• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2016

Менделеев кестесі төрт элементпен толықты

1908 рет
көрсетілді

Халықаралық теориялық және қолданбалы химия одағының (IUPAC) шешімі бойынша, химиялық элементтердің периодтық кестесіне бірден төрт элемент қосылды. Шешім одақ басшылығы ашылған элементтердің барлық критерийлерге жауап бере алатынын мойындағаннан кейін қабылданды. Бұл – 2011 жылдан бері Менделеев кестесін толықтырып отырған бірінші қосынды. Осылайша, кестенің жетінші қатары толық жабылды. Осы саптағы бірінші жаңа элементке 113-ші нөмір беріліп, ол «унунтрий» (Uut) деп аталды. Жаңалық орыс-америка ғалымдары бірлескен жұмыстарының арқасында 2004 жылы дүниеге келіп еді. Сол жылы бұл жаңа элементті жапонның RIKEN институтының ғалымдары да синтездеп көрген болатын. Жапондарға бұл тәжірибені бірнеше жылдың көлемінде екі рет қайталап шығудың орайы келді. Сондықтан IUPAC басшылығы оны жапон оқымыстылары құрметіне атағанды жөн көрді. Сөйтіп, ол периодтық жүйедегі Азия зерттеушілерінің құрметіне ат алған бірінші элемент болды. Қазір оның жапондық ыңғайға қарай «рикений» болып өзгертілетіні айтылып жатыр. «Жапон ғалымдары үшін бұл оқиғаның мәні тіпті Олимпиялық ойындарда алтын медаль жеңіп алғаннан әлдеқайда маңызды болып тұр», – деді осы ретте Нобель сыйлығының химия саласы бойын­ша лауреаты, RIKEN институтының бұрынғы президенті Риоджи Нойори. Екінші элемент 115-ші нөмірмен тіркеліп, «унунпентий» (Uup) деген атауды еншіледі. Ол да жоғарыдағы топтың зерттеуімен 2003 жылы ашылды. IUPAC басшылығы бұл элементті табудағы басымдық Ресейдің Дубна қаласында орналасқан Ядролық зерттеулер біріккен институты мен АҚШ-тың Ливермор ұлттық зертханасының ғалымдарына берілуге тиіс деп шешті. Үшінші жаңа элемент «унунсептий» (Uus) 117-ші реттік нөмірін алды. Оны Ресей ядролық зерттеу­лер біріккен институтының оқымыстылары 2009 жылы өмірге келтірді. Оның синтезі үшін АҚШ-тың Окридж ұлттық зертханасы тапқан 97-ші элемент изотопының нысанасы пайдаланылды. Ал ең соңғы, төртінші жаңа элемент «унуноктий» (Uuo) деген атпен, 118-ші нөмірмен енгізілді. Әуелгіде бұл жаңалық Американың Берклидегі оқымыстыларының аттарына жазылған еді, бірақ кейін олардың алған мәліметтері қате екені, тіпті, жалғандыққа жол берілгені анықталып, бұдан бас тартуға тура келді. Содан кейін элементтің нағыз ыдырауының бірінші оқиғасын Ресейдің Дубнадағы институт ғалымдары 2002 жылы-ақ бас­тан өткергеніне назар аударылды. Сөйтіп, жаңа­лықты ашқан ресейліктер болып саналды. Нәти­жесінде аса көрнекті осынау жетістіктерді жасаған Ресей және Америка ғалымдары болып шықты. Айта кетейік, Менделеевтің периодтық жүйесіне соңғы рет 2011 жылы екі элемент – флеровий мен ливерморий енгізілген еді. Олардың атомдық нөмірлері 114 және 116 болды. Мұрат АЙТҚОЖА.