Жуырда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде аталған ведомствоның бастамасымен «Өңірлік жұмыспен қамту және мамандарды қайта даярлау стратегиясын жүзеге асырудың қорытындылары» тақырыбында баспасөз мәслихаты өткізілді. Журналистердің басын қосқан аталмыш баспасөз мәслихатында «Жол картасы» бағдарламасының жалпы нәтижелері мен атқарылған жұмыстар тізбесі жарияланды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс жағдайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен жүзеге асқан халықты өңірлік жұмыспен қамту стратегиясының маңыздылығына тоқталды. Министрдің сөзіне қарағанда, «Жол картасы» бағдарламасын қаржыландыруға 2009 жылы 191 млрд. теңгеден астам және 2010 жылы 151 млрд.теңгеге жуық мөлшерде қаражат бөлінген. Бұл бөлінген қаражат деңгейінде екі жылда барлығы 8 962 жоба іске асырылыпты. Аталған инвестициялық жобалар аясында 392 мыңға жуық жұмыс орындары құрылған. Осының нәтижесінде еліміз бойынша жұмыссыздық деңгейі 2010 жылдың ІІІ тоқсанында 5,6 пайызды құраған. Бұл жұмыссыз жүргендердің саны 482 мыңға жуық адамды құрайды деген сөз. Ал бұл көрсеткіш жұмыссыздар қатары абсолютті түрде 76 мың адамға азайғандығын білдіреді.
«Еңбек рыногының тұрақтануына «Жол картасы» бағдарламасының аясында салынған әрбір құрылыстың да, кез келген жолдың да жауапкершілігі айтарлықтай жоғары. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қамсыздандыру нысандары бойынша да осыны айтуға болады. Сонымен қатар, жас түлектер үшін алғашқы жұмыс орны, алғашқы өндірістік тәжірибелері мәселелері де аталған бағдарлама аясында сәтті атқарылған. 16 000 жас тұрақты жұмыспен қамтылды», деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Одан кейін Көлік және коммуникация вице-министрі Еркін Дүйсенбаев «Жол картасы» бағдарламасы аясында республика көлемінде жөнделген жолдардың жағдайына тоқталды. Сондай-ақ ауылды елді мекендерді көгалдандыру, гүлзарларды жөндеу, аумақтарды санитарлық тазалау және жинау сынды жұмыстар да өз нәтижелерімен тиянақты атқарылып келеді екен.
Бағдарлама аясында кадрларды даярлау және қайта даярлау мәселелері де өзекті болып табылады. «Жол картасы» жобаларын және индустрияландыру жобаларын іске асыру үшін қажетті кәсіптер бойынша, сондай-ақ шетелдік жұмыс күші тартылатын кәсіптер бойынша да қайта даярлау жұмыстары аспаз, шаштараз, есептік курстар, ЭЕМ операторлары, автокөлік жүргізушісі, құрылысшы сияқты мамандықтарды қамтыған болатын.
Қорыта айтқанда, экономиканың өсу қарқыны бәсеңдеген кезде «Жол картасы» өзіне тиесілі жүкті де, жауапкершілікті де өз деңгейінде атқарып келді. Жұмыссыздарды жұмыспен қамту, оларға еңбекақы төлеу, әлеуметтік инфрақұрылым әлеуетін арттыру сынды көкейкесті мәселелер болашақта да аталған бағдарламаның аясында кең ауқымды түрде атқарылатыны күмәнсіз.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.