АСТАНА. 11 қаңтар. Қызылордалық Гүлбану Жеткербаева 34 жасында 10 баланың анасы атанып, Батыр ана атанды. Бұл туралы nur.kz хабарлайды.
Алтын құрсақты келіншек соңғы екі бөбегін жаңа жылдың алғашқы күнінде босанған. Ол алғашқы баласын 19 жасында туған. Ал қаңтардың алғашқы күнінде егіз босанған Гүлбану осылайша 34 жасында он баланың анасы атанды.
Егіздердің есімі – Әли мен Мәди. Келіншек жүктілігінің 7-8 аптасында-ақ құрсағында егіз бала дамып келе жатқанын білгендерін айтады. Сәбилердің есімдерін де қос атасы қойған екен. Төрт күн дәрігерлердің бақылауында болған ана мен қос нәресте бірер күн бұрын перзентханадан шықты. Қызығы сол, базарлы отбасы егіздерді алып кету үшін автобуспен келді.
Тайшықовтар әулетінің үлкені 11-ші сыныпта оқиды. Гүлбану кішкентайлары өсіп, бір жасқа толып, тәй-тәй басқаннан кейін отағасы екеуі жас баланың иісін аңсайтындарын жасырмайды. «Сол сезім, құштарлық әрбір баламыз туған сайын өсе береді. Балаларға деген махаббатымыз арта түсті. Бала деген туған сайын тәтті бола береді», – дейді батыр ана. Сондай-ақ, Гүлбану Жеткербаева ең бай әрі бақытты жанмын дейді.
Жалпы, Қызылордада еліміздің демографиясына елеулі үлес қосқан алтын құрсақты аналардың қатары соңғы жылдары арта түскен. 2016- жылдың алғашқы аптасында-ақ облыс бойынша 220 сәби дүниеге келді. Бүгінде облыста 40 мыңнан астам көп балалы ана болса, соның 25 мыңы Батыр ана атағын алған.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: nur.kz.