Қазақ зиялыларының еңбектерін басып шығару ісі біршама тиянақталып қалды. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Алаш ардақтыларының соңғы кезде жарық көрген том-том кітаптарының өзі не тұрады? Дей тұрғанмен әлі де болса ғалымдардың жете зерттей түсуін қажет ететін тұлғалар, тың тақырыптар жеткілікті. Соның бірі, биыл туғанына 120 жыл толып отырған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай дер едік. Алаш ардақтысының көпшілікке мәлім және беймәлім қырларын баяндайтын соңғы жылдары шетел мұрағаттарынан түрлі құжаттар мен тарихи жәдігерлер жеткізілсе, тарихи тұлғаға толайым құрмет пен ізет өзі жүріп өткен жолдардың бәрінен аңғарылып қалатыны сүйсінтеді. Қайраткердің кіндік қаны тамған атамекенінде 120 жылдығына орай қандай жұмыстар тындырылды деген әңгіме әрине, олардан мүлде бөлек арнада баяндалары хақ. Біз бүгін Мұстафа Шоқайдың «СаГа» баспасынан жарық көрген 2 томдық эпистолярлық мұрасын құрастырушы, Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің бас сарапшысы Ғазиза ИСАХАНДЫ осы ойларды егжей-тегжейлі тарқатып айтып беру үшін әңгімеге шақырғанбыз.
– Ғазиза Тұрмағанбетқызы, сөзімізді әуелі біртұтас Түркістан мемлекетін құру идеясының тууына елдегі қандай саяси оқиғалар себеп болғанынан сабақтастыра өрбітсек.
– Өткен ғасырдың басында Ресей империясының құрамындағы Түркістан мен Далалық өлке – идеялар мен қозғалыстардың, саяси оқиғалар мен дәстүрлер қақтығысының және олардың өзара іс-қимылдарының ордасына айналғаны белгілі. 1917 жылы Түркістанның патшалық Ресейдің бұғауынан босауы, Ресейде Уақытша үкіметтің билік басына келуі мұндағы ояну ахуалына әсерін тигізбей қоймады. Түркістан тайталас алаңына айналды. Бір жағынан, патшалық Ресей өкілдері мен Уақытша үкімет мүшелері, большевиктер Түркістанда билік құрудан үміткер болса, екінші жағынан Ауғанстан патшалық Ресей жаулап алған жерлерді қайтаруды, Ұлыбритания қол астындағы Үндістан мен Месопотамияға Түркістан тарапынан кедергілер болмауын көздеді. Германия мен Түркия да басты қарсыласы Ұлыбританиядан қалыспай Түркістан жеріне қызығушылықтарын байқатпай қалмады.
Халықтың болашағына алаңдаушылық білдірген, Алаш ардақтыларынан Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай және тағы басқа ұлт тәуелсіздігін аңсаған тұлғалар ел-жұртының рухын оятып, саяси ой-сананы орнықтыруға барынша күш салып бақты.
Мұстафа Шоқай міне, осындай күрделі, қарама-қайшылығы мол кезеңде түркі халықтарын бір жерге шоғырландырып, біртұтас Түркістан мемлекетін құруды мақсат етті. Сол мақсатына өмір бойы адал болып өтті. Бұл үшін тіпті, ол елінен жыраққа кетіп, Түркістанның азаттығы мен тұтастығы үшін халыққа қызмет етудің жарқын үлгісін көрсете білді. Оның есімі ел тәуелсіздігімен бірге оралды. Азаттық аңсаған алыстағы арыстың арман-ойы осылайша араға қаншама жылдар салып шындыққа айналғаны сол ерлердің еңбектерінің еш кетпеуінің, кешегі Алаш рухының өлмеуінің тағы бір айғағы іспетті еді.
Қайраткердің қалың мұрасы еліне оралды, шетелдерден жинастырылды. Оның өміріне, саяси тұлғасы мен еңбектеріне қатысты ғылыми зерттеулер жазылып, шығармаларының жарық көруі тарих қатпарларынан көп сыр ақтарып жатты.
– Бұл еңбектер нендей деректерге сүйеніп жазылды?
– Мұстафа Шоқай тұлғасы туралы қалыптасқан түрлі жаңсақ пікірлер мен бұрмалаушылықтарға тосқауыл қойылып, нақты деректер негізінде құнды зерттеу еңбектері жазылды. Бұл еңбектерде М.Шоқай өмірі, оның эмиграциядағы кезеңі, ол жүргізген ұлттық күрестің әдістері, стратегиясы мен тактикасы, Түркістан Ұлттық бірлігі ұйымы, оның баспа органдары «Иеңи Түркістан», «Яш Түркістан» журналдарын ұйымдастырудағы нақты қызметі жан-жақты ашылып көрсетілді.
Мұстафа Шоқай мұралары тағдыр жазуымен өз Отанынан жырақта жиналды. Оның жеке мұрағатын «Жаңа Сорбонна – Париж III» университеті жанындағы университетаралық шығыс тілдері және өркениеті институтының кітапханасына жары Мария 1953 жылы өткізген. Осынау мұрағаттық қор жөнінде алғаш «Түркістан» журналында Ә.Оқтайдың «М.Шоқайдың мұрағаты мен кітаптары» деген мақала жарық көрді. Бұдан соң 1980 жылы араға біраз жыл салып Нью-Орлеан университетінің (АҚШ) профессоры Э.Лаззерини М.Шоқай қорын мазмұнына қарай он қорапқа жүйелеп салғаны мәлім.
– Елімізге шетелдегі Шоқай мұралары қай уақыттан бастап әкеліне бастады?
– 2001 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының Қазақстандағы істері жөніндегі ұлттық комиссияның сол кездегі төрағасы Иманғали Тасмағанбетов осы ұйымның атқарушы кеңесінің кезекті отырысына қатысу үшін Парижге барған сапарында Француз Республикасының Шығыс тілдері және өркениеті ұлттық институтының ректоры Жил Делушпен жолығып, сондағы «Жаңа Сорбонна – Париж III» университеті жанындағы университетаралық шығыс тілдері және өркениеті институтының кітапханасында сақтаулы тұрған М.Шоқай мұраларын елге қайтару жөнінде келіссөздер жүргізді. Соның нәтижесінде Мұстафа Шоқай мұрағатының мұрағаттық көшірмелері сатып алынып, Қазақстанның Ұлттық мұрағат қорына келіп қосылды.
– Парижден Шоқай мұрағатын Қазақстанға алып келу өзіңізге сеніп тапсырылған екен. Француз кітапханасынан қандай тың деректер табылды?
– Үкіметаралық келісім-шарттан кейін іле-шала Мұстафа Шоқай мұрағатындағы құжаттарды реттестіріп, көшірмесіне тапсырыс жасау үшін сарапшы маман ретінде маған жауапкершілік жүктелді. 2001 жылы шілдеде Парижге аттандым. Кезінде Мария Шоқай кітапханаға тапсырған он папкадағы құжаттарды хронологиялық, тақырыптық жағынан жүйелеп шықтым. Мұнан кейін өз тарапымыздан тапсырыс беріліп, микрофильмге түсірілді. Тәуелсіздіктің он жылдығында ел Президенті Н.Назарбаев өз қолымен осы жұмысты мұрағат басшысының қолына тапсырды. Бүгін қолымызға тиіп отырған екі томдық эпистолярлық мұра соның нақты жемісі деп айтуға болады. Бірақ Шоқай хаттары мен қолжазбаларына осыған дейін де түрлі ғалымдар қалам тартып, қордағы мұраларын пайдаланғанын білеміз. Олар мәселен жоғарыда аты аталған Ә.Оқтай, Б.Садықова, Ә.Қара, т.б.
– Мұстафа Шоқай мен француз ғалымы Жозеф-Антуан Кастаньенің арасындағы достық байланыстың өзі бір үлкен әңгіме емес пе?
– 1912 жылы Ж.Кастанье Ташкентке қоныс аударып, бірден археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің, ал келер жылы орыс императорлық географиялық қоғамының Түркістан бөлімшесінің мүшесі болып қабылданған. Ж.Кастаньенің М.Шоқаймен танысуы осы ғылыми қоғамдардың жұмысына байланысты деген болжам көкейге қонады. Себебі, Ташкентке қазақ ғалымы ақпан төңкерісінен кейін ат басын тіреген. Түркістандағы озбырлық пен ойранды көрген француз ғалымы 1920 жылдың қыркүйегінде еліне қайтып кетеді. Онда ол бірден Франция Сыртқы істер министрлігі баспасөз және ақпарат қызметі директорының орынбасары болып жұмысқа алынады. Орыс және парсы тілдерін жете меңгерген Ж.Кастанье осы тілдердегі баспасөз құралдарына талдау жасаумен айналысқан. М.Шоқай мен Ж.Кастаньенің бір-бірімен жазысқан хаттары адамдардың арасындағы жай қатынастардың этикалық нормасын сақтаудың ғана емес, сыйластық пен сырластықтың көрінісі іспетті болды. Шынымен де қазақ халқы мен француз жұртының қос перзенті қарым-қатынасындағы туыстық туы сол кездердің өзінде шынайы сезімдермен өріліп жатқанын байқаймыз. Соның бір белгісі Скуар де ла Фонтен көшесінен М.Шоқай тұрған үйге ескерткіш тақтаның орнатылып, жақында еңселі ескерткішінің тұрғызылуы.
– Шоқай мұрағатындағы құжаттар туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Мұстафа Шоқай мұрағатының құжаттар құрамы әртүрлі болып келеді: қолжазбалар, шимай жазбалар, еңбектерінің нұсқалары, қысқаша мәліметтер, хаттар, Шоқайдың өзінің жазған хаттарының көшірмелері, іс-қағаздары, газет қиындылары, мақалалары, т.с.с.
Оның Париждегі университетаралық кітапханада сақталған құжаттарын мазмұнына қарай бірнеше топқа бөліп көрсетуге болады.
Бірінші, М.Шоқайдың «Иеңи Түркістан», «Яш Түркістан» журналдарында жарияланған мақалаларының орыс тіліндегі нұсқалары (аударма болуы да мүмкін); «Горец», «Вольный горец» және Парижде шығып тұрған орыс эмигранттарының «Дни», «Последние новости» газеттерінде жарияланған дүниелері; М.Шоқай мұрағатын толықтыру мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің ұйымдастыруымен демеушілер қаржысына ұлыбританиялық коллекционер М.Басхановтан «Яш Түркістан» журналының 1931-1936 жылдар аралығындағы 67 түпнұсқа нөмірі сатып алынса, түркиялық отандасымыз, тарихшы ғалым Әбдуақап Қара 1927-1931 жылдар аралығындағы «Иеңи Түркістан» журналының толық нұсқасының көшірмелерін сыйлап, азаматтық жасады.
«Түркістан Ұлттық бірлігі» ұйымының органы «Иеңи Түркістан» журналы 1927 жылдың маусымынан бастап шығарылды. Бұл журнал Түркістанның ұлттық тәуелсіздігі идеясы мен түрікшілдік ой-пікірлерін таратуда маңызды рөл атқарды. 1929-1939 жылдар аралығында Германияның астанасы Берлин қаласында жарық көрген «Яш Түркістан» журналы Орта Азияны мекендеген күллі түркі тектес халықтардың саяси-рухани өміріндегі ерекше құбылыс болды. Аталмыш журналды шығаруда М.Шоқай басқарған редакция ұжымы мен ол бастаған түркістандық мұғажыр қауымдастығының бізге беймәлім қырлары мен сырлары осы мұрағатта сақталған хаттардан көрініс табады.
Қайраткердің мұрағаттағы мақалаларында Ресей өкіметінің отарлау саясаты, қоныстандыру барысы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерісі, Алаш қозғалысы, Түркістан мұхтарияты, басмашылар қозғалысы, Кеңес үкіметінің саясаты, ұлт мәселесі, ашаршылық және т.б. көкейкесті мәселелер қозғалған.
Екіншісі, қайраткердің француз, поляк, түрік, т.б. тілдерде шетел басылымдарында жарияланған мақалалары мен еңбектері (газет қиындылары, кейбірінің қолжазбалары да бар), жасаған баяндамалары М. Шоқайдың тек түркі халықтарының ұлт-азаттық қозғалысын ғана емес, батыс елдердің шығыс халықтары жөніндегі саясатын жетік білетіндігін, халықаралық жағдаймен таныс екендігін көрсетеді.
Үшіншісі, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстанның газет-журналдары мен «Известия», «Правда» газеттерінен жинаған ақпарат-конспект (1930-1939) дәптерлері және Кеңес Одағы мен жоғарыда аталған республикалардың орталық ресми басылымдарынан алынған газет қиындылары қайраткердің Түркістан өңірінде болып жатқан оқиғалардан хабардар болып отырғандығынан хабар береді. Осы жерде айта кетуіміз керек, М. Шоқай олардың кейбіріне белгі соғып, өзінің жеке пікірін жазып отырған.
Төртіншісі, 3 фотосурет, үш өлеңнің қолжазбасы да назар аударарлық. Оның бірі, Қоқан қырғынынан кейін М. Шоқай шетелге кетуге мәжбүр болып, өзінің алдында тұрған тұманды өмірін ойлап, туған жерін сағына 1919 жылы Тифлисте жазған өлеңі:
«Секірген лақтар көрдім тау басында...
Көруші ем лақ, қозыны мен жасымда...
Балалық еске түсіп, ел аңсадым
Баруға заман шалғай ел қасына».
Бесіншісі, әскери тұтқындардың хаттары. Оларды жүрек тебіренбей оқу мүмкін емес. Мысалы: «Ағажан, есіңе ал! Сізден, яғни өзіңнің бауырлас қазақ балалары жалынышты сөздерімізді айтып тапсырамыз. Осы қазақ арасынан жұмысқа адам алсаңыздар біздерді еске аларсыз. 4 группадамыз. Сұлтанұлы, Нұрбайұлы және Аңшыбайұлы. Қандай жұмыс болса да қолымыздан келеді. Шамаңыз келсе жауап берерсіз. 14.09.1941.» Осы тектес тілхаттарды Қызылордадан – Сейіт Есмұрзаев, Әбсадықов, Семейден – Молда Әмірханов, Елесін Ахметов, Келестен – Сәрсенбай Қараев жазған. Кей хаттар: «Туысқаным ағай Мұсеке», «Берлин қаласынан келген ағай», – деп басталады. Хаттар 1941 жылдың тамыз-қараша айларында Debica, Verw, Pogegen, Lemberg, т.б. лагерьлердің тұтқындарынан келген. Осы лагерьдегі тұтқындардың тізімі лагерь бойынша жасалған, қолжазба, араб, латын әріптерімен, көпшілігі қарындашпен жазылған. Жүздеген тұтқындардың тізімін М. Шоқай өз қолымен тіркеген. Тізімде тұтқынның аты-жөні, әскерге алынған уақыты, туған жылы, білімі, мамандығы, қай жерден келгені көрсетілген. Бұлардың ішінен өзбек, татар, т.б. ұлт азаматтары да кездеседі. М.Шоқайдың Вали Каюм ханға тұтқындардың халі, түркістандықтармен кездесуі жөнінде жазған хаты, т.с.с. бар.
Алтыншысы, Кеңес Одағынан кеткен эмигранттардың өмірі мен қызметіне қатысты эмиграциядағы түрлі партиялар мен ұйымдар туралы материалдар, Украина, Кавказ, Еділ-Орал және Түркістан халықтарының ұлт-азаттық күресіне қатысты материалдары (1920-1940 жж.) әлемдік деңгейдегі саясаткердің қайраткерлігін дәлелдей түседі.
М. Шоқай 1939 жылы 22 тамызда Акакий Иванович Чхенкелиге жазған хатында: «Мен Кавказға, оның бірлігіне ерекше маңыз бердім және Еуропа үшін Кавказ және Кавказ мәселесі біздің Түркістан мәселесінен жақын деп есептедім. Түркістан мәселесі Еуропа үшін екінші кезектегі мәселе екені рас. Менің тұжырымым: еуропалық держава (яғни, кавказдық, әрине, украиндық) мүдделеріне неғұрлым жақын империалистерге қарсы секторды барынша нығайта отырып, әрине өзімнің түркістандық сектордағы жұмысымды күшейту» деп, үлкен парасат иесі екендігін танытады.
Жетіншісі, аталмыш мұрағатта М. Шоқайға М.Мұхити, Т.Заһир, Ә.Оқтай, А.Исхаки, В.Каюм, С.Бахтияр, А. Ибрахим, Искандер, Н. Шамсуллах, Ж. Ақшора-оғлы, Али Мардан бей, И. Акунин, В.А. Чайкин, Т.Шағатай, Дж.Кастанье және тағы басқалардан келген хаттар, ішінара жауап хаттардың көшірмелері сақталған. М.Шоқайдың мұраттас, серіктес достарымен жазысқан хаттары Қазақстан мен Орталық Азия тарихын егжей-тегжейлі зерттеудегі айнымас дереккөз болып табылады. Бұл құжаттар қазақ қайраткерінің эмиграциядағы саяси қызметі туралы мол мағлұмат береді. Өткен жылы осы хаттардың көлемді бөлігі екі томдық «Мұстафа Шоқай. Эпистолярлық мұрасы» атты жинақта жарияланды. Ондағы 276 хаттың 268-і алғаш рет жұртшылық назарына ұсынылды.
Хат мазмұндарына қарағанда, аяулы азамат өз Отанынан тыс жерде жүрсе де халқының тағдыры үшін Ауғанстан, Қытай, Үндістан, Мысыр, Түркия, Ресей, т.б. елдерде тұрып жатқан қоғам қайраткерлерімен хабарласып тұрған. Оның үстіне М.Шоқайдың кіммен араласып, хат жазысқаны, Кеңес Одағынан шыққан эмигранттар жөніндегі деректер де елеулі мұра саналады.
Сегізіншісі, кеңестік билік, оның қызметі, ондағы болып жатқан реформалар жөнінде жер-жерден түскен мәліметтер, газет беттерінде араб, урду, поляк, ағылшын, түрік, т.б. тілдерде жарияланған материалдар.
Тоғызыншысы, екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, сол кездегі жер-жердегі саяси ахуал, қалыптасқан көзқарастар жөніндегі материалдар да назар аударуға тұрарлық.
Оныншысы, М.Шоқай және оның қызметі жөнінде жазылған мақалалар мен естеліктер.
– Алаш азаматының шетелдегі еңбектері негізінен қай тілдерде сақтаулы?
– Франция, Германия, Түркия, Ұлыбритания, Польша, Ресей Федерациясы, Өзбекстан мұрағаттары мен кітапханаларының қорларындағы Шоқай мұралары орыс, ағылшын, француз, неміс, поляк, түрік, әзірбайжан, қазақ, өзбек және т.б. тілдерде сақтаулы. Мұның өзінен азамат үніне сол тұстары қаншалықты мән берілгенін анық аңғаруға болады. Мәселен Санкт-Петербург қаласының тарихи мұрағатындағы Санкт-Перербург университетінің қорында М.Шоқайдың жеке ісі сақталған. Оның алғашқы парағы Мұстафаның университет ректоры атына оқуға қабылдауды сұраған өтінішпен басталады. Құжат жиегіне 1910 жылдың 30 маусымында құжат қаралғанын, осы жылдың 6 шілдесінде студент қатарына қабылданғаны туралы жазылған. Іске М.Шоқайдың сынақ кітапшасы, университетте оқыған кездегі төлеген жарналарының түбіртектері қоса жалғанған. 1914 жылғы 15 қыркүйектегі заң факультеті деканына Санкт-Петербург университетінің толық курсын аяқтағаны, соған байланысты оқу бітіргені туралы куәлікті сұраған өтінішінде өзі тұратын мекен-жайын көрсетеді – «Петроград.Провиантская 10, кв. 25». Өтініш арнайы бланкіде жазылған, онда оқу бітіргені жөніндегі куәлікті арыз берген соң екі апта ішінде алу керектігі және куәлік алған соң Санкт-Петербург қаласында тұруға берілген рұқсат қағазды қайтару тиістігі ескертілген. Сондай-ақ бұл істе Ташкент ерлер гимназиясын бітіргені туралы кәмелеттік аттестат, сол қалада түсірілген М.Шоқайдың екі фотосуреті сақталған. Жалпы таусылмайтын мол қазына талай елдің тілін білген, телегей теңіз білім иесі, әрі қаламы қолынан түспей күн сайын өнімді еңбек еткен Мұстафа Шоқайдың жеке құжаттары тарихымыздың талай ақтаңдақтарын қайта қарауға, таным-түсінігімізге тағы да тыңнан арналар салуға көмектесері анық. Оның мұрасы тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі халықтарына ортақ құндылық екені мойындалуда.
– Әсем безендірілген мұқабасы көз тартарлық екі томдық жинаққа негізінен Парижден табылған құжаттар топтастырылса, осынау жинақтың құралуына өзіңіздің сіңірген еңбегіңіз де мол болып тұр ғой.
– Алдағы уақытта Париждегі мұрағат құжаттарынан 1920 жылы «Вольный горец» газетінде, 1923-1926 жылдары эмиграциялық «Дни», «Последние новости» газеттерінде жарияланған М.Шоқайдың мақалалары мен мәлімдемелерін, оның 1928 жылы жарық көрген «Советы в Средней Азии», 1936 жылы жарияланған «Туркестан под властью Советов» деген кітаптарына замандастарының, эмиграциялық ортаның пікірлерін, сондай-ақ замандасы профессор А.Я. Шульгиннің естелігін шығару ойымызда бар.
М.Шоқайдың өзімен пікірлес, мұраттас замандастарымен, әзірбайжан, башқұрт, грузин, т.б. халықтардың эмиграциядағы өкілдерімен жазысқан хаттарының түпнұсқалары да жариялауды қажет етеді. Әзірбайжан ұлттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, Кавказ федерациясының ұйымдастырушысы Алимардан Топчибашы, социалист-революционер Вадим Афанасьевич Чайкин, уфалық қайраткер Омер Тенерекұлы, археолог, этнограф Жозеф Кастанье, әзірбайжандық қайраткер Мұстафа Векилли, грузин эмиграциясы жетекшілерінің бірі Акакий Чхенкели, эмиграциядағы грузин қайраткерлерінің бірі Николай Имнайшвили, грузин меньшевиктері жетекшілерінің бірі Евгений Петрович Гегечкори, Гувер институтының қызметкері Н.Н.Головинмен жазысқан хаттары талай тарихтың бетін аша түсері тағы хақ.
– Мұстафа Шоқайдың мұрағаты мұнымен бітпейді, ол әрмен қарай да жалғаса беретін іс демексіз бе?
– Мәскеудегі Ресейдің әскери тарихи мұрағатынан да Түркістан ұлттық бірлігінің қызметіне қатысты біршама тың мағлұматтар табылды. Олардың да тізімі жасалып, жекелеген кейбір құжаттардың көшірмелері жеткізілді. Польша мұрағаттарындағы Шоқай есімімен байланысты деректер тізімі анықталып, ол да келешекте зерттеп, зерделенер құндылықтар. Түрлі басылымдарда жазылып жүргендей, Түрксойдың қолдау көрсетуімен Мұстафа хаттарының Түркиядан табылған түпнұсқалары, Тахир Шағатайдың жеке архивінен алынған 84 хаты мен бірнеше қолжазбаларын Мұзафар Ақшора деген кісі келіп тапсырған. Орталық мемлекеттік мұрағат қорына қосылған мұндай дүниелер жетерлік. Қазақстанда оның рухына бағыштап отандық киногерлер фильм түсірсе, Парижде ескерткіші орнатылды.
Еуропалық қоғамның ой-санасына әсер ете білген саясаткер сол кездердің өзінде-ақ Қазақ елін алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарынан көруді аңсағаны байқалады. Алаш ардақтысының басты мұраты қашанда елі мен туған халқы болды. Сол себепті де шоқайтану ғылымы кейінгі өсіп келе жатқан жас буынның да кесілмес бір бұтағы болып қала беруі керек деп ойлаймын. Башқұртстан республикасының Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатынан, Түркиядағы «Аяз Тайыр Түркістан Еділ-Орал қорының» мұрағатынан, Ахат Андижанидің, Хасан Оралтайдың жеке мұрағаттарынан, Ресей, Франция, Германиядан мұраларды жеткізіп, ғылыми айналысқа түсіру жоспарланып отыр.
Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.