АТЫРАУ. 14 қаңтар. Атырауда бес мүшесі бар құжатсыз, баспанасыз отбасы тұратындығы анықталды. Олардың ахуалы Атырау қаласы әкімдігінің бақылауына алынды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бұған дейін nur.kz сайтында Атырауда бір отбасының құжатсыз, баспанасыз қалғаны, қазіргі уақытта жылусыз уақытша сарайда тұрып жатқаны хабарланған еді. Осыған байланысты Атырау қаласының әкімдігі төменде анықталған жайттарға байланысты ресми мәлімдеме таратты. Шындығында, 1962 жылы туған Н.Орлов пен 1974 жылғы Е.Приданованың азаматтық некеден үш баласы бар екен. Балалары 2011, 2013 және 2015 жылы туған. Отбасы мүшелерінің барлығының да жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ екені анықталып отыр. Қала іргесіндегі шаруа қожалығында тұрған баспанасы өртеніп кетіпті.
Бүгін осы жайттарды анықтаған әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия шешімімен Н.Орлов тұрғылықты мекенжайы анықталмаған тұлғаларды бейімдеу орталығына, ал Е.Приданова үш баласымен бірге әйелдерге арналған дағдарыс орталығына орналастырылды. Енді қалалық әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары АХАЖ қызметкерлерімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттарын қалпына келтіруге және Н.Орловты жұмысқа орналастыруға көмегін бермек. Сонымен бірге, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты және балалар жәрдемақысын рәсімдеуге де көмек беріледі. Комиссия мүшелері Н.Орлов пен Е.Приданованың жеке иелігінде тұрғын үйінің бар-жоғын анықтауға да кірісті. Олардың аттарында тұрғын үй тіркелмеген болса, оларды баспана алу кезегіне қою үшін құжаттары жинақталмақ.
Бұл отбасының қазіргі ахуалы осылайша Атырау қалалық әкімдігінің бақылауына алынды.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: nur.kz.