Әлемге аты белгілі Екібастұздағы «Богатырь» кенішінің еліміз үшін стратегиялық маңызы бары белгілі. 1996 жылдары «Аксес индастриз» атты америкалық компанияның қарауында болды. Америкалық қожайын кеткен соң, еліміздегі «Самрұқ-Қазына» АҚ мен ресейлік «РУСАЛ» компаниялары алып кеніштің бұдан арғы тағдырына иелік етуді өз қолдарына алды.
Бұл күндері «Богатырь Көмір» ЖШС құрамына енетін бұл алып кешен өндіретін көмірді еліміздің 11 электр стансасы мен ірі кәсіпорындары, Ресейдің 6 бірдей электр стансасы тұтынады. Өткен жылдармен салыстырғанда кеніштегі өндірістің барлық жүйесі жаңаша бағыт алып, жаңа заман талабына сай өзгеріске енді. Бұрын қол жете қоймайтын технологиялар жаңартылды. Кеніште жаңа заман жүйесі тетіктерімен жабдықталған 5 роторлық экскаватор жұмыс жасайды. Яғни, көмір кеніштен сыртқа ескі «БелАЗ» жүк көліктерімен, вагондармен тасылса, қазіргі күні оларды жапондық ауыр жүк мәшинелері алмастыруда. Сонымен қатар кеніште былтырдан бастап көмір тасымалдаудың жаңа циклды-ағынды технологиясы енгізілуде. Оның негізін гидравликалық экскаваторлар, ауыр жүк көліктері, қайта тиеу пункттері, ленталы конвейер және ұсақтағыш кешен жабдықтары құрайды. Күрделі тетіктерден тұратын мұндай жаңа жүйенің тиімділігі – ол өнімділікті еселеп, ауаға араласатын шаң-тозаңды мейлінше азайтады. Өндірістік шығындарға жол бермей, кеніштің жылына 50 миллион тоннаға дейін көмір өндіруіне мүмкіндік береді. Осы жылдар ішінде кеніш 1 миллиард 370 миллион тонна көмір өндіріпті. Ал, биылғы жыл соңына дейін кәсіпорын Ресейге 42 миллион тонна көмір тиеуді жоспарлап отыр. Жалпы, қолға алған, жоспарға енген жобалар іске қосылғанда жылдық өндіріс 55 миллион тоннаға дейін жететін болады. Міне, осындай жайлар ел аузында Баһадүр-«Богатырь» атанған кеніштің 40 жылдық мерейтойында айтылып жатты. Салтанатты кешке жиналған кеншілер мен қонақтарды «Богатырь Көмір» серіктестігінің бас директоры Виктор Щукин осындай ойлар төңірегінде жақсы сөздер айтып, мерекемен құттықтады. Бүгінде біздің облыста жаңа индустрияландыру бағдарламасы аясында 54 жоба жүзеге асып жатса, оның оннан астамы Екібастұз өңіріне тиесілі. Көмір кеніші де бұл жобалардан тыс қалған жоқ. Шахтерлерді мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев «Баһадүрдей» алып кеніштің өңірдің дамуы үшін, әлеуметтік-экономикалық саланы алға бастыруда маңызы зор» –деп атап өтті. Кеніштің дамуына еңбек сіңірген азаматтардың бір тобы құрмет грамоталары және алғыс хаттармен марапатталды.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.