Отандастарымыз белсенділік танытуда
Кеше Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің бас ғимаратында аталмыш жоғары оқу орнының ректоры, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы жалпыхалықтық референдумын өткізу жөніндегі бастамашы топтың төрағасы Ерлан Сыдықов БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Содан бірер сағат бұрын ғана Астанадан келген ол Орталық сайлау комиссиясына референдум өткізу жөнінде ресми түрде тіркеліп, арнайы куәлік алғанын айта келіп, екі күнге жетер-жетпес уақыт ішінде еліміз бойынша 150 мыңға жуық қол жиналғанын мәлімдеді. Ал Ата Заңымызға орай жалпыхалықтық референдум өткізу үшін ел аумағы бойынша кемі 200 мың қол жиналуы тиіс екен. Ерлан Бәтташұлы солай дей келіп, жекелеген облыстар бойынша нақты ақпаратпен таныстырды. Қайсыбір облыстар осы аз мерзім ішінде 15 мыңдық межеге жетіп үлгерсе, қалған көпшілігі он мыңның ар жақ, бер жағында екен. Бұл біздің алдын-ала болжамымыздан әлдеқайда асып түсті дейді бастамашы топ жетекшісі. Мұның өзі Қазақстан халқының Елбасына деген сенімі мен құрметін көрсетсе керек. Оны бүкіл қазақстандықтардың Тұңғыш Президентіміздің әу бастан жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатына деген зор қолдауы деп те түсінгеніміз жөн болар. Сондықтан жалпыхалықтық референдум өткізу мақсатымен қол жинау шарасы алдағы қаңтар айының алғашқы онкүндігінің соңына дейін аяқталып қалар деп отырмыз. Бұдан кейін бастамашы топ жетекшісі әріптестеріміздің қойған түрлі сұрақтарына жауап берді. Айталық, ол бұл идея қашан және неліктен еліміздің шығыс өңірінде басталды деген сауалға былай деді. Яғни, осыдан жеті-сегіз ай бұрын осы өңірдің бұрыннан бір-бірін жақсы білетін идеялас жеті азаматы өзара ақылдасып, кеңесе келіп, тың ұйғарымға тоқталыпты. Сонсоң халықтың көзқарасын білу мақсатымен еліміздің бірқатар аймақтарында болыпты. Сонда қалың бұқараның Елбасының ұстанған бағытын қызу қолдайтындықтарына көздері әбден жетіпті. Ал одан кейінгі жерде Ата Заңымызға жүгіндік дейді ол. Ата Заң бойынша еліміздің кез келген азаматы бастамашы топ құруға, маңызды мәселелер бойынша референдум өткізу мақсатымен үндеу көтеруге құқылы. Ал бастамашы топ неліктен еліміздің шығысында құрылып отыр дегенге келсек, оған жауап әзір. Біздің облыстың қазіргі таңдағы күш-қуаты, ондағы халықтардың береке-бірлігі баршаға аян. Халықтар достығы үйі де ең алдымен Өскеменде ашылған болатын. Ал Елбасының алғашқы жарлықтарының бірімен атом аждаһасы атанған Семей атом полигонының аузына құм құйғанына тек семейліктер ғана емес, бейбітшілік сүйгіш әлемдік қауымдастық бек риза. Оны аз десеңіз, күн де шығыстан шығады. Мұның сыртында мұндай идея хакім Абайдың елінен шығып жатса, артық па! Бірақ, солай дей отырып, осы идея қазақ жерінің қай тұсынан көтерілсе де жарасып тұр дер едім. Осы тұста әңгімеге бастамашы топтың Семейдегі тағы бір мүшесі, осындағы орыс әлеуметтік-мәдени орталығының жетекшісі, академик Михайл Панин де араласып, қызықты бір дерек айтты. Яғни, аталған орталыққа кезінде көшіп кеткен орыс ағайындар хабарласып, референдум өткізуге қол қоюға әзір екендіктерін мәлімдепті. Олардың бұл тілектестігіне қайтіп сүйсінбессің! Бірақ заң бойынша оған рұқсат жоқ көрінеді. Бастамашы топ жетекшісі тағы бір сауалға орай, қажетті қол жиналып болған соң Орталық сайлау комиссиясында мұқият тексеріліп, содан кейін барып түпкілікті сөз айту үшін Елбасына жолданатынын айтты. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.Жастар — елбасының тірегі
Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы жастарының Х форумы болып өтті Форум жұмысына «Нұр Отан» ХДП хатшысы Қайрат Сатыбалды, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, жоғары оқу орындарының студенттері мен колледж, кәсіптік мектеп оқушылары қатысты. Облыс әкімі Б.Сапарбаев жастарды форумның ашылуымен құттықтады. Бұдан кейін облыс әкімінің «Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға ерекше үлес қосқаны үшін» атты сыйлықтары тапсырылды. Олардың қатарында Зайсандағы «Бастау» жастар ұйымының жетекшісі Арай Есімбекова, Өскемендегі №43 өнер мектебінің ұстазы Фархад Сәбиев, облыстық «Дидар» газетінің журналисі Азамат Қасым, тағы басқалар бар. «Нұр Отан» ХДП хатшысы Қайрат Сатыбалдының жастарды бірлік пен ынтымаққа, Елбасы саясатын қолдауға шақырған сөзі де әсерлі болды. Алда тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы. Оған кез келген жас өздерінің үлесін қосқандары жөн. Қазір бізді бүкіл әлем жұртшылығы біледі, ЕҚЫҰ-ға төраға болдық, Астана Саммиті абыройымызды асқақтатты. Күні кеше Тарбағатай ауданында болған су тасқыны кезінде бүкіл ел болып жұмылып, ағайындарға көмегін жасады. Олардың арасында жастардың үлесі де аз емес, деді Қ.Сатыбалды. Соңынан Шығыс Қазақстан облысы жастары бүкіл ел жастарына үндеу жариялады. Оңдасын ЕЛУБАЙ.Қазақстан Республикасының жастарына үндеу
Құрметті жастар! «Төбесіз жер, төресіз ел болмайды». Бағзыдан бүгінге жеткен бұл өсиет тектен-текке айтылмаса керек. Кешегі тар жол, тайғақты кезеңде, егемендіктің елең-алаң шақтарында еліміздің еңсесін көтеріп, кеткен есемізді қайтарып, шекарамызды шегендеп, халқымызды төрткүл дүниеге танытқан, нұрлы болашаққа жетелеген, сан ғасырлар бойғы бабалар арманын баянды еткен, айналдырған 12 жылда Астанасын салып, айдай әлемге әйгілеген, халқымызға пана, жастарға аға болған Елбасына қай кезде де айтар алғысымыз шексіз! Біз, «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жастар – Қазақстанның жарқын болашағы болғандықтан, еліміздің одан әрі өркендеп, өсіп, қарыштап дамуы жолындағы аса зор жауапкершілікті, өзімізге артылар жүктің салмақты екенін анық сезінеміз. Сондықтан, мемлекет тізгінін ұстар Ұлт көшбасшысын таңдауға біздің толықтай хақымыз бар. Біздің Отан деп соққан жас жүрегіміздің қалауы, жастық жігер мен көңіліміздің тілеуі тек қана – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Адамзат өркениетінің алтын бесігі, түбі бір түркі жұртының кіндігі өр Алтайдың биігінен, ұлы Абайдың, дана Шәкәрімнің, мұхит ойлы Мұхтардың елінен бастау алған бұл бастаманың барша Қазақстан халқының жүрегіне жол табатынына кәміл сенеміз! Бүкіл Қазақстанның жалынды жастарын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға қатысты бүкілхалықтық республикалық референдум өткізу жөніндегі біздің аға буын шығысқазақстандықтардың көтерген бастамасын қолдауға шақырамыз. Ұлтымызды жарқын болашаққа, нұрлы келешекке жетелейтін игі бастаманы бүкіл ел жанашырлары қолдайды деген сенімдеміз! Жастар – Елбасының тірегі, Елбасы – елдің тілегі! Өскемен.Ұлы мақсаттарды ұлы тұлғалар соңына жеткізеді
Әбілқасым ДОСБОЛОВ, ОҚО мәслихат хатшысы. Кейбіреулер ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аттың үстінен түспей ел, жер тұтастығын қорғап, армандап өткен тәуелсіздікті бүгіндері бағаламай, есіктен өзі кіріп келгендей сөйлейді. Бұл жақсылық емес. Тәуелсіз ел болу бар да, тәуелсіздікті баянды ету бар. Ешкімге бодан болмағанымен терісі сүйегіне жабысып, үрерге ит, сығарға биті жоқ, аш-жалаңаш отырған мемлекеттер көп. Біз осындай ауыр кезеңге соқпай өттік. Тәуелсіздік алдық дегеніміз болмаса көптеген елге кіріптар едік. Сол кезеңдерде Елбасымыз “мұның бәрі уақытша қиындық. Өтеді де кетеді. Қазақстан әлемдегі қуатты мемлекеттердің бірі болады Маған сеніңіздер” дегенде қиял-ғажайып ертегісін тыңдағандай халде болғандар бар. Тәубешіл халқымыз алдағы күндерге сенгенімен бүгінгідей бақуатты өмірді көз алдына елестете алмайтын еді. ТМД елдерінің ішінде тез ес жиған, экономикалық қуаты еселенген, тамырын тереңге тартқан алып бәйтеректей мығымдала түскен мемлекеттердің бірі Қазақстан болды. Бодандық қамытын сыпырғанда қазынасында көк тиыны болмаған Қазақстанның қазір Ұлттық қорында 60 млрд-қа жуық доллары бар. Бұл көршілес елдердің түсіне кірмейтін байлық. Өңірлер өсіп, өркендеп келеді. Оны өз облысымыздан да көріп отырмыз. Оңтүстік Қазақстан облысында оқушылар саны көп болғандықтан мектеп жетіспейтін. Мектептердің көбі саманнан салынған, ит арқаға көберек ұқсайтын еді. Кеңес Одағы дәуірлеп тұрған кездің өзінде шеше алмаған күрмеулі мәселенің түйіні қазір ағытылып келеді. Осыдан екі жыл бұрын жаңа оқу жылына 21 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Барлық керек-жарағы сай. Компьютерлермен жабдықталған. Жұмыс жасаймын деп талпынған адамға байлыққа кенелетіндей жағдай жасалған. Ауыл шаруашылығы өсірген мал, еккен көкөніс, жеміс ағаштары, тыңайтқыштары үшін мемлекеттен субвенция алып жатыр. Осыдан он-он бес жыл бұрын Қазақстанның атын естімеген мемлекет көп болса, қазір мемлекетімізді бүкіл әлем таниды. Елбасының сындарлы саясатының арқасында Еуропа төрін ұсынды. Астанада өткен Саммит әлемдегі талай күрмеулі мәселелердің түйіні тарқатылатындай жұмыс жасады. Өркениетті елдердің президенттері үлкен баға берді. Қазақстандай қуатты мемлекеттің болашағына сүйсінді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаматтардың тең құқылығын, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етті. Қазақстандағы этносаралық келісім моделі де елімізді бүкіл әлемге үлгі етті. Сауал салудың рейтингі көрсеткендей, Назарбаевтың шоқтығы биік. «Бұл республиканы шығыннан әрі екіжылдық сайлауалды науқаннан арылтатын, ол қаржыны ел экономикасын дамытуға жіберетін қолайлы әдіс болып табылады. Оның үстіне, сайлау барысында халықтың 80-90 пайызы Назарбаевты қолдайтыны айдан анық», деп белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов айтпақшы, қалың ел – Қазақстан жұртшылығының көздегені де осы емес пе?! Негізінде демократиялық биліктің мәртебесі емес, оның тиімділігі маңызды. Қазақстан осы бағытпен келеді. Әлеуметтік жағдайларға байланысты елден жырақ кеткен қандас-бауырларымыз бүгінде ғаламның түкпір-түкпірінен Елбасының шарапатты саясаты арқасында атамекеніне көптеп орала бастады. Елбасы басшылығымен қаржы дағдарысының өзінде мемлекет халықтың денсаулығын, әлеуметтік жағдайын нығайту үшін барлық мүмкіндікті жасап отыр. Жастығына қарамай 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, әлем таныған тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі қоғамдық-саяси дамыған мемлекет екенін мойындатты. Кәрі құрлықтың төрінде отырып, төрелік айту Тәңірдің қазақ халқына жасаған сыйы. Осылайша, Тәуелсіз ел болып іргемізді бекітіп, шаңырағымызды көтерген жылдар ішінде алынған асулар мен жеткен биіктер аз емес. Қазақстан келер жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық жасайтын болады. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде жас мемлекетіміз қалыптасып, тұрақты даму жолына түсті. Еліміз көпұлтты әрі көпдінді мемлекет болғандықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саяси тұрақтылықтың басты кепілі – ұлтаралық және дінаралық ынтымақты үнемі назарда ұстауда. Қазақстан Республикасы Президентінің бүгінгі таңда әлемдегі дағдарысқа мойынсұнбай, экономикасын шайқалтпай, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға барынша шаралар қабылдап, көрегенді саясат ұстанып отырғаны, тәуелсіз Мемлекет басшысының кемеңгерлігін көрсетсе керек. Өскеменнен елге келгеннен кейін маған жүздеген адам қоңырау шалды. Олардың арасында қарапайым диқандар, облыстық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, ардагер қариялар бар. Барлығы Президентіміздің өкілеттігін ұзартуды бірауыздан қолдайды. Бұл жағдай мені сүйсінтті. “Жетістіктерімізге сын көзбен қарап, сабыр сақтайтын есті ел болайық. Біз бәрін тыңдырдық деп мақтану орынсыз. “Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын” заман әлі алда. Оған жеткізетін амал – бірлік пен еңбек” дейді Елбасымыз. Оңтүстік халқы әрқашан Елбасының бастамаларын қуаттап, қолдап келді. Туған елімізді өркендетуде қашанда қасында болады. Оңтүстік Қазақстан облысы.Сарыағаштықтар «иә» дейді
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының ардагерлері және қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым өкілдері Өскеменде өткен Республикалық бастамашы топ жиынында айтылған Президентіміздің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы ұсынысты бірауыздан қолдайды. Сарыағаш елі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа өткен сайлауда да 95 пайыз дауыс беріп, ұйымшылдық көрсеткен. Біздер Елбасымыздың бүкілдүниежүзілік беделіне, жасампаздық көрегендігіне ризамыз. Егемен еліміз аман болсын, Президентпен біргеміз. Сарыағаш ауданы ардагерлерінің атынан: Садыр ОМАРОВ.Тілек бір
Ел өміріндегі аса маңызды оқиғаларға қашаннан сергек қарағандылықтар шығысқазақстандықтар Үндеуін алғашқылардың бірі болып қолдады. Өз өңірлерінде еңбек жолын бастап, үлкен белеске көтерілген Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевқа деген бүкілхалықтық сүйіспеншілік пен берік сенімнің тағы бір жарқын көрінісі қуаныш септі. Көршілес отандастарының мемлекеттің одан әрі дамуын көрегендігі мен табандылығы әлемге аян Ұлт Көшбасшысына жүктеуді жалғастыру жөніндегі ұсынысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы мүшелері қатысқан облыстық активте жылы қабылданды. Онда сөз кезегі алдымен тиген Білім және ғылым министрлігі қызметкерлері кәсіподағының төрайымы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қызметкер Майра Амантаева халықтың бақытына жаралған Елбасының президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу дер кезінде көтерілген мәселе екенін атады. «Соңғы жылдарда біздің саладағы елеулі өзгерістер ең алдымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қамқорлығы арқасында қанат жайып отыр» деген ол бұған нақты мысалдар келтірді. Осы орайда ой жалғастырған мұғалімдер Ирина Литвиненко, Меруерт Хасенова ұстаздардың еңбекақысы жыл сайын өсіріліп, өскелең ұрпаққа сапалы білім беру мен саналы тәрбие сіңіруге жақсы жағдай жасалуына ризалық білдірді. «Біз еліміз кемелді келешегіне бірден-бір кепіл кім болса, ол Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев деп білеміз. Сондықтан сүйікті Президентімізге сенімді биіктетуге қосыламыз» деді олар. Бұл облыс мұғалімдері қауымының пікірі ғана емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық кеңесінің мүшелері де Елбасының халық алдындағы міндетін зор абыроймен атқара беруіне қолдау жасалуын қалайды. Облыстық мәслихаттың хатшысы Бейсембай Жұмабековтің қатысумен өткен жиында аталған ұйым ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі, профессор Валерий Молотов-Лучанский, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Есенкелді Есенғараев Қазақстанның әлем алдындағы беделінің биіктеуі, болашағы үлкен ел ретінде танылуы Президент Н.Ә. Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында екенін атады. «Барша ұлтты ортақ мүддеге, бір тілекке ұйыстырып, бәрімізді алға бастаған Елбасымыздың түбегейлі мақсатын орындауына мүмкіндік ұзартылуы біздің де ойымыз еді. Соған шығысқазақстандықтар бастамашылық танытқанына ризамыз. Біз Ұлт Көшбасшысының алдағы он жылда Қазақстанымызды жаңа асуларға асқақтататындығына сенеміз. Бұл іс сол кісінің ғана қолынан келеді» деді ниеттестері ойын білдірген грек мәдени-орталығының жетекшісі Константин Текиниди. Мұндай пікір бүгінде қарағандылықтардың көбінің жүрегінде. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.Сенімге селкеу түсірмеген елбасы
Есенгелді БАЖЫРАЕВ, Қобда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Өскеменде еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы желтоқсанға дейін ұзарту мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың жиналысына қатысушылардың Қазақстан Республикасының азаматтарына Үндеуі барша қазақстандықтардың ойларын дөп басқан іс болды десем артық айтқандық болмас. «Өткелде ат ауыстырмайды» деп бекер айтылмаса керек. Біздің елдің дәл қазір өзіндік даму қарқынымен биік белеске көтерілгенін көзіміз көріп, көңіліміз сезіп отыр. Жиырма жылға жетер-жетпес азғантай уақыттың ішінде тәуелсіздігіміздің тұғырын берік етіп, шекарамызды бекітіп алсақ, экономикалық дамудың сара жолына түсіп, тұрмысымыз түзеліп жатса, сыртқы саясатта да Қазақстан биік беделге ие болып жатса мұның бәрі Елбасымыз – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы екені сөзсіз.Бұл ешқандай талас тудырмайтын шындық. Жетпіс жылдан астам алып империяның қоластында болған елдің күні кешегі өліара шақтағы қиындықтарды тез арада еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсуіне Елбасымыз көп еңбек сіңірді. Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігінің арқасында әлемдік қаржы дағдарысынан да аса қиналмай шығып келеміз. Елімізде индустриялық-инновациялық жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.ТМД елдері арасында бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, оның жұмысына жаңа серпін берді. Ең бастысы, он бір жыл бойы өтпеген ЕҚЫҰ Саммитін Сарыарқаның төрінде Астана қаласында абыроймен өткізуінің өзі Елбасын дүние жүзіндегі мемлекет басшыларының сыйлайтынын тағы бір дәлелдеп берді. Қазақстан бірлік пен татулықтың үлгісі болып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, конфессияаралық келісімді нығайту үшін әлем діндері өкілдерінің съезін Астанада өткізу сияқты бастамалары да Елбасының тереңнен ойлайтынына нақты мысал болып табылады. Үндеуде «Біздің еліміздің мақсаты – әлемнің барынша дамыған мемлекеттерінің қатарына ену. Сондықтан біз бүкіл әлемге өз болашағымызға деген ортақ жауапкершілігімізді және береке-бірлік пен өркендеуге деген өз ұмтылысымызды таныта отырып, Көшбасшымыздың айналасына бірігуіміз қажет», – деп айрықша атап өтілген. Бұл өте дұрыс айтылған сөз. «Мың қосшыдан бір басшы» дегенді қазекем тегін айтпаса керек. «Бас басына би болудың» зардабын көршілес Қырғызстандағы жағдайдан көріп отырмыз ғой. Ел болу үшін жұмылған жұдырықтай бірлік қажет. Ал қазіргі таңда Елбасы осындай бірлік пен берекенің кепілі болатын дара тұлға. Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі ұсынысты қолдаймын және жерлестерімді де осыған шақырамын. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының еліміздегі бастаған ауқымды істерін аяғына дейін жеткізуіне мүмкіндік береді. Ал оған Елбасының қабілет-қарымы да жетеді, беделі де ықпал етеді. Осылай еткенде ғана мемлекетіміздің мерейі үстем болып, дамыған елдердің қатарына тезірек енудің мүмкіндігі молаяды. Елбасы қолға алған бастамалардың баяндылығын күнделікті өмірімізде сезініп жүрміз. Жыл сайын зейнетақы көбейіп, бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің айлығы өсіріліп келеді. Халықтың әл-ауқаты арта түсуде. Әлеуметтік-мәдени нысандар көптеп іске қосылуда. Міне, соның бәрін халық Елбасының атымен байланыстырады. Шындығы да солай. Елім деп еңбек еткен, жұртым деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Нұрсұлтан Әбішұлы мұндай сенімге әбден лайық тұлға. Олай болса, референдумға бір кісідей ұйымшылдықпен қатысып, Ұлт Көшбасшысының айналасына бірігейік. Бұл құр бос даурықпа сөз емес, елдіктің, азаматтықтың белгісі дер едім. Еліміздегі өң өзгерістер ауданда да көрініс табуда. Биыл қаншалықты қуаңшылықты болса да халық жем-шөбін жеткілікті жинап алды. Отын-суын да жинап алды. Ауданда мал өсіруге бағыт ұсталуда, оның тұқымын асылдандыру жұмыстары жүйеге түсуде. Аудан басшылары халықтың мұң-мұқтажына жете көңіл бөліп келеді. Денсаулық сақтау, білім және мәдениет салаларында ілгерілеу бар. Осындай егемен елімізді әлем мемлекеттеріне барлық жағынан мойындатып отырған Президентіміз бар, біз бақытты халықпыз. Ылайым, бірлігіміз бен берекемізге селкеу түсе көрмесін Ақтөбе облысы.Елордадағы этностар қолдауы
Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Нұрсұлтан Назарбаев – ұлттың ұйысуы мен елдің болашаққа деген сенімінің кепілі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Қазақстан басшысының өкілеттілік мерзімін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға Астана қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Басқосуға жетекшілік еткен Астана қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Салман Героев өз сөзінде «ел тәуелсіздігін алған 19 жыл ішінде Қазақстан бағындырған белестер мен қол жеткізген жетісіктер Елбасы Н.Назарбаевтың көшбасшылық қарым-қабілетін танытқанын» тілге тиек ете келе, бұған Қазақстан жеріндегі көптеген этнос өкілдерінің өзара тату-тәтті тіршілігін де жатқызуға болатынын атап өтті. «Қазіргі таңда Қазақстанда өзге этнос өкілдері орталықтарының жандануына, олардың тілдерінің дамуына барлық жағдай жасалған. Сондықтан, біз де елде қолға алынып жатқан осындай бастамаға қолдау білдіруге тиіспіз. Егер Президенттікке Н.Назарбаевтың кандидатурасын ұсынсақ, халық өз дауысын Елбасына береді. Себебі, Мемлекет басшысын алмастыратындай кандидатты бүгінде көріп тұрған жоқпыз. Еліміздің сыртқы саясатының дұрыс бағытта келе жатқанын жақында өткен ЕҚЫҰ Саммиті мен онда қабылданған декларация да айқындап берді. Бұл жерде де Елбасы беделінің қандайлық жоғары екеніне көзіміз жетті. Сол себепті де Мемлекет басшысының өкілеттілік мерзімін ұзарту туралы бастаманы барша халық қолдайды деп сенеміз», – деді С. Героев. Бұдан кейінгі кезекте сөз алған «Қазақстан» телеарнасының жүргізушісі, бастамашы топтың мүшесі Мәдина Алмолдина «Президенттің өкілеттігін ұзарту жөнінде Шығыс Қазақстан облысы көтерген бастаманы қуаттаған бастамашы топқа Астана қаласынан 35 адам қосылғанына, ол құрамға түрлі сала мен мамандық иелері, сондай-ақ түрлі этнос және түрлі буын өкілдері кіретініне тоқталып өтті. «Алаш рухы Сарыарқа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманбек Төлепбергенов сыртқы саясатқа ішкі ынтымақтың арқасында ғана араласуға болатынын, бұл жағынан елдің ішкі бірлігін басқаға үлгі ету – БҰҰ мінберінен сан мәрте айтылғанын тілге тиек етті. «Тарих үшін қысқа мерзімде ірі жетістіктерге қалай қол жеткізілді дегенге келсек, Қазақстан осындай биіктен елін ертеңге сеніммен бастаған Елбасының арқасында көріне білді. Бұл – Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі. Президенттің өкілеттілік мерзімін ұзарту жөніндегі референдумның бастамашы тобын құру осындай мақсаттан туындап отыр», – деді өз сөзінде А. Төлепбергенов. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.