• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
04 Желтоқсан, 2010

Прокуратура – құқық қорғау органдарының түпқазығы

3236 рет
көрсетілді

Құрметті прокуратура органдарының қызметкерлері мен ардагерлері!

Мемлекет бас­шысының сын­дарлы сыртқы сая­­­­са­ты­ның нәти­же­сін­де Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Еуропадағы қауіп­­сіздік және ынты­мақ­тас­тық ұйымына төрағалық етуі және Астана қала­сында осы Ұйымның Сам­митінің өткізілуі – еліміздің халық­аралық аренадағы биік беделінің айқын белгісі. Елдегі конституциялық тәртіп пен заңдылықты сақтауда, мемлекеттің қар­қынды дамуын қамта­масыз етуде елеулі жетіс­тіктерге қол жеткізуде сіздер­дің сіңірген еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз мол. Сіздерді кәсіби мерекеміз – Қазақстан Республикасының прокуратура қызметкер­лерінің күнімен шын жүректен құт­тық­таймын! Азаматтардың бостандығы мен әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау, заңдылық пен құқық тәртібін сақтау жолында атқарып жүрген ерен еңбектеріңізде толайым табыстарға жете берулеріңізге тілектеспін! Әрқайсыңызға мықты денсаулық, қыз­меттеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!

Қ.МӘМИ, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры.

Елбасының асқақ бе­делінің арқасында еліміз әлем­­ге таны­лып, халықаралық қауым­дас­тық­тың төрінен орын алды. Сол төрден әлемге төре­лік ай­ту­дың бір көрінісі ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мен оның он бір жылдан кейінгі Астана Сам­­митін ойдағыдай өткізу бол­ды. Мұндай жағдайда әр адам құ­қы­ның талапқа сай қорғалуы мен бостандығының сақталуы осы жарқын істері­міздің жа­сам­паз­дығы үшін өте қажет. Ал бұл тұр­ғыдан алған­да, азамат­тардың өтініштерін қарау, сон­дай-ақ Конс­титу­ция­да бекітілген құ­қық­тарын қор­ғау прокуратура органдары қыз­­метінің ма­ңызды бағыт­тары­ның бірі болып табылады. Прокуратураның құ­қық қор­ғау міндеті «Прокура­тура ту­ралы» заңның 7-ба­бында көр­се­тіл­ген. Оған сәйкес прокуратура органдары заңдарда белгіленген тәртіп пен заң бұзу­шылық жө­ніндегі арыз­дарды қарап, адам­ның және аза­маттың, заңды тұл­ғалардың құ­қық­тары мен заңды мүдделері­нің бұзы­луын жойып, құқықты қалпына келтіру шара­ла­рын қолданады. Бұл орайда Бас Про­курор Қайрат Мәми «Мем­лекет­тік билік ор­ган­дары­ның жүйе­сін­де прокура­тура­ның орны әр­дайым ерекше. Жоғары қадаға­лау жасауға конс­ти­туция­лық өкілдігі бар бұл салаға Ота­ны­­мыз­дың игілігі үшін қызмет ету, заңдылықты сақтау, мемлекет пен қоғам мүд­десін қорғау міндеттелген. Ел Президенті бекіткен Құқықтық саясат тұжы­рым­­дамасында прокуратура ор­ган­­дары құқық қор­ғау жүйесінің түп­қазығы деп ай­қындалған. Осы­ған байланысты бұл бағдар­ла­малық құжатта про­куратура­ның қадағалау және үй­лестіру­ші­лік қызметтерінің тиімділігін арттыру, оның іс жүргізу негіздерін жетілдіру, сондай-ақ аза­мат­тардың әлеуметтік-эконо­ми­­ка­­лық саладағы құқықтарын қам­­та­­масыз ету жөнінде қо­сым­ша мін­деттер қойылған. Белгі­лен­ген міндеттерді жүзеге асы­ру про­куратураның құқық қор­ғау­шы­лық әлеуетін толық пайда­лануға мүмкін­дік береді», – дейді. Бас Прокурор, жоғарыда ай­тылғандай, арыздарын арқала­ған азаматтарды үнемі жеке қа­былдауға баса мән береді. Өйт­кені, әділдікке қол жеткізе алмай жүрген көптеген жанның жанайқайы осы жеке қабылдау­да ашық сөз болады. Әрбір адамның шағымы бойынша Бас Про­ку­рор прокуратураның жауапты қыз­меткерлеріне арыз­дану­шы­лар­дың дәйектерін мұ­қият зерделеуді, заңдылықтың сақ­тал­ма­ғаны анықталған жағ­дайда бұ­зылған құқықтарды қал­пына кел­тіру бо­йынша түбегейлі шаралар қабыл­дауды, кінәлі адам­дарды заң­мен белгіленген жауапкершілікке тарту­ды тапсырады. Азаматтардың өмірі мен ден­сау­лығын, сондай-ақ өзге конс­­ти­ту­циялық құқықтарын қор­­­ғауды қам­тамасыз ету прокуратура ор­ган­дары қадағалау қызметінің негізгі басымдығы болып табы­лады. Осы мақсаттарда, Бас прокуратура білім беру ұйым­дарының ғимарат­тарын жөндеу жұмыстарына оқы­тушы­лар­ды және мектептің басқа да қыз­меткерлерін тарту кезіндегі ең­бек заңдарын қолдану барысына тал­дау жүргізді. Кейбір мектеп әкім­­шіліктерінің мемлекеттік білім беру ұйым­дарының материалдық-техникалық базасын, сондай-ақ жөн­деу жұмыс­тарын бюджет қара­жа­ты немесе ақылы негізде көр­се­тілген қызмет көрсетуден түскен кіріс есебінен қамтамасыз ету ту­ра­лы заң нормаларын бұ­зып отыр­ғандары анықталды. Бұ­ған қоса Бас прокуратура аза­ма­тардың конс­­­ти­ту­ция­лық құ­қық­тарын қор­ғау сала­сындағы жұ­мысты жалғас­тыра оты­рып, жүй­ке аурулары ста­ционар­лары­ның қызметіне тексеру жүр­гізді. Осы тексеру қоры­тын­ды­сы бо­йынша 7 000-нан астам нау­қас­тың конс­титуциялық құқық­тары­ның бұ­зылуына әкеп соққан көп­теген заң бұзушылықтар анық­талды. Ал кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда прокуратура органдары үнемі алғы шептен көрініп келеді. Отбасы қамқорынан айырылған ба­­ла­ның мемлекет тарапынан ерек­­­ше қорғалуына және көмек алуына құ­қығы бар, ол қорғаншы және қам­қоршы органдарына жүк­телген. Алай­­да, осы қорғаншы жә­не қам­қор­­­­шы органдарына жүр­гізілген­ про­­­­­курорлық тексерулер көрсет­кен­­дей, олардың қыз­метін­де заң та­лап­тарының сақталмауы­на әлі де жол беріліп отырғандығы жиі байқалды. Кезінде билік қолдарында тұр­ғанда жасарын жасап, асарын асап, із жасыру үшін шетел асып кеткендер төбе көрсетіп жатыр. Бұл орайда қылмысқа қарсы күрес саласында заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауда, жасалған қылмыс үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету­де, халықаралық ынтымақтас­тық­ты нығайтуда Бас прокура­тура­ның рөлі үстем шықты. Со­ның ар­қасында үстіміздегі жыл­дың 11 айы ішінде ғана Қазақ­станға 24 адам экстра­диция­лан­ды. Олардың 9-ын Украина, Гру­зия, Түркия, Ис­пания және Шве­ция сияқты Еуро­па мемлекеттері берді. Бас Прокурор қылмысқа қар­сы күрес саласында халықаралық ынтымақтастықты, өзара достық байланысты одан әрі дамыту ба­ры­сында түрлі шет елдің құқық қорғау ұйымдарымен тығыз бай­ланыста жұмыс жасайды. Үсті­міз­дегі жылы Қытайдың Сямэнь қа­ласында Шанхай ынтымақтас­тық ұйымы­на мүше мемлекет­тер­дің бас прокурорларының 8-ші оты­ры­сы болып өтті. Оған Қазақ­стан, Қытай, Қыр­ғызстан, Ресей, Тәжік­стан, Өз­бекс­танның бас про­­курор­лары, сондай-ақ ШЫҰ жа­нын­дағы қадағалаушы мемле­кет­тердің бас прокурор­ларының өкіл­дері қа­тыс­ты. Онда ынты­мақ­тас­тықты одан әрі ны­ғайту, терроризмге, сепаратизм мен экстре­мизм­­ге, трансұлт­тық эко­номика­лық қылмысқа, есірткі заттары­ның заңсыз айна­лымына, адам сауда­сына, заңсыз көші-қон және қылмыстың басқа да түрлеріне қарсы күрес бо­йынша жүргізіліп отырған жұ­мыс­тардың тиімділігін арттыру талқыланды. Ал Гаа­га қаласында (Нидер­ланд) өткен Прокурор­лар­дың ха­лықаралық ас­­­социясының (ПХА) жыл са­йын­ғы 15-ші конференцияда шекарадан заңсыз өтудің өзекті мәселе­лері талқыланды. Бас про­кура­тура­ про­курорлар ұйымы – ПХА-ның 1999 жылдан бері мү­ше­сі болып табылады. Азаматтардың еңбек құқық­та­рын сақтау мәселелері прокуратура ор­гандарының тұрақты бақы­лауын­да тұр. Бұл орайда тек ағым­дағы жы­лы 685 мың аза­маттың конс­ти­туциялық құ­қық­тары қор­ғалды. Көп­теген адам­дардың 8 мил­лиард теңгеден астам жалақы­лары және 260 миллион теңге зей­нетақысы өндіріп берілді. Про­­куратураның тек бір саласы­ның жұмысы нәти­жесінде мемлекеттік бюджетке 38 миллиард тең­ге қайтарылды. Елбасы «Қазақстан Республи­касында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арт­­тыру жөніндегі шаралар тура­лы» Жар­лығында прокуратура орган­дары­ның құқық қорғау қыз­метіне қа­тыс­ты үйлестіруші функ­циясын кү­шейтуге, прокурорға қылмыс­тық қудалаудың заңдылығын, оның ішінде қылмыстық істің қоз­ғалуын қадағалау жөніндегі қо­сым­ша міндеттер жүктеу ар­қылы оның сотқа дейінгі іс жүр­гізудегі рөлі мен жауапкершілігін арт­тыруды тапсырған болатын. Бас про­куратура құқық қорғау орган­дарын реформалау, қыл­мыстық заңнаманы ізгілендіру бағытында Конституция талап­тарынан, Елба­сы­­ жолдау­ларынан туындаған міндеттерге орай үне­мі жаңашыл­дық танытып келеді. Александр ТАСБОЛАТОВ.

Басты міндетіміз

Заңды сақтай білсең, заңсыздыққа жол берілмейді. Оның айқын мы­салын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Айталық, қылмыстық іс бойынша сот қаулыларының заң­дылығын тексеру біз үшін басты міндеттердің бірі бо­лып табылады. Үстіміз­дегі жылдың өткен 11 айы ішінде біздің прокуратура тарапынан жергілікті соттың 16 заңсыз үкіміне наразылық білдіріліп, соның бәрі облыстық сот тарапынан қолдау тапты. Соның біреуін ғана тілге тиек ететін болсақ, Р.Қожанова деген азаматша алаяқтық жолмен бірнеше мекемеден 32 миллион теңге мөлшерінде қаржы қымқырған. Ал №2 қалалық соты болса заңды белінен баса отырып, оның жазасын өтеу мерзімін заңсыз кейінге шегерген. Семей қалалық прокуратурасының араласуымен заңсыз үкімнің күші жойлып, қылмыскер лайықты жазасын алды. Жоғарыда айтқандай, прокуратураның тағы бір басты міндеттерінің бірі адамдардың конститу­ция­лық құқығын қорғау болып табылады. Өткен 11 айда біздің араласуымызбен полиция бөлімшелері заңсыз ұстаған бес адам босатылып, оған кінәлі лауазымды тұлғаларға тәртіптік шара қозғалды. Мұның сыр­тында осы мерзім ішінде тағы да қалалық про­куратураның араласуымен 40 қылмыстық іс қайта қозғалды. Сөйтіп, арзан бедел үшін полиция тара­пынан жауып тасталған заңсыздықтарға тосқауыл қойылды. Қазірде сол 40 істің бесеуі сотқа жіберілсе, қалғандарына тергеу амалдары жүргізілуде. Заңдылықты сақтау – біздің басты міндетіміз. Ал заңдылық сақталған жерде әділет салтанат құрады. Тәртіпке бағынған адам құл емес деген Бәукеңнің, Бауыржан атамыздың ұлағатты сөзі заң қызмет­керіне де, басқамызға да үлгі-өнеге болуы тиіс. Айдос ЖАРЫЛҒАСИН, Семей қалалық прокуратурасының бөлім бастығы, бірінші сыныпты заңгер. Семей.

Еңбек қауіпсіздігі – өзекті мәселе

Аймағымызда ірі өндіріс орындары шоғырлануына бай­ланысты облыс прокура­турасы еңбек қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге, адамдар өмірін қорғауға арналған заң­дардың, Президент Жар­лықтарының орындалуына және өзге нормативтік құ­қық­тық актілердің бұл­­жыт­пай қол­данылуына қада­­ғалау жүргізуді басым бағыт­тар­дың бірі са­найды. Соның ішін­де тосын оқи­ғалар ұшырасып қалып тұра­тын тау-кен және көмір кәсіп­орын­дарында кез келген заң бұзушылықты анықтау мен жою үшін тексерістер жиі өткізіледі. Ағымдағы жылы уәкілетті мемлекеттік органдардың мамандарын тарта отырып, «Арселор Миттал Темір­тау» АҚ, «Қазақмыс корпора­ция­сы» ЖШС, «Central Asia Cement», «Гефест» компаниясы тәрізді ірі өн­дірістік буындардың тиісті заңнама­ларды қалай сақтайтындығы бірнеше рет тексерілді. Өткен он айда аталған және басқа да кәсіпорындарда 277 жазатайым оқиға­ның орын алып, одан 296 адам зардап шегуі, ауыр жарақаттан­ған­дардың 51-і қайтыс болуы еңбек қауіп­сіздігі мәселе­сіне жергілікті прокуратура органдары­ның ерекше назарын аудартып отыр. Мәліметтер бойынша өндірістік жара­қат­танудың басым бөлігі «Арселор Мит­тал Теміртау» АҚ пен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ға тиеді. Тексерістер барысында еңбек және еңбек қауіпсіздігі туралы заңнамаларды бұзу, жұмыскерлердің штаттық саны сәйкес келмеу, нормативтік мерзімі өтіп кеткен, тозығы жеткен құрал-жабдық­тар­ды пайдалану, жұмыс орын­дарында және техно­логия­лық үдерісте қа­уіп­­­­тің алдын алуға ба­ғыт­талған шара­лар қолданбау, жаза­тайым оқи­ғаларды жа­сыру, өндірістік жарақаттар­дың деңгейі жө­нінде меди­ци­налық қоры­тындыларды бұр­малау, ең­беккерлердің конс­­титу­ция­лық және ең­бек құқық­та­рын бұзу деректері анық­талды. Қадағалау және тексеріс қорытын­дылары об­лыс­тың құқық қорғау ор­ган­дары­ның үйлестіру ке­ңе­сінде қаралып, азамат­тар­дың еңбек ету жағ­да­йы­на бай­ланысты заңнама­лар­дың сақталуын қам­­­та­масыз етуге бағыт­талған жұмыс­тар тиімділігі мен пәр­мен­ділігін кү­шей­туге ықпал ететін іс-шаралар белгіленді. Өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау туралы заңнамаға тау-кен-тех­никалық инспекторлары өткізетін тексерістерді тіркеу және өткізу тәртібін жеңілдету, өндірістің нақты учаскелерінде қажет жұмысшылардың санын есептеу нормативтерін, сондай-ақ қол­дану мерзімі өтіп кеткен құрал-жабдық­тарды айырбастау мәселелерін реттейтін нормативтік актілер қабыл­дауға ба­ғытталған өзгерістер енгізу керектігі уа­қыт талабы болып табылады. Бұл ұсы­ныстар Бас прокуратураға жолданды. Ержан ТАСТАНБЕКОВ, Қарағанды облысы прокуратурасының Әлеуметтік-экономикалық салада заңдылық сақталуын қадағалау басқармасының аға прокуроры.

Заңдылықтың бұзылмауын қадағалаймыз

Прокуратурадағы қыз­мет­те, әсіресе, әлеу­меттік-эко­но­мика­лық сала­дағы заң­дылықты қада­ға­лау бо­йын­ша бірқатар оң жетістіктерге қол жеткізуіме әріптес­терімнің үлесі зор болғанын айт­­қым келеді. Мыса­лы, Р.Кен­же­бае­ва­ның және бас­қа да жұ­мыс­шы­лардың ұжым­дық арыз­дарына сәй­кес, “AB Group” ЖШС-на тексеру жүр­гізу кезінде серік­тес­тіктің 4 айлық еңбекақы үшін 250 жұ­мысшыға 69,8 млн. теңге берешегі бары анықталды. Осыған бай­ла­нысты уәкілетті органға заң бұзу­шылықты жою туралы ұсы­ныс енгізіліп, бо­рыш­тың жойы­луы­на ықпал етілді. Ал жұмыс беруші әкім­шілік жауапкершілікке тар­тыл­ды. Со­нымен қатар, осы факті бо­йын­ша қала­лық прокуратура биыл­ғы 27 қыр­күйекте атал­ған ме­кеменің басшылығына қатыс­ты ҚР ҚК-нің 148-бабының 3-бө­лігімен қыл­мыстық іс қозғады. Атал­ған арыз иелері Қа­зақ­стан Рес­пуб­ли­ка­сы Прези­денті­­нің Әкім­­­­ші­­лігіне жол­даған алғыс ха­тында облыс про­куроры Б.Смат­лаев­тың атына өз ризашы­лығын білдірді. Кейде аудандарға барып, жер­гілікті атқарушы орга­ндар­дың нор­ма­тивтік құқықтық акті­лері­нің заңдылығына тәжіри­белік кө­мек көрсетуге тура келеді. Мәсе­лен, Индер ауданы әкім­дігінің 2009 жылғы 14 желтоқ­сандағы “Индер ауданы білім беру бөлі­мінің мемлекеттік қыз­мет көр­сету стандартын бекіту ту­ралы” қаулысы ау­дандық әді­лет бас­қар­ма­сын­да мемлекеттік тіркеуден өт­пе­­гені анық­тал­ды. Ау­дан­дық прокуратурамен наразы­лық енгізіліп, қа­­­­ра­лу нәти­же­сінде оның кү­­­ші жо­йылып, ау­дан әкімінің мін­де­тін ат­қа­ру­шы А.Ба­лах­метов сот қау­лысымен ӘҚБтК-нің 353-ба­бы­ның 2-бөлігімен 10 айлық есептік көрсеткіштер мөл­шерінде айып­пұл түрінде әкім­шілік жауапкершілікке тартылды. Көші-қон заңнамаларының қол­­­­­­­данылуын қадағалау кезінде “Пу­ндж Ллойд Қазақстан” ком­пания­сына тексеру жүргізілді. Ме­кеме тарапынан ерекше шарт­тардың орындалмауы анықталып, 70 шетелдік азаматқа қатысты берілген рұқсаттарын кері қайтару туралы облыс әкімдігінің шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру комис­сиясына ұсыныс енгізілді. Нәти­жесінде 70 шетел азаматына қа­тыс­­ты рұқсаттар кері қайтарылып, олар Қазақстан ау­мағынан шы­ғарылды. Ал “Кис-Орион” ЖШС-да еңбек заңна­масының сақта­луына тексеру жүргізу барысында 2009 жылғы 13 тамызда меке­менің маманы Б.Қаражанованың жұмыс­тан заңсыз босатылғаны анық­тал­ды. Осы заң­сыз­дыққа бай­ланысты нара­зылық енгізіліп, жұмыс беруші бұй­рығы­ның күші жойылды. Жұ­мыс­шының консти­ту­циялық құқы­ғы қорғалды. Сон­дай-ақ, жұ­мыс беруші және кінәлі лауа­зымды тұлғалар әкімші­лік және тәртіптік жауапкершілікке тар­тылды. Нұржан ЖАҢГЕРЕЕВ, Атырау облысы про­куроры­ның көмекшісі.

Жас маманға қойылар талап ерекше

Ата Заңның қағидаларын жү­зеге асыруда, адамдардың құқық­тары мен бостандықтарын қам­та­масыз етуде, мемлекет мүдде­сін қорғауда прокурорлық қадағалау пәрмен­ділі­гінің арта түскенін бә­ріміз де жақсы сезініп отыр­мыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Респуб­ликасында құ­қық қорғау қызметі мен сот жү­йесінің тиімділігін арт­­тыру жөніндегі ша­ра­лар туралы» Жар­лығы ел азаматтарының құ­қығын әділ де шынайы қорғаудың жолдарын белгілеп, іске жаңа сер­­пін берді. Заңды­лық­тың сақталуын қа­да­ғалайтын басты ор­ган­ға қойылатын талап жо­ғары. Прокура­тура қыз­меткерлерінің құ­қық қор­ғау саласында жүр­гізіліп жатқан ре­фор­малардың ойдағы­дай ат­­қарылуына бір кісідей жұ­мыла кірісуі жауапкершілікті терең түсін­гендерін айғақтаса керек. Бас прокуратура тарапынан кадрларға қойылатын талап ерекше, барынша қатаң болғандықтан босаңсуға әсте жол жоқ. Өмірлік тәжірибеден бір байқағаным, өз мамандығын жан-тәнімен сүйме­ген, жүрегімен қаламаған адамнан жақсы маман шықпайды. Жыл өткен сайын Солтүстік Қа­зақстан облысының прокура­ту­расы өз кәсібінің қыр-сырына тө­селген, теориялық білімін тәжі­рибемен ұштастыра алатын жас кадрлармен толығып келеді. Жоғары оқу орнын тәмамдап, еңбек жолын енді бастаған ма­манға өз кәсібін меңгеріп кету оңай емес. Біз оларды маман­ды­ғының қыр-сырына төселдірудің түрлі әдіс-амалдарын қарас­тырып отырамыз. Басқармаларда тәжіри­беден өтеді. Тәлімгерлер бекітіліп, ақыл-кеңестерін алады. Се­ми­нарларға қатыса­ды, есептері тың­да­ла­ды. Түрлі тапсырма­лар беріледі. Бас прокуратура жа­нында жұ­­мыс істейтін кәсі­би біліктілікті арт­тыру инс­­­ти­ту­тына, Рудный қа­ла­сын­дағы аймақтық ба­за­лық ор­талыққа оқу­­­­­лар­ға жіберіледі. Бір сөз­бен айт­қанда, Бас прокуратура шешімімен құрылған ат­тес­та­циялық комиссия алды­на жеткенше бір жыл бойы алуан сы­нақтан өтеді. Оның бәрі жіті қа­дағаланып оты­ры­ла­ды. Білім дең­­гейі­мен қатар пси­хо­логиялық ой­лау қабі­леті де са­рапқа түседі. Әрине, жас ма­мандарды тәр­биелеп-қанаттандыруда қа­тып-се­міп қалған қа­ғидалар жоқ. Тәжі­рибенің жүре, үйрене келе қалып­тасатыны түсінікті. Деген­мен де, көп болып ойласа­тын мәселелер де жоқ емес. Со­лар­дың бірі заң­гер маман­дарын да­йындаудың көңіл көншіт­пей­тіні. Мұндай сын пікірлерді жиі естиміз. Меніңше, жауыннан кейін саңырау­құлақтай қаптап кеткен жеке меншік оқу орын­дарын қыс­қартып, керісінше, сапа мәсе­лесіне баса назар аудару қажет секілді. Соған тиісті орын­дар тарапынан бақы­лауды кү­шейте түскен абзал болар еді. Бәл­кім, мемлекеттік жоғары оқу орын­дарын бітірген мамандарға ар­тық­­шылық жасау керек шығар. Қалай десек те, бір амалын қарастырудың мезгілі пісіп жеткені анық. Қазиқан РАҚЫШЕВ, Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі.