Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша жол-көлік оқиғаларынан жылына 1,3 млн. адам қаза тауып, 50 млн. адам түрлі дәрежеде жарақат алады немесе мүгедек болып қалады екен. Мәселен, біздің жақын көршіміз Ресейде 2007 жылғы деректер бойынша 33 308 адам көз жұмып, 292 206 адам жарақаттанған. Одан келген экономикалық шығын 34 миллиард АҚШ доллары көлемінде болса, біздің елімізде бұл шығын мөлшері 3,5 миллиардты құраған. Ал зардап шеккен адамдар 32 988-ге жетіп, 4 365 адам бақиға аттанған. Ендеше, жол апатын болдырмаудың жолы қайсы?!
Біздің тілшіміз әңгімелескен өнертапқыш Алмат САЛҒАРА өзі жол апатына ұшырағаннан кейін, осы өкінішті оқиғаның алдын қалай алуға болады деген оймен біраз ізденіпті. Ақыры дегеніне жеткен ол жол-көлік апатының алдын алуға көмектесетін құрал ойлап тауып, оған Швейцариядан патент алыпты.
– Алмат Қойшығараұлы, өзіңіз ойлап тапқан өнертабыс жайын айтып беріңізші. Оның осыған дейінгі жол қауіпсіздігін сақтауға көмектесетін құралдардан ерекшелігі қандай? Сіздің өнертабысыңыздың шетелдік ізденістерден айырмасы неде?
– Қазір кез келген көшеде келе жатқан адамнан жол-көлік оқиғасынан (ЖКО) зардап шеккен таныстарыңыз, туыстарыңыз болды ма деп сұрап көріңізші, жоқ, деп жауап беретін адам таба алмайсыз. Мен де осы көлік апатына ұшыраған адаммын. Оқиғадан кейін маған осының алдын алуға болмай ма деген сауалдың төңірегінде ойлануға, оған жауап іздеуге тура келді. Неге жол-көлік оқиғалары жиі болады? Неге дені сап-сау адамдар бір оқиғадан кейін қалған өмірін мүгедектікте өткізеді.
Рас, жылдан жылға осы оқиғаларды болдырмау үшін, оның алдын алу мақсатында түрлі шаралар өткізіліп, қондырғылар да қойылып жатады. Олардан белгілі бір дәрежеде көмек бар, алайда ЖКО-ны түпкілікті жоюға дәрменсіз.
Мәселен, жұртшылық “жолда жатқан полицей” деп атайтын әдісті алайық. Дұрыс-ақ, бірақ осы “полицейлер” жатқан жерлерге белгі қойылмайды, егер жүргізуші жолда жаяу жүргінші жоқ па екен деп бір сәт алаңдап қалса, биік жатқан полицейге көлігінің астын ұрып соғып алады. Енді көшелерде орнатылған жылдамдық өлшегіштерді қарастырайық. Олардың қай көшелерде орналасқанын қалаға сырттан келген адамдар ғана білмей қалмаса, қаладағы көлік жүргізушілер қай көшеде, қай жерде осындай құрал тұрғанын жатқа біледі. Оған таянған кезде жылдамдығын баяулатып, өткен соң бәз-баяғы заулаған күйіне түсіп кете барады. Жүргізушілердің радарлардың қолына түспеудің де неше түрлі әдіс-тәсілдерін игеріп алғаны аян.
Енді өзім тапқан өнертабысқа оралайын. Оның негізі жол қауіпсіздігін сақтайтын белгілер мен көліктің интерактивті болуы. Ол не? Мәселен, көшеге қойылған белгілер осы күнгідей тек көрініп қана тұрмауы керек, онда көрсетілген белгіні кез келген көлік бұйрық тәрізді орындауы тиіс. Және бұл белгілердің өзі қатып қалмай тәулік мезгілдеріне, күн райына (боран, тұман, жауын) қарай қажетті жылдамдықты көрсетіп тұруы тиіс. Мысалы, қалаларда балабақша, мектеп жақын орналасқан маңайларда ол оқушылардың сабаққа кіретін және сабақтан шығатын уақыттарында жылдамдықты шектеп, қалған уақытта ол жерге басқа жылдамдықты қоя алады.
Сонымен өнертабыс өмірімізге енген жағдайда жүргізуші емес, көліктің өзі көшеде орнатылған белгіден келіп түскен бұйрықты орындайды. Және ол қазіргідей көліктерді оның нөміріндегі бір артықшылық белгілерге қарап, бастықтың көлігі, болмаса жәй қарапайым адамның көлігі деп бөлмейді. Қондырғының тағы бір артықшылығы – көлік ұрлау қылмысының құрықталуы. Ол арқылы жоғалған көлікті тез-ақ тауып аласыз.
Мен “Алаш” деп атау беріп отырған патенті алынған өнертабыстың ерекшелігі мен артықшылығы сол, көлік көшедегі көрсетілген жылдамдықтан титтей де артық жүре алмайды. Және бір айта кететін нәрсе, осындай қондырғысы бар көлік жүргізуші ішімдік ішкен жағдайда орнынан мүлдем қозғалмайды. Өзіңіз білесіз, негізінен жол-көлік апатының басым көпшілігі осындай ішімдік ішіп, тізгін ұстаудың салдарынан.
Бұл негізінен әмбебап жүйе. Оны көліктің қай түріне де, мопедтен бастап жүк тасымалдайтын үлкен көліктерге, олардың қандай отын түрімен жүретініне қарамастан, орнатуға болады. Қондырғыны орнатқаннан көліктің ешнәрсесі де өзгермейді, тек жол ережелері белгісін оқи білетін, бұйрығын бұлжытпай орындайтын қосымша қондырғысы ғана болады.
– Өте қызық екен. Сонда бұл тек көліктерге ғана орнатылатын қондырғы емес қой. Ол өз дәрежесінде жұмыс атқаруы үшін оған бұйрық беретін “ақылды” белгілер орнату да керек емес пе? Сонда бұл өзі тұтастай жүйе болды ғой. Ендеше, жүйені орнату белгілі бір дәрежеде қаражатты талап етеді. Оған мемлекет те, жеке көлік иелері де ақшасын шығаруы тиіс қой.
– Дұрыс түсініп отырсыз, шынында да мұны тұтас жүйе, ағза деуге келеді. Иә, оны енгізу үшін саяси күш-жігер қажет десем, артық емес шығар. Бірақ бәрінен де адам өмірі қымбат екенін ескерсек, осы жүйені орнатқан мемлекет ұтады.
Мәселенің өзі де осы жүйені орнатуға кететін қаражатқа келіп тіреледі. Ал жұмсалған қаражаттың қайтып келетініне еш күмән жоқ. Осы арқылы МАИ қызметкерлерінің саны азайып, олардың еңбекақыларын ұлғайтуға болады емес пе. Жеке меншік көліктер үшін оны орнату шамамен 300 АҚШ доллары көлемінде болады.
Шетелдерден қымбат бағаға жылдамдық өлшегіш қондырғыларды, радарларды, алкометрлерді сатып алу тоқтатылады. “Жолда жатқан полицейлерді” орнатудан арыламыз, ауруханаларға, емханаларға жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен азаматтардың жүрістері азаяды, дәрі-дәрмек сатып алу, мүгедектерге арнап мемлекет қоржынынан ақша төлеу мен ата-аналарынан айрылып балалар үйлеріне келіп тәрбиеленушілердің бір бөлегі азаяды.
Тағы бір маңызды жағы, егер осы өнертабыс іске қосылған жағдайда бұл Қазақстанды әлемге танытатын бренд болатыны сөзсіз.
– Дұрыс екен, бірақ сіз айтып отырған өте сезімтал қондырғы өзге коммуникацияға әсерін тигізіп жүрмей ме?
– Бұл сұрақты орынды қойып отырсыз. Белгі беруші жүйенің таралу ауқымы 100 метр шеңберінде, сондықтан оның өзге коммуникацияларға әсері кәдімгі қалтафонның шамасында ғана.
– Ал ашылған, Швейцариядан патенті алынған өнертабысты елімізге ендіру жағы қалай болып жатыр?
– Қазір жүйенің көрсетуге (демонстрация) арналған кішкентай үлгісі жасалынғаннан кейін оның зауыттан шығарылатын үлгісін жасау жұмысы басталды. Түбі бір қайтарылар деген ниетпен қалтамды тегіс қағып, зыр жүгіріп демеуші іздеп, түбі мемлекеттен грант алсам қарыздарымды қайтарамын ғой деп қарманып жатырмын. Ал жүйені өз елімізде жасатудың мүмкіндігі жоқ болғандықтан, оған Украина зауытына тапсырыс бердім. Қазақстанда қажетті радиоэлектронды қондырғылар мен микробақылаушыларды тапсырыс бойынша жасап беретін мамандар жоқ.
Менің ендігі бір арманым, елімізде осы жүйені сынайтын ең бір қауіпті саналатын белгілі бір жол аумағын алу. Ал әзірше еститінім немесе ресми түрде жазылған өтініш хаттарыма алатын жауабым “бізге патентіңіз бен тәжірибелік үлгіңізді алып келіңіз” деуден аспайды. Патент дегеніңіз менің зияткерлік құқығымды қорғайтын құжат. Ал тәжірибелік үлгіден шенеунік не көреді? Жазған хатыма қоса мен Ішкі істер министрлігінің ғылыми-зерттеу институтының рецензиясын және өнертабысты қолданудың қажеттілігін айтқан ұсынымды қоса тіркеп жіберіп отырмын ғой.
“Егемен Қазақстан” газетінің мүмкіндігін пайдаланып, депутаттарға, әкімдерге, өзге де өкілетті органдарға және қарапайым адамдарға мынаны айтқым келеді, мен ойлап тапқан өнертабыс жол-көлік оқиғаларын түбірімен жоятын 100 пайыздық кепілдік емес, өйткені оны бүкіл республика бойындағы барлық жолдарға орнатып шығу түбі болмаса жақын арада мүмкін емес. Алайда, ол халық тығыз қоныстанған жерлерде адам өмірін сақтауға көмектеседі. Апаттың алдын алады, яғни ешкім қыршынынан қиылмайды немесе мүгедек болып қалмайды.
Біздің еліміздің әлемдік мәшине жасаушылардың алдыңғы легіне жете алмайтыны түсінікті. Алайда, біз осы көліктердің қызмет ету мерзімін ұзартатын қондырғылар орнатумен, қарсы келе жатқан көліктің көзді қарықтыруынан, жоғары жылдамдықта келе жатқан көлікті аударылып қалудан сақтайтын немесе көп қабатты үйлерде оқыс жағдайлар болғанда адамды құтқаратын тәрізді өнертабыстарды ендіру арқылы Қазақстан осы салада көшбасшы болар еді.
– Айтып отырғаныңызға қарасам, бір ғана “Алашпен” өнертабысыңыз шектеліп қалмағандай.
– Жоғарыда айтқандай, ЖКО-лардың себептері мен оның алдын алу жолдары қандай деген ойға кіріскеннен кейін мен бірнеше өнертабыстар ойлап таптым. Соның біреуіне ғана кеңірек тоқталып өтейін.
Қазіргі МАИ қызметкерлері жүргізушінің ішімдік ішкенін анықтайтын құралы бойынша қымыз немесе квас ішкен адам да ішкен адам болып көрінеді. Ал егер сол түтікке нашақор немесе әлдебір психотропты жүйке жүйесіне әсер ететін затты қолданған адам үрлесе, ол ештеңе көрсетпейді. Сол сияқты ұзақ жолдан шаршап келген ауыр жүк көлігін жүргізушінің демалмастан тағы да жолға шығуының қатерлі екені белгілі. Соны анықтайтын құрал бар ма? Ал мен ойлап тапқан құрал адамның қандай күйде екенін анықтайды. Ешқандай иіскемей-ақ алданбайтын бұл құрал егер жүргізуші әлдебір себептермен жүргізу қабілеті төмендесе, көлікті әрі қарай жүргізбей қояды. Сонда көлік те, жүргізуші де, жаяу жүргінші де дін аман. МАИ қызметкерлеріне де жұмыс азаяды, әрі “бармақ басты, көз қысты” әрекеттердің адымы қысқарып, пара алу да азаяр еді. Енді бір ноу-хау – көлікті жүргізуге қолында сенімхаты жоқ, болмаса ұрлықшы отырғанда көлікті жүргізбей қоятын құрал.
– Алмат Қойшығараұлы, өнертабысыңыз шынында да өте қажет екен. Алайда оны ендіру үшін алдымен оның заңдық негіздері қалануы қажет сияқты. Оны орнату жағы қалай болуы керек? Бұл міндеттеле ме, әлде әркімнің қалауынша жүруі тиіс пе?
– Әрине, онсыз болмайды. Жол қауіпсіздігі жүйесіндегі толып жатқан айыппұлдардың орнына осы жүйені орнатуды міндеттеу қажет. Және жаңағыдай қондырғы орнатылған көлік жол ортасында тоқтап қалған күнде ереже бұзған жүргізушіге салынатын айыппұл мөлшерлері белгіленуі тиіс. Ал қандай ереженің бұзылғанын құрал көрсетеді.
Қазіргі кезде жасыратыны жоқ, жүргізушілердің көбі салықтарын уақытылы төлеуден қашқақтайды. Ал мына жүйеде салық төлеу мерзімі біткен күні көлік жүрмей қалады.
– Жарайды, сәл алға озып, жүйені орнатуға келісім алынды дейік, сонда оны кімдер атқарады?
– Онымен арнайы сертификат алған мемлекеттік байқау өткені жөнінде куәлік беретін орындар мен техникалық қызмет көрсету орталықтарының мамандары айналысады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.