тап өңімдегідей Ертіс өзенінің жағасында тау жаққа қарап тұр екем. Алтай ғой, ол! Соно-о-у көз жетпейтін көк жүзіне шаншылған Алтай шыңының суреті Ертістің ақ айдынына түскенін көрсең. Су да айнадай тып-тынық, мөп-мөлдір. Аспан да тұнық. Алтын Алтай Ертістің ақ төсінде жатыр. Бір мезгілде Ілекең екі ақ боз атты жетектеп, алдыма иіле кеп тоқтады. Енді бірде біз Ілекең екеуіміз ақ боз аттың үстінде ақша бұлт­тардың арасында қалқып бара жаттық. Іле оянып кеткенім, Нықа. Жорышы, осы түсімді. Баймұхамедов өзінің байсалды қал­пынан танбай: – Мерейің көтеріледі, Жамал, – деді ұяң үнмен. – Мен өз әнімді әлі тапқам жоқ, Нықа. Сол әнді, бәлкім, мен Алтай шы­ңы­нан, Алтай аспанынан іздеп жүрген шы­ғармын. Есіңде ме, Нықа, Брусилов­ский “Гүлденген Қазақстанды” жаза алмай қанша қиналды. Менен қашқ­ақ­тады. Бірақ, сіз бен біз оған сендік қой. Сол “Гүлденген Қазақстан” дәл осы бөлмеде туған-ды. Сен оған сөзді бір-ақ күнде жаздың, Нықа. Сонда мен: “Өз ән­імді енді таптым!” деп қуандым. Қарашы енді, тағы бір ән… осы әнді “Алтай” деп атайық, Нықа. * * * Екі күннен кейін Баймұхамедов өл­ең­нің қалған шумақтарын жазып та бітті. Дәл сол кезде ол композитор Борис Гри­горьевич Ерзакович екеуі Талдықорғанға баратын болды да бір ұсақ-түйек жұ­мыс­тан қолы тимей, Жамалға телефон соқты. – Жамал, асығыстаумын. Жол жү­рем. Өлең дайын, келген соң берем бе, әлде … – Айналып кетейін, Нықа, мына телефон бар емес пе, айта бер. Жазып ала қояйын. Баймұхамедов сабырмен әр сөзін шегелеп, ап-анық етіп, жұмсақ оқыды: Жайылған жер шарына даңқың,  Алтай, Ақпанда шуан, жазда-салқын, Алтай. Төсіңе нәрестедей өрмелеген, Байлыққа батқан қазақ халқың,  Алтай. Құзыңды аймалаған күн нұры, Алтай, Асыл кен ордасының түндігі, Алтай. Женіттей омырылған қазынаңа, Қадайын қарсы тіреп бұрғыны,  Алтай. Бір кезде қандай еді қалпың, Алтай, Құмары қана алмаған халқың, Алтай. Партия, Ұлы Сталин, Совет халқы, Әперген ардақты атың – Алтын  Алтай! Ән сөзіне Жамал бірден ұйыған. * * * Сол күні кешінде Жамал Бруси­ловскийдің опера театрындағы кабине­ті­не келді де, алдына “Алтай” өлеңін қой­ды. Сол күні Жамал мен Бруси­лов­ский опера театрынан тым кеш қайтты. Ертеңінде Брусиловский кіші бесін кезінде Жамалға телефон шалды. – Қазір мен рояльда отырмын. Әнді әуелі ойнап көрейін. Сонан соң сөзімен айтам. Таза қа-зақ- ша-а! Тыңда, Жама­лоч­ка! – деп алғашқы аккордты жел­дір­те жүгіртті. Жамалдың құлағы тұнып кетті. Қаң­ғыр-күңгір сапырылысқан бір дыбыс. Түкке түсінбеді. Бір кезде Брусилов­ский­­дің дірілдеген үнін естіді. Жамалдың қа­ба­ғы шытылды. Осы азапты минөт аз бол­ғандай Брусиловский төрт шумақты түгел айтты. Ешқандай “изюминка” жоқ. Соңғы аккорд солқ ете түсті. Бруси­ловский трубкада алқына сөйлеп: – Қ… қа-лай? – деді. Жамал жауап берудің орнына күрсінді. Брусиловский: – Түсіндім. Хаос! – деді. Жамал тағы күрсінді. Ән сәтсіз, ұнамады. Желдірмелетіп, сылдыратып, термешелеп қуалай беріпті. Жамал ойда жоқта қаусады. Енді сәлден соң концерті. Үйден екі иіні салбырап, ұнжұрғасы түсіп, құр жаны шықты. Ертеңінде Жамал қабағы кіртиіп, Брусиловскийге барды. Брусиловский сөзге келместен рояльға отырды. Үн-түн­сіз тымырайып: – Екінші нұсқасы, – деді салқын ғана әндетіп. Жамалдың түрі тағы бұзылды. Бруси­ловскийдің: “Қалай?” деуге дәті бар­ма­ды. Нотаға мөлиген күйі тырп етпеді. Жамал: – Неге сонша асықтыңыз, Евгений Гри­горьевич? Сіз Алтайға менің көзім­мен қараңыз. Алтайдың аңқылдап соқ­қан самалындай жып-жылы сезіммен сүй­сіне толғаңыз. Мақтаныңыз! Масат­та­­ныңыз! Жайнаған дүниеге паң көкі­рекпен көз жіберіңіз. Өйткені, сіз бен біз сол алтын Алтайдың иесіміз. Ғафу етіңіз, әніңіз тым баяу, романс сияқты созылып жатыр, – деді де Жамал бетін басып, шыға жөнелді. Сол күні ол көрер таңды көзімен атырды. * * * Арада бір айдай уақыт өткен. Әбден қапа болып жаны жүдеп жүрген Жамал бір сәт мызғып алғысы келді ме, диванға қисая бергені сол еді, телефон безілдеп қоя берді. – Алло, – деді Жамал селқос қана. – Бұ… Омар Жамаловнаның үйі ме? – Жамал Омаровна деңіз, қымбатты Евгений Григорьевич! – Иә, иә… Жамалочка! – Құлағым сізде, – деді Жамал онша шешіле қоймай. Брусиловский балаша елпектеп, жа­ны қалар емес. Жамал қоштаған да жоқ, терістеген де жоқ. Самарқау. Салқын. Енжар. – Менімше, осы жолғысы сәтті… Жамалочка. – Сіз бұрынғы жазғандарыңызды да солай дегенсіз, Евгений Григорьевич. – Жоқ, Жамалочка, трубканы тастамаңыз… Қазір… қазір… Жамал үнсіз келісті. Брусиловскийдің орнынан тұрып, рояльға барып отырға­нын, орындығының сықырлағанын, ас­ха­нада ыдыс-аяқтардың салдырла­ға­нын… біреулердің бір-біріне “тсс” де­ге­нін… бәр-бәрін Жамал телефонда сезіп, біліп тұрды. Брусиловский әнді тұтас бір ойнап шықты да: –Жамалочка, енді айтып берейін, – деді. Рояльдан ескен ерке әуен Жамалдың жанын жібек самалдай аймалады. Ә дегеннен құрыс-тырысын жазып, жүзіне күндей нұрлы шуақ түсірді. Бруси­лов­ский қызулы құштарлықпен тебірене әндетті. Жамал әннің бірде-бір сөзін ұға алмады. Бірақ, трубкадан айырылғысы келмеді. Көз алдында көк тіреген Алтай шыңдары тұр. Бір ертегі дүниесі! Елесі мүлде есін алды. Алтайдың сай-саласы сылдыраған балбұлақ. Тастары алуан түспен құбылып шұғыла шашады. Кө­гілдір бел-белесте торғын шәлідей тол­қы­ған нұр… Әннің үшінші шумағына Жа­мал іштей қалай қосыла кеткенін сез­бей де қалды. Ән біткен соң аптығын зорға басқан Брусиловский: – Қалай, Жамалочка? – деді. – Мен сізге қазір жетем, Евгений Григорьевич! – деді Жамал назды үнмен сылқ-сылқ күліп, – міне, бұл – “Алтай” әні! – Күтем, Жамалочка, күтем! * * * Алматының тамылжыған кеші. Жамал Омарова опера театрына келді. Брусиловский кабинетінде бір бейтаныс әнді рояльда ойнап отыр екен. Жамалды көре сала құшақ жая ұшып тұрды. Өте көңілді. Бөгде сөз болған жоқ. Алабұртқан қызулы қалпы рояльға қайта отырды. “Алтай” әнін желдірте төгілтті. Жамал жаны жадырап: “Оһо, қайырмасы да бар екен ғой!” деп таңғала қуанды. Сөйтіп, екеуі мәз болысып отырғанда бұлардың үстіне ақын Нығмет Баймұхамедов келіп кірді. Ол бас изей сәлемдесіп, папкісінен бір бет қағазды алды да үн-түнсіз жымиып, рояльдің қақпағындағы нотаның қасына қойды. Брусиловский де оған бас изей ізет білдірді. Қағазда төрт жол қайырма. Брусиловский көзінің қиығымен Жамалға ым қақты. Брусиловский жайлап әндетіп кеп қайырмаға тірелгенде Жамал: Елімнің ерке қалқасы, Сымбатты сұлу жер Алтай. Омырауда алтын алқасы, Отанымның сен, Алтай! – деп құл­пыр­та төкті. Жамалдың үніне шаттанған Бру­силовский ойнақы аккордтарды судай са­пыр­ды. Аласұра жұлқынған Брусиловский Жа­малға тағы бір жалт қарағанда ол қай­ырманы сондай бір тәтті ләззатпен мөл­діретіп: Омырауда алтын алқасы, Отанымның сен, Алтай! – деген екі жолға тілмен бейнелеп болмайтын бір құ­ді­­ретті екпін түсірді. Тек Жамалға…. Жа­малға ғана тән керемет акцент! Ол күш, ол қуат басқа ешбір әншіде жоқ. Бру­си­ловский оның осы артықшылығына тәнті еді. Әсіресе, “алтын алқасы”, “сен Алтай” деген сөзі бір ыстық мейір, құштар сезім. Ән тұтас ойналып біткенде Жамал Бру­силовскийдің ту сыртынан келіп: “Қайран, менің Евекем!” деп қайта-қайта құшқан. Жамал “Алтай” әнін өзінің концерт­мейстері Мария Владимировна Смитро­вич­­пен әзірледі. Ән айтқан сайын ажары ашы­лып, жайнай берді. Жамал оны паң кө­кірекпен аңқылдатты. Сөйтіп жүргенде Смитрович науқастанып қалды. Ұзақ емделді. Жамал Алматыда филармония­да­ғы бір үлкен концертте “Алтай” әнін пианист Семен Коганның сүйемелдеуімен орындады. Сол күні Жамалдың да, Бруси­ловскийдің де… Баймұхамедовтің де жұлдызы жарқырады. Үшеуінің құшағы гүлге толды. Сахна бүкіл қазақ даласы қол соққандай дүбірледі. Бұл – “Алтай” әнінің естен кетпес премьерасы болды! “Алтай” әні іле-шала радиода тікелей эфирмен берілді. Жамал ертеңінде Шы­ғыс Қазақстан обкомының хатшысы Ілияс Омаровтың құттықтау телеграм­масын алды. Ән одан кейін Қарағанды шахтерле­рі­нің алдында шырқалды. Соғыс күйзелткен ауыр күндерде жан серігітер жарқын әндер ауадай қажет еді. Жамал “Алтайды” алтын­дай жарқылдатты. Соның қуатты лебімен елдің еңсесін көтерді. Ән Жамалдың “Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай!” деп саң­қылдаған үнімен майдан төріне де жетті. (1995 жылы Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің филология факультетінің профессоры Тұрсынбек Кәкішев бастаған фольклорлық экспедиция қаңтар айының бірінші жартысында Ирандағы қазақтар­дың өмірін зерттеуге кірісті. Соның құра­мында мен де бар едім. Біз Горгон мен Бен­дер-Түркмен қалаларында тұратын қа­­зақтардың жай-күйімен танысып, олардың арғы-бергі тарихын, салт-дәстүрін, әдеби-музыка мұрасын қағазға түсірдік. Сол істің үстінде Горгонда тұратын ел ақсақалы Ақ­мұраттың үйінде жергілікті қазақтар “Ал­тай” әнін айтты. Олар бұл әнді 1943 жыл­дың аяқ кезінде Бендер-Түркмен қала­сын­да Каспий теңізі портында орналасқан кеңес әскерлерінің соғыс базасында қыз­мет еткен қазақ офицерлерінен үйреніпті.  – И. Ж.) “Алтай” әні қазақ даласына Алтайдың ерке самалы болып тарады. * * * Арада бір жыл өтті.”Алтайды” бүкіл халық шырқап жатты. Алматыда Октябрь мерекесі қарсаңында опера театрында бол­ған үлкен концерттен соң, Брусиловский сахна сыртына келіп, Жамалдың қолынан, маңдайынан сүйіп: – Жамалочка, мен енді “Сіз” деп сөй­лейін. Сіз үлкен жүректі әншісіз. Сіз үшін ән жазу маған жан рахаты. Рахмет, Сізге! – деді басқа сөз аузына түспей. – Сіз бен біз үлкен рахметті Шығыс Қа­­­зақстан жұртына, сол елдегі Ілияс Ома­ров пен Ахмет Әді­лов­тей зиялы азаматтарға айтуымыз керек, қымбатты Евгений Гри­горьевич. Бұл ән сол тамаша адамдардың игі тілегінен туған еді ғой, оны сіз жақсы білесіз. Өзім де қи­нал­дым, сізді де қи­на­дым. Енді, міне, өмірге таңғажайып “Алтай” әні келді! Ха-ха-ха! Еврей болсаң да қазаққа бергісіз боп туған сүйікті ком­позиторым, менің! Мен өз әнім­­ді енді таптым! Брусиловский Жамалдың қолын тағы бір сүйді. * * * 1976 жыл. Сегізінші наурыз. Сол күні Жамал ерте тұрды. Бала-шағасы балбырап ұйықтап жатыр. Күндегі әдетінше шайға отыра бергені сол еді, телефон шылдырлады. – Алло. – Жамалочка! – О, Евгений Григорьевич! – Сүйікті, Жамалочка, Москвадан сәлем! Бүгін сенің туған күнің. Және ха­лық­аралық әйелдер мерекесі. Шын жү­рек­тен құттықтаймын! Саған, сенің отбасыңа барлық жақсылық пен сәттілікті, игілікті тілеймін! Ең бастысы, денсаулығың жақсы болсын! Дауысыңа қылау түспесін. Аспандата шырқай бер. Біздің өмір әнмен нұрлы, әнмен сұлу. Бізді бар қиындықтан, пендешілік пен қасіреттен құтқаратын ән ғой… ән! Әндеткен адамның жүрегі таза, Жамалочка. – Рахмет, Евгений Григорьевич! Рах­мет! Бүгін біздің үй абыр-сабыр. Шара, Кәукен, Шабалдар келеді. Басқа көз көргендер сиреді. Кейбіреулерінің жүріп-тұруы қиын. Уақыт өз дегенін істейді екен. Күн еңкейіп барады. Өмір солай… Сіз үшін тост көтереміз, Евгений Григорьевич, “Алтай” әнін айтамыз! * * * Осы әңгімеден кейін Жамал науқас­та­нып, бір-екі рет ауруханаға жатып шықты. Баяғы қан қысымы… оған жүрек қосылды. Өт жолының қинайтыны тағы бар. Тұла бойы дел-сал боп, еңсесін көтертпеді. Шіл­­деде тынысы ауырлады. Тамыздың бас кезінде ептеп сергіп, шырайы кірді. Көңіл-хо­шы да дұрысталды. Үйге келімді-кетімді кі­­сісі де жиілеп, тіпті өзі қонаққа да ба­рып, жарқылдап жүрді. Сондай бір күні аң­сары ауып, Брусиловскийге телефон соқты. Брусиловский Жамалдың үнін естігенде сасқалақтап қуанғаны сонша, байыппен жөн сұрасуға дәйек қылмай тұтыға сөйлей жөнелді: – Ж…Ж… Жамалочка, соңғы бір күндері Алматыдағы өмір еске түсе берді. Міне, биыл алты жыл… Москвалықпын. Белгі-бедері, ізі жоқ бір елеусіз, болжаусыз күндер өтіп жатыр. Елсіз құла түзде алма­ғайып кезіккен жолаушының атына мін­ге­сіп, селбесіп жүріп кеп, бір жерлерде түсіп қалған бір мүсәпір жан сияқтымын. Ә, өмір… Менің Алтынбек Жаныбеков ес­ім­ді қырғыз шәкіртімді білесің, өз қолың­нан талай дәм татты. Қазір ол үлкен ком­по­зитор, профессор. Менімен жиі хабарла­сады. Кейде өзі де келіп кетеді. Қырғыз­дың қазы-қартасын, бальзамын әкеледі. Өткен-кеткенді айтысып, бір жасап қала­мын. Шәкірттерімнің ішіндегі бір адалы. Сол Алтынбек: “Жолайрыққа келгенде бұралқы иттің басы қатады”, деген қырғыз ма­қалын айта беруші еді. Сол сөз менің бү­гінгі жағдайыма келеді. Көп нәрседен қол үзіппін. “О, Евгений Григорьевич!” деп сәлем беретін ешкім жоқ. Алатауға, Ал­матыға қарай-қарай көзім талды. Ел алыс, жер шалғай. Бірақ, бәрің… бәрің жүрегімдесіңдер. Әсіресе, өзің, Жамалочка! Көз алдымда опера театры. “Қыз Жібек”, “Абай”, “Біржан-Сара”, “Ер Тарғын”, “Дударай” операларының афишалары… бір шеті Фурманов көшесіне, екінші шеті Сталин проспектісіне тіреліп, театрға шұбырған жұрт. Опера мен балетті қазақ­тардан жақсы көретін халық жоқ. Дуылдап жатушы еді, түге. Бүгінде бәрі де көрген түс. Қалай ғана… қалай ғана айырылдым сол дулы ортадан? – Евгений Григорьевич, сағыныпсыз. Келіңіз. Құшағымыз ашық. Біз де сағын­дық сізді, – деп күлді Жамал. Брусиловский сөзге қонақ бермеді. – Қазақстаннан неге кеттім, біл­мей­мін. Мені әр кез осы сауал қинайды. Мос­кваға келер жол бар екен де, қайтар жол жоқ сияқты. Оны енді түсіндім. Жалғыз­бын. Мұнда мені ешкім іздемейді. Ешкімге керегім жоқ. Ғабитім, Қанабегім, Ғари­фол­лам, Кәукенім жоқ. ”Сарыарқаны” дүбірлеткен қайран қазақ елі! Алатаудың самалы желпіген таңғажайып Алматы! Са­ғынам… сағынам бәріңді, Жамалочка. Ахмет Қуановичтің үйінен ішетін ақбұйра шайдың тамсандырған дәмі, Күләш пен Қанабектің аста-төк дастарқаны, Манар­бек пен Зарипаның қарынға салған сары майы, алтындай жарқыраған қазы-қарта­сы…өзіңнің шашпа палауың, о, несін ай­тасың оның, еркін едім, ерке едім бәріңе! Ол бір енді көрген түс. Иә, түс демекші, бір жолы түс көрдім. Өз қазамды өзім көрдім. Нанасың ба, Жамалочка, опера театрының фойесінде табытта жатырмын. Оркестрде ыңыранған “Топан” күйі… ін­гендей боздаған “Зәуреш” әні. “О, қандай рахат тыныштық!” дедім сонда, мен. Жам­басым тиген жер қазақ топырағы… Ой, құ­дай-ай, ояна кеттім, Жамалочка, түс екен… түс. “Жо-оқ, қазақ топырағы бұй­ыр­мады, маған.” деп жападан-жалғыз өзім бе­тімді басып, балаша егілдім, Жамалочка. Мұндайда кім жұбатады, кім? – О-ой, Евгений Григорьевич, не айтып кеттіңіз? Пендеміз бәріміз. Тір­лікте болады екен, бәрі де. Жүрегіңізде наз- нала бар. Оны бір тәңір және өзіңіз ғана білесіз. Біз де ептеп сеземіз. Іші­міз­де ит өліп жатыр. Өкпеңіз орынды да. Өзіңізге тілектес ақылды адамдар солай дейді. Бірақ, жақсылар азайып барады. Терін сатпай, көзін сатқандар көп. Солар жол бермейді. Бұл – Абай атамның сөзі. “Совет Одағының халық әртісі, компо­зи­тор Брусиловский!” десек, тақиямызға тар келер ме, еді осы сөз? Осыған кім таршылық етті? Неге? Жүрек ұйытқан бұл сауал асылы өзімізбен бірге кететін шығар. Түрі солай. Абай атамның тағы бір сөзі: “Күшік асырап, ит еттім, ол бал­тырымды қанатты. Біреуге мылтық үй­реттім, ол мерген боп мені атты.” За­ма­ныңыз солай. Заман – түлкі. Оны тазы боп шалған адамдарыңыз да солай. Бірақ, сіз негізі бай адамсыз, Евгений Гри­горьевич, тарынбаңыз, жалғыз емес­сіз – “Біржан-Сара” операсын берген Мұқан Төлебаев, қазақ хорын дүріл­дет­кен Бақытжан Байқадамов, тұңғыш қазақ симфо­ния­сын толға­ған Қапан Му­син, “Ға­сыр­­лар үні” ора­то­риясымен ту­ған халқ­ы­ның рухын кө­терген Сыдық Мұха­мед­жанов, қаз­ақта бірінші боп Чай­ков­ски­­й­дің әйгілі фортепианалық концер­тін­дей концерт жазған Нағым Меңд­і­­­ғалиев, Кенжебек Күмісбеков, Еркеғали Рахмадиев, Базар­бай Жұманиязов…е, ұмытып барады ек­ем, сізге жан-тәнімен берілген, өзіңізбен дәйім хабарласып тұратын әлгі, жалғыз неміс композиторы Оскар Гейльфус бар. Осы кереметтердің бәрін сіз оқыттыңыз, Евгений Григо­рье­вич! Жалғызбын деп айтпаңызшы, құдай үшін. Брусиловский үндемеді. – Жамалочка, ғафу ет, шын сөзім, кей құса ішіме сыяр емес. Еврейлерден бақытсыз халық жоқ. Еңбегі еш болады да жүреді. Рим папасының қарғысын бір емес, екі рет алған сорлылар. Мен де жанын жалдаған бейбақтың бірімін. Маңдай терімнің өтелмегені… сол ауыр. Маркс сатқын қоғамның сыйқын былай деп келтіреді, тыңда, Жамалочка: “Они (деньги) превращают верность в измену, любовь в ненависть, ненависть в лю­бовь, добродетель в порок, порок в доб­родетель, раба в господина, госпо­дина в раба, глупость в ум, ум в глупость… Они представляют собой всеобщее смещение и подмену всех вещей, то есть мир навыворот, перетасовку и подмену всех природных и человеческих качеств” Осы сөз, міне, менің жазу столымда жа­тыр. Бұл қоғам бізді атаққа құмар ғып қой­ды. Соған дәнігіппіз. Менің дертім де сол, сенің дертің де сол, Жамалочка! Біз­дің алдымызды орағытып, бәрін қа­ғып түскен өзіміз тәрбиелеген шәкіртте­рі­міздің де дерті сол! Осыған күйінбесем, ке­тер ме едім, Алматыдан? Қазақстан­нан! Қазақ халқынан! Мені осы қателігім өлтіретін шығар, Жамалочка. Ол қаралы күнді де елестетем. Мен тұрған Огарев көшесіндегі он үшінші үйдің есігі ал­дын­да шамасы бес-алты адам… көп болса оншақты дейікші, соңғы сапарға солар шығарып салады. Қайда қалмаған еврей сүйегі… Ғафу ет, Жамалочка, шаршат­тым сені. Ішті бір босатып алдым. Шақ­қан мұңыңды тыңдайтын жанның болғаны қандай жақсы. Ол тағы да үндемеді. – Иә, Евгений Григорьевич, тыңдап тұрмын. – “Алтай” әнінің саған белгісіз бір құпиясы бар еді. Енді айтайын, Жама­лочка. Мен сенің түртпегіңмен бұл әннің төрт нұсқасын жасадым. Бір де бірін жақтырмадың. Сол себепті ол шимай­лар­ды сақтағам да жоқ. Ал, бір кездерде жү­рек түбінде алмағайып шырақтай жа­нып, бірақ, онша ашыла алмай, үміт сәу­ле­сіндей жылтылдайтын, өзінің бар еке­нін, еш ұмытылмайтынын, иә, өшпей­тінін әр кез сездіріп, еске сап тұратын бір жан жылытар әуез болады. Сен мені қыспаққа алып, тығырыққа тірегенде сол әуез: “Мен бармын ғой, бас ием!” деп жарқ ете түскені. Бұл – финдермен со­ғыстың біткен кезі, 1940 жылдың басын­да жазылған ән еді. Сол кезде ол әннің жарыққа шығуына не кедергі болғаны есімде жоқ, әйтеуір, папка ішінде елеусіз қалып қойыпты. Өзінің сөзі де жоқ екен. Жаным қысылғанда “Алтай” әнінің сөзін осы әуезбен қайталай бердім… қай­та­лай бердім. Ол мені шалқытты. Мен ойда жоқта асып-тастым. Шабыт үстінде қайырмасы да туды. Саған іле-шала телефон шалып, сені “Омар Жамаловна” деп тұтыққаным… екеуіміздің арамызда сондай күлкілі жағдайлар болды ғой, Жамалочка. Оны екеуімізден басқа кім біліп жатыр. Е, бастан көп дәурен өтті. Брусиловский күрсінді. Жамал оның уһілеген шаршаулы лебін сезді. – Евгений Григорьевич, бірдеңе айтқыңыз келді ме? Брусиловский үндемеді. Әлден соң ғана сөзін қайта жалғап: – “Алтайдың” бір шумағын айтшы! – деді Брусиловский ендігі сөзге зауқы болмай. Жамал телефонда “Алтайды” саң­қыл­дата шырқады. Брусиловский қай­ыр­масының соңында: “Драгоценный клад Алтай!” деп кемсеңдей қосылды. Сол жылы қыркүйек айының он бе­­сінші жұлдызында Жамал Омарова дүниеден өтті. Сол күннен бастап, “Алтай” әні ра­диода Жамал Омарованың орындауында “Бізге қымбатты дауыстар” деген кон­церт­терде ғана айтылатын болды. * * * 1992 жылы Алматыда Орталық кон­церт залында Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарованың сексен жылдығына арналған үлкен концертте “Алтай” әні де шырқалды. Концерттен қайтқан жұрт “Жо-оқ, “Алтайды” айту үшін екінші Жа­мал Омарова тууы керек. Ол мүмкін емес. Он­дай әнші өмірге бір-ақ рет келген!” десті. Илья ЖАҚАНОВ.