Алматыдағы «Достық» үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласын талқылады.
Дөңгелек үстел басындағы жиында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов: «Мемлекет басшысы өз мақаласында Ассамблея жұмысының жаңа форматының басты бағыттарын айқындап берді. «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласы 5 институттық реформаны жүзеге асырудың тәжірибелік жол картасы іспеттес. Бұл мақала арқылы Ұлт жоспарының практикалық жүзеге асуы басталды деуге болады. Бүгінгі іс-шарамыз жалпы біртұтас ұлттың болашағы туралы бес институттық реформаның бағытында жүргізіліп отырған төртінші реформа. Бұның негізінде, сөз жоқ, «Үлкен ел – үлкен отбасы» атты үлкен жоба бой көрсетіп тұр. Себебі, біз бұл жобаның алғы шарттарын өткен жылы-ақ бастап жібергенбіз», деді.
Бұдан кейін ҚХА мүшелері еліміздегі соңғы саяси-қоғамдық оқиғалардың аясында, яғни өткен Ассамблея жылында атқарылған жұмыстар жайлы айтып, пікір алмасты. Өткен жылы 2002 жылы қабылданған «ҚХА туралы» Заңға бірнеше өзгеріс енгізілгені де еске алынды. «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы аясында нақты 20 шара жүзеге асырылды. «20 игі іс» жобасы аясында еліміздің мұқтаж отбасыларына 2 млрд .теңгенің көмегі көрсетілді. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады.
«Мемлекет басшысы айтқандай, біз басты 5 қағидатты жадымызда мықтап ұстануымыз керек, ол – негізділік, сабақтастық, транспаренттік, қадағалау мен бақылау. Оның ішінде бүгінгі таңда 25 қағидат және жүзеге асырылу үстінде», – деді бірауыздан Ассамблея мүшелері.
Талқылауға ҚХА Кеңесінің мүшелерімен қатар Парламент Мәжілісінің және Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері, Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық кеңесінің, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, студент-жастар қатысты.
Шара соңында ҚХА жалауы «Достық» үйіне салтанатты жағдайда табыс етілді.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген Юрий Беккер.