• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Желтоқсан, 2010

Мәртебе-мерей

569 рет
көрсетілді

Желтоқсанның алғашқы екі күнінде Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жетінші саммиті болып өтті. Көптен бері дүние жүзінің сауаты бар саналы адам­дары түгелдей дерлік елең етіп күтіп жүрген күн еді ғой бұл. Саммит! Соңғы жылдары саяси өмірге сіңіп кеткен осы сөзде қандай мағына бар? Бұл сұрақ Саммиттің бас кезінде телеэкран арқылы да қойылды. Ағылшын тілінде summit деп жазылатын сөз орыс сөздігінде «вершина» деп аударылыпты. Бізше «шың»деген сөз ғой. Ауыспалы мағынасы «пре­дел», «верх» болғанда да, біздің тілімізде «шегі», «жоғарғы деңгейі» дегенді білдірсе керек. Қазір бұл барлық елдерде дәре­желі топ өкілдерінің бас қосқан ең жоғарғы деңгейдегі мәжілісі ма­ғы­насында қолданылып жүр. Олай болғанда, Еуропаға қатысты басқосудың біздің Астанада ашы­лып отырға­нын қалай түсінген мақұл? Оны түсіну үшін ой көзіміздің жанарын өткен заманға қарата, нақтылай айтқанда, кешегі ға­сыр­дың екінші жартысынан бы­лай қарайғы ғаламдық өмір белестеріне аударуымыз керек. Қырқыншы жылдардың орта кезінде екінші дүниежүзілік со­ғыс­тың өрті басылды. Оны тұ­татқан фашизмнің қара түнегін бір­жола тұншықтырған басты күш Кеңес Одағы болғанын қа­зіргі ұрпақ ұмытқан жоқ. Сол жойқын соғыста көп құрбан­дық­қа ұшыраған да, жеңісті өз қа­ны­мен қамтамасыз еткен де Кеңес елінің азаматтары болатын. Оның ішінде біздің қазақ халқының құрбандығы да аз болған жоқ. Бірақ бұл соғыста Кеңес мемлекеті жал­ғыз емес еді. Америка Құрама Штат­тары мен Ұлы­бри­тания тәрізді одақ­тастары болды. Солардың күш біріктіруі фашистік жендеттерді талқандау ісін едәуір тездетті және жеңілдетті. Сөйте тұра, соғыстан кейінгі өмір­дің бары­сында Батыстағы одақ­тастардың бағыты күрт өзгерді. Ағылшын премьер-министрі У.Чер­чилльдің Фултондағы ша­ғыс­тыру сөзі­нен кейін дүние жүзі екіге бөлініп, араларында кескілескен қанды айқасқа бергісіз «қыр­ғи қабақ» соғыс басталды. Соның асқынған көрінісі ретінде Ба­тыс­та АҚШ бастаған НАТО ат­ты Солтүстік Ат­лантика әскери бло­гы құрылды да, от қарулы со­ғыстың шынайы қатерін ту­ғызды. Бұл блоктың жауыға өшігіп қас­­көйлік ойлаған нысанасы Кеңес Одағы бастаған демокра­тиялық бағдардағы Шы­ғыс Еуропа елдері болатын. Қас­тық­тың қашанда екінші жақтан қорғаныс шараларын туғызатыны белгілі. НАТО-ның жымысқы әрекеттері қарсы жақты Варшава Шарты атты қорғаныс одағын құруға мәжбүр етті. Сөйтіп Еуропа ай­мағында бір-біріне жау екі лагерьдің текетірес қарсылығы ондаған жылдарға со­зылып, ақырында тіпті шиеленісе түскен. Бұл апатты жағдайға төзіп отыра беруге, әлбетте, болмайтын еді. Сон­дық­тан әртүрлі елдердің парасатты ой-пікір жетегіндегі қайраткерлері әр тұстан дауыс көтеріп, халықаралық шиеленісті бәсеңдету жолдарын қарастыруға, сөй­тіп тарихи тұйыққа тірелген адамзатты дамудың даңғыл жолына алып шығуға итермеледі. Нәтижесінде, жиырма шақ­ты халықаралық ұйым өкілдерінің күш салуымен 1975 жылы Хельсинки қала­сында халықаралық кеңес шақырылып, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынты­мақтас­­тықты нығайту жөнінде 56 елдің өкіл­дері қол қойған Қорытынды актіні қа­былдады. Кейін «Хельсинки рухы» деген атпен бірте-бірте күш ала бастаған бұл құжат әлем халықтарының қалтқы­сыз сеніміне айналды. Міне сол тұста Кеңес мемлекетінің билік басына М.Гор­бачев келді. Бірақ оның қадамы қа­йыр­сыз болды да, «қайта құру» дейтін даң­ғаза науқаны елді біржола құртып тын­ды. Сөйтіп, кеңес­тік құрылыстың жетпіс жылғы өмірі біржола құрдымға кетті. Бұл айтуға ғана жеңіл оқиға еді. Ал шын­дығында барлық тіршілік тыныс­тары бір ғана Кеңеске қарап келген одақ­тас республикалар ойсырап жала­ңаш қалды. Олардың миллиондаған ха­лықтары, Абай сөзімен айтқанда, адас­қан күшіктей өз жұртында айға қарап ұлып қалды. Енді оларға әбжыландай жа­лақтаған НАТО-ның жеміне айналудан бас­қа жол қалған жоқ еді. Өйткені, ­­бұ­­­­рынғы кө­ңілге медеу қылған «Вар­шава шарты» одағы және тарап кеткен. Сол кезде кенет алып самұрықтың саңқылындай Азия құрлығының жалпақ ортасын жарып шыққан бір қуатты дауыс естілді. Бұл сол кездегі Қазақ­стан­ның партиялық басшылығында тізгінді берік ұстап отырған жалынды жас қайраткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың дабылды үні еді. Ол сөзін бұ­рынғы одақтас республикалардың ба­сын­да отырған әріптестеріне арнады. – Сендер неге дағдарып отырсың­дар? Өздеріңе сенген халықтарыңды бас­­қарып, ел болудың қамын ойла­май­сың­­дар ма? – деді. Сөйтті де, олардың бар­лығын Алатаудың баурайындағы әсем Алматыға жинап алды. Кеңес құ­лады екен деп босқа қор болудың жөні жоқ екенін түсіндірді. «Өз бетімізше ел болайық. Жұдырықтай жұмылып тас­түйін болсақ, бізді алатын жау жоқ!» – деді. Соны айтты да, «Тәуелсіз мемле­кет­тер достастығы» деген одақты құрды. Осыдан былай қарай біздің Прези­дентіміздің абырой-беделі аспандап шы­ға келді. 1992 жылдың бір сәтті күні ол Қазақстан Республикасын ЕҚЫҰ-ға терезесі тең мүше етіп қабылдатты. Біздің үлгімізбен сол тұста ТМД-ның басқа елдері де сол одаққа біртіндеп кіре бастады. Біздің егеменді өз еліміздің бұдан кейінгі санаулы жылдарда қарышты қа­дам­мен жеделдете ілгері басқаны өзі­міз­ге аян. Оған бұл арада тоқталып жат­пай-ақ қояйық. Ендігі сөз орайы Орта­лық Азияның кең жазығында жайылып жатқан байтақ Қазақстанның аз уақыт ішінде атағы әлемге шарықтап кеткендігі жайлы болмақ. Ол да өзіміздің сана­мызда сайрап тұр. Тек зор мақ­таныш­пен, пысықтап айтарымыз – осынау қысқа мерзім ішінде Елбасымыздың жарғақ құлағын жастыққа тигізбей жар салып жүріп, сүйікті Қазақстанымызды әлем жұртшылығына қалайша таныта алғандығы. Құр сөзбен, жалаң үгітпен емес, халқының бойына біткен асыл қа­сиеттері мен экономикалық әлеуеті­нің жүзеге аса бастаған мол-мол мүмкін­дік­тері арқылы, көз жеткізе дәлелдеу ар­қылы танытқандығы. Бұл – мәселенің материалдық жағы; онымен қатар дүние жүзінің басты-бас­ты мемлекеттеріне елді моральдық жа­ғы­нан таныту қажет болатын. Оның бір оңтайлы жолы соңғы кездері берекесі ке­тіңкіреп бара жатқан ЕҚЫҰ-ны қай­та жан­дан­дыру мақсатымен соған төраға­лық мәрте­бесіне ие болу еді. Пре­зидент осы шаруа­ға қызу кірісті. Ресми сапармен барған елдерінде және өзі­мізге сапар­лап келген ел басшы­лары­на осы мә­се­ленің зәрулігін айтып дәлелдей бастады. Әрине, олардың бәрі бірдей оп-оңай жығыла кеткен жоқ. Кейбіреулері әлде білместіктен, әлде қызғаныштан әртүрлі сылтау айтып, тайғақси берді. Басым көпшілігі қостайтындықтарын білдірді. Ал қырсыққандарының мысын басу үшін, ең алдымен, Америка сынды ал­пауытты көндіру керек болатын. АҚШ-қа барған ресми сапарында Президент бұл ойын Джордж Бушке айтпақ ниетте еді. Дәл осыны біліп қойғандай, оны қар­сы алған даяшы өкілдер Нұрсұлтан Әбішұлынан ол мәселені көтермеуді, егер көтере қалса, келіссөздердің ең ақы­рында елеусіздеу етіп ескертуді өте ыждағаттап өтінген. Елбасымыз соларға дес бермей Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етуін қолдау жөніндегі мәсе­лені АҚШ президентінің алдына алғаш­қылардың бірі етіп қойған. Сонда Ақ үй қожасы мардымсып, масаттана кекеткендей кескінмен қасындағы мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райсқа қарап: – Конди, біз сол ұйымға әлі де мүше ме едік? – деп сұраған ғой. Сыпайылық та­нытқан хатшы қыз, әлбетте, бірден жауап бермей, төмен қарап, аяғындағы сәнді туфлиіне қарай берсе керек. Сол ме­зетті пайдаланған Нұрекең өз сөзін бұрынғыдан бетер нығыздай дәлелдеп, бас­тырмалата сөйлейді де, ақырында, бә­ле­кей Буш сөзден тосылып, хат­шысына: – Жә, олай болса, бізді қолдайды деп тиісті адамдарға хабарларсың, – деп хатшысына тапсырма беріпті. Бірақ біздің төрағалығымыз туралы мәселе онымен де бірден шешіле қой­май, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері бас қосқан мәжіліс­терде бір-екі рет кейінге қарай сырғы­ты­ла беріп, 2007 жылы сол министр­лердің Мадридте болған жалпы отыры­сында Қазақстан осы ұйымның 2010 жылғы төрағалығына сайланған. Және бір қызығы – сол жолы бірінен соң бірі кезектесіп келетін үш елдің төрағалығы қатар анықталған-ды. Атап айтқанда, 2009 жылға төраға болып Грекия, 2010 жылға Қазақстан, 2011 жылға Литва сайланған. Мұның Қазақстан үшін ерекше артықшылығы – қатарынан үш жыл төрағалық ететін үштіктің құрамында болғандықтан, біздің еліміз Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы­на басшылықта үш жыл бойы қатары­нан болады екен. Өйткені ол, Жарғы бо­йынша, өзінің алдындағы елдің төраға­лы­ғы мен өзінен кейінгі елдің төраға­лы­ғына бірдей қатынасып отырады екен. Мұның өзі, сөз жоқ, Қазақстанның ұйымдағы төрағалық қызметіне әбден тө­селіп алып, оны өте табысты түрде ат­қаруына жағдай жасап берген. Содан кейін тағы бір есте болатын жәйт: ЕҚЫҰ-ның ережесі бойынша ұйымның саммиті талқылануға тиісті мәселе­лер­дің жинақ­талуына қарай үш-төрт жылда бір рет ша­қырылуға тиісті болса, іс жүзінде 1999 жылы Ыстамбұлда болған сам­мит­тен кейін 11 жыл бойы шақы­рыл­май, Қазақстанның төрағалығы қар­саңында өте көп зәру мәселелер қорда­ланып қалған еді. Сондықтан олардың тиімді түрде шешілуі біздің еліміз үшін өте абыройлы болуына көмектесуі тиіс-ті. Шынында да дәл солай болып шықты. Көптеген сарапшылардың айтуына қарағанда, Қазақстанның төрағалығы тұ­сында өте көп шиеленісті мәселелерді шешуге тура келген. Оның үстіне бұл кез­де Ұйымның жалпы әлемдегі рөлі тө­мендеп, беделі түсіңкіреп қалғанын жо­ғарыда айттық. Оны көтеру міндеті біз­дің елге жүктелген де, ол мұны ой­дағы­дай атқарып шыққан. Ал мұның өзі біз­дің ел үшін қосымша абырой болып еді. ЕҚЫҰ-ның кезекті жетінші саммитін ұйымшылдықпен өте жоғары дәре­жеде өткізу мақсатында Қазақстан жұрт­шылығының, әсіресе, Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлының аса зор күш-жігер жұмсағаны дүние жүзіндегі танымал қайраткерлердің аузымен Саммит басталардан көп бұрын айтыла бастаған. Соны ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Марк Перрен Бришамбо «Еуропа меридианы» журналына берген сұхбатында біздің Елбасымызбен байланыстыра әбден жеріне жеткізе толымды етіп айтып берді. «Төзімділік пен кеңпейілді кешірімшілдік саласында одан көп нәрсе үйренуге болады, – деді ол. – Нұрсұлтан Назар­баев­­­тың абырой-беделі, оның алдағы бір­неше жылға күні бұрын көз жеткізе ала­тын көрегендігі, алға қойған мақсат­қа қарай соны жолмен батыл бара ала­тын тәуекелшілдігі болашақтағы бас­қосу­дың жемістілігін талай адамдарға мо­йын­дата алды. Оның республикадағы бей­біт саяси үрдістердегі нысаналы іс-қимылы арқылы ЕҚЫҰ-ның мәртебесін өзгерту жөніндегі тындырған жұмысын осынау қиын-қыстау кезеңде Қазақстан­нан басқа ешбір ел атқара алмайтын еді». ЕҚЫҰ Бас хатшысының осы сөзі оның екінші бір әріптесі, БҰҰ Бас хатшысының мына бір уәжімен үндесіп жатқанында үлкен мән бар-тын. Пан Ги Мун Семей полигонының орнына ба­рып, ондағы болған сұмдықтардың зар­да­бын өз көзімен көргеннен кейін, Нұр­сұлтан Әбішұлына келіп, ағынан жары­ла: «Ядролық сынақтарды тоқтатып, ядролық қарулардан ада болу қажеттігін әлемге жар салып айтушы рөліне Жер бетінде Сізден лайық адам жоқ», – деген болатын. Егер осы айтылғандарға көшбас­шының Саммит қарсаңында соның имандай ұраны етіп: «Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік» атты төрт тағанды ұсынғанын қоссақ, Президент пен алдағы тарихи басқосудың табиғи тұтастығына айқын көз жеткіземіз. * * * Сонымен көптен күткен қалаулы сәт те келіп жетті. 2010 жылғы желтоқ­санның 1-і. Ертеңгі сағат 10. Қазір Төр­аға Саммиттің ашылуын жария етеді. Жоқ, одан бұрынғы бір көріністі ұмы­тып барады екенбіз. 9-дан 10-ға дейін бір сағат бойы Елбасы Мәжіліс залы­ның сахнасына кіреберістегі кең алаңда аяғынан тік тұрып, мәртебелі мейман­дарды, басқосуға келген делегация бас­шы­ларын бір-бірлеп қарсы алған. Бәрі­нің де жүздері жарқын. Аяқтарын ши­рақ басып келіп, Президентпен қызу қол алысып, сәлемдесіп жатыр. Сам­мит­ке арнайы шақырылғандары үшін шын жүректен шыққан алғыстарын қоса айтуда. Елбасының әрбір мейманға көрсет­кен ыстық ықыласы өзінше ерекше жа­растық тауып жатқандай. Өзінің де қызыл шырайлы ашық ажары оттай лаулап нұрға бөленген. Міне мәртебелі меймандар өтіп болып, Нұрекең мәжіліс Төрағасының орнына келіп жайғасты да, микрофоннан кіріспе сөз сөйледі. Мағынасы терең, сөз нәші ерекше, тамаша сөз. Жұрт ұйып тыңдауда. − ЕҚЫҰ Саммитіне жиналған мәр­тебелі меймандарды қарсы ала отырып, мен Қазақстан халқының атынан шы­найы қуаныш пен ыстық ықылас білдіремін. Республика таяуда тәуелсіздік ал­ған мемлекеттер ішінде бірінші бо­лып осындай маңызды халықаралық жиын өткізіп отыр. Біздің елімізге көрсетілген сенім үшін барлық әріптестерге зор алғыс білдіремін. Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы осы­нау кездесудің маңызын Ұйым ке­ңіс­тігін мекендеген халықтардың қауіп­сіз болашаққа қарай бірлесіп жыл­жуы­ның жалғасы деген анықтама берді. − Бұл жол бұдан 35 жыл бұрын бас­тал­ған. Хельсинки үдерісі алғашында «Атлантикадан Оралға дейінгі» жалпы­еуропалық үйдің тұжырымдамасына сү­йенген болатын. ЕҚЫҰ құрылғаннан кейін еуропалық қауіпсіздік ұстаным­дары «Ванкуверден Владивостокқа дейінгі» кеңістікте орнықты. Қазір үшінші кезең басталып отыр. Біз қауіпсіздік пен ынты­мақ­тастықтың «Мұхиттан Мұ­хит­қа де­йін» деген неғұрлым кең коор­динат­тары­на көшкелі отырмыз, − деді Мем­лекет басшысы. – Әңгіме Атлант мұ­хиты­нан Тынық мұхитқа дейінгі және Солтүс­тік Мұзды мұхитынан Үнді мұхитына дейінгі төрт мұхиттың шек­ара­ларындағы қауіпсіздіктің біртұтас кеңістігін қалып­тастыру туралы болып отыр. Астана Сам­миті жоғары деңгей­дегі кездесулер өткізу­дің Ыстамбұлдан кейін 11 жылға үзіліп қалған дәстүрін қалпына келтіреді. Президенттің айтуынша, біз демо­кратияны дүние жүзінің бұрын ондайды ешуақытта көріп-білмеген бөлігінде ор­натып жатырмыз. Қазақстандағы тұрақ­тылық – ең алдымен, экономикалық жа­ғынан сенімді түрде өсу деген сөз. Біз ең әуелі экономиканы дамытқанда, кедейшілік жас демократияның сағын сын­дырмау мақсатын көздедік. Президенттің қысқа да нұсқа дерліктей мазмұнды сөзін жиналғандар демдерін іштен ала, аса зор ықыласпен тың­­дады. Оған жұрт ауық-ауық ду қол ша­па­лақтап, қошемет көрсетіп отырды. Өйт­кені, ол кісінің Саммиттегі сөзі осы сала­дағы болашақ іс-қимылдың бағдар­ла­масындай әсер етіп еді. Президенттің кіріспе сөзінен кейін ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев шағын баяндама жасады. БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун меймандостығы үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, оның Астанадағы тарихи Саммитті ұйымдастыру ісіне жасаған басшылығын қолдайтынын білдірді. Еуропалық одақтың президенті Херман ван Ромпей ЕҚЫҰ-ның Еуропадағы қызметі тұтас үш құрлыққа бірдей тарайтынын атап көрсетті. Ресей Президенті Дмитрий Медве­дев бұл кездесудің ЕҚЫҰ кеңістігінің шығыс бөлігінде тұңғыш рет өткізіліп отырғанына қанағаттанғандық білдірді. Ол азаматтар арасына алалап бөлу белгісін қою заманының өткеніне, олар қай жерді мекен етсе де қауіпсіздікке бірдей хақылы екеніне назар аударды. Сам­мит­те Германияның Федералдық канцлері Ан­гела Меркельдің, АҚШ-тың Мем­ле­кет­тік хатшысы Хиллари Клин­тон­ның, Литва Президенті, келесі Сам­мит­тің төрайымы Даля Грибаускай­тенің, тағы басқа әйел қайраткерлердің сөздері зейін қоя тыңдалды. Ішкі жағ­дайларында тыныштық орнамай тұрған Қырғызстан мен Ауғанстанның президенттері Роза Отунбаева мен Хамид Кар­зайдың сөй­леген сөздеріне тыңдау­шылар шынайы жанашырлық білдірді. Олар сондай қиын­шылық жағдайда қол ұшын беріп, зор көмек көрсеткені үшін Қазақстан Рес­публикасы мен оның көшбасшы­сына айрықша ризашылық сезімдерін білдірді. Саммитте ұзақ уақыттан бері өз іштерінде бүліншілікке жол беріліп, ха­лық­тары күйзеліске ұшырап келген Әзір­­байжан, Армения және Грузия елдеріндегі жағдайларға едәуір алаңдау­шылық білдірілді. Олардың басшы­ларынан қалыптасып отырған шиеленіс жағдайды тезірек ретке келтіріп, ел ішінде тұрақты бейбітшілік ахуалын орнықтыру жөнінде кеңестер берілді. * * * Екінші күні түстен кейін Саммитке қатысушылар арасында жеке кездесулер өткізілді, делегация жетекшілері тара­пы­нан Саммиттің ұйымдастырылуына жоғары бағалар берілді, басқосуды өт­кізіп отырған елге, оның басшысына шын жүректен алғыстар айтылды, ізгі тілектер білдірілді. Саммитті ұйымдастырушыларға көр­­­сетілген сенім мен айтылған алғыс биік мәртебе мен мерейдің тоғысқан жері еді. Жұмағали ЫСМАҒҰЛОВ. Алматы. * * * ОСЫ ҒОЙ ШІРКІН ЕЛ БАҒЫ! Тәуелсіз тірлік – мәңгі асыл, Тертесі мықты, Текті елдей. Саммит те өтті... Сан ғасыр Бір күнге сыйып кеткендей. Өресі биік – талғамы, Өркенді елде нұр бардай. Саясатымның салмағы Санаға түсіп тұрғандай. Заманға мынау кім ие?! Боламын қалай аласа – Көз тігіп төрткүл дүние Астана жаққа қараса! Бәрі де құштар көруге, Сезімін кім бар шектеген?! Дәл мұндай Қазақ жерінде Алқалы жиын өтпеген. Астана, неткен сүйікті ең, Дөңгелеп дүние ұршықтай... «Бәйтерек» деген Биікке, Кете алмас ешкім бір шықпай. Тәуелді болсақ қайтер ек, (Өткенге, досым, жасыма!) Көтеріп бізді Бәйтерек, Апарды Күннің қасына! Сілкініп алдық бір дүркін, Осы ғой шіркін ел бағы. «ЕҚЫҰ» деді ел-жұртым, «Е, бәсе...» дедім мен-дағы. Сарыарқаның даласы Алашқа біткен төр еді. Адамзаттың баласы Қазақтың туын көреді. Елбасымыз бастаған Ер халқым қандай өр енді! Арқада ару Астанам Еуразияға төр енді! Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ.