Желтоқсан айы – аязы мен қары қатар келетін, қыстың басы болса да мен үшін жүрекке жылу беретін, жаныма жақын, жылдың ең бір қадірлі мезгілдерінің бірі.
Бұл сезім желтоқсан айының қазақ халқы, оның елдігі мен егемендігі тарихында алатын орнына байланысты екені анық. Тарих қойнауына тереңдемей, өткен ғасыр мен екінші мыңжылдықтың бірінші он жылдығына көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздіктің жолындағы тар жол, тайғақ кешулерді, қайғы-қасіретке толы тағдырларды көреміз. Сонымен қатар, тәуелсіздік туын желбіреткен, дүниежүзілік қоғамдастықтың белді әрі белсенді мүшесі, болашаққа қарыштап қадам басқан Қазақ елінің де куәсіміз.
Иә, ұлт тарихымен тығыз байланысты оқиғалардың дені Желтоқсан айының еншісінде.
Желтоқсан айы алғашқы қазақ үкіметінің куәсі. 1917 жылғы желтоқсанның 5-мен 13-і арасында Орынбор қаласында өткен екінші қазақ-қырғыз құрылтайы өз мемлекеттігін қалыптастыруды мақсат еткен қазақтың алғашқы Алаш Орда үкіметін құрды. ХХ ғасырдың астан-кестеңі шыққан алмағайып кезеңінде қазақ жұрты өзін өзі басқаруға, мемлекет болуға ұмтылды. Алаш ұлдары, қазақтың жоғын жоқтаушы, заман ағымын дұрыс болжай білген қазақ зиялылары елдікті ұран етті. Бұл қазақ тарихындағы алғашқы үкімет еді. Ғұмыры қысқа болса да ол мыңдаған адамдардың санасына ой салды, болашақ тәуелсіздіктің негізін қалады. Большевиктер Алаш үкіметін құлатқанымен, оның халық мүддесіне негізделген ұстанымдарымен келісуге мәжбүр болды. Нәтижесінде басында Қырғыз, кейіннен Қазақ атауын алған автономия құрылды.
Желтоқсан айының ішінде Қазақ автономиясы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасына айналды. Толықтай тәуелсіз болмаса да Қазақ елі көрші түркімен, қырғыз, өзбек және одақ құрамына кірген өзге де республикалармен иық түйістіріп қатар тұрды. Бұл 1936 жылдың бесінші желтоқсаны болатын.
Желтоқсанда, Кеңес Одағының шаңырағын шайқалтып, қабырғасына сызат салған ең алғашқы көтеріліс тарихтан орын алды. 1986 жылдың 17-18 желтоқсанындағы жалындаған жастардың орталықтың үстемдігіне қарсылығы қиюы қашқан қитұрқы саясаттың бетін ашып, алып империяның тарих сахнасынан кетуін жеделдетті.
Желтоқсан Кеңес Одағының құрылуымен бірге, оның жойылуын да жалпақ жұртқа жария етті. 1922 жылдың 30 желтоқсанында Кеңес Одағын құраушы төрттіктің қатарында болған үш ел «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы» келісімді бекітті. Қазір тарихқа айналған 1991 жылғы желтоқсан айының 8-і күнгі Беларусьтің Беловеж орманында С.Шушкевич, Б.Ельцин және Л.Кравчук қолдарын қойған бұл келісім Одақтың жаназасын шығарды. Іле-шала бұрынғы Одақ құрамына кірген 15 республиканың Грузия мен Балтық жағалауы республикалары басшыларынан басқасы түгелдей Алматыда бас қосып, тарихи маңызды құжатты жариялады. 1991 жылдың 21 желтоқсаны күні қабылданған Алматы Декларациясы егемен мемлекеттердің пайда болып, бұрынғы КСРО-ның тарағанын жариялап, бұл мәселеде соңғы нүктені қойды. Желтоқсанда құрылған алғашқы өкіметін күшпен құлатып үстемдік алған кеңес жүйесінің жетпіске жетпей құрдымға кеткенін араға алпыс тоғыз жыл салып қазақ жерінде желтоқсан айында жариялануы кездейсоқтық емес.
Желтоқсанда етек-жеңін жинаған Қазақ елі өз тарихында тұңғыш рет халық болып Президент сайлауын өткізді. 1991 жылдың 1 желтоқсаны күні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.
Желтоқсан айы Қазақстанды тәуелсіз ел ретінде әлемге паш етті. 1991 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, Конституциялық заң қабылдады. Ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздік тұғыры қолымызға тиді. Бізді әлем танып, өзгелер мойындады.
Желтоқсанда ел атауы өзгерді. Президент Қазақ Советтік Социалистік Республикасының атын Қазақстан Республикасына ауыстыру туралы заңға 1991 жылы 10 желтоқсанда қол қойды.
Желтоқсанда Ақмола қаласында Қазақстан Республикасының Президенті, Үкімет мүшелерінің қатысуымен Қазақстан Парламенті палаталарының алғашқы бірлескен отырысы өткізілді. 1997 жылдың 10 желтоқсаны жаңа елордадағы биліктің толыққанды жұмысының бастауы болды.
Желтоқсанда Ақмола ресми астанаға айналды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 20 қазандағы № 3700 Жарлығына сәйкес Ақмола қаласы 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. Бұл – Ұлы Дала төсіндегі, әсемдігі әлем аузындағы ару Астана тарихындағы айтулы күн.
Желтоқсан – Еуропа төріндегі Венада елу алты ел мүшесі болып табылатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын басқару тізгінін Қазақстан қолына алған ай. 2009 жылдың желтоқсанында еліміз Орталық Азия ғана емес, бұрын Кеңес Одағына кірген еуропалық және кавказдық республикалар арасынан оза шауып, төрағалықты қабылдады.
Желтоқсанда Қазақстан төрағалығының тынымсыз әрі табысты жұмысының түйіні елімізді төрткүл дүниеге танытқан жаһандық жиын өтті. 2010 жылдың 1 желтоқсаны күні Ұлт Көшбасшысы – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі алпысқа жуық мемлекеттердің мемлекет және үкімет басшыларының, мүшелерінің басын қосып, Сарыарқаның төрінде беделді ұйымның Саммитін ашты. Тарихта Астана Саммиті болып қалатын бұл жиын екінші мың жылдықта бірінші рет өткізілді және тәуелсіз Қазақ елінің, оның басшысы Н.Назарбаевтың әлем алдындағы абыройын асқақтатты. Саммит қабылдаған Астана Декларациясының тарихтағы орны әлі талай зерттеушілердің тақырыбына айналатыны сөзсіз.
Міне, ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығын қорытындылайтын желтоқсан айының соңғы сағаттары да тақап қалды. Жылнамасы желтоқсаннан басталған жас мемлекетіміз жыл өткен сайын жетіліп, ширығып, нығаюда. Халқымыз үшін аса маңызды тарихи оқиғалар еншісіне тиген, аязды болса да жүректерде от лаулатқан Желтоқсанның жаңғырығы болашағымыз үшін баянды болсын.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, Парламент Сенатының депутаты.