• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2010

Күлесің. Кейде күрсінесің...

808 рет
көрсетілді

Журналист жолда жүргенде

Майы тамған МАИ Қызылорда жаққа қатынайтын авто­бус­тамыз. Кейде көп жолаушы мінетін кә­дуілгі көгілдірлеу көлігіңізбен жүрген де жақсы. Алуан-алуан адамдарды кө­ре­сіз. Түрлі-түрлі мінездерді бай­қай­сыз. Ай­нала-төңірек анық аңғарылады. Әне­киі­ңіз, желтоқсаныңыздың өзінде өрік­тер­дің қы­зыл­жалқын жапырақ­та­ры жү­ре­гіңізді лү­піл­детеді. Қарабарқын егіс­тік­тердің жиектеріндегі қысқы көгіңіз көк­темді елестетеді. Қазандағыдай мизам қалықтайды. Жанымызға жайғасқан Құдайберген де­ген кісіңіз Түркістан төңірегінде тұ­ра­ды. Бұрын­нан таныспыз. Көп оқитынын, га­зеттерге аян­бай жа­зы­­­латынын, талай ба­сы­лымды ал­дырып үңі­­летінін білеміз. Та­би­ғатқа сүйсініп біраз отырған соң әң­гі­ме тақырыбы МАИ жақ­қа ауысқан. «Мен МАИ-ларыңызға жүдә қа­па­­мын, – дей­ді Құдекең. – Осы автобуспен об­лыс орталығына оқта-текте барып қайта­мын. Бірде Алматыдан әдейі шақырған мей­ма­нымды пойыздан күтіп алып, автобуста бір­ге келе жатқам. Өзі өте-мөте бия­зы, зия­лы, нәзік жанды адамтұғын. Ор­да­басы тауы­ның тарихи ма­ңы­зын әң­гі­ме­леп, тебіреніске түскенбіз. Анау қы­рат­та МАИ тоқтатты. Жү­ріс-тұ­ры­сы жүдә қиын. Тал­тайып, шалқайып, ші­рен­генінің өзінен-ақ қасымдағы қо­нақ­тан қысылдым. Жаңағы МАИ жұп-жуан мой­нын бұра алмай, жонын күдірей­тіп, тая­ғын «тербейді». Автобустың жүр­гі­зу­шісі қағаз-құжат­тарын қобырата уыстап, қал­балақтап қасына жетті. МАИ-дың өкі­лі бедірейген күйі. Кенет қонағым ба­сын шайқады. Мен терлеп кеттім. Сіз қа­лай ойлайсыз? МАИ қыз­мет­керлері ең мә­де­ниет­ті, ең кішіпейіл, ең ізетті, көр­ген­де көз сүйсінетін, көңіл марқаятын адам­дар бо­луы керек емес пе? Мына ұлан даланың ұлы жолымен бүгінде не­ше­түрлі меймандар жүр­мей ме? Түр­кіс­тан­дайын түркі дү­ниесі­нің текті төріне, Қожа Ахмет Ясауи сынды ұлы ұс­та­зы­мыз­дың, шырын ша­йы­ры­мыздың кесенесіне бара жатқан ізгі ниетті үлкен-кі­ші­лер, саяхатқа шыққан сту­дент­тер мен оқу­шы­лар автобус-автобус боп өтіп жа­тыр ғой. Со­лар­дың бәрі МАИ-да істейтін, ісіп-кепкендей, құлқын­дарын ақ­ша тескендей, шақшия ақия­тындардың түр-тұр­патынан шошымай ма?» «МАИ-ларыңыздың бәрі бірдей сіз су­реттегендей сықпытта емес шығар? – дей­міз біз. – Небір ұнамдылары бар сияқ­ты ғой». «Жалпы МАИ-да мәдени деңгей тө­мен. Пейіл-пиғылдарын бір ғана түйткіл бу­ған соң бәрі дерлік бір сұрыпта сияқ­ты сезіледі. Ал, түптеп түсінсе, олар тәр­биеші болуға тиіс. Жолда жүретін МАИ-лар ұлттың келбетін, жұрттың са­пасын та­нытар тұлғалар емес пе? МАИ дегеніңізде «мем­лекеттік» деген сөз бар ғой! Мем­ле­ке­тіңіздің мәдениеті ең әуе­лім осылардан кө­рінбей ме?!» – деп қы­зын­ды Құдекең. Бой берер түрі жоқ. Ойпырай десеңізші, осы кезде жапы­ра­ғы толық түспеген топ ағаштың та­са­сы­нан жуан қара жұлқына шықты. МАИ қыз­­меткері. Ал­ды­мыздағы жеңіл мә­ши­не­ге арнайы таяғын анайы түрде жұлқи сіл­теп, сілки сермеп, зілдене зыр ай­нал­дыр­ды. Автобусты қоса тоқ­тат­ты. Таяқ­пен сес көр­сетіп, сұс танытудың түрлі-түр­лі тә­сіл­дері болатын секілді. Өйтіп өкі­реңдей өжең­дегенше, сабап тас­та­ға­ны жеңілдеу со­ғатын сияқты. МАИ-ыңыз айылын жияр емес. Езуінде өзіне ұқсас ұзын да жуан сигарет. Тү­тінді будақ-будақ шығарып, талтаң-талтаң етеді. Топ ағаштың тасасына ты­ғы­ламын деп, қыстың өзінде қатты ыс­тық­таған ба, маң­дайынан тер, желкесінен май та­ма­тын­дай. Жеңіл  мәшиненің жүр­гізушісін тасадағы темір көлігіне қа­ра­та әкетіп ба­рады. Автобус шопыры да ар­тынан ілесті. «Көрдіңіз бе?! Күйіп кетем-ау, күйіп ке­тем ғой осындайда! Түсем! Үйретем МАИ-ға мәдениетті!» – дейді Құдай­бер­ген. «Сабыр-сабыр, Құдеке», – дейміз біз. «Қу дүние» дүкені Шалғайырақтағы Шұбар ауылына жо­­лымыз түскен. Қазақтың белгілі ақы­ны, ақжарылқап азамат, оншақты жыр кі­табын шығарған Камардин Бектұрсын­ұлы­ның кін­дік кескен, туып-өскен, ғұ­мыр кешкен сүйікті мекені осы. Марқұм осында табан аудармай тұрып, кәсіптік-техникалық мектепте көп жылдар бойы же­місті жұмыс істеп, ұстаздық етіп еді. Ол кісінің көзі тіріде училищеде бірер мәрте болғанбыз. Міне, Камардин көке­міз­дің үй-жайлары артта қалып барады. Күрсіндік. Күбірлеп бетімізді сипа­дық. Келесі бір айт күндері келерміз-ау. Дейміз ішімізден. «Сіздер білесіздер ме? – деп күлді жа­ны­мыздағы жігіт. – Камардин аға­ла­ры­ңыз­дың дүкен ашу хикаясы керемет қызық болған». «Жоқ, білмейміз. Естімеген екенбіз», – дейміз. «Ойбай, онда тыңдаңыздар. Елдің бі­ра­зы кафелер, дүкендер, тағысын-тағы нәр­селер аша бастаған жылдар еді ғой ол.  Бек­тұр­сын­ұлы Камардин ағай ша­ғын ғана дүкен ашпақ­қа бекінеді. Анау-мы­нау­ла­рын жай­бағыс­тай­мын деп біраз шар­шай­ды. Дүкеннің атын қояр­да қатты ой­ла­на­ды. Алғашқыда «Абы­рой» деген атқа тоқ­та­ған екен. Солай тіркетіп, алты мың тең­гедей ақшасын төлейді. Тіркетіп, жазып қойып, тағы толғанады. «Әй, осы дүкен бізге абырой әпере ме, әлде қа­сықтап жи­наған, қаламмен нығайтқан абы­рой­дан айы­рып жүре ме? Қой, «Абыройды» өзгер­тейік, барлық жаңа тірлік тәуекелден басталады емес пе? «Тәуекел» деп атай­мыз». Деп шешеді. Тағы да тіркетеді. Ал­ты мың теңгесін төлейді. Жаздырады. Сонсоң және уа­йым­ға түседі. «Осы «Тә­уе­келім» қалай болар екен? Оңай ат емес. Қай жарға апа­рып соқтырады тәуекелім? Қой, мұ­ны да өзгер­тем. Айналып келгенде, бәрі қу дүниенің қа­мы. «Қу дүние» деп ата­­ған жөн шығар». Дегенге тоқтайды. Та­ғы да тіркетеді. Төлейді... Әңгімеші жігіт осыны айтып, рахатта­на күлді. Бектұрсынұлының «Бірбеткей» деген ата­­ғы бартұғын. Алған бетінен қайт­пай­тын. Бала-шағасы, әсіресе, әзіліне де, зіліне де әбден үйренген зайыбы ләм-мимсіз көнеді. Әнекиіңіз, анау тұрған сол «Қу дү­ние» дүкені. Тоңқалаңдаған таксилер Қызылорда облысының Шиелі ауда­нын­да жүрміз. Темір жол стансасына бұ­ры­лар жерде, жолдың жиегінде ақ «Жигули» аудары­лыпты. Қорқып кеткенбіз. Абы­­­рой болғанда, адамдардың бәрі аман екен. Балалы әйел бір шетте шүкіршілік ай­тып отыр. Құшақтаған сәбиін қайта-қай­та бауырына қысады. Қол-аяғын си­па­лайды. Сау екеніне көзі жетіп, кірпіктерінен жас сырғанайды. Қалған жолау­шы­лар-дағы түс көргендей күйде. Ақ «Жи­гу­ли­дің» жүргізушісі кешірім сұрап, мә­шинені ары да айналады, бері де ай­на­лады. Темір көлік, әрине, қатты бү­лін­ген. Адамдарды Алла сақтаған. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары ауыл­дардың бәрінде таксишілер көп-ақ. Ауыл­да­ғы­лар алдымен азын-аулақ ақша жи­найды. Жедел түрде жеңіл мәшине сатып алады. Арзан бағамен, әрине. Ескі мә­шиненің тізгінін ұстау үшін тездетіп жүргізуші куәлігін де таба қояды. Қа­лай? Қандай жолмен? Ол жағы және тү­сі­нікті. Осылайша мәшинені әзер жүр­гі­зетін, жаңа-жаңа үйренген жастар да, жа­самыстар да таксиші болып шыға келеді. Бая­ғы «Москвичтер», «Жигулилер», «Аудилер», «Маздалар», «Опельдер», «Гольфтер»... Қызылорда облысында ғана емес, Оң­түстік Қазақстан және Жамбыл об­лыс­та­рын­да да осындай. Барлық ау­дан­дардың ауыл­дарында тізіліп тұрар так­си­лерді бай­қай­сыз. Ондап. Жиырмалап. Отыздап... Мәшинелердің басым көпшілігі ескі. Жүр­гізушілерінің басым бөлігінің тә­жі­рибесі аз. «Жұмыс жоқ. Ең жеңілдеу саналар, та­бы­сы тезірек қалтаға түсер кәсіп бол­ған соң...» деседі. Таксишілеріңіз. Міне, жүргізушілер жолаушыларға та­ла­сулы. Әне, тоңқалаңдаған таксилер жолға шықты. Алла сақтасыншы. Адамдарды. Сегіз сағаттағы сексен «дабай» Жамбыл облысының Жуалы ау­да­нын­дағы жездеміздің үйіне жиірек ба­ратынбыз. Көріп қайтқымыз келіп тұ­ратын. Тараз жаққа жол түссе, қайы­ры­луға тырысатын ек. Қуана-қуана қарсы алатын. Құрақ ұшып, қой соятын. Атын ерттеп беріп, тоғайға серуендеп қайт дейтін. Бүгінде біраз өзгерген. Өйтпейді. Бұ­рынғыдай емес. Сонда да оқта-текте барамыз ғой. Міне, тағы бұрылдық. Сағынып. «Дабай-дабай, келіңдер, – деді  жездеміз. – Маладес, біраздан бері көрінбей ке­тіп еңдер». Әпкемізге қарап, желкесін қасыды: «Дабай-дабай, өрістен қара тоқтыны алды­райық». «Жоқ. Рахмет. Асығыспыз», – дедік. «Дабай, онда бір-екі тауық сойып, жыл­дам булап жіберіңдер», – деді ке­лі­ні­не қа­рап. «Балалардың бәрі жұмыста. Мақ­са­ры орып жатыр», – деді бізге бұрылып. Үш-төрт сағаттың ішінде шамамен қы­рық рет «дабай» деді. Жездеміз. Санап отыр­дық. «Дабай-дабай, алыңдар», – дейді та­уықтың буланған етін рахаттана қар­бы­тып отырып. Қайтарда: «Ал, дабай, жақсы. Дабай, жиі-жиі кеп тұрыңдар», – деді жездеміз. «Дабай, аман боңдар, – дейді көршісі. – Маладес, ұмытпай келгендеріңе». «Дабай, көке, кеп тұрыңыздар», – дейді мақсары жақтан сусын әкетпекке соқ­қан жиен ініміз. Тек әпкеміз ғана «дабай» демеді, әй­те­уір. «Айналайын» – деді ол кісі. – Ай­на­лайындар...» Жол-жөнекей екі-үш үйге кіргенбіз. «Құтты босын» айтуға. Құрдастарға. Клас­­тастарға. Бәрі де: «Дабай-дабай» де­седі. Бірталайы: «Маладес!» деседі. «Да­бай» мен «маладессіз» сөйлемейді-ау, сөй­лемейді. Сол сапарымызда ше, сегіз сағаттың ішінде сексен «дабай» санағанбыз. «Ма­ла­дес» те аз емес. Осы қазақ «дабай» мен «маладестен» ары­ла алмас па екен?! Бәлкім, біздің тіл төңірегіндегі ғұлама ғалымдарымыз бен май­талман маман­дарымыз, жауһар жа­зу­шы­ларымыз бен ақиық ақындарымыз «да­байыңыз» бен «маладе­сіңізді» алмас­ты­рар әсерлі сөздер ойлап табар. Мүм­кін, мемлекеттік тіліміз шын мәр­те­бе­сі­не, шы­найы тұғырына сонда көтерілер. Осыған бәріміз, біріміз қалмай, барша қазақ атсалыссақ қайтеді? «Айналайын­дай» айрықша сөзі бар қазақ «дабай» мен «маладеске» балама таппай­ды де­ген­ге сенгің келмейді. Дабай, ойланайықшы. Күләнда Шүкіршілік. Той көп. Дүйсенбіден жексенбіге дейін. Тойханалар босамайды. Тағы да тойдамыз. Алыстағы Жаскешу ауылы. Төрт тойхана бар. Сол төрт той­хана­ңыздың бірі – «Ұмсынай анада» оты­рыппыз. Жамағайынның тойы. Келін тү­сірген. Кешігіп басталды. Екі жарым са­ғаттай. Қанша айтсаңыз да, қанша жаз­саңыз да, қазекем өстеді. Деп, кү­ле­міз. Күр­сінеміз. Аса­ба тым жат­тан­дылау. Әл­денеше жүз­деген мәрте естіген әң­гі­ме­сы­мақ­тарды қайталайды. Зорлап күл­дір­мек болады. Той мүлде қы­зық­сыз­да­нып, кө­ңіл­сізденіп бара­ды. Кетіп қал­са­ңыз, мен­сінбеді дейді. Өкпелейді. Оты­з­шақты адам­­нан топ-топ тізбелеп, сөзге ша­қы­ра­ды. Асаба. Нағашылар. Қылауы түспеген құ­далар. Жаңалау құдалар. Ес­кі­леу құ­да­лар. Жезделер мен әпкелер. Бажалар мен бөлелер. Дейді. Отыз­шақ­ты адамнан ең кемі жеті-сегізі сөйлейді. «Не айтам...» деп бастайды. Ұзақ­қа кетеді. Бірін-бірі қайталайды. Тың­дап жат­қан жұрт жоқ. Ара-арасында қиқаң-си­қаң би. Кей-кей тұста әсер­сіз ән. Оларға селт етер жан табылмас. Енді-енді кетпекке бел байла­ған­быз. Өк­пелемес дегенбіз. Кенет ортаға бір келіншек шықты. Асаба­ның қолынан микрофонды сұрап алды. Даусы да өзгеше, әсерлі екен. «Мы­на тойдың барысы маған онша ұна­май тұр! – деді. – Немене, бәріңіз бір­түр­лі боп отырсыздар. Тымырайып. Тым­пиып. Бір-біріңізді сынап. Алы­сы­рақ отыр­ғандарды мінеп. Өсек айтып. Тойға келген соң шын көңілмен, ашық-жарқын пейілмен, текті тілекпен кел­мей­сіздер ме? Анау бір шетте, қа­ра­­па­йым ғана күйде, ойланып отыр­ған аға­мыз той туралы талай мәрте жаз­ып жүр емес пе? «Егемен Қазақстан» газетінде екі жылдай бұрын мәселе көтеріп еді ғой. Ортамызда сол кісі отырғанда, мына тойды тап осылай өткізгеніміз жараса ма? Аға! Мына тойда сізбен бірге болғанымды мақтан ететінімді естісін мына жұрт. Әдейі өзім шығып тұрмын. Сіз мені танымайсыз, аға. Мен «Егемен Қазақ­стан­ның» тұрақты оқыр­ма­ны­мын. Газетіме және үн-түнсіз отырған сізге арнап ән айтып беремін...» Деді. Емін-еркін. Емен-жарқын. Келіншектің аты Күләнда екен. «Ән­нің де естісі бар, есері бар...» Ай, ай­на­лайын Абай-ай. Күләнданың әнін төрт жүзге тарта адам ұйып тыңдады. Халық әні. Сағыныш та бар. Мұң да тұнып тұр. Ду қол шапалақталды. «Жұп болсын!» «Жұп болсын!» Деседі жұрт. Екінші ән әуеледі. Ғажап. Күләнданың қос әнінен кейін то­йы­ңыз­дың табиғаты түлеп сала берді. «Ағай, сізді биге шақырамын, – деді Кү­ләнда сіздің тілшіңізге, микрофон арқылы. – «Егемен Қазақстанның» қа­тар­дағы оқыр­манымен билеңізші, аға!» Биледік. Күләнда тойға келген бар­ша­ның сүйіктісіне айналды. Жаңа құ­далар жағынан да «Егеменнің» оқыр­мандары та­былды. Шардара даласынан, Сыр бо­йы­нан екен. Жаңа құдалар. «Тойдың екінші жартысы ерекше боп кет­­ті ғой», – дескендер көбейген. Күлән­да ән­нің де, бидің де, текті тілектердің де бастаушысы боп жүрді. Өкінішке қарай, атын ғана біліп, жөн-жосығын, қайдан келгенін, нендей ма­ман­дықтың иесі екендігін де сұра­мап­пыз. Той көп. Шүкіршілік. Күнде дерлік. Тойханалар босамайды. Тойлар қызық­сыз­­дау боп бара жатса, құлаққа Күлән­да­ның жарасымды әні мен жадыраңқы үні келеді қазір. Мархабат БАЙҒҰТ.