• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2016

Аэродинамикалық құбыр құрастырушы

576 рет
көрсетілді

Қазақтың физика ғылымында жаңалық ашып, ересен жетістіктерге жеткендер бірен-саран. Солардың бірі және бірегейі деп жақында дүниеден озған Совет Исатаевты ерекше атап өтуіміз керек. Ғалымды танып-білу үшін оның өмірбаянына бір мезет үңілейік. Совет Исатайұлы Қарқаралы қаласындағы орта мектептi бiтiрген соң Алматыдағы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дiң физика-математика факультетiне оқуға түседi. Студент кезiнде өзiнің табиғи алғырлығы мен бiлiмге деген құштарлығы арқасында сол кезде факультетте жұмыс iстеген, Қазақстанда жылу физикасы ғылымының негiзiн салушы iрi ғалым Л.А.Вулистiң көзiне түсiп, iлтипатына ие болады. Ғылыми жұмыстарға араласа бастайды. Университеттi тәмамдағаннан кейiн ҚазМУ-дiң күндiзгi аспирантурасында қалдырылып, Л.А.Вулистiң жетекшілiгiмен 1959 жылы диссертация қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесiне ие болады. Ол өзін түлеткен универ­си­те­тiнiң физика-математика факуль­тетiнде аға оқытушы, доцент, 1990 жылы профессор атағын алады. 1969-1972 жылдары физика факультетiнiң деканы қызметiн атқарды. Факультетке жетекшiлiк еткен жылдары С.Исатаев физика мамандығына талантты қазақ жастарын тартып, көптеген түлектердi сол тұстағы Одақтың жоғары оқу орындарының аспирантурасына жiбередi. Аспирантураны бiтiрген соң олар факультеттiң оқытушылық және ғылыми жұмыстарына араласуына мүмкіндік жасайды. Факультетке жұмысқа шақы­рылған сол көптеген оқытушылар мен аспиранттар қазiргi кезде физика саласындағы жетекшi ға­лым­­дар қатарында. Олар ҰҒА ака­­демиктерi, профессорлар М.Әб­дiл­дин, Ф.Бәйiм­бетов, Ш.Сәр­сем­­бинов, Т.Қожам­құлов және бас­қалар. Ғылымға қажет маман­дар дайындауға да көп көңіл бөл­ді. Оның тiкелей жетекшiлiк етуi­мен 25 аспирант кандидаттық диссертация қорғаса, олардың төртеуi бүгiнде ғылым докторлары. Ғалым теориялық және қол­данбалы механика бойынша Бүкiл­одақтық халықаралық симпозиумдарда құнды ғылыми баяндамалар жасаған еді. Оның эксперименттiк зерттеулерiнiң нәтижелерi көптеген авторлардың аэродинамика және жылу-масса алмасу саласындағы монография­лары мен оқулықтарына ендi. С.Исатаевтың 230-дан астам ғылыми еңбектерi жарық көрдi. Оның iшiнде «Қисық сызықты денелердің аэродинамикасы мен жылу алмасуы» монографиясы және 8 оқу-әдiстемелiк құралының жөні бөлек. «Қазақша-орысша және орысша-қазақша терминдiк сөздiктің» («Рауан баспасы», Алматы, 1999 ж.) авторлық ұжымының жетекшiсi болды. 1980 жылдары Совет Иса­тай­ұлының жетекшiлiгiмен жасалған асқын дыбысты аэродинамикалық құбыр бүгінде студенттер мен аспиранттардың игiлiгiнде. Ол өз шәкiрттерiмен бiрiге оты­рып, КСРО-ның көптеген ғылы­ми-зерттеу институттары мен­ жоғары оқу орындарына ен­гiзiлген турбуленттiк ағыстардың құрылымын зерттеуге арналған ғажайып аспап – термоанемометрлiк жүйенi жасады. 30 жылдан астам уақыт ол зымырандық-ғарыштық техниканың бас конструкторы академик Сергей Павлович Королевтың «П/я-В8685» бас институтының тапсырысымен қомақты ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын атқарды. Бұл зерттеулер негізінде университеттiң барлық факультеттерiн және Алматы қаласы мекемелерiн сұйық азотпен қамтамасыз ететiн криогендiк зертхана құрылды. Осы аталған зертхана факультетте жаңа мамандану – «Төменгі температуралы физикасы» курсының ашылуына себепкер болды. Оқымысты Қызылорда облысында «Қорқыт» темiржол разъ­езінiң жанында 1979 жылы салынған Қорқыт ата ескерткiшiне қойыл­ған музыкалық құрылғының (желқобыз) авторы. Ескерткіштің төрт бұрышына аэродинмикалық заңдылықпен қиюластыра төрт желқобыз орнатылған. Жел соққан кезде Қорқыт атаның ғажайып күйлері ескерткіштен талай жерге дейін естіліп тұрады. Бұл енді таңғажайып құбылыс, бұған шетел ғалымдары да таңдайын қаққан көрінеді. Ол әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетiнiң гидродинамика, жалпы физика және жылу физикасы кафед­расының эксперименттiк базасын ұйымдастырды, сонымен қатар, жалпы физикалық практикумның молекулалық физика бөлiмiнiң ұстаханалық қондырғылар топтамасының да авторы. Бұл қондырғылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нiң эксперименттік-өндiрiстiк орта­лығында көбейтiлiп, республика жоғары оқу орындарына жiберiлiп отырады. Ғалым-ұстаз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нiң жалпы физика кафедрасын 1979 жылдан 1994 жылға дейiн басқарды, ал 1994 жылдан бері жылу физикасы және молекулалық физика кафедрасының меңгерушiсi қызметiнде болып, кейін құрметті меңгерушісі атанды. Ол – тамаша дәріскер еді. Физика факультетiнде қазақ және орыс тiлдерiнде жалпы және арнайы курстарды жүргiздi. Көп жылдар бойы ҚазМУ жанындағы жоғары оқу орындары оқытушыларының бiлiктiлiгiн көтеру институтына да дәрiс бердi. Ұлағатты ұстаз, білікті маман-физик, ғылымда өз бағытын бекіткен Сәбең «Ерен еңбегi үшiн», «Еңбек ардагерi», «Жеңіске – 50 жыл» медальдарымен, «КСРО-ның жоғары білім үздігі» белгiсiмен, ҚазКСР Жоғары және орта арнаулы бiлiм беру министрлiгiнiң Құрмет грамотасымен марапатталған. Оның ұлы Мұхтар әке жолын қуып, заманауи физика саласындағы үлкен маман, ғылым кандидаты, әкесі салып кеткен соқпақпен ғылымның шырқау биіктерін алуға талпынуда. Сөз соңында айтарымыз, осынау белгілі ғалым, даңғайыр ұстазды мәңгі есте қалдыру үшін өзі туған Қарқаралы өңірінде, бі­лім алып қызмет істеген Алматы ша­һа­рында оған құрмет көрсетіле берсе екен деген ниеттеміз. Бақытжан ТОБАЯҚОВ, Ұлттық инженерлік академияның мүше-корреспонденті, мәдениет қайраткері, Ә.Бөкейханов атындағы сыйлықтың лауреаты. АСТАНА.