• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2010

Елбасының ең ерекше еңбегі

1024 рет
көрсетілді

Ойға алған істің орындалғанына не жетсін. Көптен айтылып, жазылып, ел талқысына түсіп, қажетті саяси және де басқа шаралардың жүргізі­луінің нәтижесі ретіне, міне, бүгін Астанада елу алты елдің басшылары жиналып бас қосып, Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мының саммиті өтпек (Одан ары Ұйым деп атай­мыз). Ұйымның ең алғашқы Хель­синкиде 1975 жылы өткен мәжілісі көз алдымда. Бұл кездерде халықаралық саяси мәселелермен шұғыл­да­нып жүрген біздерге Хельсинки қаласында саяси ба­ғыт­тары әр түрлі ғана емес, бір-біріне қарама-қай­шы 35 елдің басшыларының бір үстелдің басында отырып, ортақ әңгіме көтерулері мүмкін емес секілді көрінетін. Себебі, бұл кезде әлемдік саясатта ымырасыз “қырғи-қабақ соғыс” жүріп жатқан еді. Хельсинки мәжілісінің мүмкін болуына шешуші фактор болған сол кездегі Кеңес мемлекетінің саяси бас­шысы Леонид Брежневтің ерен еңбегі деуге болады. Ол “қырғи-қабақ соғыс” жағдайында өзінің ең басты саяси оппоненттерімен адамзаттың тағ­дыры үшін ортақ келісімге келуге ниет білдіргені, әрине, саяси көреген­дік. Мұндай мәмілелік саяси шешімге Кеңес өкіметінің бұрынғы басшысы Никита Хрущевтің баруы екіталай еді, себебі, ол “қырғи-қабақ соғыстың” жанама автор­ла­рының бірі болатын. Ол капитализм мен социализм арасын­дағы қай­шылықтың отын маздатқан авантюрист екені әйгілі болған. Кеңес өкіметінің жаңа бас­шы­сы Лео­нид Брежнев болса, әлемдегі “қырғи-қабақ со­ғыс­тың” күнінің өтіп бара жатқанын сезген саясаткер ретінде, Еуропадағы қауіпсіз­діктің іргетасын қалау­шысының бірі болып тарихта қалды. Біз, сол кезде, әлемде жаңа саясаттың өмірге келгенін айқын сезіндік. Ендігі жерде осы макросаясатты Ке­ңес империясының ішкі саяса­тында трансформа­цияла­нуы­на назар аудара бастадық. Анығында, осындай жолда ізденіске түстік. Біз кеңес империясының ішкі саясаты­ның идеология­сы­ның өзге­ре­тініне сене бастадық. Бұл ізденістің мәнісі Қазақ КСР-інің өзіне тән мәдени кеңіс­тігінің өріс алатындығында деп түсіндік. Бұл кезде әрине саяси тәуелсіздік туралы сана болған жоқ, мәселе мәде­ниет­тің тәуелсіз өрі­сінде ғана еді. Басты тақырыбымызға қайта оралсақ, бүгінгі өт­келі отырған Ұйым саммитінің іргетасы туралы айт­қан­да, көз алдымызға “мызғымас берік” социалистік лагерьдің ыдырап, әлемде жаңа саяси архитектура орнаған кезде еліміздің Астанасында өт­келі отырған Ұйым Саммитіне қатысты екі сим­волдық ұғымға арнайы тоқталмақпын. Бірі, Қазақ елінде елу алты елдің басшылары кездесіп өт­келі отырған саммитті ұйым­дас­ты­рушы қазіргі заман­ның көреген саясаткері, тәуелсіз еліміздің Ел­бас­ы Нұрсұлтан Назарбаев туралы және қа­зіргі заманда нақ­ты айтсақ, тәуелсіздік жыл­да­рын­да орнығып, әлемнің саяси картасына ен­ген жаңа қа­ла Астана туралы болмақ. Себебі, ендігі жерде Хель­синки сияқты Ұйымның келесі кезең­дерде өтетін саммиттеріне тарихи, саяси шолу жа­сау­шылар Астана Саммитіне, оның әлем­дік сая­сат­тағы алатын орнына соқпай өте алмайды. Бұл жерде көпшілік назарына баса айтарым, Ұй­ым­ның Хельсинкиде өткен кеңесінде басты мәселе капиталистік және социалистік екі лагерь­дің жанталаса қару­лануына тежеу, адамзат бала­сын ядролық қырғын, алапат соғыстан сақтап қалу болатын. Осы мақсатта екі жүйе­нің басшылары ортақ шешімдерге келген еді. Олар Хель­синкидің Қорытынды актісінде қабылданды (“Хель­­­син­ки декалогы” деп аталған). Осы құжатта он қағида (принцип) қабылданған. Олар: 1. Егемендік теңдік, егемендікке тән құқықты сыйлау. 2. Күш қол­данбау немесе қауіп төндірмеу. 3. Шекараның бұ­зыл­мауы. 4. Мемлекеттің территориялық тұтас­ты­ғы. 5. Дауларды бейбіт жолмен шешу. 6. Мемлекет­тің ішкі ісіне араласпау. 7. Еркін ойлау, ар-ождан, діни сенім құ­қықтарын қоса алғанда, негізгі адам құқықтарын сақ­тау. 8. Теңқұқылық және халық­тардың өз тағдырына ие болуы. 9. Мемлекеттер арасындағы қатынас. 10. Ха­лық­аралық құқық бойынша міндеттерді адал орындау. Осы жиынның 35 жыл өткен соң, Тәуелсіз Қа­зақ­­стан­ның Астанасында өтіп отырғанының сим­вол­­дық мағы­насы бар. Оның мәнісі Кеңес импе­риясы ыдырағанда Қазақстанның үлесіне дүние­дегі төр­тінші дәрежелі қуатты ядролық қарудың арсеналы тиді. Алайда, осы қаруға ие болған Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемді таңғал­дырған тарихи шешімге бар­ды. Ол өз еркімен бұл ядролдық қарудан бас тартты. Мұны көп­теген бізбен көршілес елдер, оның ішінде мұ­сылман елдері теріс шешім деп мінез көрсетті. Пре­­зидентке әр түрлі ықпалдар жасауға әрекет­тен­ді. Бірақ бұл істе тастүйін болған еліміздің саяси басшысы өз шешімінен қайтпады. Сөйтіп, әлемде бірінші болып ядролық қару­дан бас тартқан тұңғыш Прези­дент болып тарихта қалды. Ұйымның басты мақсаты әуел баста ядролық қару­ды шектеу болса, сол істің нақтылы шешімін тапқан ел Қазақстанда Ұйымның Саммитінің өтуі табиғи жағдай. Адамзат тарихын мұқият зерделеп отырған адамдар осындай таңғажайып оқиға­лар­дың куәсі болмақ. Біздің ұрпақ адамзат тарихын жазылған кітаптардан ғана емес, өз көзімен көріп, сол тарихи оқиғалардың көзі тірі куәгерлері болып келеміз. Бұл – біздің ұрпақтың тарихи миссиясы. Кейде ойлаймын, Жаратушымыз біздің ұрпаққа неліктен соншама үйіп-төгіп әлемдік теңдесі жоқ оқиғаларды қысқа ғұмырымызға сыйғызған? Ға­сыр­ларға жететін тарих беттерін өзіміздің санаулы ғұмы­ры­мызда басымыздан кешіп келеміз. Әлде, бұл бізге Жа­ра­тушымыздың берген тарихи сыны ма екен? Олай болса, осы сыннан қалай өтіп келеміз? Ойланатын мәселе. Күн астында көлеңкесіз іс болмайды. Күн астын­да­ғы­ның көлемі зор болған сайын оның көлеңкесі де мол бо­ла­ды. Сонда біз көлеңкеде ғана өмір сүр­мекпіз бе? Жоқ, күн астына қасқайып тұрмаймыз ба? Таңдау адамның өз еркінде. Біреулер күн ас­тында жүреді, біреулер көлеңке іздейді. Бірақ, мә­селе сонда ұрпақтар ал­дындағы жауапкершілік ор­тақ. Осы мәселе тұрғысы­нан қарасақ, Астанада өт­­келі отыр­ған саммит ел сана­сына серпіліс туғызып, жа­ңа жауапкершілікке бастай­тын оқиға болмақ. Жа­уап­кер­шілік бүкіл қазақстан­дық­тарға ортақ сезім. Саммит жұ­мысына бәріміз бір кісідей жауапты болуымыз табиғи жағдай. *  *  * 1990 жылы 21 қарашада Парижде Ұйымның кезекті мәжілісі өтіп, онда Париж Хартиясы қа­был­данды. Бұл Хартияда “қырғи-қабақ соғыс” аяқтал­ды, енді мемлекеттер арасында бір-бірімен қарым-қатынас және бір-бірін құрметтеу мүмкін болды делінген. Әрине, Париж Хар­тиясы сол кездегі Еуропа елдері арасындағы шын мәнінде қалыптасып келе жатқан Жаңа Қоғамдық Келі­сімнің айғағы еді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев Фран­цияға сапарында Парижде осы Хартияның жиырма жыл­дық мәжілісіне қатысып, онда сөз сөйлеп, мы­нандай мә­селеге баса көңіл аударды: “Париж Хар­тиясының қа­был­дануы жарты ғасырға жуық уақыт бойы Батыс пен Шы­ғыс блоктарының текетірескен дәуірі – “қырғи-қабақ со­ғыс” кезеңінің аяқталғанын паш етті. Хартия Еуропаның қауіпсіздік саясатын­дағы жаңа ке­зеңді ашып берді. Ол халықаралық қатынастарда на­ғыз әріптестік, ынтымақ­тас­тық жә­не өзара көмек ру­хын қалыптастыруды сапалық өзгерістерге жеткізді. Бұл құжатта Еуропаның ХХІ ғасырдағы болашағының тұ­жы­рымдамасы айқын­далды. Сенім, демократия, құ­қық және адам бос­тандығы, тұрақтылық пен қауіпсіз­дік, міне, Хартия қол қойған барлық мемлекеттер мой­ындаған басты құндылықтар осылар. Сол кезеңде қа­был­данған басқа да құжаттармен қатар, Париж Хар­тиясы тап бүгінгі Еуропадағы қауіп­сіздік және ынты­мақтас­тық ұйымының құрылуына ықпал жасады. Ол Ұйымның шешуші құрылымдары мен инс­титутта­ры­ның құрылуы­ның және іс-әрекеттері құқықтық ба­засының бір бөлігі болды”, дей келе Ұйымның үш өл­шеміне тоқталды. Олар, әскери-саяси ба­ғыттағы “Кор­фу үдерісі”, эконо­микалық-эко­логиялық мәсе­ле­­лер жә­не гуманитарлық өлшем. Әрине, Париж Хартиясы “қырғи-қабақ соғыс­қа” нүкте қойылды деп шешім қабылдағанымен, социалистік лагерь өмір сүруін әлі де тоқтатпаған болатын. Бі­рақ, 1990-жылдары социалистік лагерь­дің негізгі ота­ны – Кеңестер Одағында түбегейлі экономикалық, әлеу­мет­тік, идеологиялық және мәдени қозғалыстар жүріп жатты. Ендігі жерде ескіше өмір сүруге болмайды деген саяси ұрандар да жазушылардың, кинорежиссер­лер­дің, журналис­терд­ің­­­ ау­ыздарынан шығып елге тарал­ды. Дәл осындай үрдістер Қазақстанда да орын алғаны бәрімізге мәлім. Еліміздегі рухани мәдениет өкілдері либералдық, демократиялық үрдісте белсенділік таныт­ты. Халқы­мыз­дың зиялы қауымы кеңес замандарын­дағы жойыл­ған рухани құнды­лықтарды, аттары атал­ма­ған тарихи тұлғаларды жаңғыртып, жаңару ісін қол­ға алды. Бір сөзбен айтқанда, жаңаша ойлау деген тү­сінік өрісінде ескілікпен, яғни тоталитарлық қоғамның идеологиялық құндылықтарынан арылу үрдісі бастал­ды. Мұндай істер Еуропадағы социалистік елдер: Поль­шада, Венгрияда, ГДР-да, Чехословакияда, Югосла­вия­да тым қарқынды жүрді. Бұл елдердегі мәдени үр­дістер өрісі, қарқыны жаңа саяси шешімдер жа­сауды, мемлекеттік реформаны қажет етті. Осындай айтулы өз­герістер Еуропаның капиталистік деп аталатын елдеріне өз әсерлерін тигізбей қойған жоқ. 1990-жылдары Еу­ропа елдерінде (саяси құ­рылы­мына қарамастан) ға­лым­дардың, қоғам қайрат­кер­лерінің, сая­сат­керлердің, жазушылардың, журна­лис­­тердің бір-біріне барып келу қарым-қаты­нас­тары әбден орнықты. Осындай қуатты мәдени үр­дістердің нәти­же­сінде “қырғи-қабақ соғыс” саясаты қажетсіз іске айнал­ды. Сондықтан, Париж Хар­тиясының “қырғи-қабақ со­ғысқа” осы жолы нүкте қойылды дегені тарихи шындық болатын. Бұл мәселенің тағы бір ескеретін жағы бар. Ол – адамзат тарихындағы ХХ ғасырдың бет-пердесі. ХХ ғасыр жаһандық қырғын-соғыстар­мен, революциялармен, төңкерістермен, бүлікшіл­дікпен басталды. Ғасыр басынан басталған жаһан­дық соғыс дүние жүзінің барлық елдерін қамтып, 1950-жылдары ғана аяқталды. Солай бола тұра капитализм идеологтарының ойлап тапқан (Уинстон Черчилльдің 1946 жылғы Фултон­да­ғы сөзі) “қыр­ғи-қабақ соғысы” басталып кетті. “Қырғи-қабақ соғыс” мылтықсыз майдан болғанымен, адамзат баласына қауіп төндіріп, оны жар жағасына тақап қойды. “Қырғи-қабақ соғыс” кезінде әсіресе АҚШ пен КСРО әлемде теңдесі жоқ сутегілік қару-жарақтарға қол­дары жетіп, бүкіл адамзат тағды­рын ядролық со­ғыс­пен біржола шешіп тастайтын жағдайға жетті. Осы аса қауіпті жағдайды жаны­мен сезген Еуропаның көр­некті ғалымдары Аль­берт Эйнштейн, Бертран Рассел, т.б. ғалымдар әл­емге жаңаша ойлау принциптерін ұсы­на бастады. Бұл мәдени үрдіс Батыс Еуропадағы қа­лыптас­қан жаңа либералдарға әсер етті. 1960 жылдары Еуро­паның капиталистік елдерінде жаппай студенттік қоз­ғалыстар орын алды. Оның рухани көсем­де­рінің бірі Герберт Маркузе болды. Бұлардың наразылықтары тегін кетпей 70-80 жылдары билік басына келгендердің көзқарастарына шешуші әсер етті. Мысалы, Германия­ның социал-демократия­лық партиясының төрағасы Вил­ли Бранд болған кезде, осы қозғалыс өкілдері партия қатарына еніп, оны радикалдандыру жұмысымен айна­лыс­қаны шындық. Осы бағыттағы саяси істердің нәти­жесінде Вилли Бранд 1971 жылы Нобель сыйлы­ғының лауреаты болды. Сөйтіп, Еуропаның саяси элитасының ішінде “қырғи-қабақ соғысты” жүр­гізу­дің қажеттілігі жоқтығы аңғарыла бастады. Себебі, ХХ ғасыр адамзат баласына адам айт­қы­сыз мол қасірет әкелді. Ол Еуро­пада кеңінен өріс алған экзистенциа­листік философия­лық ілімнің әдебиет пен өнер сала­сында кеңінен өріс алуына мүмкіндік жасады. Экзис­тен­циализмнің көрнек­ті өкілі француз Альбер Камю Нобель сыйлығының лау­реаты болды. Ізгілік фило­софиясы, дүниета­ны­мы жа­ғын­дағы Еуропа ойшылда­ры, мысалы, Аль­берт Швей­цер (ол да Нобель сыйлы­ғының лауреа­ты), т.б. гуманистер ХХ ғасырдың адамзат тари­хын­дағы орны, сол ғасыр ішіндегі Еуропаның тарихи орны деген мәселелерге баса көңіл аударды. Ендігі жерде ғасыр басынан басталған жаһандық ка­так­лизмдерді қайталаудың еш қажеті жоқтығы ан­ық­талды. Соның нәтижесінде Париж Хар­тиясы еуропа­лық қоғамдық санадағы, саясаттағы, мә­дени үдерістегі позитивтік жағдайларды анықтап берді. Бұл мәселеге және де қосарым, Қытай жабық қо­ғам­нан ашық қоғамға өтті. Сөйтіп, экономикалық жа­ғы­нан әлсіз Қытай әлемдік деңгейдегі қуатты елге айнала бас­тады. Дэн Сяопин ұстанған сая­сатында нарықтық жағдайларды жетілдіре отыра социалистік құндылық­тардан бас тартқан жоқ. Қы­тай тәжірибесі әлемнің саясат­шыларының алдына дилемма қойды. Капитализм мен социализмнің тә­жірибеде бір елде қа­тар өмір сүруі тура­лы теория­лық даярлық жоқ болатын, бірақ Қытай нарық­тық қатынастарды жетілдіре отыра өзге елдермен бейбіт қарым-қатынас жасауды мейлінше өрістете түсті. Бұл да “қырғи-қабақ соғысқа” қарсы жүргізілген сая­сат болатын. Сөйтіп, адамзат баласы бейбіт өмір сүру тәрті­біне көшуді шындап қолға ала бастады. Ендігі жерде жа­ңа түсінік, жаңаша ой, жаңаша әлемдік архитектура қажет болды. Осыны анық түсінген Париж Хартиясын дүниеге әкелу­шілер бола­шақ­қа үмітпен қарау саясатын жария етті. *  *  * Ұйымның үшінші отырысы Хельсинкиде 1992 жы­лы 9-10 шілдеде өтті. Менің ойымша, нағыз Жаңа За­ман мәселесі осы Хельсинки ІІ-де бас кө­терді. Бұл кезде әлемнің саяси картасы мүлде өз­гер­ген болатын, алып им­перия КСРО-ның орнына 15 тәуелсіз мемлекет орна­ды. Олар Ресей, Бе­лоруссия, Украина, Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Гру­зия, Әзірбай­жан, Өзбекстан, Тәжік­стан, Түркі­мен­стан, Армения, Молдова, Литва, Латвия, Эсто­ния. Бұрынғы Юго­славияның орнына Сербия, Черно­гория, Хорватия, Словения, Босния және Герце­говина, Косово өмірге келді. Екі Германия бірігіп, Герман Фе­деративтік Республикасы болды, Чехо­словакия Чехия және Словакия болып бөлініп, дербес мемлекет атанды. Ендігі жерде Ұйым немен шұғылдануы керек деген әң­гіме ашық ай­тыл­маса да негізгі әңгіме арқауы болды. Ұйымның әуел баста Хельсинки І-де болған мәжі­лі­сінде АҚШ пен КСРО-ның жанталаса қарулануын тоқтату мәселесі болатын. Бұл іс толық шешілмесе де біршама жетістіктерге жетті. Ендігі жерде Варшава шарты әске­ри, саяси блок ретінде тара­тылды, ал НАТО болса өмір сүруін тоқтатпады. Осы кезден бастап Ұйым жаңа та­қы­рыптар іздей бастады. Олар адам құқы, этностық азшы­лық, дін, т.б. мәселелер. Әрине, бұл мәселелер өте ма­ңыз­ды, бірақ олардың бәрі дерлік ұлт­тық заңнама­ларда әр елдің дәстүріне, қоғамдағы пікірлерге қатысты қарас­ты­рылып, жүргізілетін іс-шаралар. Алайда, осындай жағдайда Ұйымның кейбір өкіл­де­рі қосарланған стандарт мәселесімен айналы­сып кетке­нін айтпасқа болмайды. Ол туралы осы жылғы 29-30 мау­сымда Астанада өткен Ұйымның төзімділік пен кемсіт­пеу­шілік жөніндегі конферен­циясында Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев былай деді: “Біз гуманитарлық маз­мұндағы өткір мәселелермен бетпе-бет келгенде, са­лиқалылықпен болашақ тура­лы ойлануымыз керек. Ұй­ым­ның қыз­ме­тінде гуманитарлық мәселелер өте ма­ңыз­ды және оларды бір тақырыптың төңірегінде ғана шектеуге бол­майды деп санаймыз. Түрлі аймақтардағы толе­ранттылықтың оң тәжірибелерін зерттеп және оны таратуда қосарланған стандарттарсыз жалпыға ор­тақ ыңғайлыларын жасауға жұмылуымыз керек деп санай­мын. Бүгінгі күні Ұйымның далалық миссия­ларының іс-әрекетіне ыждаһатты тексерістер жа­сайт­ын уақыт келді деп санаймыз”. Ұйым жұмысындағы қосарланған стандарт ту­ралы 2006 жылдың 5 желтоқсанында Ресей Феде­рация­сы­ның Сыртқы істер министрі Сергей Лав­ров тұңғыш рет егер Ұйым өзінің саясатын адам құқын сақтау мониторингінен әскери-саяси және экономи­калық мәселелерге қарай бағыттамаса, Ресейдің бұл Ұйымнан шығу мүмкіндігі барын жария етті. 2007 жылы 26 қарашада Ресей, Қазақстан, Белоруссия, Армения, Қырғызстан, Өзбек­стан Ұй­ымның қара­рының шешіміне демокра­тия­лық институттар мен адам құқы туралы жұмыс­та­рына бел­гілі дәрежеде шектеу қою туралы ұсыныс жаса­ды, бірақ 30 қара­шада Ұйым бұл ұсы­нысты қа­был­дамады. 2007 жыл­дың 16 қараша­сында Ұйым Ре­се­йде өткен Парламенттік сайлауға Демокра­тиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының бай­қаушыларын жібермеді. Бұл бюро 2008 жылғы 7 қаңтарда Ресейдегі президенттік сайлауға да бай­қау­шыларын қатыстыр­мады. Бұл мәселелердің астарында қосарланған стандарттың салқыны жат­ты. Сондықтан Ұйым­ның өзінің мақ­сат-міндеттерін анық­тау үдеріс­те­рінде көпшіліктің талқысына са­латын мә­селелері баршылық, әрине. Ұйым өзінің негізгі мақ­са­тын жо­ға­рыда Елбасы ат­ап­ көрсеткен үш өрісте жүр­гізіп, әсіресе эконо­ми­ка мен эко­логияға және “Корфу үдерісіндегі” көте­рілген мәселелерге басымдықтар берсе дұрыс болар еді. Олай дейтініміз, демократиялық жағдайлар мен адам­ құқығы туралы тәуелсіз елдерде әлемдік заңна­ма­лық контексте, халықаралық қабыл­дан­ған декларация­ларға, келісімдерге негізделіп жасал­ған ұлттық заңна­малар жеткілікті. Қазақстан туралы ай­татын болсақ, біздің Парламентте қабылданып жат­қан ад­ам құқығына қатысты заңнамалық мәсе­лелердің халықаралық заңна­малық құқықтық нор­ма­ларына қайшы еместігін сарап­шылар нақтылы дәлелдер­мен айтуда, демек, Ұйым халықаралық де­мокра­тиялық жә­не адам құқығына қатысты мәсе­лелерді бақылау мақ­сатында жүргізген сая­сатында әрбір елдің ішкі мәсе­лесіне қатысты жайларды ескерулері керек. Жоғарыда келтірілген Хельсинки І-де қабылданған он қағиданың бірі – елдің ішкі істеріне араласпау болатын. Сірә, ос­ындай мәселелер Ас­тана Сам­митінде де әңгіме арқауы болары қажет­тілік демекпін. *  *  * Астана Саммитіне дайындық кездерінде ТМД және еліміздегі сарапшылар Қазақстанның Ұйым­ды ­нығай­ту­дағы, оның беделін өсірудегі мынандай істерін баса айтуда. Бірінші – Қазақстан Ұйымға төрағалығы кезінде оның жұмысына жаңа Еу­разиялық өлшемді ұсынды. Еуразиялық өлшем туралы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев “Euronews” телеарнасының тілшісі Константино де Мигельге берген сұхбатында “Мен “Еуразиялық” анық­тамасын кездейсоқ қолданып отырған жоқпын, өйткені, бүгінде еуропалық немесе азиялық қауіп­сіз­д­ік туралы бөле-жара айтуға болмайды. Қазіргі заманғы қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерді қа­пер­ге алатын болсақ, Ұйымға қатысушы бірқатар елдердің аумағы Азияда орналасқан, ал Қазақстан төрағалығы еуроат­лан­тикалық және еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздік туралы әңгіме қозғап жүр”, деді. Бұл мәселе Астана Саммитінде жан-жақты талқыланады деген ойдамын. Екіншіден – Қазақстан Ұйымға төрағалығы кезінде бір жылдың ішінде Ұйымның барлық істеріне белсенді түрде атсалысып, ерекше белсенділік көрсетті. Ұйым­ның Іс ба­сындағы төр­­а­­ға­­с­ы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер ми­нис­трі Қанат Саудабаев барлық қауіп-қатерлі, гу­мани­тар­лық көмекті қажет етіп отырған ай­мақ­тар­ға барып, кешенді келіссөздер жүр­гі­зіп қайт­қаны жұрт­шылыққа мәлім. Үшінші – Қазақстан Ұйымға төрағалығы кезінде бұрын айтылып, бірақ кейінгі жылдары консервацияға тү­сіп қалған аймақтармен белсенді түрде жұмыс ат­қар­ды. Ол Таулы Қарабақ мәселесі, бұл Армения мен Әзір­байжан арасындағы келіспеушілік, ол Молдавиядағы, Ауғанстандағы, Косо­водағы мәселе. Атам заманнан белгілі философия бар. Ол – қауіптің алдын ала білу, сол үшін амалдар жасау. Менің есіме 1988 жылғы 28 нау­рыздағы сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Прези­диу­мының төрағасы Андрей Громыконың қол қойған қау­лысы түсіп отыр. Бұл қаулыда Таулы Қа­рабақ автоно­миялық облысында орын алған этностық қақтығыс­тар туралы сол кездегі он үш одақтас республика алаңдау­шылық білдірген еді. Бірақ сол шешім өзінің нақтылы күшіне еніп, жағдай дұ­рысталмады. Келер қауіптің ал­дын алу амал ша­ралары толық жасал­мады, әрине оның объективті және субъек­тивті себептері болды. Әйтсе де қауіп сақталып қалды. Кейін келе Таулы Қарабақ айма­ғында қан­төгіс орын алды. Көп адам құрбан бол­ды. Бүгінде бұл – Әзірбайжан мен Ар­ме­ния ара­сын­дағы ең басты даулы мәселе. Таулы Қа­ра­бақ оқиғасына қатысты ең ауыры Армения және Әзір­байжан елдерінде “этностық тазалау” шаралары жүргізілді. Төртіншіден, Қазақстанның ерекше атқарайын деп отырған қызметі – ол Ыстамбұл саммитінен кейін ұй­ым­дастыруы мүмкін болмай кеткен саммитті Астанада ша­қыру. Бұл – Қазақстанның Ұй­ым тарихындағы сапалық жұмысы, әрі Ұйымның тарихында қалатын қызметі. Бесіншіден, Ұйымның Астана Саммиті арқы­лы Ел­ба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қа­зақ ел­ін әлем жұрт­шылығына айқара ашып отыр. Бұл – кезіндегі Дэн Сяо­пин­нің “Бір ел – екі жүйе” деп Қытайды әлемге ашқаны сияқты тарихи оқиға. Алтыншыдан, Астана Саммиті Қазақ елінің әлем­дік өркениет үрдісіне еніп, нарықтық қатынас­тардың кең өріс алуына жасалып отырған аса ма­ңызды саяси алғышарт, оны отандық бизнес өкіл­дері тиімді және тиісті дәрежеде пайдаланады деген ойдамын. Жетіншіден, Астана Саммиті отандық, қоғам­дық, гу­­манитарлық білім салаларына өріс ашып, тың ұғым­дар қалыптастыруда. Қазіргі заманның жаңаша ойлау қағидалары негізінде жаңа философия қалыптаспақ. Бұл жаңа философия Астана Саммитінен кейін толы­ғып, тың көзқарастар жүйе­сін түзбек. Оларды ой-са­на­мызға салып, жаңа адам­дық өлшемдер негізінде дінге, өр­ке­ниетке, мәде­ниетке, саясатқа, т.б. мәселелерге қа­тыс­­ты тың зерттеулер жасалмақ. Бұл жерде менің ерекше назар аударып айтпағым, Президент Назарбаевтың Аста­на қаласында өткен Ұйымның жоғары дең­гейдегі төзімді­лік пен кемсітпеушілік жөніндегі конферен­ция­сында сөйлеген сөзіндегі ұсынған жаңа ұғым­дары тура­лы. Бұл жерде мен көпшілік назарына толеранттылық деген ұғ­ымның мағына­сына қыс­қаша тоқталмақпын. Толерант­ты­лық деген ұғымды тек қана төзімділік деп түсіну бір­жақты пікір. Ертеректе толеранттылықты биоло­гия­да, медицинада және саясатта тек төзімділік немесе амал іздеушілік деген мағынада қолданып келген. Қазіргі заманның жаңа саясатында Елбасы бұл ұғымның мән-мағынасын мейлінше толық­ты­р­д­ы­. Осы конференцияда сөйлеген сөзінде Нұр­сұлтан Әбішұлы былай деді: “Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның Ұйымға төрағалы­ғының басты ба­ғы­ты – толерант­тылықпен қа­тар сенім, дәстүр және транспаренттікке негізделген”. Бұл жерде толеранттылықты сенім арқылы анықтап отыр. Төзім­ділік болғанда елдер­дің арасындағы қарым-қатынаста, саяси топтардың арасындағы қарым-қаты­наста, саяси тұлғалардың арасындағы қарым-қатынаста төзімділік болу үшін міндетті түрде сенім керек. Сенім болмаған жерде толеранттылық қажетті нәтиже бермейді. Сенім – аса қуатты капитал. Сенім болмаған жерде қалай­ша толе­рант­тылық болмақ. Міне, осы мәселені Президент тео­риялық мәнісінде және саяси үрдісте нақтылы қой­ып отыр. Сонымен бірге, Елбасы Ұйым жұмы­сында дәстүр дегенді енгізіп отыр. Бұл – бұрын Ұйым жұмысында болмаған ұғым. Бірақ дәстүрді ол транспаренттік, яғни ашықтық арқылы түсіну қажеттігін ұсынған. Президент толеранттылықтың қазақстандық үлгісі ту­ралы айта келе, оның мынадай жақтарын ашып көрсетті. “Біріншіден, біздің үлгінің өзегіне қазақ хал­қының сан ғасырлық тарихында қалып­тасқан төзімділік, шыдамдылық, қонақжайлылық, өзге халықтарға, мәде­ниеттер мен діндерге құрмет сияқты қасиеттері алынды. Екіншіден, тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанда тө­зім­ділік саяси мәдениеттің нормасы ғана емес, жалпы мемлекеттік саясаттың өзекті қағидасы болды. Ұйым кеңіс­тігінде Қазақстанда тұңғыш рет айрықша қоғам­дық институт құрылды. Қазақстан халқы Ассам­блеясы деп аталатын бұл институт қазір түрлі этностық топтар мен діни конфессиялардың мүд­де­лерін тоғыстыратын табыс­ты үнқатысу алаңына айналды. Үшіншіден, төзім­ді­лік­тің қазақстандық саясаты алғашқы кезден-ақ ішкі өл­шем­дермен қа­тар, сыртқы өлшемдерді де ескеріп отыр­ды. Осындай жағдайлардың арқасында Қазақстанның төзімділік мәселесі жөніндегі саясаты айнымайтын бірізді, болжамды және де “қосарланған стандарттан” ада. Сондықтан да Ұйымның көптеген елдері Қазақстанның “қиын түйінді кикілжіңдерді” шешуде араағайын бо­луын қалайды. Төртіншіден, Қазақстан өркениеттер арқылы үнқатысулардың белсенді жақтаушысына айна­лып отыр”. Біздің елі­міз толеранттылықтың ерекше үлгісін көрсе­ту­де, оның дәлелі біз Батыспен де және Мұсылман әлемімен де саяси-мәдени байланыстамыз. Биыл­ғы жылғы Ұйымға төрағалық қызметінен кейін, Қазақстан 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйы­мына төрағалық етеді. Сонымен бірге, біздің ел Өркениеттер альянсы достары тобының мү­шесі. Мұның бәрі Қазақ елінің шын мәніндегі ашық қоғам ретіндегі саяси-мәдени, өркениеттік бет-пердесінің айқын көрінісі. *  *  * Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жыл­дың қа­зан айындағы Францияға сапарында осы елдің Сырт­қы және еуропалық істер министр­лігінің ғимаратында өт­кен Париж Хартиясының 20 жылдығы мен Қазақстан­ның Ұйымға төрағалы­ғына байланысты конференцияға қатысып сөз сөй­леді. Бұл айтулы жиынды – Париж Хар­тиясының 20 жылдығына арналған салтанатты мәжілісті Францияның Сыртқы және еуропалық істер ми­нис­трі Бернар Кушнер кіріспе сөзбен ашты. Ол өз сөзінде Қа­зақстан басшысының бұл жиынға қатысып отырғанын мәртебелі іс деп атай келе, Париж Хартиясының 20 жыл­дық тарихына, соған қатысты Еуропадағы және әлемдегі айтулы оқиға­ларға шолу жасап өтті. Ол Берлин дуалының құ­лап, біртұтас Германия мемлекетінің қалып­та­суы­на осы Париж Хартиясының игі әсері болғанын атап көрсетті. Алайда кейінгі 20 жылда Ұйымның атқа­ратын істері, шешетін өзекті мәсе­лелері жеткілікті. Ол Молдавиядағы жағдай­лар, Армения мен Әзірбайжан ара­сындағы мәселелер, бірақ олар Астана Саммитінде өз шешімін табады деп сенім білдірді. Бұл жиында Францияның бұрынғы президенті Валери Жискар д’ Эстен, Германияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ханс-Дитрих Геншер, Францияның бұрынғы Сырт­қы істер министрі Ролан Дюма Астана Сам­ми­тіне үмітпен қарайтындықтарын жасырмай айт­ты. Бұл саяси тұлға­лар кезінде Париж Хартия­сы­ның өмірге келуіне және оның маңызды мәселе­лерінің саяси тәжірибеге айналуы­на белсенді қызмет еткен саясаткерлер болатын. Осы жағдайларды еске ала отырып, келешек туралы бір сәт ойлансақ, 2030 жылы Астана Саммитінің 20 жылдығына арналған халық­ара­лық дәрежеде конференция, не мәжіліс өтері хақ. Бұл салтанатты мәжілісте ай­тылар сөздер жеткілікті болмақ. Бүгінгі шешімі табыл­маған Ванкуверден Владивостокқа дейінгі алып кеңіс­тіктегі ондаған елдердің саяси жағдайларының қандай векторлармен өрбитінін, бір сөзбен айтып сәуегейлік жасау қиын. Бірақ, бір мәселе анық, ол осы Астана Саммитінде айтылатын, талқы­ла­натын және тиісті шешімдер қабылданатын өзекті мәселелердің позитивтік бағытта өріс алары шындық. Астана Саммитінің 20 жылдық мәжілі­сінде, сол заманның әңгімелерімен бірге, екі символдық тақырыптың болары анық. Оның бірінші тақырыбы әлемді шарпыған қаржы дағдарысы заманында Ұйымға мүше 56 мем­лекеттің басшыларын жинап саммит өткізуді ұйымдастырған Қазақ елінің, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи ерлігі, ең ерекше еңбегі болса, екінші тақырып Астана Саммиті, яғни осы жас қаланың тарихи мәртебесі және әлемдік саясаттағы орны туралы болмақ. ­Иншалла, соған Қазақ елі басы бүтін, елі көркем, құт-берекелі болып жетсін деген тілегіміз бар. Ғарифолла ЕСІМ, сенатор, академик.