• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2016

Ел тыныштығының тірегі

822 рет
көрсетілді

Тарихтың жаңа жолын жазып, табалдырығымыздан жаңа аттаған биылғы 2016 жыл да қастерлі халқымыз үшін өткен жылғы мерейлі белестерге толы кезеңдей аса атаулы, айрықша жыл. Өйткені, биыл еліміз бізге тағдыр сыйлаған ұлы бақытымыз – Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтеді. Әрбір халықтың санасында ең қастерлі ұғым болса, ол да осы тәуелсіздік, яки елдің елдігіне деген мақтаныш. Бұл мерзім аз ба, көп пе, бірақ қазақ ұлтының тарихындағы ең шешуші де сындарлы кезеңдер осы бір оймақтай ғана уақыт теліміне тиесілі. Тағдырында мың өліп, мың тірілген қастерлі халқымызға тәуелсіздікке қол жеткізу оңай­ға соқпады. Сондықтан да, тәуел­сіздіктің мәні мен маңызы да біз үшін айрықша. Біз бұл күнді ұзақ та зарыға күттік. Халықтың өтке­ніне көз жіберсек, тәуелсіздік жолында ата-бабаларымыз қандай қияметке бармады дейсіз. Ұрпақ болашағы үшін қаншама ерлер басын құрбандыққа тікті. Отар­лық езгіге қарсы күрес сан ғасыр­ларға ұласты. Азаттық жолында қиыл­ған жан мен төгілген қанның өтеуі шығар, тағдырдың баға жетпейтін сыйына Қазақстан бейбіт жолмен қол жеткізді. Тәуелсіздік алған 16 желтоқ­санның ертеңінде Алматыдағы Республика алаңында өткен ал­ғашқы митингіде «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолы­на шын­дап түсуіміз керек. Әлеуеті­міздің асуы да, дәулетіміздің та­суы да өз қолымызда. Кең-бай­­­тақ же­ріміздің байлығы осы дала­­ның түпкілікті халқына да, тағ­дыр қосып, бірге өмір сүріп жат­қан өзге ұлт өкілдеріне де мол жетеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көпұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елі­мізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік тарихындағы тұң­ғыш сөзінде-ақ егемен ел болу қай-­қайсымызға да үлкен жауап­кершілік жүктейтінін айқындап берген еді. Егемендіктің арқасында тұс-тұс­та қалған тарихымыз түген­деліп, тілімізге, дініміз бен ділі­мізге оралдық. Ұлттық салт-дәс­тү­рімізді жандандырдық. Осы тарих қойнауының ішінде қас-қа­ғым сәтті құрайтын уақытта Қазақ­станды әлемдегі алыс-жақын елдер саяси тұрақты, экономикалық өркендеу жолына түскен сенімді әріптес, келешегі кемел мемлекет ретінде мойындады. Шекарасы шегенделген, қуатты мемлекетке ай­нал­дық. Өз кезегінде, осы мем­лекеттің көк туын биіктете түсу міндеті – әрбір Қазақстан азаматына тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Қауіпсіздік бекемдігі – еңселі елдік кепілі. Ал Тәуелсіздіктің негізгі тірегі де сол мемлекет ішіндегі тұрақтылық. Тұрақтылық қай жерде болады? Тұрақтылық бірлік болған жерде болады. Біз ел туралы айтқанда, ең алдымен, ел бірлігін айтуға тиіспіз. Егер елдің ішінде саяси тұрақтылық болмаса, әлеуметтік даму болмаса, ол елде ешуақытта да баянды даму болмайды. Бұл жерде, тіпті, тәуелсіздік тағылымы туралы айтуға да орын жоқ. Өте қиын. Неге десеңіз, елдің ішкі сая­си жағдайы шайқалған жағ­дайда бәрі де шайқалады. Бұл – тәуелсіздікке бірден-бір қа­тер. Ішкі тұрақтылығы сыр бер­ген мемлекетке сыртқы фактор­лардың әсер етуі өте оңай. Ал ел бірлігі мықты болған жағдайда ғана мықты мемлекет туралы әңгі­ме қозғауға орын бар. «Тәуел­сіздік тағылымы» дегеннен шы­ғады, мәселен, өткен 25 жыл­да көпэтносты мемлекетте ын­ты­мақтың негізін шайқалтпай ұстағандықтың өзі ұлы жетістік, бұл – Елбасымыздың да, еліміздің де үлкен бір жеңісі. Тәуелсіздік алған күннен бас­тап Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев еліміздің қауіпсіздігі мен ты­ныш­тығын қамтамасыз етуге қатыс­ты мәселелерді әрдайым бас­ты назарда ұстап келеді. Тіп­ті, еліміздің осы күнгі жемісті жолы­ның бастауы болып саналатын «Қазақстан-2030» Стратегия­сында Мемлекет басшысы: «Бос­тандық пен тәуелсіздікті же­ңіп алу жеткіліксіз, оны табанды түр­де қорғап, нығайтып, ұрпақтарға қалдыру қажет. Егер біз өз мемле­кеттілігімізден айырылып, егемен­дігіміздің негіздерін, өз жерле­ріміз бен ресурстарымызды қолы­мыздан шығарып алсақ, бізге кеші­рім жоқ», – деп атап өткен болатын. Осы орайда, айрықша назар аударарлығы, Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздік алғаннан кейінгі құӨқықтық тәртіпті қамтамасыз ету­ге жіті көңіл бөле отырып, еге­­мен­дік декларациясы жария­лан­ғаннан кейін небәрі 26 күн өт­кен соң мемлекетімізде алғашқы күш-қуат органы ретінде Ішкі әскер­лерді құрғаны біз үшін мақ­та­ныш және мемлекет тарапынан көр­се­тілген айрықша сенім. Сол 1992 жылғы 10 қаңтардан бастап Ішкі әскерлердің жеке құрамы алға қойыл­ған тапсырмаларды лайық­ты түрде орындап, жеке адам мен аза­маттың конституциялық құқы­ғын, қауіпсіздігін, қоғам құнды­лықтарын, мемлекет тұрақ­ты­лығы мен тыныштығын қауіп-қатер­лерден жан-жақты қорғау жолын­дағы жауапты қызметін тек құқық­тық шеңберде іске асырып келеді. Өткенсіз бүгін жоқ. Тәуел­сіз­діктің таңсәрі шағындағы өт­пе­лі кезеңнің уақытша қиын­шы­лық­тары әлі есімізде. Эконо­­- ми­камыз қарыштап алға дамы­ған бүгінгідей берекелі кезеңде сондай жағдайлар болып еді десеңіз, кейінгі буын оған мүл­дем сенбейтін де шығар. Бас­қаны айтпағанның өзінде, алғы шептегі әскери бөлімшелерімізде қарапайым ғана электр жары­ғының бірде болып, бірде бол­маған да кездерін бастан өткіздік. Елге адал қызмет етіп, Отан қор­ғау­ды ең қастерлі қызмет са­на­ған азаматтарымыз мұндай жағ­­дай­ларға шыдамдылық пен төзім­ділік танытты. Олардың күнде­лікті қызметтік іс-әрекеттерін жү­зеге асыруға қажетті барлық ғима­рат­тар бұзылмастан сол қалпында сақталды. Техникаларымыз бен қару-жарақтарымыз да талан-таражға ұшыраған жоқ. Ең бас­ты­сы, сарбаздарымыздың басы аман, бауыры бүтін болды. Мем­лекет тарапынан бізге ең алдымен талайлы тағдырдың еншісіне сай бұрынғы Кеңес Одағынан қалған Өскемен, Курчатов және Степногор қалаларындағы стра­тегиялық аса маңызды нысандарды күзету тапсырылды. Сондай-ақ, көптеген түзеу мекемелері мен ел үшін маңызды нысандардың қауіпсіздігі де сенімді қамтамасыз етілді. Сол кезде еліміздің әр түкпі­ріндегі әскери бөлімдерде кәсі­би мамандықтарын тереңнен мең­гер­ген әскери қызметшілер көп­теп қызмет атқарды. Одақ ыды­ра­ған бойда, олардың басым көп­шілігі өздерінің тарихи ата­ме­кендеріне қарай атбасын бұр­ды. Тіпті, ешкім күтпеген осы қол­бай­лауды да әскер басшылығы оңынан шеше білді. Жоғары білімді запастағы офицерлерді шақырып, ішкі әскерлер саласына мамандандырып, білімін жетілдірдік. Олардың барлығы дерлік бүгіндері Ұлттық ұланның сапында абыройлы қызмет атқарып, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бір кісідей атсалысып келеді. Петропавл қаласындағы Ішкі әскерлердің жоғары әскери училищесін Ішкі әскерлердің Әскери институты деп атауын өзгертіп, келешектегі тағдырларын әскери өмірмен бай­ланыстырғысы келетін жастарымызды оқуға қабылдадық. Ел мен жердің бүтіндігін ойла­ған аға буын әріптестерім сол ке­зең­дердегі қиыншылықтарда босаңдық танытқан жоқ, қай­та мем­­лекетіміздің тәуел­сіз ел атан­ғанына шынайы қуанғандарына куәмін. Президентіміз бен Үкіметіміздің терең түсінулерінің арқасында Ішкі әскерлерді сан-салалы жағынан дамыту мен жетілдіруге айрықша көңіл бөлінді. Міне, осылайша сындарлы сәттерден сүрінбей өттік. 2014 жылы 21 сәуірде Елбасының Жар­лығымен ІІМ Ішкі әскерлері Ұлттық ұлан мәртебесіне ие болып, жаңа сенім артылды, жаңа стратегиялық міндеттемелер жүктелді. Ең алдымен тәу етер тәуел­сіздігіміздің арқасында бү­гін­гі Ұлттық ұлан жеке құрамы өз­дері жүріп өткен 25 жыл ішінде заман талаптарына сай толық, жан-жақты қалыптасты. Біз Ұлттық ұланның құрылған күні – 10 қаңтардағы барлық салтанатты шараларды тәу етер құндылығымыз – Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап, «Біз – болашағы біртұтас ұлтпыз» атауымен елорда төріндегі «Қазақстан» Орталық концерт залынан дүйім жұртшылыққа арналған гала-концертпен бастағалы отырмыз. Алдағы жалғасын табар ша­ралардың барлығы да елдігіміздің мерейлі белесін ұлықтауға арнала беретін болды. Қорыта айтқанда, Ұлттық ұлан – тәуелсіздігіміздің тірегі, елді­гіміздің қырағы қорғаны. Азат­тық туын жықпай, жоғары ұстау – ел қорғаған ерлерге сын. Мем­лекет басшысының жіті наза­рымен алдағы уақыттары да қор­ғаныс саласы лайықты дами бе­ретіні сөзсіз, өйткені, біз – жау іздемесек те, өзіміздің асыл мұрат­тарымызды жан аямай қорғауды ұғынған ұлы елміз. Бүгінгі әлем елдері небір жайттарды бастан кешіп отырған алмағайып заманда жаңа қауіп-қатерлер өткелінен елді аман алып өтіп қана қоймай, дамудың даңғыл жолын көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ­стан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында жаңа міндеттер белгіленіп, мақсаттар мен межелер айқындалды. Өзіміздің тікелей міндетіміз – еліміздің басты байлығы – бірлік пен ты­ныш­тықты қорғауда өзге де мем­лекеттік органдардың қатарында Ұлттық ұланның жеке құрамы да барлық күш-жігерін, қайрат-еңбегін аямай жұмсай беретін болады. Арайлап атқан ақ таңымыз, барша игіліктеріміздің бастауы – ел Тәуелсіздігі баянды болсын. Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының генерал-лейтенанты, бас қолбасшысы.