• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2010

Түкті сардар

1104 рет
көрсетілді

Бөкенбай Мамаұлы туралы деректер Бүл әңгіме  Жоңғар империясының   басқыншылығына  қарсы халық азаттық  кү­ресінде қол бастап  қайрат танытқан,  сөйтіп ел қорғаған ерлердің  бірі – Бө­кен­бай батыр Мамаұлы  жайлы болмақ. Ол Орта жүздің ашамайлы керейі, сибан-керей болып, үш атаға бөлінгенде күн­гене болады. Сегіз  серінің шежіресінде кел­тірілген  деректерге сүйенер болсақ, Бө­кен­бай қазіргі Ресейге  қарасты Омбы об­лы­сының  Марьянов  ауданы аумағында 1713 жылы дүниеге келген. Яғни  қазіргі мөлшерлеуде Омбы қаласынан  Ертістің төменгі ағысына қарай  шамамен 200 ша­қы­рым жер болса керек. Бөкенбайдың  әкесі Мама да ат жалын тартып  мінер жасқа жеткен шағында-ақ  бес қаруы беліне сай  ел қорғаған ержүрек ба­тырлардың бірі  болғаны тарихтан белгілі. Ол 1723 жылы болған ауыр  шайқаста  қатты жараланып,  кейінгі  шайқастарға қатыса алмайды. Мама батырдың жара­лан­ғанға  дейін талай-талай ерліктер жасаған   батыр екендігі  Қожаберген  жырау мен  оның інісі  Дәстемнің  жырларында жан-жақты айтылады. .....Сибан ата баласы  Мама батыр, Қалмақты отырғызған мұзға тақыр, Қолды бастап, кәпірді қойша қырып, Тіккен ол  талай жерге  жасыл шатыр, –дейді  Қожаберген  жырау  өз жырларында  сүйікті шәкіртінің ерлік істерін дәріптеп. Бөкенбай міне, осы Мама батырдың ұлы. Елді сыртқы басқыншылардан қорғау  барысындағы ерліктеріне риза болған Ас­қап Шора оған «түкті  сардар» деп  ат қоя­ды. Шамасы түсі де суық, жүректі болғанға ұқсайды. Ел аузында сақталған әңгімелерге қарағанда, сол кезден қалған шежірелерде  де батырдың  жас шамасы  Нұрымбет керей  Құр­ман батыр  Кенжебайұлымен құрдас, төс қағысқан дос, үзеңгілес жолдас бо­лып­ты. Бөкенбай Мамаұлының ерлікке толы өмір жолынан хабардар шежіреші  қарттар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»  оқи­ғасы болған жылы ол он жастағы бала  еді деген деректерді айтады. Он жеті-он сегіз жасынан бастап  сыртқы жауларға қарсы бағытталған азат­тық соғыстарына белсене қатысып, үлкен жорық жолынан өткен Бөкенбай  Мамаұлы жүзбасы,  кейін мыңбасы, қалың қолға сардар деген  әскери атақтарға  ие болады. Керей қолының бір бөлігін  басқарып, беделді әскербасы танылады. Белгілі ақын Салғара Жанкісіұлы өзінің «Мама батыр ұлы – Бөкенбай» атты тарихи толғауында: ...Ашамайлы керейдің, Сибан атты елінде Болыпты зор қасиет Күнгене деген бегінде, Аруақ орнап, құт қонған, Тараған содан көбіне, Жырламақ болдым бір ерін, Тартқаннан соң  тегіне, Күнгене бектің өзінен Талай жақсы тараған, Мама деген батырдың, Аузына қауым қараған, Сол Маманың бір ұлы – Бөкенбай деген ер екен Қаһарын төккен кәпірге Мұсылманда шері екен, – деп жырлайды. Ал Сегіз сері шежіресінде  де, «Маманың ұлы – Бөкенбай» атты  қис­са­сын­да, толғауында да  Сибан керей Бөкен­бай­дың Алтай тауын жаудан тазартуда үлкен ерлік көрсеткенін,  содан ол қосын қон­дырған таудың  бір жотасы «Бөкенбай тауы», «Бөкенбай асуы» аталатынын ай­тады. (Бұл Бөкенбайға орай атаулар қазіргі  Шығыс Қазақстан облысының Күршім ау­да­нына  қарасты жер). Тарихи деректерге сүйенер болсақ, Бө­кен­бай Мамаұлының  сол кезеңдерде болған соғыстардың  барлығына қатысқандығын аңғарамыз. Белгілі бір кезеңде  Ресей мен шы­ғыстағы  Жоңғар империясының  арасы күрт нашарлайды. Ұтымды сәтті қалт жібермеуді  ойлаған Әбілмәмбет хан мен оның бас  уәзірі Абылай сұлтан, ордабасы қанжығалы Бө­генбай  Ақшаұлы үшеуі халықты жорыққа жұмылдырады. Керей, уақ рулары соғысқа белсене қатысады. 1745 жылдың басында (Ресей қалмақтармен жер мәселесі жөнінде келісе алмай  оқ-дәрі беруді тоқтатқан тұста) Қожаберген жырау мен Асқап шора  бас­та­ған (құрамында атығай, қарауыл жігіттері, Ша­лабай естектерінің  жасағы, Сібір та­тар­лары бар) керей, уақ қолы Шортанды ай­ма­ғы­нан басталатын  атақоныстарын қайта­рып алуға  жандарын сала кіріседі. Балта Керей Байсымақ, Аббас  Керей Қожаберген, Нұ­рымбет Керей Құрман  батырлармен тізе қо­сып соғысқан. Сол ұрыстарда Бөкенбай батыр жасағы жауға күйрете соққы береді. Сөз орайы келгенде  мына бір жайды ескере кетуіміз керек. Бүгінгі кейбір жа­зу­шылар,  тарихшылар қалмақтар қазақпен ғана соғысты  деген пікірді айтып жүр. Шын­дығында, қалмақтар Сібір жұрт­шы­лы­ғын,  Шалабай башқұрттарын да  шап­қын­шы­лыққа ұшыра­тып, жер-суын тартып алған. Сібір аймағы жылдар бойы қолдан қол­ға көшіп,  ол жердегі оңғұт, сағай, боржіген тайпалары мүжіліп, бордай тозады. Ал қарабаш,  құралаш, сұңқар тайпалары  Орал та­уына қарай  ығысып, көше қашады. Ба­ра­бы, Барын, Ескеп тайпалары  Қазақ хан­ды­ғы­на қарай  ауа көшіп,  Орта жүз­дің жерін паналайды. Сібір жұртшылығы мен  Шалабай баш­құрт­тары Жоңғар шапқыншылықтары кезінде Ресей боданында болғаны  тарихтан белгілі. Әйтсе де жоңғар қалмақтары  олар­ды зеңбірекпен атқылап, қырғынға ұшы­ра­тып жатқанда  Ресей ара түсіп тоқтау сал­мап­ты. Неге? Оларға діні бөлек мұсылман  жұртшылығы емес, жері ғана  керек болады. Міне,  осы фактілерден-ақ  қазақ хал­қы­ның  тегі, діні бір мұсылман  бауырларының ба­сына  күн туғанда далаға тастамай,  туыс­қан­ды­ғын  сөзімен ғана емес, ісімен де дәлелдеп отырғанын біліп,  еріксіз тәнті боласың. Бө­кен­бай батыр өзінің Қосымқожа сияқты ғұлама ұстазынан мұсылмандықты бойына сіңіріп өс­кен ғой, сондықтан да өзге мұсылман ха­лық­тарға қорған болуға мүдделі. Сөйтіп,  араларында қандастық,  туысқан­дық қарым-қатынас берік қалыптасқан керей-уақ­тың,  атығай-қарауылдың, Шалабай естек­те­рінің, Сібір тайпаларының  әскерлерінен бі­рік­кен мұсылмандар жасағы Асқап Шора Қарабасұлының  басшылығымен жоңғар қал­мақ­тарының  басқыншыларына қарсы күресті одан әрі жалғастырып,  ақыр соңында Шалабай естектерімен  Сібір тайпаларының ата­қо­ны­сының көп бөлігін  қайтарып алады. Сібір жасағының  қолбасшысы, құралаш тай­пасынан шыққан Жәдігер (Ядигер) батыр Тар­мақкөл үшін болған шайқаста қаза табады. Осы оқиғадан соң,  сол елдің игі жақ­сы­ла­ры­ның өтінуімен Есет Қожабергенұлы (1688-1772 ж.ж.) әскербасы болып сайланыпты. Есет басқарған мұсылмандар  жасағының  Сі­бірдің барабы руының  жерін тазартып, қа­зір­гі Новосібір қаласы мен ауданы қо­ныстаған жер Торайғырға жетеді. Осы жорықта да Бө­кен­бай басқарған керей әскерлері қалмақтарды күйрете жеңіп,  қалғандарын түре қуып тастайды. Осынау шайқаста мұсылмандар жасағынан  біраз сарбаз қаза табады.  Шейіт болғандардың бірі  керейдің қазаққа танымал  игі жақсысы Ес­кене Ниязұлы екен. Сол кездің өзінде  жасы алпыстан асқан ол  мергендер тобын бас­қа­рып­ты. Қолма-қол ұрыста қатты жараланып,  қы­зыл қанға боялған оны   көп өліктің ішінен  Бө­кен­бай танып қалып,  батырдың Сандық, Боз­дақ, Малтабар есімді үш ұлына көрсетеді. Сан­дық әкесінің беліндегі  қанжарын  суырып алып, сабындағы жазуын көргеннен кейін ғана  әке­сінің қаза тапқанына көз жеткізіпті. Ба­ла­лары Ескенені арулап жуғызып,  сол арадағы Сүйіндік арғын қо­рымына жерлейді. Бөкенбай батырдың бас­шы­лығымен  басына бейіт тұрғызады. Жоңғар  қалмақтарының басқыншыларын Том­ға дейін қуып барған Асқап Шора бас­қа­ра­тын қазақ-естек әскерлері жауға тұралата  соққы беріп талқандайды. Қалғандарын одан әрі  Ұста қыстақпен  Кемерге  (Новокузнецк жә­не Кемерово қалалары орналасқан елді ме­кендердің көне  түркі тіліндегі атауы)  дейін қуып,  жеткен жерінде жоңғар әскерлерінің  Сі­бір­дегі үлкен бөлігінің  қалған құрамаларына да  біржолата тізе бүктіреді. Сөйтіп, 1723-49 жыл­дарда жоңғар қалмақтарының езгісінде  азап шеккен Сібір жұртының  сығай,  боржіген,  оңғұт тайпаларын азат етеді. Осы жорықтар жөнінде  әнші, ақын Сал­ғара  Жанкісіұлының  «Мама батыр ұлы – Бө­кен­бай» атты толғауында: ... Орал таулық башқұртқа, Жасаған қалмақ жорықты, Убашы мен орыстан Естектер көрген зорлықты, Естекті қорғап Бөкенбай Убашыға қауіп төндірген, Діні, тілі бөлек қалмақтан Қорқытып айып өндірген. Өткерген  бастан майданды, Қолданып қару-сайманды, Наркескенмен тураған Қанға құмар хайуанды Тазартқан екен Бөкең ер Ор өзен бойын қалмақтан, – деп жырлайды. Осы үлкен жеңістен кейін  Бөкенбай батыр Ма­маұлы 1749-1751 жылдары Балқаштың ба­тыс жағын, Сарысу мен Шу өзендерінің бо­йын, 1751-1753 жылдары Балқаштың  шығысы мен сол­түс­тігін жоңғар басқыншыларынан азат  етуге қа­тысып, Аңырақай шайқасында ерен күштің иесі ретінде танылып, даңққа бөленеді. 1753-1755 жылдары керей әскерлерінің  үлкен бір бөлігін бастап, Жетісу жерін азат етуге қатысады. Бөкенбай батыр 1756 жылдың  жазында керей жасағын бастап, Тарбағатай өлкесін жаудан  босатуға қатысады.  Осы соғыста жағал­бай­лы жасағын бастап келген Мәмек Бә­кіш­ұлы­мен,  матай- найман қолын бастаған Ал­шын Ғайып батырмен  бірге тізе қосып,  қиын да күрделі шайқастарды бастан өткереді. Сол 1756 жылы ойраттар ұйытқы болған Жоң­ғар империясының демі бітіп, қазақтармен со­ғыстан әбден әлсірегенін көріп отырған Қы­тай императоры бұйрық беріп: «Ойраттарды бесіктегі баласынан бастап еңкейген кәрісіне дейін қырыңдар!» деген екен. Сол қырғыннан қашқан Жоңғардың тағынан үміткер Әмірсана қашып келіп Абылайды паналайды. Ал Абы­лай хан болса қытайлардың ойрат қон­тай­шы­сын қайырып бер деген талабын орындамайды. Міне, осы сылтаумен қытайлар әлсірей, демі біткен елдің жерін басып алумен бірге қазақ жеріне де ауыз салғысы келіп Жоңғар, Тар­ба­ғатай таулары маңынан жүз мың  әскерін бері қарай өткізеді. Бұл қанды соғыс Шығыс Түр­кіс­тан аумағын қамтып, екі жылдай мерзімге созылады. Бөкенбай батыр бастаған қол Күршім та­уы­ның маңында жауға кезіккен. Бұл аймақ Са­рым­сақты, Күршім, Нарын сияқты Алтайдан со­зылған тау жүйелері екенін батыр бұрыннан естіп  білсе керек. Енді сол таулы жерде со­ғы­су­дың әдісін ойластырып қарайды. Олар шүр­шіттерге бір таудың етегіндегі жазық жерде кездесіп қалады. Түкті сардар Бөкенбай кенет сарбаздарын үшке бөліп, екі тобына бұйрық береді: – Бұл шүршіттер ойраттардай емес, сарбаздарының көбі жаяу. Сондықтан сендер аттарыңды тебініп, жаяу әскердің ортасына қойып кетіп, арғы бетке жарып шықсаңдар – ке­йін олар сескене қимылдайды, ал үшінші ай­на­лымда жау сарбаздары әрқайсысы бой тасалай қаша ұрысар. Төртіншіде оларды түре қу­уға  тура келер. Мынау кейінгі кезекте тұр­ған топ менің белгіммен қаша ұрысып бара жат­қан­дарға ұмтылсын, қазір шабуыл басталған сәттен-ақ: «Ошыбай-Ошыбай!» деп керей ұра­ны­мен айқай-сүрең салыңдар! – деп жүзбасы, мыңбасыларға күш-қуат береді. Шайқас басталады. Бөкең әскерлерінің ұзап кеткенін байқамай қалады да қалың жаудың қоршауына түседі. Қазақ сар­баз­да­ры­нан көз жазып қалған екен. Таудың бір жартысының етегіне келгенде арт жағынан сілтенген салт атты жау шоқпары басына қара­құ­сынан тиіп, атынан ұшып түседі. Арғы жағын өзі білмейді. Бір кезде есін жиса, шұқанақ жерге құлаған екен, аты жанына келіп иесін иіскеп тұр, айнала тұман. Алыстан айқай естіледі. Есін жиып, атына мінеді де айқай шыққан жаққа шабады. Сөйтсе өз сар­баз­дары жауды жеңгендеріне масат­та­нып айқайлап тұр екен. Бөкең болған жайды аңғарса, қашқан жау келесі бір жотаның асуына ұмтылып барады екен. – Неғып тұрсыңдар! Жау анау асу­дан әрі асса, өз адамдарына қо­сы­лып күш алып кетеді. Жібермеңдер, қырыңдар! – деп айқайлайды. Басы зеңіп, шайқалақтап кетсе де қы­лы­шын аспандата көтеріп: «Ошыбай, Ошыбай!» деп ұран тастайды. Сөйтіп шүршіттермен болған айқасты әлгі асумен аяқтап, жеңіске жетеді. Халық әділ ғой, кейіннен әлгі айқастың шешуші кезеңі болған тауды «Бөкенбай тауы» деп, жеңіске жеткен асуды да «Бөкенбай асуы» деп атаған екен. Сол жерді халық әлі күнге солай атайды. Кейде «Бөкенбай жотасы» делінеді. Бөкенбай батырдың ерліктерін бағалап,  Кө­шебе керейден шыққан  Дәстем сал Кара­бас­ұлы, Жанкісі мен   оның үлкен баласы Сал­ғара  ақын өлеңдер мен дастандар жазған. Керей ақындарынан басқа Бұқар, Үмбетей, Тәт­ті­қара және  үлкен Жанақ Төлекұлы, Көтеш Рай­ұлы, Шал Құлекеұлы, ақындар Бөкенбай Ма­ма­ұлының ерліктерін жырға қосады. Өкінішке орай Бөкенбай батырға арналған қисса-дас­тан­дар біздің заманымызға дейін сақталмаған. Басты себеп, ауыз әдебиеті білгірлерінің  көп­теген үлгілерінің  қағаз бетіне түсірілмегендігі. Батыр қартайған кезінде  Түркістандағы Әзі­рет Сұлтанның мазарына үшінші рет барып түнеп,  сол жердегі мешіттегі  пірге   сәлем беріп қайтқан көрінеді. Сол соңғы сапардан қай­тып келе жатып, Қызылжар шаһарына  бір күндік жер қалғанда ауырып қайтыс болады. Қасындағы нөкерлері  батырды қайтар ал­дын­дағы  өсиеті бойынша  арулап жуып,  қазіргі Қы­зылжардан  жеті шақырым жердегі  Бескөл деген қоныстың  дәл жанындағы ескі керей  бейітіне жерлепті. Үлкен жорық жолынан өтіп, бар саналы ғұ­мы­рын  ел қорғауға бағыштаған Бөкенбай ба­тыр­дың ұрпақтары да осал болмаған. Дәлірек айт­сақ, Бөкенбай батырдан Сүйіндік, Сағындық, Тай­мас, Айбас, Мөнек, Қойбас, Байбағыс. Сү­йін­дік,  Сағындық,  Байбағыс үшеуі батырлық құр­ған. Үш батырдың  үшеуі де  естектерге қарсы со­ғыста   ерліктер көрсеткен, қазақ жеріне рұқ­сат­сыз қоныс салмақ болған орыстарды қуып тас­тап отырған. Башқұрттар мен қазақтар шекаралас болған ғой. Орыс патшалығы  башқұрттарды  қа­зақ­тарға айдап салып,  барымта алдырып,  қақ­ты­ғыс­қа итермелеп отырған. Сүйіндік,  Са­ғын­дық,  Байбағыс батырлардың соғыстары сол әді­летсіздікке қарсы  қарымта қайтаруға ба­ғыт­талған. Бөкенбай батыр ұрпақтарынан  шық­қан батырлардың ең соңғысы Кежің. Ол Сүйіндіктің Таңдай сұлу  есімді нақсүйерінен ту­ған. Кежің батырдан Құдабай туады, бірақ одан  ұрпақ қалмаған. Сүйіндік батырдың екі әйелі болған. То­қалынан: Маңдай, Байдалы, Байтоқа, Қаратоқа. Қа­ратоқа Сибан керейден Есеней аға сұлтан  болып сайланғанда, соның бас биі болып тағайындалады. Сағындық батырдың   бәйбішесінен Әтек, Шо­­лық, Қодар, Төмтекей. Төртеуі де өзгеден  айтарлықтай артықшылықтары жоқ адамдар екен. Сағындық батырдың Салиқа есімді жас тоқалынан  Тәуке туады. Қазақтың ұлы ха­ны­ның атын иемденген ол ойға ұтқыр, сөзге шешен әрі дәулетті адам болыпты. Сондықтан болар, Сағындық балаларының ауылы кейіннен  «Тәуке ауылы» атанып кетеді. Бұл ауыл ақар­лы-шақарлы  үлкен ел болған. Тәукенің өзі бір ғана некелі. Мәлік атты бәйбішесі  он құрсақ  кө­терген. Ержеткені екі-үш қыз, төрт ұл. Ең үл­кені Ораз пірадар адам болған. Міне, осы Ораздан Нарынбай, одан  белгілі ақын, жа­зу­шы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Нұр­ғожа Ораз туады. Нұр­ғо­жаұлы Нұрай ға­лым,  мемлекеттік жүйеде қыз­мет атқарады. Нұр­ғожақызы Салтанат медицина ғылымының докторы. Біз бұл мақаланы қолымыздағы төрт шежіреге және Бөкенбай батырды, әкесі Мама ба­тыр­ды жырлаған дастандар мен арнауларға сү­йеніп жаздық. Әрине, тарихи материалдармен са­лыстырып қараған жерлер де баршылық. Шежірелер десек: көрнекті фольклоршы, шежіреші Қаратай Биғожинді, Исахмет  қари мен Тілегенов Шәйіннің шежірелерін айтар едік. Исахмет қари Уәзифа медресесінде оқыған, Құ­ран­ды жатқа білетін, араб тіліне, оның та­ри­хына жетік адам, әрі қазақ шежіресі мен та­ри­хы­ның да қоймасы тәрізді адам болған. Шәйін ақсақал революцияға дейін елінде бала оқыт­қан ұстаз. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабында «Шәйін ағай» атты тарау бар, сонда ол кісінің шежірешілдігі айтылады.  Сәбең өмір бойы ол кісіні құрметтеп өткен. Келесі бір ше­жіреші Ыбырайдың Қажығалиы да өмірін ұс­таздыққа арнаған адам, көбіне мектеп ди­рек­торы болған, Төртінші шежіре Бөкенбай ба­тыр­дың төртінші ұрпағы Нарынбай (93 жас жа­саған адам) қарттың айтуымен  хатқа түс­кен. Сол тәрізді мақала ішінде аттары аталып, жырларынан үзінді келтірілген  ақындар, жыраулар сөзі мақаламызға тиек болды. Қойшығара САЛҒАРА, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,тарихшы, ғалым, Амантай ЕСІЛБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.