• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2010

Дос туралы бір үзік сыр

1704 рет
көрсетілді

Қамшының сабындай қыс­қа ғұмырда ыстық-суықты, тәт­ті мен ащыны қатар татып, қызық пен қиындықты бө­ліскен дос­тың орны бөлек. Бала шақтан тай-құлындай тебісіп бірге өс­кен, жігітшілік дәуреннің қы­зы­ғын бірге көрген жолдас­тар­дың барлығымен бірдей ел ағасы жасына қатар жете бер­мейсің. Кейбірімен жас күніңде жолың екіге айырылса, кейбірінен ересек шақта қол үзіп қа­ласың. Сондықтан ел ағасы жа­сына жеткенше жұбың жазыл­ма­ған ежелгі достың болуы да тағдырдың үлкен сыйы. Осындай қадірлі қанатта­сымның бірі Бірлес Бима­қа­нов. Ол екеуміз сонау 1962 жылы танысып, бірден тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Бірлес біз тұратын Сол­түстік Қазақстан облысындағы Николаевка селосына Алқа­ағаш­тан келді. Сол жылдардан бері екеуміз мектеп қабыр­ға­сында бірге оқыдық. Заманда­сым халқымыздың сегіз қыр­лы, бір сырлы азаматы дейтін­дей-ақ жігіт. Қазақы қара дом­бырасын күйлеп алып, әуелете ән салғанда ризалыққа бөлей­ді. Спорттың түр-түрінен де хабары бар. Ауылымыздың волейбол командасын құрып, ау­дандық, облыстық сайыстар­дан жеңімпаз болған біз 1966 жылы республикалық жарысқа Алматыға да қатар барып едік. 1969 жылы Бірлес жоғары білім алу мақсатымен Алатау аясына аттанды. Ауыл шаруа­шылығын өркендетуге өз үле­сін қосуды армандайтын ол осы сала мамандарын даяр­лай­тын оқу орнына түсті. Менің де үкілеген үмітім ақталып, Ташкенттегі әскери училище та­балдырығын аттадым. Ал ек­­інші курста оқып жүрге­нім­де Алматыда әскери училище ашылып, біз оқуы­мызды сонда жалғас­тыр­дық. Сөй­тіп, аз уа­қытқа жұ­бы­мыз жа­зылғаны­мен, астанамыз­да қай­та та­быс­тық. Сол студент шақ­та біздің ба­лалық таныс­ты­ғымыздың буы­ны қатайып, сенімді жол­дас­тыққа айналды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Торғай облысына жолдама алған досыммен біраз жыл араласа алмай кетіп едік, бірақ сәті түсіп, хабар алысып, таныстық жібін қайта жал­ға­дық. Енді отбасымызбен ара­ла­сатын болдық. Солтүстік Қа­зақстан өңіріне оралғаннан кейін Бірлес ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызмет­тер атқарды, кәсіби-техни­ка­лық училище басқарды. Қай қызметте болса да, жолдасым­ның өзіне артылған сенімді абы­роймен атқарып, адал ең­бек ететініне куә болдым. Мұның бәрін неге айтып отырмын?! Әрине, ғұмыр берсе, ағалық жасқа бәрі де келеді ғой. Бірақ Бірлестің адамгер­шілігінің биіктігі, жанашыр­лы­ғы мен достыққа адалдығы кейінгі жастарға үлгі-өнеге болар деген ниетпен әңгімелеп отырмын. «Жақсының жақсы­лығын айт, нұры тасысын», – дейді халқымыз. Досым тура­лы сөз еткенде оның қазақи ру­хы, салт-дәстүрге, ұлттық тәр­биеге адалдығы алдымен тіл­­ге оралады. Адамгершілігі мол азамат айналасын­дағы­лар­ға нұр-шапағатымен қарайды. Бір жылдары денсаулығы сыр беріп жүрсе де, туыстары мен достарына деген ықыласын ая­мады. Оның қырық жыл отас­қан жан жары Ұлжанмен сый­лас­тығы, сүйікті қыздары мен немерелеріне берген ұлағатты тәрбиесі көңіліңді шуаққа бө­лейді. Жақсы әкенің тәрбиелі қыздарына жар болған күйеу балалар да мақтауға тұрарлық. Мысалы, Әлімжан деген бала­мыз Көкшетау қалалық мәсли­хатының депутаты, белгілі спорт­шы, халықаралық дәре­же­дегі спорт шебері, жан-жақ­ты еңбегімен өңірдің дамуына өз үлесін қосып жүрген азамат. Бірлес досым қазір Петро­павл­дағы бұрынғы кәсіби-тех­никалық училище, бүгінгі кол­ледждің директоры. Марқұм әкесі Мәнап секілді педагог­тық қызметке оралды. Солтүс­тік Қа­зақ­стан өңірінде көпте­ген отан­дастарымыз секілді тәу­елсіз ел­дің дамуына өз әл­інше үлесін қосып келеді. Не­ме­релерінің өне­гелі атасы, дос­тарының сенімді серігі, елінің қадірлі азаматы. Қымбатты достың ме­рей­то­йы алдында осылай деп сыр шертіп, денсаулығы мықты, ғұ­мы­­ры ұзақ болсын деп тілеймін. Абай ТАСБОЛАТОВ, республикалық Ұлан қолбасшысы, генерал-лейтенант.